Түркістан қаласының қайта жаңғыруы маңызды шешім

Қазіргі таңда Түркістан қаласы еліміздегі алпауыт қалаларадан кем түспейтіндей әлеуметтік, экономикалық және туристік бағыты дамыған қала. Осы мақсатта Түркістан қаласында 2022 жылы 100 жаңа аялдама орнатылатындығын Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәлімдеген еді. Сонымен қатар, Түркістан қаласының негізгі орталық көшелерінде орналасқан электр желілерін кабельдік желіге ауыстыру бойынша 4 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, Түркістан қаласында жыл басынан бері жалпы 12,2 гектарға 15 мыңнан астам емен көшеттері, 9000 ш.м аумақта көгал егілді. Ш.Тілеу, Байбұрт, С.Қожанов, Майкотов көшелері мен Есімхан алаңына түрлі қылқан жапырақты 12 мыңға жуық ағаш көшеттері демеушілер есебінен отырғызылды.Түркістан географиялық белдеу бойынша шөлейтті аймақта орналасқандықтан қаланың микро климатын өзгерту үшін, қала аумағын толықтай суландыру мақсатында гидрантты жүйемен су жүргізу және егілген талдарды суару жобалары қолға алынып, жүзеге асырылуда. 45 саябақ, гүлзарлар және демалыс аймақтарының жағдайы тұрақты қадағаланып, аяқжолдар мен балалар ойын алаңдарында анықталған кемшіліктер мерзімінде қалпына келтірілуде. Тағы бір Түркістан қаласындағы жүйелі жұмыстардың бірі цифрландыру жобасы аясында 200-ге жуық бейнебақылау камерасы орнатылған. Олар:«Жеңіс» саябағы, «Алтын Орда» автобекеті, «Керуен сарай» сауда кешені, «Қуаныш» базар бағыты бойынша, Тәуке хан даңғылы, С.Ерубаев, М.Тынышқұлов, Төле би, Нышанов көшелері, Түркістан теміржол станциясында іске қосылған. Камералар 24/7 қағидасы бойынша жұмыс істейді. Бейненің сақталу уақыты – 30 күн.Жоба мақсаты қала тұрғындары мен қонақтарының өмір сүру сапасын арттыру, қаладағы қылмыстың санын төмендету болып табылады.

Түркістанның осы тарихи орнын қайта жаңғырту мақсатында кеңестік кезеңде белгілі себептермен мән берілмей келген киелі мекенде ол кезде әлі егемендік ел болмасақ та, Елбасы пәрменімен, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті ашылды. Мақсат – Түркістанның әлеуетін, экономикасын, саяси-рухани орнын, мәдени ағартушылық тарихи рөлін арттыру. Себебі кеңестік идеологиядан шыққан елге өзінің дәстүрлі құндылықтарына қайта қауышу шарт болғандықтан да, киелі Түркістанды болмыстық келбетіміздің айнасы ретінде ұлттық, мәдени, өркениеттік ерекшелігіміз бен құндылықтарымыздың өзегі екенін мемлекеттік тұрғыдан сезіндіру қажет еді.Осы ғасырдың басында «Түркістанның 1 500 жылдық» мерейтойын жалпыхалықтық мерекеге айналдырдық. Осылайша, Түркістанды халықаралық қауымдастықтар мен жаһандық бұқаралық ақпараттар арқылы әлемге таныттық. Бұған халықаралық ЮНЕСКО  ұйымы назарын аударды.Түркістан қаласы 2017 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде жа­рия­ланды. Ал 2018 жылдың 19 маусымы күні Оңтүстік Қазақстан өңірін Түркістан облысы деп атау және облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қойылып, ресми түрде бекітілді.Түркістанда көгалдандырудың түрлі жобалары жүйелі жүзеге асырылуда. Өткен жылғы он күнге жалғасқан «ОТБАСЫҢМЕН ОН ТАЛ ЕК» отбасылық эко-акциясы аясында түркістандықтар жүз мыңнан аса ағаш көшетін отырғызған.Қаланың жасы мен қарты қатысқан шарада егілген көшеттердің сексен пайызы қазірде көгалданды. Көгалданған ағаштарға ерікті тұрғындардың өздері күтім жасап, қадағалауға алған. Атап айтқанда, «Самал», «Отырар», 1, 2 мөлтек аудандары мен Түркістан – Қызылорда тасжолы бойындағы 20 мыңнан астам қарағаш, гужум, айлант, терек және қарағай сынды ағаш көшеттері жайқалып өскен.Бүгінгі таңда аталған аумақтарда отырғызылған ағаштардың 30 пайызы гидрантты жолмен суландырылса, қалған бөлігіне арнайы суғару жүйелері арқылы күтім жасалуда.Игі шараға қала тұрғындарымен қатар мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым мүшелері, зиялылар, ардагерлер және қала тұрғындары қатысты.

Біз киелі шаһар Түркістан қаласын рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр. Сол себепті, мен ата жолын ұстанып, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізуді ұсындым. Онда ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылаймыз, – деген болатын. Татулық пен берекенің шырағын жаққан шаһар облыс орталығына айналғалы бері қаншама ғимараттар бой көтеріп, күллі әлем назарын өзіне аударды. Соған сай туризм саласында ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп жатқаны рас. Осы орайда кейінгі уақытта қаламызда туристерге қызмет көрсетуде қандай жобалар жүзеге асып жатқанын бағамдап көрдік. Мысалы, кейінгі уақытта Республикалық деңгейде іске асырылатын тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша ауқымды жобалар іске асуда. Әсіресе, Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің аумағын абаттандыру, «Қожа Ахмет Ясауи», «Жұма мешіті», «Есім Хан» және «Рабия Сұлтан Бегім» кесенелері мен қақпаларын қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын көріп жүрміз. Сәулеті келіскен шаһарды жаңғыртатын жобалардың ішінде демалыс, сауда орталықтары да бар. Келушілердің назарына бірінші боп түсетін ойын-сауық орталықтары екені мәлім. Қаладағы туризмді дамыту туралы көкейдегі көп сауалға сала маманынан жауап алған едік. Түркістан қаласы әкімдігінің «Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің» басшысы Талғат Қыдырбаев мырза түркістандықтармен бөлісер жағымды жаңалықтардың көп екенін де жасырмады. Ішкі туризмді дамытуда жаңа қарқын алған қала ең әуелі әуежайымен ерекшелентіні анық. Хазірет Сұлтан әуежайы ашылғалы бері туристердің келуі де жиіледі. Ішкі рейстерге жататын еліміздің он үш қаласынан бөлек бұл әуежайда Ыстанбұл бағытында тұрақты рейстер бар. Талғат мырзаның айтуынша, бүгінде түлеген Түркістанға жасалатын саяхаттар туроператорлар әзірлеген турпакеттер аясында жүзеге асырылып жатыр. Бір күндік стандартты тур пакетінің құны 100 доллардан 150 долларға дейін. Бұл тур пакетке тамақтану, көлік, гид және компанияның маржасы кіреді. Бір күндік түнгі туристік пакеттердің тағы бір санатына 20 мен 40 АҚШ долларын құрайтын көлік, нұсқаулық және компанияның маржасы жатады.

Ендігі сөз жатын орындар жайлы болмақ. Қысы-жазы қыдырып, саяхаттауға қолайлы қала болғандықтан, Түркістанға келген туристерге ең бірінші қала қонақжайлылығы мен қызметтердің сапасы маңызды. Бүгінгі таңда бұл мәселеде де оң өзгерістер бар екенін байқап келеміз. Әсіресе, туристердің «орналасу орындары (қонақүйлер, хостелдер) өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артқан» – дейді мамандар. Былтыр 46 қонақүй келушілерге қызмет көрсетсе, биылғы жылы олардың саны 57-ге жеткен. Ал жоғары санатты қонақүйлер саны оннан асқан. Сондай-ақ, қазіргі таңда жеке инвестиция есебінен салынып жатқан қонақүйлер, демалыс орындары, ойын-сауық орталықтарының құрылыс жұмыстары да қарқынды. Жақында ашылатын «Түркістан молл» сауда орталығы, «Түркістан плаза», «Отау» сауда орталығы, «Медина Палас» қонақүйі секілді сәулетті ғимараттар да тек қазақстандықтар емес, шетелдік қонақтардың да көңілінен шығады деп күтілуде. Талғат мырзаның айтуынша, салауатты өмір салтын насихаттап, қала халқын іскерлікке баулу мақсатында «Теннис» орталығы, Бизнес орталықтарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек Түркістанда елімізде теңдессіз туристік-рекреациялық орталық салынды. Аталған орталық су спорт түрлерімен айналысуға және жағажай туризмін дамытуға үлкен үлес қосып, қаланы көгалдандыруға, ауа райын жақсартуға да әсер ететінін айта кеткен жөн. Әрбір келушінің көңілін баурайтын «Керуен сарай» деп аталатын туристік кешенде қонақтарға сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, мереке күндері атаулы іс-шаралар ұйымдастырылып, отандық және шетелдің танымал әншілері өнер көрсетіп келеді. Қаланың қақ ортасында орналасқан айрықша орталықтың маңынан ашылған Президент саябағына да соқпай кету мүмкін емес. Тұрғындарға да қуаныш сыйлаған саябақтың жалпы аумағы 40 гектарды алып жатыр. Мұндағы сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық жасанды көлде қайықпен серуендеу, су спортымен шұғылдану секілді мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар «Визит Түркістан» орталығы да қала бойынша экскурсиялар жүргізіп, саяхатшылардың уақытын қызықты әрі тиімді өткізуге үлес қосуда. Қолжетімді баға мен сапалы қызмет көрсетуді негіздейтін туристік нысандардың әрқайсысы Түркістанның болашағына, дамуына тікелей әсер ететіні анық.

Айта кетейік, 2022 жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша келуші және туристер саны 1 257,7 мың адамды құраса, туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 29,9 млрд теңгеге жеткен. Күн сайын салтанаты асқан шаһарға тұрғындардың жанашырлығы мен мәдениеті аса қажет екені айтпаса да түсінікті. Тұрғындардың тазалығы тұтас қаланың тазалығына әсер ететінін естен шығармасақ, ел игілігі үшін атқарылған жұмыстардың болашағы баянды болмақ. Жыл басынан бері жүргізілген жүйелі жобалар да өз нәтижесін беріп, жаңғырған қаланы жаңа белеске шығарады деп сенеміз.

Түркістан – геосаяси, географиялық және климаттық орналасу жағынан да тарихи маңызды мекен болып табылады. Тарихымызда бұл киелі мекеннің оғыз-қыпшақ кезеңінде «Шауғар», исламнан кейін де «Яссы» және «Түркістан» атаулары болғаны белгілі. Бұл атаулар, әрине түркінің өркениеттік қабаттарын да білдіреді. Бұл жер – ежелгі түркі тайпалары үйсін, қаңлы, қарлұқ, қыпшақ, оғыздардың атамекені. Сыр бойы мен Қаратау барша көшпелі түркі халықтарының панасы болды. Бұл қасиетті мекеннің тарих сахнасына «Түркістан» атауымен шығуында орта ғасырларда исламның жаһанға берген ең басты құндылығы ғылым-білім болатын.  Осы қасиетті топырақтан шыққан ғалымдардың бір тобы әдебиет, философия, тарих, астрономия, логика, музыка, тіл, медицина, шариғат, хадис, құқық салаларына арналған еңбектерімен танылды. Қожа Ахмет Ясауидің туған жері бір ғана Исфиджаб қаласынан Ахмад әл-Исфиджаби, Әли әл-Исфиджаби, әл-Қади әл-Байдауи, Әбу әл-Хасан, Әли әл-Байдауи атты артына мол мұра қалдырған ғұламалар шықты. Сонымен бірге  ІХ-XІІ ғасырларда бүкіл дүниежүзіне өздерінің ғылыми-философиялық, діни еңбектерімен танымал болған Муса әл-Хорезми, Ахмад әл-Ферғани, Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни т.б. ұлы ойшылдар мәдениетке, ғылымға өшпес ізін қалдырды. Сөйтіп, ислам діні барша түркі халқын өркениеттік мәнде тұтастандырып, жаңа болмыстық сипат берді. Адамзат тарихында түркі халқы ислам діні құндылықтарын әлемге паш еткен өркениетаралық көпірге айналды. Бұл аймақ Алтайдан Балқанға дейінгі, Тәңір тауларынан Оралға дейінгі ұлы даланы мекендеген барша түріктің жаңа өркениеттік бесігі бола білді. Осындай киелі бесік бүгін Түркістан деп аталады.

Ал Түркістанның «Түркістан» деп аталуы да тікелей Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың тарихи тұлғасына қатысты екені белгілі. Ел аузында «Мәдинада Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет» деген тіркес бар. Тарихи санада ғана емес, тарихи таным деректерінде де  ХІІ-ХІІІ ғасырлар түйісінде өмір сүрген атақты парсы шайыры Фарид-ад-дин Аттардың «Құстар тілі» («Лисану ат-тайыр») атты танымал шығармасында Қожа Ахмет Ясауиді «Пір и Түркістан» (Түркі елінің ұстазы) деп дәріптейді. Бүгінгі Түркістан атауы жоғарыда келтірілген «Пір-и Түркістан» деген тіркестен қалған Ясауи бабамыздың сипаты болатын. Яғни, бұл киелі мекен – Ясауи бабамыздың қаласы.

Әзіреті Түркістанның қазақ рухани танымы мен мемлекеттілігі тарихында айрықша орны бар. ХV ғасырдың аяғынан бастап Қожа Ахмет Ясауи куллийасы (кесенесі) Қазақ хандығының резиденциясы әрі кешенді пантеонға айналып, әйгілі ғұламалар, хандар мен ақсүйектер жерленгені тарихи шындық. Тарихи деректер бойынша, мұнда отызға тарта қазақ мемлекеттілігіне еңбегі сіңген хан-сұлтандар арулап қойылған. Сонымен қатар қазақтың атақты би-шешендері, батырлары мен абыздары, халық қадір тұтқан тұлғалары жерленген. Міне, «Әзіреті Қаратау әулиенің кені еді» деп «Алпамыс батыр» жырында айтылғандай, Түркістан қазақтың ғана емес, барша түркі халқының киелі орны болса, Әлішер Науаи да Ясауи бабамызды «Түркі елінің құбыласы» ретінде танытып кетіпті. Тарихта Ясауидің рухани ұстаздық қызметіне баға берушілер көп. Расында, бір қаланың атын алатындай Әзіреті Түркістан Қожа Ахмет Ясауи қандай тұлға, қандай мұрасы бар, барша түркі халқына қандай қызметі тиіп еді? Енді осы мәселеге ойысайық.Түркі еліне ислам дінін жая келген қожа, сейіт, бап сияқты сопылық өкілдерінің де рөлі исламды таратуда ерекше болды. Түркі-ислам мәдениеті мен өркениеті XІ-XІІ ғасырлардағы Қарахан мемлекеті кезіндегі түркі тілінде жазылған еңбектер арқылы бар болмысын нақтылады. Ясауидің артына қалдырған өшпес мұрасы оның еңбектерінде жатыр. «Диуани хикмет», «Мират ал Құлуб –Көңілдің айнасы», «Фақрнама», «Рисала» сияқты еңбектері қазір ғылыми айналымға енді. «Диуани хикметін» түркі халқы Құраннан кейінгі қасиетті кітап­қа балап, жаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келді. Хикмет айту өз алдына бір дәстүрге айналды. Бүгін осы мұраларды қайта жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа аманат ретінде «хикмет оқуларын» қайта ұсынуымыз керек сияқты.

Жалпы, Түркістанда исламның түпкілікті орнығуы Қожа Ахмет Ясауи атымен тығыз байланысты. Қожа Ахмет ХІІ ғасырда қазіргі Сайрамда, ол кезде «Исфиджаб-Ақ Су» «Ақ қала» деген жерде дүниеге келген. Әкесі Ибрахим ата, анасы Қарашаш ана да дін ғұламаларынан болған. Бірақ Ахмет жастай ата-анасынан айырылып, жетімдікті көп көрген. Кейіннен әпкесі ГауҺардың қамқорлығында болады. Қожа Ахметтің Ясауи ретінде қалыптасуында Арыстан бабтың рөлі ерекше. Ясауи де хикметтерінде Арыстан бабтың ұстаздығы мен қамқорлығын аса үлкен ілтипатпен атап өтеді. Осы жерде Арыстан бабтың қазақ даласына ислам дінін таратудағы тарихи орны ашылу керек. Оны тек «құрма аңызы» бойынша танимыз. Құрма оған пайғамбарымыздан жеткен аманат. Демек, Ясауи аманат иесі ретінде ислам дінін түркі халықтарына таратып, өзі ұстаз дәрежесіне жеткен. Аңызда Ясауи­дің 99 мың шәкірті болған деседі. Расында бүгінгі Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғыз Республикасы, Таяу Шығыс, Пәкістан, Түркия, Балқан, Орал, Ау­ғанстан, Қотан және т.б. аймақтарда өздерін Ясауи шәкірттеріміз дейтін тарихи тұлғалар тізбегі белгілі.Оның атақты шәкірттері Мансұр ата одан Зеңгі баба шәкірттері  Садыр ата, Баба Түкті Шашты Әзіз, Бәдір ата, Сейіт ата ықпалымен қазіргі Қазақстан аумағы, сол кезеңде билік еткен Алтын Орда мемлекеті Өзбек ханның билігі кезінде исламды толықтай қабылдады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *