Қазақстанда газ тапшылығы 2024 жылы басталады деп болжанған еді. Бірақ тапшылық одан ертерек, биылғы күзгі-қысқы кезеңде сезілуі мүмкін. Ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету үшін табиғи газ экспортын тоқтатуға тура келеді. Жаңа жылдың алғашқы күні «Егемен Қазақстан» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлемді сұқбаты жарық көрді. Маған Мемлекет басшысының ешнәрсені жасырмай, боямасыз жауап бергені ұнады.
Мәселен журналистің: «Еліміздің отын-энергетика кешені мен коммуналдық шаруашылығының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – Үкіметтің міндеті. Қазіргі Үкімет бұл міндетін әупірімдеп, әрең атқарып отыр деуге болады. Апаттардың салдарымен күресіп, қыстың көзі қырауда еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендерді жылумен, жарықпен, сумен шұғыл қамтамасыз етуге тура келеді. Қалайша осындай жағдай қалыптасып отыр?-деген сұрағына шынайы жауап берді.
– «Жылу электр орталықтарындағы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы мүшкіл ахуал – көп жылғы салғырттықтың салдары. Осы саладағы түйткілдер бір күнде аяқ астынан пайда бола қалған жоқ. Оның бәрі жылдар бойы қордаланған мәселелер екені баршаға мәлім. Өңірлердегі жылу орталықтары мен басқа да құрал-жабдықтардың 80 пайызы әбден тозған. Өткен жылдарда коммуналдық шаруашылыққа салынған инвестиция бұл саланың қажетін өтеуге жеткіліксіз болды. Электр энергетикасы нысандарында болып жататын кішігірім оқиғаларды дардай қылып көрсетіп, жылумен қамтамасыз ету ісіндегі болмашы олқылықты «қасіретке айналдыруға» ұмтылатын әлеуметтік желідегі белсенділер отқа май құйып, елді дүрбелеңге салып жүр.
Бүкіл Қазақстандағы инженерлік инфрақұрылымды толық жаңғырту – өте ауқымды әрі күрделі міндет. Бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатыр. Көктем-жаз айларында Үкімет пен әкімдіктер жылу маусымына дайын болу үшін біраз жұмыс жасады. Жағдайы сын көтермейтін бірқатар нысанды жөндеді. Ең алдымен, күрделі апаттардың алдын алып, үйлерге жылудың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету керек. Бірақ жаңа қуат көздерін ашу, желілерді біртіндеп жаңарту және коммуналдық саланы түгел жаңғырту басты міндет екенін ұмытпаған жөн. Қазір жылу желілері әрең жұмыс істеп тұр. Үкімет пен әкімдіктер батыл қимылдап, қажетті шараларды дереу қолға алуы керек. Онсыз болмайды»,-деп жауап берді.
Қазір барлық өңірлердегі жағдай қалыпты болмай тұр. Әсіресе аса суық Арқа өңіріндегі қалалар мен селолардың жайы мүшкіл. Біздің Түркістан өңірі мен Сауран ауданының ауа-райының жылы болуына байланысты құрылыс жұмыстарын тоқтатпай, жыл бойына жүргізуге болады. Біздің де басты назарымыздағы нәрселер отын-энергетика кешені мен коммуналдық шаруашылығының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету болып табылады. Ағымдағы жылы коммуналдық сала бойынша 74 жоба әзірленуде. Оның 60-ы меморандум арқылы, қазіргі таңға 44 жобаға сараптаманың оң қорытындысы алынды. Сауран ауданын ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 88,9 пайызды құрайды. 36 елді мекеннің 32-і ауыз су құбырымен қамтылған. Егізқара елді мекеніне «кешенді блок модуль» қондырғысын орнатуды қажет етеді. Ойық елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысы аяқталып, нысанды пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Ескі Иқан, Шорнақ, Қосмезгіл елді мекендеріне төрт жоба әзірленіп, республикалық бюджетке – 8,3 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды. Ал, Еңбекші Дихан, С.Қожанов елді мекендерінің жобалары, сараптамаға жолданды. Қараша айында 29 елді мекенге тозығы жеткен 68 дана су сорғылары алынып, орнатылды. Электр қуаты бойынша 32 елді мекендегі электр желілері мен бағаналары 70-ші жылдары салынып, тозығы жеткен. Қазіргі таңда, 32 жоба әзірленіп, 17 жобаға сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба құны 5,7 млрд. теңге құрайды. Сонымен қатар, 2023 жылы бюджет есебінен 39 дана трансформатор орнатылды және 2024 жылға 20 данасын алу жоспарлануда.
Осы орайда елдегі газдандыру мәселесінің мән-жайын аудан тұрғындарының назарына ұсынып отырмын. Дегенмен отандық сарапшылар Ресеймен ынтымақтастықтан жоғары тәуекелдерді күтуге болмайды деп санайды. Олардың пікірінше, біз онсыз да тәуекелге барамыз. Қазір Қазақстан газдың бір бөлігін Ресейден, бір бөлігін Түрікменстаннан сатып алады. Бірақ Түрікменстан да газ экспортын шектеп отыр. Ол өзінің газ-химиялық зауыттарын салып, ішкі нарықты толықтырумен қатар Қытай алдындағы міндеттемелерін өтеуге мүдделі. Оның үстіне бүкіл Қазақстан бойынша оңтүстіктен солтүстікке газ құбырын тарту өте қымбатқа түседі.
Елімізде алынатын газ қоры 3,8 трлн текше метрге бағаланады. Газдың негізгі қорлары шоғырланған Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған және Жаңажол ірі кен орындарында оның жалпы көлемі – 2,7 трлн текше метр. «QazaqGaz» ұлттық компаниясы былтыр республика бойынша 160-қа жуық елді мекенді газға қосқан. Шамамен 11,6 млн адам немесе ел халқының 59 пайызы газға қол жеткізген. Газға қосылу рәсімі жеңілдетіліп, техникалық құжаттаманың тізбесі 1,5 есе, талап етілетін құжаттардың тізбесі 2 есе қысқартылған. Ұлттық компания қалалар мен ауылдарды көгілдір отынмен қамтуға жауапты болса, тұтынушыларды газға қосуды жекеменшік компаниялар бәсекелестік негізде жүзеге асырады. Олардың саны 500-ге жуық, қызмет көрсету құны 125 мың теңгеден басталады.
Былтыр республика бойынша ішкі нарықта тауарлық газды тұтыну 19,3 млрд текше метрге жетіп, 2020 жылға қарағанда 2 млрд текше метрден аса айтарлықтай өскен. Ішкі нарыққа сұйытылған мұнай-газын өндіру көлемі 2,8 млн тоннаны немесе 2022 жылғы жоспарға сәйкес 98%-ды құрады. Павлодар мұнай-газ-химия, Атырау мұнай өңдеу және CNPC ‒ Ақтөбемұнайгаз зауыттарында жөндеу жүргізіліп, оның өндіріс көлеміне әсер еткені мәлім. Тауарлық газ өндірісі 27,8 млрд текше метр немесе 2022 жылғы жоспарға 94%-ды құрады. Орынбор газ өңдеу зауытында Қарашығанақ газын қабылдаудың шектеулерімен, сондай-ақ Теңіз және Қашаған кен орындарындағы жоспардан тыс жөндеу жұмыстарына байланысты белгіленген межеге толық қол жеткізілмеді.
Жалпы, елде жылына шамамен 53-55 млрд текше метр газ өндіріледі. Бірақ бұл көлемнің үштен бір бөлігі мұнай құбырларының болуына байланысты республиканың негізгі экспорттық тауары саналатын мұнайды өндіруге қажетті қысымын ұстап тұру үшін қайтадан қабатқа айдалады. Кері айдаудан қалған газ көлемінің бір бөлігі негізінен «Қазақстан ‒ Қытай» газ құбыры арқылы көршілес Қытайға экспортталып, қалғаны ішкі нарықта қалады. Былтыр экспорт 5 млрд текше метр шамасында болды. Ал ішкі тұтыну белсенді түрде өсіп келеді. Осы жылы өндіру 28 млрд текше метрді құрайды деп болжанса, 2029 жылға қарай жаңа газ өңдеу зауыттарын салу, кен орындарын өнеркәсіптік өндіріске қосу есебінен 30 млрд текше метрге жетпек.
Талдау көрсеткендей, елдің жылы аймақтары орташа температурасы әлдеқайда төмен аймақтармен бірдей деңгейде газ тұтынады екен. Сонымен бірге Алматы ЖЭО мен кейбір ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың көмірден газға ауысуымен, газ-химия кешендерін іске қосумен және тұтастай алғанда елді газдандырумен байланысты тұтыну жыл сайын 7%-ға өсіп отырады. Осы үдерістер аясында 2030 жылға қарай ел ішінде газ тұтыну көлемі 40 млрд текше метрге дейін өседі деп болжануда. Ішкі нарықтың қажеттілігін қанағаттандыру үшін Қазақстан газ экспортын шектеуге мәжбүр. Яғни алдымен республикамыздың газбен қамтылуына басымдық беріліп, тауар содан кейін ғана экспортқа шығарылады.
Елді газбен толық жабдықтау, газ химиясын дамыту үшін жаңа, тиімді бағыттарды қарастыру қажет болатыны белгілі. Айта кету керек, қаншама жылдар бойы мұнай өндіруді алдыңғы орынға қоя отырып, отандық газды болашақтың энергия көзі ретінде қарастыра алмадық. Оған қоса негізгі көмірсутегі кен орындарында өндірумен айналысатын батыстық компаниялар үшін мұнай өндіру пайдалы болды. Кеңес дәуірінде игеріле бастаған кен орындары сарқыла бастады. Ал газды өндіру мен тасымалдау үшін барлық газ инфрақұрылымдарын жаңғырту қажет. Бұл ретте солтүстік-шығыс аймақтарды газдандыруды тездету үшін жасаған талпыныстарымыз әлі толымды нәтиже бермей келеді. Экономистердің айтуынша, кезінде салада геологиялық барлауға, инфрақұрылымды дамытуға тиісті қаражат салынғанда, газ тапшылығы мәселесі қазіргідей өткір тұрмас еді.
Энергетика министрлігінің, QazaqGaz және «ҚазМұнайГаз» компанияларының ресурстық базаны ұлғайту жөніндегі бірқатар шараларына назар аударсақ, басымдық беріліп отырған жобалар қатарында Қашағанда газ өндеу зауытын (ГӨЗ) салу бар. Былтыр жоба қайта қолға алынып, қазір онда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2025 жылы қолданысқа берілетін зауыттың қуаты жылына 1 млрд текше метр шикі күкірт газын құрамақ. Ол ГӨЗ-де өңделіп, тазартылған, сатуға дайын газ, сұйытылған газ, күкірт және газ конденсатына айналады. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының қуатын ұлғайтқаннан кейін оңтүстік, орталық және солтүстік өңірлерге батыс кен орындарынан өндірілген газды жеткізуге мүмкіндік туады. «Сарыарқа» газ құбыры құрылысының 2 және 3-ші кезеңдерін аяқтау арқылы солтүстік өңірлерді газбен қамтамасыз етуге болады. «КС-14-Рудный» газ құбыры Қостанай облысының қажеттілігін өтейді.
АУЫЛДАР ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛУДА
Ауданның газбен қамтамасыз ету деңгейі 31,4 пайызды құрайды. Ауданда 10 елді мекенге табиғи газ құбыры жүргізіліп, Нұртас, С.Қожанов, Жалаңтөс, А.Үсенов, Шаға, Қазақстанның 30 жылдығы, Ескі Иқан жеті елді мекен табиғи газға қосылды. Үш жыл бұрын мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы жүргізілген үш елді мекендегі ішкі газ құбырларын екі ай көлемінде табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілетін болады. Ибата — 1850 абонент жеткізуші газ құбырына ауамен сығымдау және ақауын анықтау жұмыстары жүргізілуде. 44 көшенің 14 дайын. Бершінтөбе елді мекенінде 197 абонент жеткізуші және 6 ішкі көшелеріне ауамен сығымдау жұмыстары жүргізіліп, қосуға дайын. Ал, 4 көшесіндегі ақаулар қалпына келтірілуде. Ойық — 40 абонент жұмыстары басталмаған. Сонымен қатар, Оранғай, Қарашық, Жүйнек ауылдық округтеріне магистральды және ішкі құбырларына жобалар әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба құны – 16,5 млрд. теңге құрайды. Магистральдың жоба құны – 5,6 млрд теңге тұрады. Ал, Шорнақ ауылдық округіне магистральды газ құбырына жоба әзірленіп, сараптамаға жолданды. 2024 жылы Бабайқорған, Майдантал, Жібек Жолы ауылдық округтеріне магистральды газ құбырына жоба әзірлеу жоспарлануда.
Сауран ауданында аудандық маңызы бар жолдар 119 шақырым және елді мекен жолдары 731 шақырымды құрайды. 2023 жылы «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында және жергілікті бюджет есебінен 28 көшеге 23 шақырым жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен 87 көшенің топырақ жолына 72 шақырым тас төсеу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылдың қыркүйек айына дейін 118 шақырым жолға тас төселеді.
Ауылдық жерлерге жолды асфальттандыру, топырақ тас төсеумен бірге көпірлерді жөндеу жұмыстары да қатар жүргізілуде. Қазіргі таңда 12 ауылдық округте жалпы 97 көпір бар.
Оның ішінде, 5 көпірді 2023 жылы, 2024 жылы он көпірді, 2025 жылы 24 көпірді жөндеу жоспарлануда. Жол жөндеу жұмыстарымен бірге қоғамдық көліктерді тұрақты жүргізу мәселесі қолға алынуда. Аудан тарапынан ауданішілік жолаушылар тасымалына 6 бағыт ұйымдастырылып, үш бағыт тұрақты түрде жүргізілуде. Ауданның барлық елді мекендерін абаттандырумен бірге санитарлық жағдайлары да қолға алынуда. Өткен қазан-қараша айларында алты қоқыс полигондарына қоршаулар мен қарауылханалар салынды. 74 ыстық нүктелер мен көп жылдар бойы жиналған 137 гектар бей-берекет қоқыс полигондары жойылды.
2024 жылы алты мекенде балалар ойын алаңшалары, 2 футбол алаңы мен желілік саябақ және 13 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылатын болады.
ӘКІМШІЛІК ІСКЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫ БОЙ КӨТЕРДІ
Ауданның әкімшілік іскерлік орталығынан 38 гектар жер бөлініп, 5 ғимараттың құрылысы жүргізіліп, бүгінгі таңға әкімшілік пен прокуратура ғимараттары пайдалануға берілді. Қазіргі таңда, ұлттық қауіпсіздік комитетінің, полиция бөлімінің және аумақтық органдар ғимараттарының құрылыстары жүруде. Әкімшілік іскерлік орталығынан қосымша нысандардың құрылысын салуды қажет етеді. Атап айтқанда, Орталық спорт кешенінің құрылысын салуға жоба құны — 1 787,0 млн. теңге болып отыр. Әкімшілік іскерлік орталығының жолы мен аяқ жолы, көше жарық бағаналарының құрылысын салуға жоба құны — 5 млрд 798 млн. теңге қарастырылмақ. Жүргізілетін жолы мен аяқжолының ұзындығы – 6,144 шақырым, жарық бағаналары – 928 дана болады. Рәміздер және орталық алаңын салуға жоба құны – 771 млн. теңге бөлінбек. Оның жалпы аумағы 1,3 гектар болады. Сонымен қатар, 12 гектар аумаққа ауданның «Орталық саябағын», 500 келушіге арналған емхана құрылысын, 500 орындықты Мәдениет үйі мен Жастар орталығының құрылысын салуға жобалық сметалық құжаттары рәсімделуде. Сонымен қатар жеке инвестиция есебінен 300 орындық «Оқушылар сарайын» салуға «Salauatty Bala» ЖШC-і ниет білдіріп отыр. Аумағы — 1,7 гектар. Болжамдық құны – 600 млн теңге тұрады.
СЕГІЗ КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫНАДЫ
Бүгінгі таңға ауданда 1 008 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Бюджеттік мекемелерде істейтін 358 азамат аудан орталығына өзге аудан, қалалардан келіп жұмыс жасайды. Осы азаматтарды тұрғын үйлермен қамтамасыз ету мақсатында аукцион өткізіліп, қорытындысы бойынша 8 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 5 мекеме анықталды.
Қазіргі таңда жобалық сметалық құжаттары дайындалуда.Аталған құрылыс нысандарын орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтамасыз ету үшін тәулігіне 300 м³ сарқынды су тазалау имаратын салуды қажет етеді. Бұл жобаның құны – 1 млрд 039 млн. теңге тұрады. Жалпы өнімділігі – 1 тәулікте 300 м³, кәріз желісінің ұзындығы – 4175,0 метр, құрылыс аумағы – 2940,0 м². Бабайқорған елді мекенінде екі жыл көлемінде тоқтап қалған спорт зал ғимаратының құрылысы қайта жүргізілуде. Нысан бір ай көлемінде пайдалануға беріледі.
Аудандағы 21 елді мекенде 58,3% 2G мобильді желісімен қамтамасыз етілген. Екі елді мекенде Егізқара мен Ойықта 11,1% интернет желісі мүлде жоқ. Қазіргі таңда 7 елді мекенге тексеру жұмыстары жүргізілді. Өңірлік инспекция тарапынан тексеру жұмыстарының нәтижесінде байланыс операторларына 80 миллион теңге айыппұл салынды.
Аудан аумағында 54 тарихи-мәдени нысан бар. Ескі Сауран қалашығының аумағынан «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары басталып, ғимарат қабырғалары тұрғызылған. Қазіргі таңда құрылысы тоқтап тұр. Ескі Иқан ауылдық округіндегі «Жүсіп ата» кесенесінен «Сапар орталығы» мен музейдің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ БІЛІМ САЛАСЫНА КӨП КӨҢІЛ БӨЛІНУДЕ
Ауданда аз қамтамасыз етілген және мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйелі түрде көрсетілуде. 2023 жылы 628 отбасыға яғни 3931 адамға атаулы әлеуметтік көмек төленіп, кедейлік шегі шеңберіндегі азаматтар саны аудан халқының 3,8%-ын құрады. Көмек алған отбасылардың 1200 балаларына қосымша қаржылай төлем жасалынды. «2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның» еңбек бағытында ағымдағы жылы 11 айда 4567 азамат жобаға қатыстырылды. Оның ішінде, жастар практикасына — 550, ақылы қоғамдық жұмысқа — 1154, әлеуметтік жұмыс орындарына — 272, алғашқы жұмыс орындарына — 68, «Күміс жас» жобасына — 122 адам жолданды. Тұрақты жұмыспен 2287 азамат қамтылды. «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне 972 азамат оқытылып, сертификат алды. Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға 100 азаматқа мемлекеттік грант берілді. Жастарға өз кәсіптерін ашуға 14 адам жеңілдетілген шағын несиемен қамтылды.
Аудандағы білім беру саласына үкіметтік тұрғыда үлкен қолдау көрсетілуде. Аудандағы 53 білім беру ұйымдарына 25 570 оқушы болса, оның ішінде 9 413 оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Ағымдағы жылы 42 мектепке дабыл батырмасы орнатылып, жедел басқару орталығына қосылды. 28 мектепке мамандандырылған күзетпен қызмет көрсетілуде. 360 дана бейнебақылау камералары орнатылды. Сонымен қатар 10 мектептің қоршауы ауыстырылды. Сондай ақ, 700 баладан асатын 13 мектепке 52 турникет қойылды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 2024 жылы 300 орындық бір мектеп, 600 орындық екі мектептің құрылысы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сонымен бірге, 2025 жылы 600 орындық 2 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазіргі таңда 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Облыстық бюджет есебінен Оранғай ауылында 150 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілді. 2023 жылы 774 орынға арналған төрт жекеменшік мектеп ашылды. 2024 жылы 900 орындық бір мектеп пайдалануға беріледі.
ҚАУІПСІЗДІК ТҰРҒЫСЫНДА КЕШЕНДІ ШАРАЛАР АТҚАРЫЛУДА
Қазіргі таңда төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында 12 ауылдық округтерінде тиісті жұмыстар жүргізілді. Шаға және Құрсай өзеніне дейін бір шақырым дамбы көтеріліп қашыртқы қазылды. Құрсай өзенінен Бершінтөбе елді мекені арқылы аэропорт жолына дейін өзен арнасын 7,7 шақырымға кеңейту жұмыстары жүргізілді. Шаға ауылының ішінен өткен арықтарға 3,2 шақырым механикалық тазарту жұмыстары атқарылды. Ынталы елді мекенінің тау жақ беткейіне ұзындығы 500 метр бөгет жасалынды. Бабайқорған елді мекенінде орналасқан су жүретін қашыртқы арықтарды тазартып, қалпына келтірілді. Сонымен қатар, төрт елді мекенде жұмыстар өз жалғасын табатын болады.
Алдымызда ауданды дамыту бағытында ауқымды міндеттер тұр. Басты міндетіміз аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында жұмыстар жалғасатын болады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының әрі қарай тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жаңа кәсіпорындар ашу көзделуде. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту есебінен аудан экономикасын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстар атқарылатын болады.
Мақсат Таңғатаров,
Сауран ауданының әкімі.