Республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл толуына орай, соғыс және еңбек ардагерлері, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің, қалалық мәслихаттың хатшысы Мақсат Таңғатаровтың қатысуымен салтанатты шара өткізілді.

1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына Түркістаннан 18547 кісі аттанып, содан елге аман-есен 15960 адам оралды. 2587 адам соғыс майданында опат болды. Ұлы Отан соғысында ерекше ерлігі үшін Расул Есетов, Абдулла Үсенов, Құрбанбай Рысбеков, Файзулла Юлдашев аталарымыз Кеңес Одағының батыры атағымен марапатталды.
Аман-есен елге оралғандар өмірге белсене араласып, түрлі салада елдің экономикасын көтеруге ерекше үлес қосты. Елге оралған 15960 жауынгердің бүгінгі таңда 3-і ғана ортамызда жүр. Алды 100 жаста болса, ең жасы 95-те. Қазіргі таңда қалада 14226 зейнеткер болса, оның 3652-і теңестірілген тыл, 517 еңбек ардагерлері.

Қала әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлының басшылығымен, кәсіпкерлердің қолдауымен жыл сайын Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне қолдан келгенше қызмет көрсетіліп келеді. Өткен жылы біздің Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесі кереметтей жоғары дәрежеде өтті.
Біздің ардагерлерімізде әкімшілік тарапынан марапаттауға ие болды. Жылда Ұлы Отан соғысы Жеңіс күні 9-мамырда, Халықаралық қарттар күні қарсаңында барлық Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен оған теңестірілген де сол сияқты қаламызға еңбегі сіңген жас ардагерлер де әкімдік тарапынан материалдық қолдау алып келеді. Яғни ардагерлерге лайықты сый құрмет көрсетіледі. Ардагерлерді емдеу-сауықтыру орындарына жіберу мықтап қолға алынған. Олар Сарыағаш, Манкент шипажайына барып, Шымкент, Мейір ардагерлер үйінде демалып денсаулықтарын шыңдайды. Барлығы 570 адам.
Ұлы Отан соғысы ардагерлер ұйымы екінші жаһан соғысы біткеннен кейін-ақ құрылған болатын. Дегенмен 1986 жылы желтоқсан айында Кеңес Одағының орталық комитетінің Ұлы Отан соғысы және Еңбек ардагерлерінің әлеуетін және тұрмыс жағдайын жақсарту үшін арнайы қаулысы шығып 1987 жылы көктемде облыстық, қалалық ардагерлердің алғашқы құрылтай жиналысы өтіп, ардагерлер кеңесі құрылған болатын. Содан бері Ұлы Отан соғысы және ардагерлер жылы аталып келеді.
-Күні кеше ғана Түркістанға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен келді. Ол киелі шаһардағы атқарылып жатқан жұмыстар мен құрылыс барысын зор бағалады. Бұған дейін түркі дүниесінің киелі шаһары атанып келген Түркістанға Қазақстанның рухани және тарихи елордасы дәрежесін беру жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Менің мойыныма 3-ші дәрежелі «Барыс» орденін тақты. Бұл әрине менің ғана емес, әріптестерімнің қала берді қоғамдық ұйымдардың жұмысына берілген баға деп есептеймін.
Алдымызда үлкен сынақ тұр. Алдағы сайлау еліміздің бірлігі мен ынтымағының сынағы деп есептеймін. Өткен референдум көрсеткіші бойынша Түркістан облысы республикамызда бірінші орын алды. Осы жолы да береке –бірлігіміз бен ынтымағымыздың берік екендігін көрсетеміз деген ойдамын,-дейді Түркістан облысы Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов.
Осыдан 35 жыл бұрын құрылған Түркістан қаласының алғашқы кеңес төрағасы болып зейнеткер, әскери комиссар болған кісі Сәрсенбай Абдуллаев қызмет етті. Көмекші мектеп интернатының директоры зейнеткерлікке шыққаннан кейін Сейдуәлі Қарадәуов, парторг болып қызмет еткен майор Алым Мұхамеджанов деген кісілер 2000 жылға дейін жұмыс жасаса, сол 2000 жылдан 2010 жылға дейін мектеп директоры болып істеген Әбжаппар Дайрабаев, 2010 жылдан кешегі күнге дейін яғни, 2017 жылға дейін Шотаев Нәлхан басқарып үлкен абыроймен жұмыс жасады.
—Құрметті ардагерлер! Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Ардагерлер – біздің алтын қорымыз, мақтанышымыз. Олар еліміздің ертеңі үшін қан төкті. Туған өлкеміздің игілігіне адал еңбек етті. Сондықтан біз олардың еңбектерін әрқашан да ұмытпай жоғары бағалап, ардагерлерге ілтипат, құрметпен қатар тұрмыстық – әлеуметтік қамқорлық көрсетуіміз керек. Біз қашанда сіздерге қызмет көрсетуге әзірміз,-дей келіп шаһар басшысы қаланың бірқатар белсенді еңбек ардагерлерін марапаттады.
Айта кетерлігі, Түркістан қалалық ардагерлер ұйымы жанынан әжелер алқасы 2013 жылдың 21 мамыр күні құрылған. Әжелер алқасының төрайымы Айғаным Серім қарамағында 17 бастауыш ұйымы бар қыз – келіншектер. Бұл кісілердің жасайтын істері орасан зор.
-Жастар тәрбиесіне біздер ардагерлер бар ынтамызбен мүмкіндігімізше белсене араласуымыз керек. Халыққа ұлттық дәстүрімізді, салт – санамызды ұлықтап, жастар тәрбиесіне ерекше мән беруіміз керек. «Отан отбасынан басталады» дейді халық даналығы. Отбасын отбасы етіп, әулетті әулет етіп, елді ел қылып отырған аналарымыз, кешегі келіндер бүгінгі әжелер. Қазіргі кезде халқымыздың бар жақсы қасиеттерін, тілін, дінін, әдет- ғұрпын, салт – санасын, дәстүрін дарытушы, дамытушы, насихаттаушы да әйел, ана, келін. Осыған байланысты биылғы 1-қазан Қарттар күні қарсаңында Жеңіс саябағынан «Тең қоғам» мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғызілікті қарияларымызға қызмет көрсететін орын ашылмақ. Біз сонда қарттарымызға психологиялық қызмет көрсетеміз дейді,- орталықтың психологі, Түркістандағы әжелер ансамблінің мүшесі Гүлмира Әлімқұлова.
Осындай игі тірліктің басында, қасында жүрген аналарымыз баршылық. 2016 жылдан бастап облыстық деңгейде өтіп жүрген «Әже ұлт ұйытқысы» атты байқауға барлық ауыл-аймақтардағы талантты әжелер қатысып келеді. Қаланың түрлі мәдени шараларына белсенді қатысып келе жатқан әжелеріміз Роза Шарафиева, Гүлжан Әсілбаева, Рыс Ташметовалардың есімдері аталып, түрлі марапаттарға ие болды. Мәселен, күні кеше ғана талантты биші, Түркістан қалалық Әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлжан Мұстафаева Қазақстан Президентінің жұртшылықпен кездесуінде түркістандықтардың лебізін жеткізді.
-Мен бұған дейін Дінмұхамед Қонаевпен екі рет, Нұрсұлтан Назарбаевпен 13 рет, Түркияның президенттері Сүлеймен Демирель, Абдолла Гүл секілді мемлекеттік қайраткерлермен кездестім. Бұл жолы Түркістан төріндегі Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуім ерекше әсер етті. Бұл кісінің өзі айтқандай бірлік пен ынтымақ түркі дүниесінің төрі Түркістаннан басталуы тиіс. Оның сыртында Түркістанға рухани және тарихи елорда мәртебесін беру туралы пікірі дер кезінде қолдау тапты. Мұны түркістандық зиялы қауым өкілдері мен олардың алдыңғы қатарындағы абыз ақсақалдарымыз бен ақ кимешекті әз аналарымыз толықтай қолдайды деген ойдамын. Бәріміздің де ойлайтынымыз отбасының одан кейін Отанымыздың тыныштығы. Бұл мақсат барлығымызды бір тудың астына топтастырады деген ойдамын.
«Шахсарайда» шалқыған концерттік бағдарламада Түркістанның әжелер ансамблі соғыс және еңбек ардагерлерінің ойынан шығып, көңілдерін бір көтеріп тастады.