Тақырыпқа сай Түркістан облысында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, сала қызметкерлерін халыққа жақындату тұрғысында елеулі жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Осы ретте Түркістан қалалық Полиция басқармасының бастамасымен шаһардың түкпір-түкпірінде аталмыш мақсатты көздеген келелі кездесулер ұйымдастырылып келеді. Осы мәселе аясын кеңірек қамту тұрғысында Түркістан қаласындағы және өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етпекпіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауының бесінші бағытын құқық қорғау институттарын күшейту хақында айтқан болатын. Осы тұрғыдан Түркістан қаласының аумағында кешенді шаралар қолға алынып, нақты жұмыстар жүргізілуде. Анықтап айтқанда киелі өңірде қылмысты азайту жолында ішкі істер саласына мемлекет тарапынан көптеген міндеттер жүктеліп, тиісінше жағдай да жасалынып жатыр.
Тұтас өңір жөнінен қылмыстық ахуал тұрақты. Осы жылы 2000-нан астам құқықбұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 пайызға төмендеген. Оның ішінде ауыр қылмыстың тіркелімі 44,7 пайызға азайып отыр. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы 90 пайызды құрады. Жалпы, қылмыстың алдын алу, болдырмауда біздің жеке құрам тәулік бойы қызметте. Полиция қызметкерлері өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқаруға жұмыс жасап жатыр. Соның нәтижесінде Түркістан республика көлемінде қылмысы ең аз облыс қатарында деп айтуға толық негіз бар.
Қылмысты ашудан бұрын алдын алу тиімді екені баршаға белгілі. Жеке құрам қызметкерлері ұрлық қылмыстарының алдын алуда десек те кей жағдайларда қылмыстар азайып жатса, тіпті кейбірі өсіп кететін жағдайлар орын алып отырады. Мәселен, 2024 жылы пәтер ұрлығы бойынша 131 жәйт болса, ағымдағы жылы 198 болған. Ал, ашылуы 72,7 пайызға жоғарылаған. Тонау қылмысы өткен жылдың 4 айында 19 болса, 2025 жылдың осы кезеңінде 16 дерек тіркелген. Ашылуы 100 пайызды құрап отыр.
Сонымен қатар, заңсыз көші-қонға қарсы күрес бойынша біршама жұмыстар атқарылды. 2022 жылдың басынан бері Түркістан облысында жалпы 7784 шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар қабылдаушы тараптардың хабарламалары негізінде есепке қойылған. Бұл өткен жылғы осы мерзімге қарағанда 3,5 пайызға жоғары болса, 2021 жылдың тиісті кезеңінде – 7515 тұлға есепке алынған. Есепке алынған шетелдіктердің басым көпшілігі немесе 6764-і Өзбекстаннан, 275-і Ресейден және 302-і Қырғызстаннан келген. Күнделікті және жүйелі түрде атқарылған жұмыс нәтижесінде 2022 жылдың 4 айында республиканың көші-қон заңдылығын бұзған жалпы – 3919 (2021 жылы – 2658) шетелдіктер мен ҚР-сы азаматтары анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 771 (399) шетелдік азамат болып отыр. Аталған құқықбұзушылардың 1495-ы (871) ескертілген, 1897-не (1443) әкімшілік айыппұлдар салынды, 138 (69) шетелдік әкімшілік қамауға алынды. Өзге елдердің 124 (75) азаматы ел аумағынан аластатылды. Сонымен қатар, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған – 56 (2021 жылы-33) және шетелдіктерді заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен – 367 (238) Қазақстан Республикасының азаматтары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Енді бір дүние полиция теңгерімінде 600-ден астам бірлік көлік құралы бар. Қамтамасыз етілуі 59,24 пайыз. ҚР Ішкі істер министрлігімен бекітілген 2022 жылғы штаттық нормаға сәйкес, көлік құралдарының 415 бірлігі жетіспейді. 2022 жылы «Аманат» партиясының «Өзгерістер жолы: Әркімге лайықты өмір!» жол картасы бойынша 22 бірлік «Chevrolet Nexia» маркалы жаңа автокөліктер сатып алынды. Көліктерге бояу, рәсімдеу, балансқа алу жұмыстары жүргізіліп, учаскелік полиция инспекторларына бекітілуде. Сонымен қатар, жұмысты жоғары деңгейде атқарып, халыққа сапалы қызмет көрсету үшін соңғы үлгідегі компьютерлік құрал-жабдықтар, планшеттер, бейнежетондарды жаңартып отыру жұмыстары да атқарылуда.
