КЕРЕК ДЕРЕК: ӘЛЕУМЕТТІК ӘМИЯНҒА 13 МЛН-НАН АСТАМ АДАМ ТІРКЕЛГЕН

Жалпы, халықтың алғашқы әлеуметтік сұраныстарын қанағаттандыру үшін электронды қызметтер түрін барынша дамыта түсу керек екені белгілі. Облыстағы тұрғындарға оңтайлы электронды қызметтер туралы аз-кем ақпараттар ұсынып отырмыз. Былтыр «eDensaulyq» сияқты маңызды әлеуметтік электрондық сервистер іске қосылған. Бұл қызмет аясында азаматтардың донорлық мәртебесін, ішетін дәрілерінің рецептілерін, жүкті әйелдерді есепке алу, ауруханаға жатқызу бойынша кеңейтілген ақпараттар осы сервиске жиналып тұрады.

«Ұялы байланыс қосымшасы пациентке өзінің жеке медициналық деректеріне қол жеткізуді басқаруға, өзінің ЭЦҚ көмегімен келісімдерге қол қоюға, емханаға бармай-ақ дәрігермен онлайн кейбір мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Дәрігерлер өз кезегінде денсаулық сақтау жүйелеріндегі пациенттің деректеріне қол жеткізе алады. Олар медициналық ақпараттық жүйенің «бір терезесінде» жұмыс істей алады және көптеген құжаттарды толтырудың қажеті болмайды», — деді Бағдат Мусин.

Бұл бағыттағы маңызды жұмыстардың тағы бірі – «әлеуметтік әмиян» жобасын дамыту.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге отбасылардың әл-ауқатын 80 параметр бойынша өлшеуге мүмкіндік беретін отбасылардың цифрлы картасын әзірледік. «Әлеуметтік әмиян» платформасы қазір ілкі жоба ретінде жұмыс істеп тұр. Яғни, қазір әлеуметтік осал топтағы азаматтар  eGov платформасыдағы «әлеуметтік әмиян» арқылы өзіне керек қызмет түрін пайдалана алады. Қазір жобаға 13 млн адам тіркелген», — дейді Бағдат Мусин.

Баршамызға аян, «қаңтар трагедиясы» кезінде елде интернет уақытша бұғатталып, Төтенше жағдай орнаған кезде «цифрлы ақшаға» үйренген халық тіпті азық-түлік ала алмай қалды. Өйткені, интернет жоқ болған соң, электронды қызметтердің бәрі, банк қосымшалары мүлде істен шықты. Алқа отырысын қорытындылаған Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин елде қандай да бір төтенше жағдай бола қалса, бұғатталмайтын интернет ресурстардың тізімі жасалады деп мәлім етті.

«Қаңтар оқиғаларынан түйгеніміз, мемлекет төтенше жағдайға қарамастан, аса маңызды деген интернет ресурстардың жұмысын мүлде тоқтатпауы керек. Адам өмірін құтқаратын нысандар, мемлекеттік және кейбір жекеменшік ұйымдар, яғни, электронды үкімет пен банк қосымшалары сияқты ресурстар кез келген жағдайда жұмыс істеп тұруы керек. Сондықтан қазір біз кез келген жағдайда қолжетімді болатын интернет-ресурстардың тізімін жасап, оны нормативтік-құқықтық акт ретінде бекітіп, төтенше жағдайлар бола қалса, ол қызметтерді бәрі бір халыққа қолжетімді етпекпіз», — деді сөзін түйіндеген Мусин.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *