Биыл «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 85 жыл толып отыр. Осыған орай, қалалық мәдениет үйінде зағип жандар арасында «Өнер әлемі» атты облыстық байқау өтті. Байқауға Түркістан өңірінің әр аймағынан келген 20-ға жуық өнерлі жан қатысты.Шараға қала әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаев қатысып, жазмыштың жазуымен жанарынан айрылса да, бойға біткен таланты мен өнерін паш етпекке келген зағип жандарды мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.Байқау үш кезеңге созылды.
Алғашқы кезеңде қатысушылар дәстүр мен мәдениеттің тоғысындай болған терме айту өнерімен сайысқа түсті. Көрмерменнің ыстық ықыласына бөленген термешілердің ізін жалғай күмбірлеген күйін төккен домбырашылар өзара сайысты. Ал байқаудың үшінші кезеңінде қатысушылар ойы терең, сөзі нәрлі, көпке тигізер шапағаты мол бата берумен сайысты.Байқау қорытындысы бойынша, Жетісай ауданынан келген Алмас Байсейітов пен Бәйдібек ауданынан келген Таласбай Сейтқазиев, ал бата беру сайысынан Қожаназар Балғабаев жүлделі орындарды иеленіп, қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Барлық әлемде мүгедектер денсаулықтарындағы ауытқушылықтар мен өмірлік іс-әрекет шектелуінің салдарынан өздерін экономикалық, әлеуметтік, моральды және саяси аспектілерде теңсіздікті сезінетін тұрғындардың бір бөлігі болып табылады. Шамамен осыдан 1000 жыл бұрын оларды кемсіту, мойындамау, оқшаулау, басымдық көрсету қарым-қатынасы орын алған болса, ал 100 жылдан бері ол аяушылыққа және ізгі ниеттілікке ауысты. Қазіргі таңда мүгедектерге, соның ішінде соқырларға деген жағымды қарым-қатынас байқалады. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы Заңы бойынша мүгедек ұғымына тұрмыс-тіршілігінің шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, кемiстiктерге байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адам деген анықтама беріледі. Ал мүгедектiк деп организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулықтың бұзылуы салдарынан адамның тiршiлiк-тынысының шектелу дәрежесi айтылған.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік оңалту қазіргі әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қызмет көрсету жүйелері үшін ең маңызды және қиын міндеттердің бірі. Мүгедектер құқығы жөніндегі декларация 1975 жылы қабылданды. Мүгедектерді қоғамға бейімдеуде, олардың әлеуметтік топ ретіндегі ерекшеліктерін, психологиясын білудің маңызы зор. Мүгедектер тәуелсіздігі Декларациясы оларға әлсіз адам ретінде қарамауға, тең серіктестік тұрғыдан қарым-қатынас жасауға, олардың өмірге белсенді позициясын қалыптастыруға, құрметтеуге шақырады. Бұл құжатта мүгедектерге қалай қарау, қатынас жасау керектігі, мүгедектердің көңілкүйі, ортадан не қажет ететіні көрсетілген. Аталған құжат мүгедектермен әлеуметтік жұмыс жүргізу туралы нұсқау десек болады.
Мүгедектер құқығы туралы декларацияға сәйкес (БҰҰ,1975) мүгедек денелік және ақылой мүмкіндіктеріндегі кемшіліктеріне қарай жеке және әлеуметтік өмірдегі қажеттіліктерін өздігінше қамтамасыз ете алмайтын әрбір адам (The convention on the rights of persons with disabilities, 1975). 1992 жылғы 5 мамырдағы Европа кеңесі Ассамблеясының 44 сессиясының реабилитациялық бағдарламасына сәйкес мүгедектік денелік, психологиялық, әлеуметтік, мәдени, заңдық және басқа да кедергілерге байланысты адамның қоғамның дені сау мүшелері сияқты болуына мүмкіндік бермейтін шектеулердің болуы ретінде анықталады.
Соқырлық – бұл терең эмоционалдық және экономикалық мәнге ие физикалық жағдайдың бұзылуына байланысты мүгедектіктің түрі. Медицина тұрғысында соқырлық дегеніміз жарықты қараңғыдан ажырату қабілетсіздігін тудыратын екі көздің көруінің қайтарымсыз жойылуы. Дегенмен бұл адам жағдайының сипаттамасы болғанымен, әлеуметтік тұрғыда бұдан көп мағынаны білдіреді. Адам кеңістікте өздігінен қозғала алмай, біреудің көмегіне мұқтаж болады, адамның араласатын адамдар шеңбері тарылады, жалпы әлеуметтену процесіне кері ықпалын тигізеді. Салдары тек өзіне ғана емес, сонымен қатар оның отбасына және қоғамға да елеулі әсер етеді. Әсіресе, ауру немесе жарақаттан кейін көру қабілетінің жоғалуы өмір сүру салтында, әдеттерінде көптеген өзгерістерді тудырып, нәтижесінде психологиялық түзетулерге алып келеді (Foxall, 1992).
Толықтай соқырлық жарықты түбегейлі сезбеу ретінде анықталады. Кейбір елдерде «тәжірибелік соқырлық» деген ұғым бар. Тәжірибелік соқырлық (көруге деген біршама қабілеттілік) – адамның қараңғы мен жарықты ажырата білу жағдайы, кейде тіпті визуалды ақпараттарды да қабылдай алу қабілетінің болуы, бірақ бұл қабілеттілік нақты еместігі сондай, оған сенім артудың қажеті жоқ.
Соқырлық туа біткен және жүре біткен болып екіге бөлінеді. Туа біткен соқырлық – бұл бас миының көру жүйкесінің, көз торларының кейбір бөліктерінің дамуының бұзылуы. Жүре біткен соқырлық көз ауруларының салдарынан пайда болады: глаукома, трахома, кератит, көру жүйкесінің бұзылуы, сондай-ақ көз алмасының жарақаты, көз шарасы мен бас сүйек-ми зақымы.
Соқырлық жағдайында адам мүгедек болып саналады. Көзге байланысты мүгедектік екіге бөлінеді: соқыр және әлсіз көруші. Бұл бөліністің көз өткірлігінің көрсеткішіне байланысты. 0 мен 0,04 аралығындағы көрсеткіштегілер соқыр болып, ал 0,04 пен 0,2 аралығындағы көрсеткіштегілер әлсіз көретіндер болып саналады. Олардың арасындағы басты айырмашылық әлсіз көрушілер үшін көз ақпараттың негізгі қайнар көзі ретінде қала береді және әртүрлі іс-әрекеттерде пайдаланылады (оқу және жазу) (Гельмутдинова, Сабитова, 2012).
Көзінің көрмеуіне байланысты мүгедек болып қалған зағип жандар осы жоғарыда айтылған барлық кедергілерге ұшырайды. Бұл әлеуметтік топ мемлекет тарапынан аса әлеуметтік қорғауға, айналасындағылардың оларға әрқашан қол созуына мұқтаж.
Осындай көзі көрмейтін зағип жандарға әлеуметтік көмек көрсету қазіргі таңның өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Заңнамаларымыз кез келген топтағы мүгедектердің білім алуына, жұмыспен қамтамасыз етілуіне тиым салынбағанымен, тәжірибе жүзінде тек үшінші топтағы мүгедектер ғана жұмыс істеуге қабілетті. 1-2 топтағы мүгедектер жұмыссыздар ретінде есепке тұра алмайды. 1-2 топтағы мүгедектерге анықтама бергенде, оларға «жұмыс істеуге қабілетсіз» деп жазып береді. Сондықтан да 1-2 топтағы мүгедектер тек зейнетақы алады. Сондай-ақ зағип жандар тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз етіледі. Тифлотехникалық құралдар дегеніміз – мүгедектердiң көру кемiстiгi салдарынан жоғалтқан мүмкiндiктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған құралдар.Әрине көз соқырлығы адамды көп нәрседен шектеп, қоғамға толықтай енуіне кедергісін тигізеді. Дегенмен қазіргі таңда бұрынғы уақыттарға қарағанда олардың да білім, кәсіби білім алуларына, жұмыспен қамтамасыз етулеріне мемлекет тарапынан қолдаулар біршама жетілген. Зағип балалар мен нашар көретін балаларды арнайы оқытатын мектептердің барлығы, ЖОО-да білім алу мүмкіндіктерінің болуы, арнайы жасалған технологиялық құрылғылар, көзі көрмейтін адамдарға арналған жұмыс орындарының ашылуы олардың қоғамға енуіне ықпал етеді. Қазіргі таңда технологияның көмегімен нашар көретін адамдар өздерінің сыныптастарымен, оқытушыларымен, жұмыстағы әріптестерімен, клиенттері мен достарымен, компьютерлік құрылғылар мен бағдарламалық қамтамасыздандырулардың үнемі инновациясының арқасында бір-бірімен сөйлесе алады.
Бірақ көздері тіпті көрмейтін, яғни абсолютті соқырлық адамның өз-өзіне қызмет етуін төмендетіп, физикалық тәуелділікке алып келеді. Олар қоршаған ортаны қол арқылы сипап, ұстап білу, заттың формасына, иісіне мән беру, аяқ арқылы басып көру, тілмен дәмін сезу арқылы таниды. Ал есту қабілеті оларда өте жоғары дамыған. Есту арқылы кеңістікте бағыт-бағдар жасауға тырысады. Сондықтан да қоғамға енуде және бейімдеуде дауыстарды бақылауға мән берген маңызды. Оларға көмек көрсетуде осы ерекшеліктерді ескеру қажет.
Мүгедектердің қоғамға интеграциялануы олармен әлеуметтік жұмыс технологияларының тиімділігіне байланысты. Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау – мүгедектерге әлеуметтiк көмек көрсету, оңалту, сондай-ақ олардың қоғамға етене араласуы жөнiндегi шаралар кешенi. Ал мүгедектердi әлеуметтiк оңалту дегеніміз мүгедектердiң тiршiлiк-тынысының шектелуiн жеңiп шығуы үшiн жағдай туғызуға, олардың әлеуметтiк мәртебесiн қалпына келтiруге, әлеуметтiк-тұрмыстық және ортаға бейiмделуiне бағытталған шаралар кешенi болып табылады.Жалпы, мүгедектерді оңалту мыналарды қамтиды: ертерек ауруды анықтау, диагноз және араласу; жақсарту, жеңілдету, ынталандыру және/немесе қабілетсіз адамдарға, олардың отбасыларына және қызметшілеріне қызмет көрсету; медициналық қалпына келтіру, мүмкіндігінше қабілетсіздігін жою; кеңес және көмек берудің әлеуметтік, психологиялық және т.б. түрлері; өзін әлеуметке енуге, этикетке, қозғалуға, коммуникацияға және арнайы жағдайларда өзіне қажетті күнделікті өмірлік дағдыларын оқыту; техникамен, қозғалумен және т.б. құрылғылармен қамтамасыз ету; арнайы оқу қызметтері; кәсіби оңалту, соның ішінде кәсіби басқару, оқыту, орналастыру және өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ету; мүгедектік тобына байланысты құжатының болуы және тиесілі көмекті алуы.