АҚПАРАТТЫҢ ШЫНАЙЫ БОЛУЫ МАҢЫЗДЫ

Түркістан облысындағы қаламгерлер Сауран ауданының зиялы қауымымен болған кездесуінде осы мәселеге айрықша мән берілді. Өз алдына енші алып, бойын тіктеп келе жатқан Сауран ауданының мәдениет үйінде өткен жиынды аудан әкімі Ғани Рысбеков ашып, жүргізіп отырды.

Басқосу барысында сөз алған ҚР Журналистер одағы, Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай қолына қаламды серік еткен жазушылар мен журналистерді ауданның зиялы қауым өкілдеріне таныстырып өтті.

«Жазушылар мен журналистер одағының ұйымдастыруымен аудандарыңызға арнайы ат басын бұрып отырмыз. Мақсатымыз елдің талап-тілегін тыңдап, халықпен байланысты нығайту. Құрылғанына енді жылдан асқан ауданның қарыштап дамуы бізді қуантады. Бүгінде аудан орталығы атанған Шорнақтың шырайы кіріп, ажарланып келеді. Сондай-ақ, жаңа аудан құрылғалы тарихын газет бетіне жазып, бұқара мен билік арасында алтын көпір болған ауданмен аттас «Сауран» газетінің жұмысына қанықпыз. Жаңа ауданда жағымды жаңалықтар көп болсын»,- деді Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай.


Ал, Жазушылар одағының облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым өңірімізде жас ақын, жазушылардың аздығын алға тартты. Әдебиетіміз бен мәдениетіміз кенжелеп қалуға жол бермеу керектігін жеткізді. Осы мақсатта аудан әкімі мен зиялы қауым өкілдерін бірлесе жұмыс жасауға шықырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.


Сонымен қатар «TURKISTAN MEDIA HOLDING» ЖШС-нің Бас директоры Жанахмет Ағыбаев, орынбасары Телман Бейсенов, «Хабар24» телеарнасының Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Жандос Жұмабек өз ойларын ортаға салып, саланың қыр-сыры туралы баяндады.
Аудан тұрғындары мен басқосу қонақтарының арасындағы негізгі әңгіме ақпарат таратудың маңыздылығы жөнінде өрбіді. Бүгінгі таңда блогер деген атты иемденген белсенді азаматтардың кейбірі қолындағы ұялы телефонымен бейнежазба түсіріп, әлеуметтік желіде шындыққа жанаспайтын ақпараттарымен бөлісуі қоғамға зиян келтіріп жатқанын бірі білсе, бірі білмес. Соның салдарынан көпшілік қауымының ақпарат саласының өкілдеріне сенімсіздік танытуы белең алып келе жатқаны сөз болды. Бұл ретте медиа сауатты арттыру күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болып тұрғаны жасырын емес. Міне, осындай олқылықтардың алдын алу, заң шеңберіндегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің әдебіне сай халықты ақпараттандыру тұрғысында келелі кеңестер мен ой-пікірлер талқыға салынды.
Жиын соңын қортындылаған аудан әкімі Ғани Құрмашұлы мен аудандық мәслихат хатшысы Мейрамбек Күнпейсов келген қонақтарға алғыс айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Айта кетейік, қаламгерлер бұған дейін Созақ, Сайрам, Төлеби аудандарында болып, зиялы қауым өкілдерімен кездескен болатын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *