Түркістан қаласында арнайы жоба арқылы мектептер салынады

Түркістан қаласында «жайлы мектеп» жобасы арқылы 9 мектеп салынады. Бұл жөнінде облыс әкімінің міндетін атқарушы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылды. Өңір басшысының міндетін атқарушы аймақтағы мектеп тапшылығын жою, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу бағытындағы жұмыстарды жүйелеуді әрі ширатуды тапсырды.

Түркістан қаласында 2022 жылы 2 мектеп күрделі жөндеуден өтті және “Бірлік” тұрғын алабында 1 жеке мектептің құрылысы басталды. Алдағы уақытта 9 мемлекеттік мектеп салу жоспарланса, оның 7-уі «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады деп көзделуде.

Аппарат отырысында облыс бюджетінің орындалу барысы да талқыға салынды. Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы А.Тасыбаевтың айтуынша, облыс бойынша 2022 жылдың 25 қарашасындағы дерекке сәйкес, жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен басқа да түсімдердің жоспары 92,6%-ға орындалып отыр. Барлық аудан, қалаларда кірістер жоспары 100,0%-ға орындалады деп күтілуде.

Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына қаржыны игеру, сол арқылы өңір инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған