Аграрлық-өнеркәсіптік кешен (АӨК) – мемлекеттің экономикалық тұрғыдан дамуына үлес қосатын еліміздегі маңызды саланың бірі. Агроөнеркәсіп кешені ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге және сол өнімді тұтынушыға жеткізуге қатысатын барлық шаруашылық салаларын біріктіреді. Агроөнеркәсіптік кешен — халықты аса маңызды азық-түлікпен қамтамасыз ететін, елеулі экспорттық әлеуеті бар, жалпы өңірлік өнімнің
20 пайыздан астамын құрайтын Түркістан облысының негізгі саласы.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін тұрақтандыру үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалды агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсімін қалыптастыруды тапсырған болатын. Осы мақсатта Сауран ауданы көлемінде өндірілетін өнім көлемін арттыру бағытында жұмыстар атқарылуда. Көктем мезгілінің келуімен шаруалар аудан аумағында егін егу науқанын бастады. Жергілікті шаруалар биыл жалпы көлемі 43 мың гектар жерге егін дақылдарын отырғызуды жоспарлап отыр. Оның ішінде, 3661 гектарға күздік бидай мен 304 гектарға жаздық бидай, 2944 гектарға дәндік жүргері, 2589 гектарға көкөністер, 650 гектарға майлы дақылдар, 510 гектарға картоп, 6522 гектарға бақша, 9600 гектарға мақта, 16220 гектар жерге малазықтық дақылдары егіледі деп көзделуде.
Бүгінде саурандық шаруалар көктемгі дала жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сапалы өнім алу үшін жер жыртып, топырақ құнартуда. Өңдеп, баптау жұмыстарынан соң, егін себу жұмыстарына кіріседі. Онда картоп, мақта және жоңышқа өнімдерін өндірмек.
Түркістан облысының өнеркәсіп саласы дамып келеді. Осы тұрғыда бірнеше ауқымды жоба қолға алынған. Соның бірі – 1200 сүт-тауар фермасын салу жобасы. Бүгін өңір басшысы Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы «БНК АГРО КЗ» ЖШС құрылысын аралап көрді.
– Облыс экономикасы үшін маңызды жобаларға қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Өңдеу өнеркәсібін өркендету – міндетіміз, – деді облыс әкімі.
Жобаның құны 3,3 млрд теңгені құрайды. Мақұлданған қаражатқа сүт-тауарлы фермасының жабдықтары Түркиядан әкелінуде. Ал Даниядан ірі қара сатып алу жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс алаңына қажетті металл конструкциялардың 80% жеткізілді. «Қотырбұлақ» электр станциясынан ұзақтығы 5 км электр желісі тартылып, қуаттылығы 250 КВт және 100 КВт болатын 2 трансформатор орнатылды. Учаскеде 8 бірлік ұңғыманы бұрғылау жоспарланған. 210 метрден 1 ұңғыма бұрғыланды.
Бұған дейін бірінші қораның іргетасын құю аяқталып, қораның еден жабыны құйылған. Қазір конструкциясы мен екінші Сүт сауу залы фермасының конструкциясы жинақталуда. Сондай-ақ үшінші қораның іргетасы мен еден жабыны, төртінші қораның іргетасы құйылып жатыр.
Сүт-тауар фермасын жем-шөп базасымен қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорын 1 322 га суармалы егістік алқабына жоңышқа, жүгері, бидай дақылдарын егуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар ферма аумағында 80 га жерде 2 дана жаңбырлатып суару машиналары орнатылуда. Кәсіпорын қажетті ауылшаруашылық техникалармен толық қамтылған.
Бұдан бөлек облыста жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссиясы тағы 2 жобаны қаржыландыруды мақұлдаған. Оның бірі – «Бөрте Милка» ЖШС, яғни 403 басқа сүт тауарлы фермасын ұлғайту жобасы. Жобаның жалпы құны – 2,8 мрд теңге. Қазіргі уақытта ферманың жаңа ғимаратының іргетасы аяқталуға жақын. Сондай-ақ жем-шөп сақтау қоймасының құрылысы жүргізілуде. Қора конструкцияларына қажетті құрылыс материалдары толық көлемде сатып алынды. Ордабасы ауданындағы бұл жоба биыл сәуір айында іске қосылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде 35 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 2 700 тонна сүт өндірілмек.
Сауран ауданында да сүт фермасы салынады. «Sultan Agro Group» ЖШС-нің 600 бас сүт-тауар фермасын салу жобасының құны 4,3 млрд теңгені құрайды. Қазіргі кезде қажетті жабдықтар мен техникалар алынған. Ферма іргетасының құрылыс жұмыстары, металл конструкцияларын дайындау, электр желілерін тарту және сумен қамтамасыз ету жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Жоба биыл мамыр айында іске қосылып, жылына 5000 тонна сүт өндіреді, сондай-ақ 50 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында аграрлық саладағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру моделін, оның ішінде сүт-тауар фермаларын ашу тәжірибесін еліміздің басқа өңірлерінде кеңейту мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен Түркістан облысында сүт-тауар фермаларын ашу жобалары жүзеге асырылуда. Аталған мақсатқа сүт-тауарлы фермаларын жеңілдетілген несиелеуге 6 млрд. теңге қаржы қаралған.
Агроөнеркәсіптік кешеннің мақсаты – халықты азық-түлікпен, өнеркәсіпті ауылшаруашылық шикізаттарымен қамтамасыз ету және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау. АӨК Қазақстанда шамамен 1980 жылдардың соңында құрылды.
Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі 3 саласы бар:
1) ауыл шаруашылығы;
2) ауыл шаруашылығын өндіріс құралдарымен қамтамасыз ететін салалар тобы (ауыл шаруашылық машиналарын жасау және минералдық тыңайтқыштар өндірісі);
3) ауыл шаруашылық шикізаттарын өңдеумен айналысатын салалар тобы (жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі).
АӨК қалыпты, нәтижелі жұмыс жасауы үшін заманға лайықталған, шаруашылықты игеруге жарамды соңғы техникалармен қамтамасыз етілу керек. Бұл сала тоқтаусыз жұмыс істеу үшін 4000 түрлі техника, құрал-жабдық қажет. Қазақстанда ауыл шаруашылығына арналған техникалардың тек 400 түрі шығарылады. Сол себепті де Қазақстанда қол еңбегінің үлесі жоғары және әлі күнге дейін Кеңес Одағы дайындағын ескі техникалар қолданылып келеді. Елімізде маңызды өндірістер енді пайда болып келе жатыр.
Ауыл шаруашылығы – агроөнеркәсіптік кешеннің жетекші саласы. Оның өнеркәсіптен басты ерекшелігі – ол табиғатқа, ауа райына, топырақ жағдайына тәуелді. Саланың өндірісіне табиғи жағдайлар қатты әсер етеді. Құрғақшылық, аяз, қар басу, көктайғақ сияқты табиғи құбылыстар ауыл халқының егін өнімі мен мал басын сақтап қалуына қиындық туғызады.
Ауыл шаруашылығының дамуының 2 жолы бар:
1) Экстенсивті (жер немесе мал басының өсуі),
2) Интенсивті (техниканы, тыңайтқыштарды тиімді пайдалану)
Жер реформасына байланысты Қазақстандағы ауыл шаруашылығы 3 санатқа бөлінеді:
1) ауылшаруашылық кәсіпорындары (саланың негізгі қызметтерін орындайтын, заңды түрде жұмыс жасайтын ұйымдар),
2) шаруа қожалығы (шаруаға жарамды жерді пайдаланып, отбасылық бірлестіктер құрып, жерге ауыл шаруашылық өнімдерін егіп, өнім алу),
3) халықтың жеке шаруашылығы (бау-бақша, саяжай, олардан түскен өнім).
Ұлттық тағамдардың ішінде ежелгі және көпшілікке ортақ тағамның бірі ақ екені бәрімізге белгілі. «Ағы бардың бағы бар» деп қазақ халқы сүт тағамын бақыт, несібесі деп білген. Сүтті соншалық қасиеттеудің басты себебі – ол тіршілік арқауы, одан неше алуан құнарлы тағамдар әзірлеп, дастарқан молшылығын жасаған. Сүт тағамдарынан қымыз, шұбат, құрт, ірімшік, қатық, айран, уыз, май, сүзбе тағы басқаларын күнделікті пайдаланамыз. Бұлардың барлығының да адам денсаулығына тигізер пайдасы мол. Адам денсаулығына үлкен пайда әкелетін сүт өндірісі жайлы ақпараттар ұсынып отырмыз. Сүт – басқа ешқандай азық- түлік тең келмейтін аса бағалы тағамдық өнім. Өйткені организмге оның құрамды бөлігінің 95-98 пайызы сіңеді. Сондай- ақ сүт амин қышқылдарының, макро және микроэлементтерінің, витаминдерінің таптырмайтын көзі. Сүт және оның өнімдерінің құрамында жеңіл сіңетін құраушылар бар. Олар бізге кальцийді, дәрумендерді (A, B2, B1, E, D, C), сондай-ақ көптеген басқа қоректік құндылықтарды жеткізеді.
Сүттің жоғары коректік қасиеттерін келесі деректерге қарап білуге болады: бір литр сүт құрамындағы белок мөлшері – 150 г., ол сиыр еті, немесе тауықтың 5 жұмыртқасы, немесе 1 кг. нан құрамындағы белоққа тең. Сүттің жарты литрі адамның амин қышқылдарына деген тәуліктік қажеттілігін қанағаттандырады, ал сүттің бір литрі адамның май, кальций, фосфор, рибофлавинге қажеттілігін толық, белоққа қажеттілігін жартылай, ал аскорбин қышқылы, ретинол, тиаминге қажеттілігінің1/3 бөлігін қамтамасыз етеді екен. Сүттің тағы бір қасиеті – түрлі азық- түлікпен керемет үндесіп, адам тағамының биологиялық құндылығын көтереді. Өйткені сүт организмге түсетін қоректік заттардың көлемін арттырып қана қоймайды, сонымен бірге май, белок, көмірсу, минералды тұздар, тағы басқалармен бірлесе, үндесе отырып, осы коректік заттардың организмге сіңімділігін жақсартады.
Сонымен қатар Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылдық округінің тұрғыны Д.Темиров сүт өнімдерін өндіру саласындағы мал басын көбейту бойынша “Ауыл аманаты” бағдарламасының қаржысынс 8 сауын сиыр алған. Алдағы уақытта, сүтті бағыттағы асыл тұқымды мал басын көбейтуді жоспарлауда.
Бұдан бөлек шаруа сүттен құрт, сары май өнімдерін өндіріп, жергілікті нарықта саудалауда. Кәсіпкер тәулігіне 60-80 литр сүт алуда. Жобаның негізгі мақсаты — ауылдың экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеру, халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану болып табылады.
Сүт – мал баққан қазақ жанұясының негізгі тағамы. Сүттен қымыз, шұбат, айран, қатық, сары май, ірімшік, құрт, сүзбе, қаймақ сияқты ішетін, жейтін, сусындайтын алуан түрлі тағам әзірлейді. Қай түліктің болса да соңғы иіндісі, соның ішінде қойдың жебе сауған сүті қою, әрі майлы, жұғымдылығы да жақсы келеді. Мұны қазақ шаруалары ғасырлар бойғы бай тәжірибелерінен жақсы біледі.
Көк сүт — қаймағы алынған нәрі аз сүт. Қатырылған сүт- мұздатып ұзақ сақтайтын сүт. Майлы сүт -қаймақтан сары май айырғанда іркіліп шығатын қышқыл сут. Оны кейде сол күйі сусын ретінде ішкен, кейде қайнатып ақірімшік жасаған. Шайқалған майды шынылау үшін суық суға салып сығымдаған, одан қалған сүтті май сүтінің шалабы деп, кей жерлерде май шалап деп атаған.
Қатық – көбінесе қойдың, ешкі мен сиырдың қаймағы алынбаған сүтінен ұйытқан аса қою айран.
Сүзбе – жақсы ұйыған қатықты қапқа салып асып қойып, сорғытып сүзеді.
Айран – қой, сиыр сүтінен әзірленеді. Қатыққа қарағанда сұйық болады. Айран- шөл басуға таптырмайтын сусын.
Айран мен қатықты қазақ халқы сүт, су қосып, сұйылтып та ішеді. Сүт қосылғанын қойыртпақ, су қосылғанын шалап деп атайды. Ұйытылған айран – әрі тамақ, әрі сусын, әрі адам денсаулығына пайдалы. Мысалы, гипертонияға шалдыққандар күніне 2 рет тамақ ішкеннен кейін жарты сағат өткенде 1 кесе айранды асықпай, баптап ішетін болса, бірнеше күннен кейін қан қысымы төмендеп, өзін жақсы сезінетін болады. Сондай-ақ ұйқы қашқанда жатар алдында 1-1,5 кесе жылы айран ішсе, оның жақсы ұйықтап шығуға әсері мол. Тағы бір жайт, айранның гастрит ауруына да пайдалы екендігі, әсіресе асқазан қышқылының аз болғандығынан пайда болған гастритте.
Айран көже – бидай, тары, арпа, күріш жармаларынан жасалған көжеге айран косып ашытылады немесе сүт қосып ұйытылады.
Қойыртпақ – қатыкқа, айранға, қымызға, ішетін іркітке сүт немесе су қосып, торсыққа құйып, қанжығаға байлап жүріп далада ішетін ақ, сұйық айран.
Айран-шалап – айранға суық су қосып сапырып, шөлдегенде ішетін сусын. Айран-шалап деп кейде жалпы ақты да атаған.
Боза – ашыған сүт, айраннан әзірлеген сусын (ішімдік). Боза тары, бидай жармаларынан да ашытылады.
Іркіт – құрт қайнату, кейде майын алып, ірітіп сусынға ішу үшін сабаға, күбіге жинап ашыт-қан айран-қатык, шикі сүт. Іркіттің басын піскен сүттен ұйытып алып сабаға құяды да, үстіне шикі сүт құйып жинай береді. Содан кейін оны пісіп, майын алады, қалған іркітіне құрт қайнатады, кейде іркітті пісіп, сапырып сусын орнына да ішеді.
Быршыма – ұйтқысы нашар болған немесе көп тұрып ашып кеткен айран, іркіт түрлері, одан көбінесе құрт қайнатылады.
Қаймақ – бұл тағамның бір-неше түрлері бар: піскен қаймақ, шикі қаймақ, кілегей қаймақ, бал қаймақ, тағы басқалары. Олар май айыру, шайға қату, талқан былғау және әр түрлі тамақтарға қосу үшін, кейде қаймақ күйінде пайдалану немесе басқа тамақтарға (нанға, бидайға, тарыға т. б.) жағып жеу үшін әзірленеді. Піскен қаймақ пісірілген сүттің бетінен алынады. Шикі қаймақ шикідей тұндырып қойған сүттің бетінен немесе сепаратор машинасына тартылған сүттен алынады. Одан сары май алынады. Кілегей қаймақтан да сары май алынып, жүдеу адамдарды оңалтуға пайдаланылады немесе басқа тамақтарға қосып дәмі келтіріледі.
Уыз – жаңа төлдеген малдың төлі емгеннен кейінгі алғашқы сүтінен пісіріледі. Өте дәмді ақірімшік болады. Төл емгеннен кейінгі сары уыз бүйенге, ішекке кұйылып, етпен бірге пісіріледі.
Ірімшік – жаңа сауылған жылы сүтті мәйекпен ұйытып, одан кейін суалғанша қайнатады. Қайнауы жеткен ірімшік қызыл сарытүске айналады. Содан кейін оны сүзіп алып, дорбаға салып, желге, күнге қойып кептіреді. Кепкен ірімшік бұзылмайды, көп сақталады. Қонақ дастарқанына қойылатын өте дәмді, сүйкімді де бағалы ас. Кепкен ірімшікті түйіп жент жасайды, тұш бауырсақтың үстіне себеді.
Ақірімшік – сүтке айран қосып ірітіп қайнату арқылы әзірлейді. Кейде ашып қалған, өздігінен ұйыған сүттің айранын сүзу арқылы да ақірімшік жасалады.
Құрт – сабада жиналып пісілген іркітті майы алынғаннан кейін түбіне май жаққан үлкен қазанға құйып қайната береді. Әбден қойыл-ған құртты қапқа құйып керегеге асып қояды, сонда оның қалған суы тағы да ағып, құрғайды. Бұдан кейін қолмен бөлшектеп, тақтаға, шиге, колмен сықпалап өреге жайып кептіреді. Осындай әдіспен кайнатып, кептіріп алған құрт жыл бойына, кейде 2-3 жылға дейін сақтала береді. Сүт тағамдарының бірі құрттың адам денсаулығына тигізер пайдасы мол. Ыстық құртты өкпе ауруына, суық тиіп ауырған сырқаттарға ем ретінде пайдаланады.
Қымыз – қазақ халқының ұлтық тағамдарының ішіндегі ең құрметті дастарқан дәмінің бірі. Ол тек қана бие сүтінен ашытылады. Қымыз ерекше дәмді, кұнарлы, жан сарайыңды ашып, адамның зауқын келтіретін хош иісті және өте сіңімді сусын. Бие сүтінің тағамдылық құндылығы онда белоктардың, майдың және көмірсулардың ғана емес, сондай-ақ адам үшін маңызы бар витаминдердің де болуына байланысты. Әсіресе ол А және С витаминдеріне бай. Сонымен қатар, В тобындағы витаминдер, Д, Е, F витаминдері болады. В тобына жататын барлық витаминдер организмнің қалыпты тіршілік етуі үшін қажет. Қымыз ашытқанда кейбір витаминдердің мөлшері өзгереді: биотин, тиамин, В12 витаминінің мөлшері кемиді; рибофлавин, фоли қышқылы сол күйінде қалады; пантотен қышқылы артады. Қымызда мынандай минералдық заттар бар: кальций тотығы — 48%, магний тотығы – 3,4%, фосфордың бес тотығы – 21,3%, хлор – 7,5%. Қан құрауда маңызды роль атқаратын кобальт пен мыс сияқты элементтер сиыр сүтінен гөрі бие сүтінде едәуір көп: кобальт онда 1,5 есе, ал мыс 3,2 есе артық. Бір литр қымызда 1,60 мг мыс болады. Құрамындағы микроэлементтерінің мөлшері жөнінен бие сүті ана сүтіне жуықтау екендігі дәлелденген.
Саумал – биенің ашымаған сүті. Саумал өкпенің құрт ауруына шалдыққанын емдеуге қосымша ең қажет тағам ретінде көп қолданылады. Саумалдың тағамдық құндылығының жоғарлығы, оның ауыр дертке шалдыққан адамдардың еңсесін көтеретін тағам ретінде қолданылатынан-ақ байқауға болады.
Шұбат – түйе сүтінен өндiрiлді, бұл сусын қазақ аспаздығында кеңiнен қолданылады. Түйенің сүтін ашыту арқылы дайындалынатын сусын.
Шұбат биологиялық құрамы бойынша тек қана нәрлi және дәмдi азық қана емес, сондай-ақ А, В1, В2, С дәрумендерiнiң көзi. Мысалы, В1, В2 дәрумендерi бойынша түйе сүтi сиыр сүтiнен асып түседi. Шұбаттың бiр литрi адам ағсасының С дәруменiне және рибофлавинiне тәулiктiк қажеттiлiгiн қанағаттандыра алады. Шұбат айранға қарағанда май, ақуыз, кейбiр минералды заттарға, дәрумендерге өте бай. Ірімшіктер клеткаларды қалпына келтіру үшін керекті жоғары сапалы белок көзі болып табылады. Олардың құрамында көп мөлшерде кальций, A, D және В тобының дәрумендері болады. Сондай-ақ олардың құрамында жеңіл сіңетін майлар бар. Балаларды ақ сыр жеуге үйрету маңызды, олардың құрамында май мен натрийдің мөлшері аз. Бұл тамақтанудың дұрыс дағдыларын қалыптастырудың маңызды элементі.
Салауатты тамақтануға арналған сүт өнімдері Күніне кем дегенде 2 толық стакан сүтті немесе сонша айран немесе йогурты, сондай-ақ 1-2 тілім сырды қолдануға кеңес беріледі. Сүтті тек таңғы аста ішуге ғана емес, сонымен бірге оны шөлді қандыру үшін, күні бойы қолдануға болады. Қазіргі уақытта дүкен сөрелерінде сүт және сүт өнімдерінің көп түрлері бар. Олардың ішінде өзіңізге және отбасыңызға пайдалыларын қалай таңдауға болады? Бірнеше пайдалы кеңеске құлақ салыңыз:
1.Сүт пайдалы тағам болғанымен, ол тез бұзылатын азық-түлікке жатады. Сондықтан сүт немесе сүт өнімінің қорабындағы тұтынушыға арналған ақпаратқа «жарамдылық мерзіміне» көңіл бөліңіз;
2.Технологиялық өңдеуде табиғи құрылымы бұзылмаған сүт және сүт өнімдерінің қолданылу мерзімі қысқа;
3.Кейбір сүт жіне сүт өнімдерін құрғатыл-ған майсыз сүтті қалыптастыру арқылы, ал майлылығын өсімдік майын қосу арқылы өндіреді, бұл деректер сүт немесе сүт өнімі құрамы туралы тұтынушыға арналған ақпаратта жазылады. Ондай өнімнің пайдалылығы жайында осы мақаладан кейін әркім шешім қабылдар.
4.Айран және басқа қышқыл сүт өнімдері дәстүрлі түрде айран ашытқы саңырауқұлақтарын қолдану арқылы өндіріледі. Көп жағдайда құрғақ ашытқы концентраттарын қолдану арқылы өндіріледі. Ол жайында да тұтынушыға арналған ақпаратта деректер жазылуы қажет.
Сүт өнімдерінің қоректік құндылығы Сүт күнделікті емдәмнің айырбасталмайтын және аса құнды компоненті, ең жақсы және ең арзан кальций көзі болып табылады. Сондықтанда, қазақта «Айран сүйек өсірер» деген мақал бар. Кальций сүйек құрылымын қалыптастыруға және тістердің минералсыздануын болдырмауға қатысып қана қоймай, сонымен бірге жүректің дұрыс жұмысын (дұрыс ырғақты және қысқару күшін қамтамасыз етеді), қанның дұрыс ұюын, сондай-ақ бұлшық еттер мен жүйке жүйесінің жұмысын қамтамасыз етіп, көптеген физиологиялық үрдістердегі қажетті элемент болып табылады.
Сүт өнімдері жайлы қызықты ақпараттармен таныс болыңыз.
Сүт — сусын ретінде де, тамақ ретінде де қолданылатын бірден-бір өнім. Ол Еуропаның көп бөлігінде мұнайдан да қымбат екен. 100 мл сүттің құрамында: 87 грамм су, 4.8 грамм қант, 0.1-3.8 грамм май, 3.4 грамм ақуыз, 120 милиграмм кальций, 12 милилитр магний, 3,3 мкг. йод, 32 мкг. А витамині, 0.18 мкг. В витамині және 0.4 мкг. В12 витамині бар. Сүтті энергия беретін сусын ретінде де қолданады. Әсіресе спортшылар жарыс кезінде көп пайдаланады. Халықаралық сүт мейрамы 1 маусым күні атап өтіледі.
Сүт десе сиыр, сиыр десе Үнді елі көз алдымызға елестейді емес пе?!.. Сиыр ежелден қасиетті жануар болып есептеледі. Бала шыр етіп дүниеге келісімен-ақ, оған болашақта білгір, білімді болсын деген мақсатпен сиырдың сүтін ішкізеді. Бұл елде сиыр сүті — ана сүтімен пара-пар. Сүт өнімі ел экономикасының маңызды бөлігі. Әлемде үнді елі сүт өнімін өндіруден 2-орынға ие. Германияның 66% халқы сүт құрамындағы витамин жетіспеушілігінен зардап шегіп жатыр. Германия халқы қолданысы бойынша сүт сырадан кейінгі орынды алады. Әлем бойынша сүт өнімін өндіруден 5-орын алады. Алғашқы төрттік: АҚШ, Үнді елі, Қытай және Ресей. Сүт туралы заң алғаш рет 1930 жылы 31 шілде күні Германияда қабылданған.
Ал, Қытай көбіне сүтті экспорттайды. Себебі, сүт құрамындағы қант — қант диабетінің ауыруына алып келетін ең басты себептердің бірі. Бес алпауыт елмен бәсекелесу барысында Қытайдағы сүт өнімі күннен-күнге дамып келеді.
Ежелгі кезде Ресей халқы сүт ашып кетпеуі үшін ішіне тірі бақа салып қоятын болған. Ресей дүкендерінде шикі сүт сатуға тиым салынған. Ресейдегі сүттің бағасы шет елдің бағасынан қымбат көрінеді. Германияда 1 л. сүтті 45 евроцентке алсаңыз, бұл көрсеткіш Ресейде 1 евро.
Америка сүт өндіруден әлемде алғашқы орынға ие бола тұра, Еуропа елдері және Канада бұл елдің сүт өнімін қолдануға тиым салды. Себебі аталмыш елдің сүтінен рак ауруы туыпты.
Сүтті микробтардан қорғайтын қорапша алғаш рет Америкада 1890 жылы қолданысқа енген. Содан бері АҚШ шетелдерге өнімдерін үздіксіз экспорттап отыр. Осы жылғы көрсеткіш елдің жылдық табысына 43100000000 доллар алып келді. Бұл тарихта болмаған көрсеткіш.
Өзіміздің еліміз де сүт өнімдерін өндіру жөнінен басқа елдерден қалыс қалмайды. Кезінде Еуропа саяхатшылары қазақтың сүттен қалай май алатыннын таңдана жазғаны ақиқат. «Су сұраса, сүт берген, айран берген» қазақ сүттен көптеген өнімдер мен тағамдар даярлайды.