Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте облыс әкіміне жер қойнауын заңсыз пайдалану, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді басқа мақсатта пайдалану және өзге де маңызды мәселелер баяндалды.
Өзен-көлдерден заңсыз құм, қиыршық тас қазып алып, сатып жүргендер қоршаған ортаға залал келтіруде. Түркістан облысында заң бұзушыларды анықтау және көлеңкелі жер қойнауын пайдалану фактілерінің жолын кесу жұмыстары бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді.
Мәжілісте кәсіпкерлерге ауыр көліктің салмағын өлшейтін таразы болуға міндеттейтін талап қою мәселесі көтерілді.
– Заңды жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге қарсылық жоқ. Алайда, заңды белшеден басып жатқандарға қарсы күресті күшейту керек. Өзіміз өзімізге кедергі жасамайық. Барлық жауапты басшылар отырсыздар. Бірақ нәтиже шамалы. Осының өзі жұмыстағы шалалықты көрсетеді. Бірлесе жұмыс істейік, – деді облыс әкімі.
Түркістан облысында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 191 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олар 84 келісімшарт және 107 лицензия негізінде жұмыс істейді. Басым бөлігі Сауран, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының аумағында орналасқан. Келісімшарттық міндеттемелерін толық орындамаған және су қорғау белдеуінде орналасқан 16 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары тоқтатылды.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың мәлімдеуінше, заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу шаралары нәтижесінде жұмысы тоқтағандар тарапынан жолын кескен әкімдік өкілдеріне шағым жазушылар артқан. Облыс аумағында бір жылда өткізілген 400-ден астам рейд жұмыстарының қорытындысымен өзен-көлдерден заңсыз құм, қиыршық тас қазып алып сатып жүрген 276 техника айыптұраққа қойылып, 31,8 млн. теңге айыппұл өндірілді.
– Өткен жылы маркшейдер маманымен облыстағы 100 жер қойнауын пайдаланушының өндіру аумақтарына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 63 кен аумағынан кемшілік анықталып, жалпы 5 млн. текше метр өнім кен орындары аумағынан тыс қазылғаны белгілі болды. Дегенмен Полиция департаменті тарапынан 12 қылмыстық іс қозғалып, бүгінгі күнге дейін аталған істер бойынша сараптама күтілуде деп созбалаңға салынып отыр. Алгоритмге сәйкес жұмыс тобымен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жетісай ауданындағы жер учаскесінде «Жұмағұл» шаруа қожалығы тарапынан 2 жерден заңсыз құм қазу жұмыстары жүргізілгені анықталды. Аталған аумаққа маркшейдер маманымен топотүсірілімдік жұмыстары жүргізіліп, жалпы көлемі 7500 текше метр заңсыз құм қазылғаны анықталды. Келтірілген шығын көлемі маркшейдер маманы есебімен 31 млн. теңгені құрады. Басқарма тарапынан маркшейдер маманының түзілген қорытынды актілері Полиция департаментіне жолданып, ҚР Қылмыстық Кодекстің 334 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деді басқарма басшысы.
Мәжілісте заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу мақсатында бірлесіп жұмыстар атқару ұсынысы айтылды. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны өз тарапынан берілген келісімшарттарды және теңгеріміндегі су айдындары мен каналдары аумағында заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу жұмыстарын қадағалауды, Экология департаменті, өнеркәсіптік қауіпсіздікке жауапты департаменттері өздеріне түскен кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге лицензия алуға арналған жобаларды келіскен кезде, жергілікті атқарушы органды хабарландыруды заң аясында қарастыру мәселесі көтерілді. Сонымен қатар Жер инспекциясы және жер қатынастар басқармасы, аудан, қала әкімдіктеріне өз құзіреті шегінде қатты пайдалы қазбалар, кең таралған пайдалы қазбаларды қазу жұмысын жүргізіп жатқан кен орындарының жер телімдерінің рәсімделгені немесе рәсімделмегені туралы талдау жүргізіп, заң аясында шаралар қолдану ұсынылды.
ЖЕР ҚОЙНАУЫ – ҰЛТТЫҚ ИГІЛІК
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысында рекордтық 3,3 миллион тонна көкөніс жиналды. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1 триллион теңгеден асты, бұл өңірдің осы көрсеткіш бойынша республикада көш бастауына мүмкіндік береді. Облыс басқа салаларында да жақсы өсу динамикасы байқалады. Бұл жалпыұлттық жоба өңірлердегі тұрғын үй құрылысы мен коммуналдық жағдайларды реттеу, елді мекен мен қалалар арасындағы көліктік-транзиттік тораптарды, жолдарды жақсарту арқылы тұрғындар үшін тиімді орта жасауды көздейді. Оның ішінде бірнеше функция да көрсетілген. Атап айтқанда, базалық қызметтерге қолжетімділік және көліктік байланысты қамтамасыз ету. Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін күшейту бойынша үлкен жоспарлары бар. 2023 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі қазірдің өзінде 758 миллиард теңгені құрады. Өсім негізінен сүт және тоқыма өнімдерін, сондай-ақ электр жабдықтарын өндіру есебінен болды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3 триллион теңгеден асты. Өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындар да сенімді өсіп келеді. Тоқыма өндірісі 160,2%-ға, кокс пен мұнай өнімдері 119,7%-ға, басқа да металл емес минералды өнімдер 114,1%-ға, машина жасау 111,2%-ға, жиһаз өндірісі 140,3%-ға өсті.
Жалпы алғанда өңдеу өнеркәсібінде 594 жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 30,2 миллиард теңгені құрайтын 20 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылды.
Облыста шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы ахуал қалыптасқан. Осы жылы кәсіпкерлік субъектілерінің саны 28 мың бірлікке өсіп, 213 мыңды құрады. Жыл басынан бері 1 триллион теңгеден астам өнім өндірілді. Мемлекеттік қаржылық қолдау шаралары кәсіпорын табысының өсуіне тиімді әсер етеді. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы арқылы ағымдағы жылдың 10 айында бизнес субъектілері жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етуге 21,3 миллиард теңге алды. Кәсіпкерлердің басым бөлігі ауыл шаруашылығымен (48,3%), сауда-саттықпен (23,3%), туризммен (20,3%) және өнеркәсіппен (6%) айналысады.
Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының маңызды салаларының бірі. Жыл басынан бері салаға 88,5 миллиард теңге инвестициялар тартылды.
Өңірдегі АӨК дамытудың маңызды бағыттарының бірі жаңа технологияларды пайдалану болып отыр. 31 788 га жерде су үнемдеу технологиясы енгізілді. Ал «бір ауданнан жылына 2-3 өнім алу» жобасы суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік берді.
Қарқынды бау-бақша көлемі 5405 га-ға дейін жеткізілді. Нәтижесінде өнім 5 есеге артып отыр: шаруалар 300-350 центнерге дейін өнім жинайды. Бұрын бұл көрсеткіш 60-70 центнер деңгейінде болатын. Өңірде жылыжайдың жалпы көлемі 1640 га жетті. Сонымен қатар, 500 га жерге жаңа жылыжай салу жоспарда бар. Ал Сауран өңірінде көкөніс сақтайтын қойманың құрылысы басталды. Облыс халқының 80%-ы ауылдарда тұрады. Облыста алты бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындары үшін игілікті көмекке айналды. Қазірдің өзінде 17,3 миллиард теңге сомасына 2877 жоба қаржыландырылды. Бағдарламаның арқасында атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны азайып, өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесі артып, жаңадан ашылған жеке кәсіпкерлерден түсетін қосымша салық түсімдері артты.
2023 жылы іске қосылған жобалардың қатарында мал бордақылау алаңы, сыйымдылығы 3 мың тонна көкөніс сақтау қоймасы, жылына 50 тонна балық өндіретін балық зауыты, жаңбырлатып суару технологияларын енгізу, «Cotton -2» мақта өңдеу зауытын, сондай-ақ құс етін өндіретін құс фабрикасын, 50 гектарға қарқынды алма бағын кеңейту жұмыстары бар.
Базалық қызметтерге қолжетімділіктің бірінші міндеті – инфрақұрылымды кешенді дамыту болса, екінші міндеті – «Жайлы тұрғын үй» бағдарламасы.
Ал көліктік байланысты қамтамасыз етудің ішіне ішкі көлік желісін дамыту мен аумақтардың байланыстылығын арттыру қызметтері кіреді.
Жер қойнауына қолжетімділік мәселесін тыныш кабинеттерде шешу әрекеті заңнан тыс әрекет болып саналуы керек. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында осындай пікір білдірді.
«Әсіресе геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу саласына серпін керек. Ұлт жоспары аясындағы Геологиялық ақпараттардың ашық базасын құру реформасы логикалық түйініне жеткізілуі тиіс. Ол базаның инвесторларға қолжетімділігі қамтамасыз етілсін. Жер қойнауы – бұл ұлттық игілік. Оған қолжетімділік мәселесін кулуарлық талқылаулар арқылы тыныш кабинеттерде шешу заңнан тыс әрекетке жатқызылуы керек. Тиісті органдар осы мәселе бойынша бақылауды қамтамасыз етеді», — деді Президент өз Жолдауында.
Осыған орай Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров аудан аумағындағы жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлермен кездесті. Кездесуге облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, Түркістан облысы бойынша экология департаменті, облыстық жер ресурстарын басқару департаменті, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы және аудан аумағындағы жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорын басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кездесуде жер қойнауын пайдаланушылардың ауданға тіркелуі, аудандық статистика басқармасына айлық және тоқсандық есептіліктерді және өнім көлемдерін ауданға мерзімінде тапсыру, аудан аумағындағы жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған төлемдері, ауыр жүк көліктеріне арналған салмақ өлшеуіш таразы орнату, баламалы жол арқылы ауыр жүк көліктерінің жүруі туралы мәселелер қаралды.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров соңғы жылдары аудан аумағында жер қойнауын пайдалану, қазба жұмыстарының қоршаған ортаға кері әсері туралы түрлі пікірлер айтылып, халық арасында үлкен әлеуметтік мәселелер көтеріліп жатқанын атап өтті.
Сондықтан, кәсіпкерлер құқығын қорғау және жұртшылықтың пікірін назарға алу үшін осындай әлеуметтік мәселелерге тиісті қорытынды шығарып, заңсыз жер қойнауын пайдаланушылардың алдын-алу мақсатында аудан әкімдігі осы кездесуді арнайы өткізіп жатқанын жеткізді.
Жиында аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров баяндама жасады. Баяндамашының мәлімдеуінше аудан аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін бүгінгі таңда 32 жер қойнауын пайдаланушылар бар. Олармен 13 келісім-шарт түзілген және 19-ының лицензиясы бар. Оның ішінде 15 жер қойнауын пайдаланушы Шорнақ ауылдық округінде орналасқан. Бүгінгі таңда ауданы-мызда 18 жер қойнауын пайдаланушы жұмыс істеп тұрған болса, 14 жер қойнауын пайдала-нушы уақытша тоқтап тұр. Аталған кен орындардың ішінде бүгінгі таңға ауданымызға 4 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген.
Сонымен қатар, арнайы жұмысшы топ құрылып, олар жер қойнауын заңсыз пайдалану, оның ішінде кең таралған пайдалы қазбаларды (құм-тас қоспасы, топырақ, т.б) заңсыз қазу, тасымалдау, сатуды анықтау, алдын алу және жолын кесу мақсатында алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлерді ауданымызға тіркеп, кіріс көзін ұлғайту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталды.
Кездесуде облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жер қойнауы бөлімінің бас маманы Дәулет Сержанов, Түркістан облысы бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Қазыбай Шора күн тәртібіндегі мәселе бойынша ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, жиында кәсіпкерлер тарапынан тиісті мамандарға көптеген сұрақтар қойылып, оларға заң аясында жауап берілді.