ЖАРЫЛҚАСЫН АҚСАҚАЛ ЖАЙЛЫ ЕСТЕЛІК

 

Саналы ғұмырын елдің игілігіне арнаған жандардың қашан да жұрт жүрегінен орын алатыны сөзсіз. Осы ретте Түркістан өңірі осыдан 100 күн бұрын қазыналы қариясы, абыз ақсақалы Жарылқасын Әзіретбергенұлындай қимас азаматынан айрылды. 100 күн бұрын деп отырғанымыз күні ертең марқұмның рухына бағышталған жүз күндік асы өтеді Түркістанда.

Соған байланысты өнегелі істерімен көпшіліктің ықыласына бөленген асыл азамат туралы яғни, Жарылқасын Әзіретбергенұлы жөнінде пікір білдіріп жатқан ат үстіндегі азаматтар аз емес. Солардың ішінде біз де ақпараттық порталымызға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан мырзаның естелігін жария етіп отырмыз (редакциядан).   

 

Мен Жарылқасын Әзіретбергенұлын адвокат кезімнен білемін. Сол уақыттан бастап-ақ оның ел ішіндегі орны бөлек, сөзі уәлі, пікірі өрелі екенін аңғардым. Әр әңгімесінен, әрбір ісінен елге деген жанашырлық пен абыздық болмыс сезілетін.

Менің Жарылқасын ағаға ерекше тәнті болған тұстарымның бірі – Түркістан қаласында қаза тапқан жандардың асы мен көңіл айту рәсімін бір ізге түсірген ең алғашқы адам болуы. Бұған дейін әркім әртүрлі өткізіп келгендіктен, берекесі кетіп, ала-құлалық орын алып жүрген. Жарылқасын ақсақал осыны ретке келтіріп, бүкіл өңірдің дәстүрін жүйеледі. Мұндай істі тек беделді ақсақалдар ғана атқара алады. Өйткені жастардың немесе қатардағы елдің сөзіне жұрт көне бермейді, ал Жарылқасын ағаның сөзіне бүкіл халық тоқтайтын.

Депутат болғаннан кейін біздің арамыздағы байланыс одан сайын нығайды. Ақсақалдар алқасын заңды мәртебеге көтеру жөніндегі бастамамда арқа сүйерім де, ақылшы серігім де Жарылқасын аға еді. Биыл наурыз айында Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының есеп беру жиынын конференция деңгейінде өткізейік деген ұсынысты айтқанымда, ол кісі құптап қана қоймай, іске білек сыбана кірісті. Сөйтсек, сол – Жарылқасын ағаның қатысуымен өткен соңғы жиын болып шықты.

Жарылқасын Әзіретбергенұлының тағы бір өлшеусіз еңбегі – елді ішімдікке тәуелділіктен арылтуға бағытталған қадамдары. Ол кісінің бастамасымен Түркістан өңірінде «ішімдіксіз ауылдар» пайда болып, бүгінге дейін саны елуге тарта елді мекен арақ-шараптан арылды. Бұл – қоғамға үлгі болатын, ұрпаққа өнеге болып қалатын нағыз азаматтық қадам еді. Сондай-ақ «Таза Түркістан» ұранын көтеріп, қаланың көркеюіне, гүлденуіне, көшелердің, шағын аудандардың тазалығына елді жұмылдыра білді. Мұндай бастамалар халықты ұйыстырушы, ұлтты рухани жаңғыртушы Жарылқасын ағадай абыздардың ғана қолынан келеді.

Әдетте жасы тоқсанға таяған қарияның дүниеден өтуін халық ұзақ ғұмырға балап, тойға теңейді. Бірақ Жарылқасын Әзіретбергенұлының қазасы – орны толмас қаза. Өйткені ол кісі – елдің сөзіне бас болған, ұрпақтың қамын жеген, бүкіл аймақтың рухани тірегіне айналған ақсақал еді.

Менің ең үлкен өкінішім – ақсақалдар алқасын заңдастыруды бірге бастап, сол жолда бірге тер төккен Жарылқасын аға заң қабылданған сәтті көре алмай кетті. Енді бұл істің жүгі бұрынғыдан да ауыр. Себебі халық сенетін, билік мойындайтын Жарылқасындай ақсақалдар біздің жанымыздан табылмай тұр.

Оның ғұмыры – өнеге, сөзі – өсиет, артында қалған ізі – ұрпаққа аманат.

 

Абзал ҚҰСПАН,

Қазақстанның құрметті заңгері,

Парламент Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *