Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты кез келген адамның заңға бағынуын және сол арқылы заң талаптарын қатаң сақтауды көздейді. Өкінішке қарай, «қылмыстың өтеуі – жаза» екенін білсе де, арамызда заңбұзушылыққа баратын жандар әлі де аз емес. Олардың қателігін ұғындыру, қайта тәрбиелеу, қатарға қосылуына жағдай жасау үшін атқарылып жатқан шаралар да ауқымды.
Қателіктен сабақ алмайтындар бар
Ең алдымен заңдарымыздың өзі ізгілікке құрылғанын айта кеткеніміз жөн. Біз «Иілген басты қылыш кеспес», «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деген қағидамен өмір сүрген бабалар дәстүрінен айныған емеспіз. Өркениетті елдердің өлшеміне сай өлім жазасынан саналы түрде бас тарттық. Бұл қадам Қазақстанның қатыгездікке, қаталдыққа қарсы екенін білдіреді. Мемлекет сонымен қатар сотталғандарға рақымшылық жасап, қалыпты өмірге оралуларына да қамқорлық танытып келеді.
Ал, осы мүмкіндікті сотталған немесе жеңіл жаза алған азаматтар қалай пайдаланып жүр? Олар мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықты түсініп, бостандықтың қадірін сезініп жүр ме? Міне, бұл мәселе бүгінгі күннің өзекті проблемасына айналып отыр.
Жалпы, шалыс басу, жазалы болу – қайта өмір бастауға, түзелуге кедергі келтірмейді. Қазір өз ортасына оралып, өмірін қайта бастағысы келетіндер үшін елімізде мүмкіндік мол. Өкініштісі, осы қамқорлықты түсініп, қателіктен сабақ алуға ұмтылмайтындар көп. Атап айтар болсақ, өткен жылы өңірде 1806 адам сотты болса, қылмыстың ауырлығына байланысты 629 адамға бас бостандығынан айыру, 591 тұлғаға бас бостандығынан шектеу түріндегі жазалар қолданылған. 52 адам шартты түрде сотталса, 362-сіне айыппұл салынып, 171 адам қоғамдық жұмысқа тартылған. Соның ішінде бас бостандығынан шектеу жазасы қолданылғандар мен шартты түрде сотталғандардың 168-і қайта қылмыс жасап, яғни бірнеше рет әкімшілік құқық бұзушылық фактілері бойынша көзге түскен. Сөйтіп 150 адамның жазасы бас бостандығынан шектеуден қайта бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылған. Бостандықтың қадірін түсінбегендерге бұдан артық қандай мысал керек?!
Сондай-ақ, былтыр облыстағы пробациялық есепте тұрғандардың 96-сы, ал, биыл екі айда 9 азамат қайта қылмыс жасаған. Қайта қылмыс жасағандардың барлығы жұмыссыз екенін де ескергеніміз жөн. Прокуратура осындай жағдайлармен бетпе-бет келген соң сотталушыларға қатаң жаза тағайындауды сұрайды. Неге? Себебі, түзелмейтін адам өзін ғана емес, ортасын да бүлдіреді. Мұндай жандардың жастарға тигізер теріс ықпалы да аз емес. Ең қиыны, бостандықтың мәнін ұқпаған осындай жандардың кесірінен абайсызда қателік жасаған, білместікпен жаза басқан жандар қатаң жауапқа тартылып жатады. «Бірдің кесірі мыңға тиеді» деген осы.
Жалпы, пробациялық бақылауда тұратындар сақтауы тиіс арнайы талаптар бар. Cот үкіміне сай жаза өтеушіге қылмыстық атқару инспекциясының пробация қызметіне хабарламай тұрғылықты жерін өзгертуге, рұқсатсыз тұрғылықты жерінен кетуіне, белгілі бір көңіл көтеретін орындарға баруына, кешкі сағат 22:00 мен 06:00 аралығында үйінен шығуына тыйым салынған.
Шындығына келгенде, пробация қызметкерлерінің есепте тұрған әрбір сотталушыны күнделікті бақылауға, қадағалап отыруға мүмкіндігі бола бермейді. Олар үлкен жүктемемен жұмыс істейтіндіктен, сотталушыларды ұдайы назарда ұстауға мүмкіндігі жоқ. Міне, соны білетін кейбір сотталушылар шектен шығып кетеді. Кейін жазасы қатаңдатылып, бас бостандығынан айырылғанда ғана қателігін түсініп жатады. Әсіресе, жалындаған шағын түзеу мекемесінде өткізетін жастарды ойлағанда жаның жабырқайды. Бірақ, амал бар ма?..
Қайта қылмыс жасамас үшін не істеген жөн?
Біріншіден, бақылауда тұрған сотталушыларды тек пробация мекемесінің мойнына артып қоймай, жергілікті атқарушы орган мен учаскелік инспекторлар да жазасын өтеушілермен жұмысты жандандырғандары жөн.
Екіншіден, заман өзгеріп келеді, соған сәйкес пробация қызметі де жаңғыруы, қоғамға бейімделуі керек. Бұл қызметтің жұмысы есепте тұрған азаматты анда-санда тексеріп тұрумен, онысын сурет, видеоларға түсіріп, басшыларға есеп берумен шектелмеуі керек. Пробация – бақылауда тұрғандарға қамқорлық танытып қана қоймай, қатал тәртіпті ұғындыруға қауқарлы құрылым болуы тиіс.
Айталық, қылмыс жасаушының жазасын жеңілдету мақсатында бас бостандығынан айыру немесе басқа да ауыр жаза қолданудың орнына сотталушыны мәжбүрлі қоғамдық жұмыстарға тартты делік. Бұл жұмыстардың орындалуын қадағалау пробацияның құзырында. Солай болғанымен, жазасын өтеушілердің жұмысқа шықпайтын, қоғамдық жұмысты «беделімді түсіреді» деп орындамайтын кездері көп. Қоғамдық жұмыстан бас тарту арқылы олар сотқа құрмет танытпай, пробацияның міндетін елегісі келмейді. Мұндай жағдай дағдыға айналмасын десек, пробацияның беделін көтеріп, оның пәрменіне құлақ аспағандарға жазаны қатайту керек.
Үшіншіден, пробация қызметкерлері сотталушының жақындарымен тіл табысып, тығыз байланыс орната білгендері жөн. Себебі, сотталушылардың қайта қылмыс жасауына көп жағдайда жақындарының да әсері болады. Туыстарынан қолдау таппаған, тұрмыстық, әлеуметтік қиындық көрген азаматтардың екі қолға бір күрек таппағанда, «ескі әдетке» баратыны қалыпты жағдай. Сондықтан пробация қызметкерлері сотталушының туыстарын сабырлы болуға шақырып, жақындарының түзеліп, өмірге бейімделуіне қолдау көрсету қажеттігін түсіндірген жөн.
Осы тұста тағы бір мәселеге көңіл бөлген артық болмайды. Бізде пробациялық бақылауда тұрғандарды жұмыспен қамту жағы ақсап тұр. Бұл бағытта атқарылды делінген істердің көпшілігі әншейін көз алдау. Өмірлік тәжірибе көрсеткендей, қайта қылмыс жасауға көбінесе жұмыссыздық пен қаржының жетіспеушілігі себеп болып жатады.
