ТҮРКІСТАН: «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫНЫҢ ЦИФРЛЫҚ ПЛАТФОРМАСЫ ӘЗІРЛЕНДІ

Халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымы кеңейіп келеді. Биыл жобаға еліміздің бүкіл өңірімен қоса, республикалық маңызы бар 3 ірі қала – Астана, Алматы, Шымкент қосылып отыр. Осыған орай облыс тұрғындарына барынша ыңғайлы болуы үшін Qogamfin.kz арнайы білім беру платформасы туралы мәліметтер ұсынамыз.

Сарапшылардың айтуынша, Qogamfin.kz платформасына тегін тіркеліп, үйден шықпай-ақ қаржылық сауатты арттыруға болады.

Платформа әр пайдаланушының қажетіне бейімделген бірегей оқыту құрылымын ұсынып, озық технологиялық шешімдермен қамтамасыз етеді.

Биыл «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 750 мың отандасымыз оқыту курсынан өтеді. Күндізгі форматтағы оқыту семинарларынан бөлек, енді кез келген адам qogamfin.kz. онлайн-платформасын пайдалана алады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызын атап өтіп, «AMANAT» партиясына Үкіметпен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырды. Биыл жобаны «Halyk Bank» (*жобаның 2023 жылдан бергі серіктесі), «Jusan Bank», «Bank RBK», «Nurbank», «Еуразиялық банк», «Altyn bank», «Банк ЦентрКредит», «Freedom bank» және «Bereke bank» қолдады.

Qogamfin.kz платформасын әзірлеуші Әлішер Өмірбаевтың айтуынша, былтыр 65 мың адам оқыту курсынан өтсе, биыл жоба сарапшылары 200 мың адамның қаржылық сауатын арттыруды көздейді.

«Жобаға қатысушылар санын тиімді басқарып отыру үшін онлайн-платформа әзірленді. Онда 24/7 режимінде қолжетімді қаржылық сауатты арттыру курсынан бастап, түрлі санаттағы қатысушыларға арналған мамандандырылған бағдарламаларға дейінгі білім беру ресурсының ауқымды спектрі бар. Сонымен қатар, күндізгі форматта білім алғысы келетін азаматтар сайтқа кіріп, курсқа жазыла алады. Ал семинарға қатыса алмайтын адамдар үшін сайтта бейне сабақтар мен әдістемелік материалдар орналастырылады», — деді Әлішер Өмірбаев.

Өз кезегінде, жоба жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева несие бойынша 90 күннен астам уақыт төленбей келген берешегі бар отандасымыздың саны 2 млн-ға жуықтайтынын айтты. Бұл – халықтың 10%-ын және экономикалық белсенді азаматтардың шамамен 20%-ын құрайды.

«Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылардың 58%-ы – төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылар. Ал қарыз өтеу мерзімі 90 күннен асатын азаматтардың үлесі – 18%. Әрбір екінші қатысушының отбасындағы ортақ табысы 100 мың теңгеге де жетпейді. Сонымен қатар, курстан өткен азаматтардың үштен бірінде екі немесе одан да көп несие бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *