Түркістан қаласындағы Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінде Ұлы Отан соғысына қатысқан аға буынның жауынгерлік, сондай-ақ еңбектегі жеңістерін үлгі ете келе, отандастарымыздың бойында мақтаныш сезімін қалыптастыру, жас ұрпақты отаншылдыққа баулу мақсатында Түркістан облыстық Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің Ауғанстан соғысы ардагерлеріне жолдаған Аманат хатына 1 жыл толуына орай «Аманат ардың айнасы» атты кездесу өтті. Жиынды «Түркістан қаласы Ауған соғысы ардагерлері кеңесі» қоғамдық бірлестігі мен «Түркістан облысы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер кеңесі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған. Кездесуге Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының мүшесі, Түркістан қалалық қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Сәбит Шәріпбеков, «Түркістан қалалық Ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары Құрбан Сүлейменов қатысып, жиынға деген өз көзқарастарын білдірді. Сонымен қатар, Түркістан облысы Қорғаныс істер жөніндегі Департаменті бастығының орынбасары, полковник Жандос Күлдербаев, «Түркістан облысы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрғанбек Бегимов қатысты. Жиында патриоттық әндер шырқалып, бейнероликтер көрсетілді. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы – бүкіл әлем тарихындағы ең қорқынышты әскери қақтығыс екендігі, жеңіске жету үшін, халқымыз үлкен қиындықтардан өткендігі жайында тарихи ақпараттар берілді.
Айта кетсек, соғыс 4 жылға созылып, Кеңес Одағында өмір сүрген әрбір төртінші адам көз жұмған. Қиын заманда, КСРО халықтары бірігіп, жауға тойтарыс бере алған. Қазірде жылдан-жылға Ұлы Отан соғысына қатысқандардың саны азайып келеді. Қазақстаннан Ауған соғысына 22 000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тауып, 21 адам хабарсыз кеткен. Бүгінгі таңда Қазақ елінде 16 000-ға жуық ауған ардагерлері бар. Бүгінде олардың 3000-ға жуығы мүгедектер қатарында. Жылдар жылжып өткенімен, ерлікпен қаза тапқан ержүрек жауынгерлеріміздің ерлігі ел есінде мәңгі сақталады. Ауған соғысы – жүректе жазылмайтын, тарихта орын алатын ерекше беттер.
Соғыс жер бетінде орасан дақ, халықта жарасы жазылмайтын қайғы болып қалғаны ақиқат. Ардагерлер, соғысқа қатысқан жауынгерлер, батыр қыздар, тылда еңбек еткен апаларымыз фашизмге қарсы қайтпас қайсарлықпен күресе білді және жеңді. Жарқын күндерді жақындатқан ардагерлерді бүгінгі ұрпақ ұмытпауы керек, олардың жолын үлгі тұтуы тиіс. Өйткені солардың өшпес ерліктері біздің азат елдің ұрпағы болып қалуымызға мүмкіндік берді. Сол себепті майдангерлер туралы айтылған естеліктерді тыңдап, оларға тағзым ету, құрметтеу – кейінгі ұрпаққа парыз! Дегенмен, сол қарттардың қатары сиреп барады. Сиреп бара жатқан қарттардың сағынышы да өзгеше. Сол үшін атамыз қазақ осындай күйде қалған қарттардың қасына барып сөзге тартқан: жабырқау көңіліне жан жылуын берген, тәтті сырларымен бөліскен. Олардың жабырқау жанына дем берген жылы сөздері өмір сүруге деген құштарлығын арттырған. Яғни, қазақтың қарты жалғыз қалмаған, көңілі құлазымаған, жанын сағыныш дерті шалмаған, қарттар үйіне де бармаған. Олар ақтық демі біткенше аталы сөзін айтып, от ауызды, орақ тілімен ұрпағын тәрбиелеген. Болмыстың бұл әрекеті дәстүр сабақтастығына айналған.
Іс-шараның маңызыдылығы ол «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасының көтеріп отырған мақсатының бірі – Ұлы Отан соғысына қатысқан аға буынның жауынгерлік, сондай-ақ еңбектегі жеңістерін үлгі ете келе, отандастарымыздың бойында мақтаныш сезімін қалыптастыру, жас ұрпақты отаншылдыққа баулу. Дегенмен, бүгінде бұл топтағы буынның қатары сиреп барады. Бірақ, бұл топтың міндетін атқара алатын, тағдыр тезіне түсіп, Ұлы Отан соғысының ардагерлері сияқты өмірдің ең ауыр өткеліне тап болған олардың ізбасарлары бар. Олар – Ауған соғысының ардагерлері.
Егер «аға буынның жинаған тәжірибесін, білігін, парыз бен намыс ұғымын сақтап, жеткізу – келешек ұрпақтың алдағы жетістіктерін одан әрі дамыта түсетін негізгі бастау болады» десек, онда Ауған соғысына қатысқан ардагерлер атадан балаға мирас болып келе жатқан сабақтастықты сақтаудың дәнекершілері болып табылады. Сабақтастық көріністері алуан түрлі болады: отбасылық сабақтастық, тарихи сабақтастық, ұлттық дәстүр сабақтастығы, құндылықтар сабақтастығы, ұрпақтар сабақтастығы және т.б. Бұл іс-шара халықтық педагогика тұрғысынан қарағанда ұрпақтар сабақтастығы болып табылады.
Жалпы ұрпақтар сабақтастығы тәрбие үдерісі арқылы қамтамасыз етіледі. Халық өзінің қоғамдық әрі әлеуметтік тәжірибесін, рухани байлығын аға буынның кіші буынға берген еншісіндей ұрпақтан ұрпаққа беріп, қоғамның материалдық және рухани мәдениетінің тарихын жасайды. Ұрпақтар сабақтастығы адамзаттың өткен тарихында жасалған жақсы нәрсенің бәрін ұрпақтардың бойына сіңіріп, дамытуына, қоғамның рухани құндылықтарының алуан түрін жаңа жағдайларда байытуына жол ашады. Сондықтан біздер ұрпақтар сабақтастығын сақтауымыз керек. Оның негізгі тетігі – халықтық тәрбиеде. Халықтық тәрбие – ғасырлар бойы аға буыннан кіші буынға тәжірибе мен білімді, білік пен дағдыны, тұрмыс флософиясы мен даналықты, этика мен ұрпақты тәрбиелеу көзқарастарын беретін «өмір оқулығы» болып табылады. Яғни, ұрпақтар сабақтастығы үзілмеуі тиіс. Бұл іс-шараның маңызы, осында!
Іс-шараның өзектілігіне келсек, Әлімсақтан үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп өскен қазақ халқының арғы-бергі тарихын аударып қарасақ, біздің даламызда түрме, жетімдер үйі, тастанды бала, қарттар үйі деген ұғымдар болмаған. Әйтсе де, қазір жағдай мүлдем басқа. Жасырары жоқ, бүгінде заманның ырқы солай ма, жоқ әлде адамдардың санасы өзгерді ме кім білсін, әйтеуір қалалар қарттар мен жетімдер үйіне толып барады. Ондағылардың сөз ауанына қарасаң, көбісінің бала-шағасы мен немере-шөберелері бар. Бірақ жасы келген шағында ұрпақ қызығын көріп төрде емес, осы бір мекемеде отыруға мәжбүр болған. Көбісін бала күнінде балағына оралып, еркелеп өскен ұл-қыздары қолдары ауыздарына жеткен шақта керек қылмай, сыртқа итеріп тастаған. Бір ақиқаты – бұл жердегі кісілер баласынан еш мейірімділік, өзіне деген жылылық шапағат пен махаббат көрмесе де, баласын жамандамайды, жамандауға ауызы да бармайды. Тіпті, дөрекілік те танытпайды. Өйткені, қазақ үшін іштен шыққан шұбар жылан қашан да ыстық: «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» дегенің кері осы.
Осындай келеңсіз тірлік пен күйбең тіршіліктің шылауында кетіп, қазақтың ұлттық болмысына сын болып отырған «Әттеген-ай!» дейтін өкінішті жайттарға тоқтау салу, бабалардың ұмыт бола бастаған кішіге – ізет, үлкенге – құрмет еткен ұлттық дәстүрін қайта жаңғыртып, насихаттау, ұлттық дәстүрдің жастар бойындағы сабақтастығын қамтамасыз ету, қоғамда ауызбіршілікті, отанға деген сүйіспеншілікті, салт-дәстүрлер мен қарттарға құрметті нығайту, аға ұрпақтың жауынгерлік әрі еңбектегі ерліктерін мақтан тұтып, құрмет ету сезімдерін ояту үшін «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы қолға алынған болатын.
Еліміздің келешегі жастар десек, сол жастарға көпті көрген, көңіліне түйгені бар аға буын өкілдерінің кеңесі әрдайым қажет. Себебі өз білген-түйгені, өмірлік тәжірибелері мол аға буын өкілдері мен білікті мамандар өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін алаңдайды. Ал заман талабына сай білім алып, бәсекеге қабілетті жас ұрпақ болса, әркез үлкендердің кеңесіне мұқтаж, олардың білімдері мен біліктіліктері сарқылмас қазына. Жастар үшін аға буынның жүріп өткен жолы, жеткен жетістіктері үлгі, болашаққа бастар жол және «Елім, жерім!» деп еңбек етіп, тер төккен аға буынға қарап бой түзейді. Іс-шара өзектілігі осы мақсатты іске асыру үшін қолға алынып отыр. Іс-шараның мақсатына келсек, «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасының тұжырымдамасында атап өтілген міндеттер мен мақсаттарды іске асыра отырып, Ауған соғысының ардагерлерін ұрпақтар сабақтастығын сақтай отырып, өскелең ұрпақты Қазақстандық патриотизм мен толеранттылыққа тәрбиелеу мақсатына тарту. Жастарды Отанды, туған жерді, халқын сүюге тәрбиелеу тек ұстаздың ғана емес, әрбір қоғамдық топтар мен ұйымдардың да маңызды әрі жауапты да, қадірменді парызы деген сөздің дәлелі болмақ. Дегенмен, бүгінде уақыт озды, ұлттық тәлім-тәрбие мен жоғарыда айтылған дәстүр сабақтастығына сызат түсе бастады. Өмірде қоғам үшін, ұрпақ үшін берерін беріп болған қарияға қамқорлық жасап, назардан тыс қалдырмау. Соғысы ардагерлерінің жауынгерлік әрі еңбектегі жеңістерін үлгі ете отырып, қазақстандықтардың мақтаныш сезімін қалыптастыру, олардың ұрпаққа берген патриодтық тәрбиесін өздерінен кейінгі соғыс көрген Ауғанстан соғысы ардагерлеріне аманат ретінда қалдырып, атадан балаға мирас болып келе жатқан дәстүр сабақтастығын жалғастыру.
Іс-шараның міндетіне келсек, Қазақстандық патриотизмнің қайнар көзі халықтың береке-бірлігінде, ынтымақ-ықыласында, елдігі мен ерлігінде. Мемлекеттің беріктігі мен күш-қуаты да, өміршеңдігі мен ұлан байтақ біртұтастығы да Отанды сүюге, патриотизмге байланысты. Сол үшін ұрпақтың адамгершілігі жоғары, өз елін, отанын сүйетін саналы азамат болып қалыптасуына бағдар беру, Отанына деген сүйіспеншілікті қалыптастыру бүгінгі білім беру жүйесі мен алдыңғы аға буынның алдында тұрған міндеттердің бірі. Сондықтан ұрпақтар сабақтастығын сақтай отырып, «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің ізбасарлары Ауғанстан соғысы ардагерлерін тарта отырып жастар бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру арқылы патриотизмді нығайту міндетіне жұмылдыру. Жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуде жеңіске қол жеткізуге шексіз үлес қосқан Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен Тыл еңбеккерлерінің рөлі мен еңбегінің ұшан-теңіз екенін, оның маңызын айта отырып, олардың есімдерін ұмытпау кейінгі ұрпақтың борышы екенін дәріптеу. Ардагерлердің өмірлік тәжірибесінен үйрену үшін жастарды жергілікті жерлердегі «Ардагерлер ұйымымен» байланысып, бірлесе жұмыс істеу; ұрпаққа үлгі-өнеге көрсеткен ардагерлерді құрметтеп, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілгендер туралы, тылда еңбек еткен аналар жайлы, соғыс пен бейбітшілік туралы сырсұхбаттар өткізіп, ерліктерін дәріптеу; соғыс ардагерлерінің құрметіне қойылған ескерткіштер мен мемориалдарды күтіп-баптау жұмыстарын жүргізу, оларды жаңарту шараларын ұйымдастыру; дөңгелек стол ұйымдастырып, кездесулер өткізу: үлкенге құрмет көрсету – кейінгіге мәңгілік парыз әрі ілтипат сезімімен бас иіп, тағзым ету екенін жас ұрпақ санасына ұғындыру. Осі міндеттерді атқару үшін Ұлы Отан соғысы ардагерлері өздерінен кейін соғысты көрген Ауғанстан соғысы ардагерлеріне өздерінің міндеттерін жалғастыру туралы меморандумға қол қою. Сол арқылы атадан балаға мұра болып келе жатқан дәстүр сабақтастығын жалғастыру.
Қол жеткізілетін нәтижелер Жастар мен аға буын өкілдерінің кездесуі бүгінде маңызды болып отыр. Себебі жастарға тәрбиелік мәні бар, патриоттық бағытта, адамгершілік тақырыбында, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар жайлы әңгіме айтылуы сиреп барады. Оның үстіне қоғамда болып жатқан түрлі келеңсіз оқиғалар жастардың қатысуымен жүріп жатыр. Кейбір ата-ананың балаға көңіл бөлетін уақыттары да жетпей жатады. «Жастар неден қателеспеу керек, қандай бағытқа басымдылық берген дұрыс» деген тақырыптар сөз етілуден қалып барады. Сондықтан «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының кіші мәжіліс залында өтетін бұл кездесу еркін және салиқалы сұхбат түрінде өтіп, Ауған соғысының ардагерлерін өскелең ұрпақты Қазақстандық патриотизм мен толеранттылыққа тәрбиелеу мақсатындағы іс-шараларға тарту үшін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы, Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесі мен Түркістан облыстық Ауғанстан соғысы ардагерлер Кеңесі өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қояды. Аға буын мен жас буын арасындағы рухани сұхбат, салиқалы ұрпақтар сабақтастығы деген осы!