ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕ ҚАУІПСІЗДІК ДЕҢГЕЙІ АРТУДА

Түркістан облысында қылмысты азайту жолында ішкі істер саласына мемлекет тарапынан көптеген міндеттер жүктеліп, тиісінше жағдай да жасалынып жатыр. Осы ретте мәселені оңтайландыру және қылмыстың алдын алу бағытында саладағы ардагерлер де өз үлесін қосуда. Сонымен бірге, қоғамдық ұйым өкілдері де бұл мәселеден алыс емес екенін айта кеткен жөн. Тарқатып өтер болсақ, Түркістан облыстық Полиция департаменті жанындағы «Консультативті кеңесші орган» деп аталатын ұйым бар. Бүгінде аталмыш ұйымға есімі Түркістан қаласының тұрғындарына кеңінен таныс ҚР Ішкі істер органының ардагері, полиция полковнигі Мұхтар Ермеков төрағалық етеді.

Аталмыш орган таяуда өткізген отырысында бірінші «Бөтеннің мүлкін ұрлау» және «Интернет алаяқтық», екінші Түркістан облысы Полиция департаменті қызметкерлерінің жұмысын сервистік модельге көшіру және сервистік полицияны құру аясында іске асырылатын жобалар жөніндегі мәселелерді күн тәртібіне қойды. Айта кетейік кеңесші орган мүшелері облыс аумағымен қатар Түркістан қаласындағы қылмыстық ахуалды назарынан тыс қалдырмайды.

Бірінші тақырып бойынша баяндама жасаған криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Сұлтанбек Үсіпбеков өңірдегі біраз мәселелерді статистикалық деректермен баяндады. Соның ішінде негізгі дегендеріне тоқталсақ, соңғы үш жылда бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарының саны азайып, биылғы 8 айда оның үлесі 26 пайызды құраған.Сол сияқты пәтер ұрлығы қылмыстарының ашылу көрсеткіші 56,4-тен 72,8-ге жақсарған. Жаға ұстатарлық жағдай осы жылы пәтер ұрлығын отбасылық кәсіпке айналдырған қылмыстық топ құрықталған. Оңай жерден олжа іздеген жанұя мүшелерінің соңғы үш жыл ішінде 70 дерек пәтер ұрлығы қылмыстарына қатыстылығы анықталған. Баяндамашы қылмыс санының азаюына бейнекамералардың, ал мал ұрлығының төмендеуіне заманауи құрылғылардың   яғни, микрочип малдың терісіне орнатылып, сол арқылы үй жануарларының қай аймақта жүргенін иесі спутник арқылы бақылауға қол жеткізу  септігін тигізіп жатқанын айтып өтті. Десе де бұл құрылғы мал ұстағандардың  барлығына бірдей қолжетімді емес. Себебі, микрочиптің бір данасының бағасы 100 мың теңге көлемінде.Сондай-ақ, Сұлтанбек Асанұлы өз сөзінде мал ұстаушылардың жауапкершілігін арттыру үшін атқарушы органдар тарапынан бірқатар қолдаулардың қажет екенін де жеткізді. Соның ішіндегі негізгі мәселе ауыл-аймақтарда иесіз жүрген малды уақытша ұстайтын оқшаулау орындарының жеткіліксіздігі аталған мәселенің алдын алуға қолбайлау болатын жайлардың бірі екенін алға тартады. Себебі, иесіз жүрген малды ұрлаудан басқа, үлкен даңғыл жолдарға шығып қайғылы жол-көлік оқиғаларына әкеліп соқтыратыны сөз болды. Сондықтан, әр ауылда малды оқшаулау орындарының тезірек  салынуы көптеген мәселелердің алдын алуға оң ықпал ететінін жете түсінген жөн», дейді тәртіп сақшысы.

Бүгінгі таңда өзектілігі кезек күттірмей тұрған интернет алаяқтығы қылмыстары полиция қызметкерлерін де бейжай қалдырып отырған жоқ. Өкінішке орай, соңғы үш жылда ғаламтор желісі арқылы жасалған алаяқтық қылмысы күн өткен сайын арта түспесе кемитін түрі жоқ. Статистикаға жүгінсек, 2020 жылдан бері осы қылмыс түрінің жыл сайынғы өсу көрсеткіші 10 пайыздың төңірегінде.  Бұл еліміздегі жалпы тәртіп сақшыларын алаңдадатын жағдай. Сол себепті әрбір азамат осы мәселеге барынша ұқыптылық танытып, алаяқтардың арбауына түспеудің амалын қарастыруы тиіс. Ол үшін баяндамада көрсетілгендей облыс аумағында қылмыстың ең көп тіркелген түрі – сізбен телефон арқылы банк қызметкері ретінде танысып, несие рәсімдеу (117 дерек), тауарларға, қызметтерге алдын ала төлем жасауды сұрану (89 дерек), ойындарға ақша салу арқылы табысын еселеуге қызықтыру (45 дерек) жағдайлары болып табылады. Сақтықта – қорлық жоқ. Телефон тұтқасының арғы жағындағы белгісіз азаматтың сөзіне негізсіз сенім арту күтпеген жерден тақырға отыруыңызға апаратын бірден-бір жол екенін ұмытпаңыз, қадірлі оқырман! Жәбірленушілердің дені, статистикаға сәйкес егде жастағы азаматтар екен. Өзі танымайтын адамды өзіндей көріп, оған сенім артуының салдарынан сан соғып қалған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *