Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында: Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек»,-деген болатын.
Жобаның мақсаты — ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Сауран ауданы бойынша төрт ауылдық округі жобаға қатысты. Олар Оранғай, Қарашық, Ескі Иқан, Майдантал ауылдық округтері. Бүгінгі таңда 1482,2 млн.теңгені құрайтын 273 азаматтың жобасы дайындалып, «Ырыс» микроқаржылық ұйымына ұсынылды. Оның ішінде 191 құжат мақұлданып (1263,8 млн теңге), 143 жоба (779,0 млн. теңге) қаржыландырылды. Бүгінгі күнге аудан бойынша 96 шаруа өзге облыстан 1157 асыл тұқымды мал сатып алса, 9 шаруа жылыжай салуда. Келесі жылы тағы да төрт ауылдық округі осы жобаға қатысатын болады. Келесі жылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылардың қатары бұдан да арта түспек. Қысы-жазы егіс алқабында бел шешпей еңбек ететін диқандар мен мал тұқымын асылдандырып, қалдықсыз өнім өндіруге ден қойған аграрлық саланың майталмандарына мемлекеттік қолдау көрсетіліп, құқықтық тұрғыдан қорғалып жатса, әлі де алар асулары алда.
Қазіргі таңда Сауран ауданында мал тұқымын асылдандыру және өз төлі есебінен көбейтудің мүмкіндіктері қарастырылуда. Ауданда мал саны — 533484 бас, құс саны — 179897 басты құрап, бүгінгі күнге 10535 тонна ет, 49977 тонна сүт, 8 млн. 209 мың дана жұмыртқа өндірілді.
2024 жылға мал шаруашылығы саласында жалпы құны — 6,6 млрд.теңгеге ірі үш инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оранғай ауылдық округінен «БНК АГРО KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екі жобаны жүзеге асырмашы. Оның ішінде 400 бастық сүт-тауарлы фермасын салу. Жоба құны — 2,1 млрд. теңге құрайды. Жоба жүзеге асқан кезде 35 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Осы компания бір гектар жерге мал азығын дайындайтын (комбикорм) цех құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Жоба құны — 400 млн. теңге тұрады. Шаға ауылдық округінен «SULTAN AGRO GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 600 бастық сүт-тауарлы фермасын салуды жоспарлап отыр. Жоба құны — 4,1 млрд теңге құрайды. Жоба жүзеге асқан кезде 100 адам жұмыспен қамтылады.
Сауран ауданы бойынша «Ауыл аманаты» жобасымен несие алуға 273 адам құжат тапсырды. Бүгінгі күнге 1276 млн. теңгелік 192 жоба мақұлданып, 182 жоба 1193 млн. теңгеге қаржыландырылды. Оның ішінде мал шаруашылығы бағытында құны 945 млн. теңге тұратын – 158 жоба бар. Өсімдік шаруашылығы бойынша құны 54 млн. теңге тұратын 9 жоба қамтылды. Балық шаруашылығы бойынша құны 17 млн. теңге тұратын екі жоба мақұлданды. Ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері бойынша құны — 124 млн. теңге тұратын бес жоба мақұлданды. Өз кәсібін ашуға құны 53 млн. теңге тұратын 8 жоба белгіленді. Бүгінгі күнге аудан бойынша 104 шаруа өзге облыстан 1217 мал сатып алды және 9 шаруа жылыжай салды.
Кәсіп ету үшін адамға бірқатар қабілет керек. Соның бірі – ұйымдастыру, іздену. Айтпақшы, бұл тұрғыда бастағалы отырған кәсіпті дұрыс таңдай білу де, нарық экономикасын жан-жақты зерттеу мен тұтынушының өнімге деген сұранысын бажайлау да маңызды екенін естен шығармаған абзал. Бүгінде кәсіпкерлікті қолдау үшін мемлекет тарапынан да біршама бағдарлама жүзеге асуда. Ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң – еліңнің туын көкке көтере аласың. Қажеттілігіңді өтей аласың. Бастысы – талмай-тынбай еңбек еткеніңнің жемісін көру. Сүйікті кәсібіңнен рахат алу. Ал мұндай жандар біздің де арамызда бар. Асылында ауылдық жерлерде азын-аулақ малының басын көбейтіп, мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланғанның қатары артқан. Солардың бірі – оранғайлық Алиасқар Шойбеков.
Жалпы Сауран ауданы, Оранғай ауылдық округінің тұрғыны Алиасқар Шойбеков етті бағыттағы мал шаруашылығымен айналысады. Шаруа «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5%-бен 7 млн.теңге несие алған. Қаржыға 20 бас жылқы сатып алған.
«Ауыл тұрғындарының көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Мен де бұл жобаны тиімді пайдала отырып, кәсібімді бастадым. Бұл бағдарлама — кәсіппен айналысамын деген азаматтарға үлкен көмек. Жоба — ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеріп, кәсіп бастауына септігін тигізіп жатыр. Бұл жануар жағдай жасағанды, бапты, күтімді қажет етеді. Сол үшін оның жем-шөбінің құнарына мән беремін. Жылқыны қорада жем-суын беріп, жатқызбай ұстаймын, тек тұрып тұрады. Суды жемнен бұрын немесе жем жегеннен кейін екі сағаттан соң беру міндетті. Мал жемнен кейін су ішсе, салмақ қоспайды. Алға қойған мақсатым көп. Егер кәсібім берекелі болып, тынысы кеңейсе, неге кеңейтпеске? Кәсіпті дөңгелетіп әкету үшін алдымен оның қыр-сырын меңгеру керек. Әрине, басында қиындық пен кедергі болары рас. Бастысы – жобаны тереңірек зерделеп, қаржыны мақсатты жұмсай білу. Сонда ғана еңбек зая кетпейді», — дейді шаруа.
Оның өз ісін өрістетіп, жылқы малын бордақылауды, санын көбейтуді кәсіп еткеніне көп жылдар болмаса да оның атакәсіпті өрістетуге деген ынтасы зор. Алға қойған мақсаты айқын. «Екі қолға бір күрек» алып, кәсібінен нәсіп көріп отырған жан бүгінде межелі мақсатын кезең-кезеңімен орындауда. Бір білетініміз, ол маңдай терді төгіп, адал еңбек етуді естен шығарған емес. Бұл ауыл жастарына көп үлгі.
Айта кетейік, шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет айрықша басымдық беруде. Нәтижесінде, ауданда кәсіпкерлік кең қанат жаюда. Солай кәсіпке ынталы азаматтардың күн санап қатары артуда. Әрине, бұл өз кезегінде өңір экономикасының өркендеуіне өзіндік үлесін қосады.
Мақаламыздың соңында Сауран ауданының тұрғындарының назарына жылқы шаруашылығы жайлы мағлұматтарды ұсынып отырмыз.
Жылқы шаруашылығы – қазақ халқының ең жанды тұсы. Тарихи деректер бойынша жылқының ең алғашқы қолға үйретілген негізгі отаны Шығыс Еуропаның далалық аймағы, Орталық Азия және Қазақстан деп саналады. Кеңес өкіметі жылдарында Қазақстанда 1,3 млн жылқы болса, қазір оның саны 950 мыңдай ғана.
Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды» деп атап өткен еді. Қазақ қашаннан жылқылы ел болғаны белгілі. Aқ қашып, қызыл қуған XX ғасырдың басында бір-екі мың жылқы көп саналған екен. Этнографиялық деректер бойынша Арқаның қазағы көп жылқыдан ХІХ ғасырдың ортасына таман айырылған. Оған дейін Арқада Құдайменді төре, Азынабай мен Бапақ (Сүйіндік), Сапақ (Қуандық), Шабанбай (Бәсентиін), Мұрат (Қанжығалы) сияқты жиырма мыңдап жылқы айдаған бай көп болғаны белгілі. Олардың маңайына міндетті түрде рулас ағайындары қоныстанғаны анық. Расында, жылқы малын ерттеп мінсең – көлік, сіңімді еті – тіл үйірер тағам, балдай қымызы – шипалы сусын және дертке дауа. Қазақ халқының бір ғасырлық тарихын басынан кешірген ақын Жамбыл Жабаев атамыз: …Үйірілген сары алтындай сары қымыз, Ауруға – ем, сауға – қуат, дәрі қымыз. Елімнің баяғыдай сүйген асы, Шығаршы тағы нең бар кәрі қымыз, – деп жырлағаны соған дәлел емес пе? Ерейментау ауданы Торғай ауылының тұрғыны, танымал жылқышы Жанат Ахметовтің айтуынша, қымыздың: саумал, жабағы қымыз (оның дәмінің жуастығына байланысты), тай, құнан, дөнен, бес түнемел асқан – асау (қу) қымыз түрлері болады. Жаңа сауып алынған бие сүтінің (cаумал) табиғи сақтау мерзімі 20 минуттан аспайды. Оны көбінесе балаларға тағам ретінде ішкізеді және асқазаны сыр берген, табиғи ем іздегендер шипасы мол, шипалы дәрі ретінде пайдаланады.
Жылқы сусыны қымыз жай ғана сусын түрі емес, емдеу мақсатында қолданылатын өнім. Қазіргінің тілімен айтсақ, бұрынғының «энергетик» сусыны. Ел арасында қымызды көңіл сергіту үшін, денсаулықты қалпына келтіріп, ұзақ жасау үшін пайдаланған. Халық емшілері қымызды адамның ішкі органдарын емдейтін айырықша дәрі деп санаған. Айталық, асқазан, тыныс жолдары, ішек ауруларының алдын алған екен. Қымызды тек қазақтар ғана ішпейді. Қымызды көршілес қырғыз, түркілес татар, башқұрт елдері де емдік сипатта тұтынады. Қымыздың құрамындағы барлық элементтер адамның бойына тез тарайды. Жылқы сүтінің майлылығы тіл үйірер, ақуызы сіңімді. Қымызды қазақтар ет жегеннен кейін ауыр асты қорыту үшін ішкен. Яғни, қымыз құрамындағы көмір қышқылы тәбетті басып, асқазан жұмысын жеңілдетеді. Жылқының жаңа сауылған саумалының құрамында «С» дәрумені мол. Қазіргі таңдағы иммунитеттің қорғаны, вирустың алдын алушы да осы дәрумен екені белгілі. Сол себепті, өкпе-тыныс ауруларымен ауырған адам ең бірінші саумал ішкені дұрыс. Ғылымда қымыздың пайдасы мен емдік негіздері ашылған сәттен бастап барлық дәрігерлердің нұсқаулығында дәрі-дәрмек ретінде көрсетіліп келеді.
Қазіргі кезде Қазақстанның арнайы жылқы өсіретін зауыттары мен шаруашылықтарында жылқының қолға үйретілген 17 тұқымы өсіріледі. Қазақстанда ерте кезден бастап өсіріліп келе жатқан тұқымның бірі – қазақы жылқы. Жылқы өсірудің маңызы – қымыз өндіруге, спорттық жарыстарға қосуға және ет өнімін пайдалануға қолайлы шаруашылық.
Мал санының артуы еттің экспортына да оң әсерін тигізіп отыр. Соңғы екі жылда ет экспорты 2,5 есеге дейін көбейіп, соның ішінде «қызыл» еттің сыртқа сатылымы 3,3 есеге, «ақ» еттің экспорты 45,1 пайызға көбейген.
Бүгінде Қазақстанда 3 млн бастан аса жылқы бар. Осылайша, еліміз Қамбар ата түлігінің саны жөнінен әлемдегі он елдің қатарына енеді. Алдына АҚШ, Мексика, Қытай, Бразилия, Моңғолия елдерін ғана салады. Дегенмен, ұшқан құстың қанаты, шапқан тұлпардың тұяғы талатын байтақ даламызда жылқы санын арттырудың да мүмкіндігі мол. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары елдегі жылқы санының 3,6 млн бастан асқанын ескерсек, жері бізден 40 пайызға аз Моңғолияның алдына шығып, жылқының саны бойынша әлемде үздік бестікке енуге қауқарымыз жетеді. Ол үшін мемлекеттік деңгейде жылқы шаруашылығын мықтап қолға алу керек.
Соңғы бес жылда Қазақстанда бие сүтінің көлемі 5,2%-ға артып, жылына 27 мың тонна қымыз, саумал өндіретін жағдайға жетті. Бұл саланың дамуына қарағандылық «ЕуразияИнвест ЛТД» компаниясының да қосқан үлесі зор. Мысалы, аталған компанияның меншігіндегі зауыттың үлесіне 25 мың гектар жайылым жер тиесілі. 1,5 мың бие тәулігіне 2,5 мың тонна сүт береді және осының арқасында жоғары сапалы сублимацияланған бие сүтінің бір жылдағы мөлшері 30 мың тоннаға дейін жетеді. Ал, «Saumal» сауда белгісімен биенің сүтінен жасалған құрғақ ұнтақтың Ресей, АҚШ, Қытай нарығына шыққаны да қуантады.
Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, жыл сайын жылқы өніміне сұраныс артып келеді. Жылқы өніме адам денсаулығына пайдалы, бір сөзбен айтқанда жоғарғы сортты өндерге жатқызуға болады. «Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» дейтін біздің қазақ үшін мінсе – көлік, жесе – ас, ішсе – сусын болған жылқы қашанда төрт түлік малдың төресі саналады. «Ер қанаты – ат» дейтін де қазақ. Қамбар ата түлігін жеті қазынаның бірі санайтын да қазақ. Дәл қазақтай жылқыны қастерлейтін басқа ұлтты кездестіру қиын. Оның еті де, қазы-қартасы да, жал-жаясы да, қымызы да қазақ дастарханының төрінен орын алады. Ал, жылқы санының артқаны қуанарлық жағдай. Дегенмен, жәй ғана қуанып қою аздық етеді. Енді жылқы еті мен оның өнімдерін экспортқа шығарудың қамына кірісу керек.
Жылқы – ерекше күтімді қажет ететін жануар. Ол кез келген шөпті жемейді. Қазір жылқыға семірту үшін арнайы дәрі егетін болған. Сол дәрінің арқасында ол бір айға жетпей семіріп шыға келеді. Бұл – аз уақыттың ішінде семіртудің амалы. Мұндай екпелер тек ірі қараға әсер етеді. Бірақ еті құнарсыз, дәмсіз келеді. Екпемен семірген жылқының майы аппақ болады. Қайнатқанда майы су сияқты ағып кетеді.
Статистикалық болжамға сүйенсек, алдағы 10-15 жылда еліміздегі қылқұйрықтылардың саны 10 миллионнан асады деп болжап отыр. Бұған еліміздегі жайылымдық жерлер мүмкіндік береді. Ендігі жерде қазақ жылқысының сапа тұрғысындағы көрсеткіштерін арттыру маңызды. Жоғарыда айтқандай, жаңаалтайлық тұқымның генотипінде алтайлық, кеңестік, орыс, литвалық ауыр жүк тартатын жылқы тұқымдарының қаны бар. Бұл тұқымдардың генетикалық потенциалы жоғары, тірідей салмағы 600-ден 1000 кг-ға дейін жетеді. Ал сүттілігі – 4 мыңнан 7 мың литрге дейін. Маңыздысы, бұл тұқым жыл бойы тебінді жайылымға бейімделген әрі бұл жағынан қазақ жылқыларынан кем түспейді.
Шынымен, қымыздың дәмі балдай, жанға майдай жағатыны рас. Қара қазақта қымызды жақсы көрмейтін, ұнатып ішпейтін адам кемде-кем шығар. Оның сүтінің басқа түлік сүтінен ерекшелігі де дәлелденген, альбуминдік қасиетке ие, яғни, сүттің ерекше түрі деп бағаланса керек. Сонда сүт ішінен бөлектенуінің себебі неде? Ерекше қасиетке ие болатындай қандай пайдасы бар? Аталмыш сұрақтарды негізге ала отырып, Сауран ауданының тұрғындарының назарына қымыздың пайдасы жөнінде толығырақ тарқататын боламыз.
Қымызда кездесетін заттардың бәрі адам денсаулығына пайдалы. Кез-келген сүттегі ең бағалы зат – ақуыз болса, бие сүтінде ол 1,8-2 % болады. Қымызда шамамен 1,3-2,0% май бар, бұл сиыр сүтіндегіден 2 есе кем. Қан құрауда маңызды роль атқаратын кобальт пен мыс сияқты элементтер сиыр сүтінен гөрі бие сүтінде едәуір көп: кобальт онда 1,5 есе, ал мыс 3,2 есе артық. Бір литр қымызда 1,60 мг мыс болады екен. Сондықтан да бүгінгі күні қымызды емдік әдісте, профилакторияда жиі пайдаланады. Сонымен қымыз қандай дертке дауа, емге шипа?
Тұрақты түрде қымыз ішкен адамның иммунитеті артады. Бұл өнімде В, А, Е дәрумендері, әсіресе С дәрумені өте көп. Олар адамның иммундық жүйесі мен денсаулығын нығайтып, күшейтеді.
– Буын аурулары мен сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы сары ауру (гепатит), ұйқысыздық, ішектегі жара (гастрит) сияқты аурулардың алдын алады немесе жеңілдетеді.
– Дәрігерлер қымызды безгек ауруына және жөтелге қарсы ішуге ұсыныс жасайды. Қымызбен емделгенде қан құрамындағы гемоглобин эритроцит көбейеді. Тамырдың соғуы жиілеп, қан айналымы жылдамдайды. Қан тамыры жұмысы мен жүрек соғысы жақсарады.
– Қымыз арақ пен сыраның зардаптарынан тазартады.
– Жаңа босанған келіншектің сүтін молайтып, нәрлі етеді. Демек, емізулі балаға да пайдасы зор.
– Қымыздың құрамында жыныс гормондарына жақсы әсер ететін ферменттер бар. Бұл әйелдерді бедеуліктен, ерлерді белсіздіктен қорғайды.
– Қымыздың майы атерокслероз ауруына шипалы.
– Қымыздың құрамындағы май қышқылдары адам денесіндегі жасушаларды жақсартады
– Қымыздағы кіші молекулалы пептидтер жасушалардағы нәруыз (белок) синтезін күшейтеді, ағзадан улы заттарды сыртқа айдап шығарады, ұрық безі гормондарының түзілуін дамытады
– Тамақтың алдында немесе тамақпен бірге аз мөлшерде (50–100 мл) ішілген қымыз ас қорыту сөлдерінің бөлінуін айтарлықтай күшейтеді.
– Ағзадағы зат алмасуын реттеп отыратын асқазанның, ішектің, бауырдағы өт бөлетін ферменттердің жұмысын жақсартады.
– Қымыз құрамында ағзаға жеңіл сіңетін ақуыздар, пептидтер, аминқышқылдар болғандықтан, сусынның бұл түрі сырқат адамның күш-қуатын тез қалпына келтіреді.
– Қымыз ашығанда пайда болатын сүт қышқылы, спирт асқазан-ішек сөлін қоздырып, астың жақсы қорытылуына, ыдырау өнімдерінің сіңуіне жәрдемдеседі
– Бие сүтінде С дәруменінің мол болуынан, қымыз туберкулез ауруын емдеуде өте шипалы. Қымыз туберкулезбен ауыратындардың ағзасындағы дәрумендер алмасуының бұзылуын тоқтатады.
– Қымыз құрамында В, В2, В12 дәрумендері бар болғандықтан, ол жүйке ауруларына да өте шипалы.
– Қымыз ішкенде адам тәбеті ашылады. Оған қымыз құрамындағы сүт қышқылы әсер етеді.
Сонымен қатар жылқы сүтінің емдік пайдасы да орасан. «Саумал» жаңа сауылған бие сүті. Қазақ халқы бие сүтінің адам организміне пайдалы екендігін ежелден анықтаған. Қазіргі таңда медицина ғылымдары бие сүтінің құрамын анықтап, 80-ге жуық биологиялық белсенді қоспалар бар екендігін нақтылаған. Атап айтар болсақ, бие сүтінің құрамында А және С дәрумендеріне бай. Сонымен қатар В тобындағы дәрумендер Д, Е, Ғ витаминдер болады.
Саумалдың құрамында: белок, амин қышқылы, тез еритін май, оттегі және организмге керек кальций, натрий, фосфор, калий, темір, магний, бром сияқты минералдар, С, А, В1, В2, В6, В12, Е, РР витаминдері бар.
Саумалдың пайдасы адам организміне енгеннен кейін иммундық жүйені қалпына келтіреді. Осы арқылы организмде иммуниттет көтеріліп, денедегі аурулармен организмнің өзі қарсы тұру қабілетке ие болады.
Иммунитеттің көтерілуімен саумал ферменттері жүрек қан тамырлар жүесінің, ас қорту жүйесі, өт жолдары, туберкулез, буын, бронхиялдық асма, бүйрек, әртүрлі аллергиялық, белсіздікпен, бедеулік, қатерлі ісік ауруларының алдыңғы сатыларында ем.
Соңғы 3 жыл көлемінде жеке практикамызда саумал қабылдаған әртүрлі науқастар (өт жолдарын тазалауға, бронхиялды асмаға, қатерлі ісікке шалдыққандар, қант деңейі көтерілгендер, тері ауруларына шалдыққандар, аллергиялық, қан қысымы болған, бауыр ауруларына шалдыққанда т.б) ауруларынан айығуына немесе жеңілдеуіне осы саумалдың себеп болғандығын талай естідік. Сондықттан «ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» дегендей деніңіз сау болу үшін, әртүрлі науқастың алдын алу мақсатында жылына кем дегенде 15-20 күн саумал қабылдау қажет деп есептейміз.
Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шарманов бие сүтінің – ұлттық тағамдардың пайдасы туралы, оның ішінде адам ағзасына зиянды трансмайлары жоқ екенін, сондықтан Испанияда 5 000 астам каталондық саумалды күніне рюмкалап қана ішу арқылы көптеген ауру түрлерінен жазылғаны жайында зерттеудің қорытындысы келгенін жария етті. Ол сонымен қатар бие сүтінен жасалған балмұздақтың қасиеті туралы айтып берді. «Әлем балдай балмұздақты қантсыз жасай алмайды, ал қанттың ағзаға тигізер зияны бар, тек Қазақстанда ғана қанты жоқ балмұздақ шығару басталды. Бұл дегеніміз – тағамтану ғылымының жеңісі, зиянды трансмайсыз балмұздақ – таза Қазақстан өнімі, оның болашағы да зор» дейді академик. Қорыта айтқанда, көшпенді өмір салтын ұстанған ата-бабаларымызға мың алғыс! Асау жылқыны қолға үйрету, құлынды биеден саумал сауу, одан дәмді сары қымыз даярлау әдісін ұрпаққа жеткізгеніне тәубе етуіміз қажет және осындай құнды ұлттық өнімімізді сапалы дайындау әдістерін ұрпаққа аманаттау, қазақтың сусыны қымызды ұлттық бренд ретінде әлемдік нарыққа шығару қажетін түсіндіру, сөзсіз, бұл – біздің парызымыз! Қазақ халқының ұлттық сусыны, дертке шипа болатын қымыздың пайдасын насихаттап, маңызын көрсету мақсатында Қазақстанның күнтізбесіне «Қымыз күні» мерекесін енгізсе, нұр үстіне нұр болар еді.