Осыдан тура 4 жыл бұрын киелі өңір Түркістан қаласы облыс орталығы статусын алып, түркі әлеміне даңқы шыққан шаһар тұрғындары шаттанған еді. Содан бері қасиетті қаланың дамуы төрт бағытта өрбіді. Рухани-мәдени тұрғыда даму көшіне ілесу үшін Үшінші бағыт бойынша ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды.
Кезінде тақыр жер болып жататын орынға бүгінде ел мен қаланы, Нұр-Сұлтан мен Түркістанды байланыстыратын әуежай салынған. Қанаттарын кеңге жайған ұшаққа жайғасқан жолаушылар жедел діттеген жеріне жете алады. Түркістанға саяхат жасаушылардың көбінің әуежайдан қалаға беттейтіні анық.
Солардың арасында Қазақстан бойынша «Hampton by Hilton» қонақ үйлер желісінің бірі біздің қалада. Ал, қонақүйге орналасқан меймандар сыртқа шығып, оң жаққа бұрылса, әлемдік әртістерді басып озатын сахна саңлақтары түрлі ролдерді сомдайтын рухани орда театрға кіре алады. Түркістан музыкалық драма театры еңсе тіктеп, есігін айқара ашқалы көрермен көңілінен шығар қойылымдарды ұсынып келеді.
Балалардың жан-жақты дамуына, ой-өрісінің жоғары деңгейде қалыптасуына «Оқушылар сарайы» мен «Ақжайық» музыка мектебі дәнекер іспетті. Білікті мамандар мен тәжірибелі педагогтар осы қос білім ордасында үйірмелерді үздіксіз жүргізіп келеді. Ал, нағыз мәдениеттің қайнаған ошағы «Конгресс-Холл» көпсалалы кешенінде дер едім. «Неке сарайы» жаңадан бой көтерген ғимараттардың қатарында өзіндік мәнге ие. Себебі, жаңа өмірге қадам басқан қос ғашықтың махаббат мекені тәрізді.
Қаланың рухани-мәдени даму барысында ұлттық тағамдарды ұсынатын тамақтанатын орындарды да атап өтуге негіз бар. Атаулары брендке ие «Сандық», «Каусар», «Жеті тандыр» сынды мейрамханалар туристердің талғамдарынан шығып, қызмет көрсетіп жатқаны да жасырын емес. Түркістан – қазақтың ғана емес, күллі түркі халқының қасиетті орны. Қасиетті қала туризімінің ерекшелігі – көлік-логистика қызметінің арзандығы, қонақүйлер бағасының қолжетімділігі, құнарлы тағам және сапалы қызмет түрлерімен ерекшеленбек.
Қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй ұсынып, рухани-мәдени демалыс сыйлап, маңызды ісшараларды өткізуге үлес қосып жүрген Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұжымын ауыз толтырып айтуға болады. Неге десеңіз, бүгінде бастарында тұрақты баспаналары болмаса да, ғимараттың шалғайдығына қарамастан жоспарға сәйкес ісшараларды күнтізбеден түсірген емес. Айтулы даталар мен ресми ісшаралар да, ыстық пен суыққа қарамай, уақыт пен сағатқа бағынбай өнерлі өнерпаздар шуақ шашқан Түркістанның шарапатын арттырып келеді. Осындай рухани-мәдени дамудың даңғыл жолына түскен Түркістан облысының төрт жылдығы құтты болғай. Рухани тұрғыда дамып, мәден бағытта құлашы кеңге қанат қақсын!
Ақмарал Ғаниқызы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі.