ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТІП ЖАТЫР

Түркістан қаласында орналасқан «Эко базар» аумағында әр аптаның жұма-сенбі күндері Түркістан облысының ауыл шарушылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде.
Бүгін, 11-қараша күні «Эко базары» аумағына 68 тонна көлемінде ауыл шаруашылық өнімдері әкелініп, базардағы бағадан 10-15% төмен бағада саудалануда.
Сонымен қатар жәрмеңкеде  әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларынан 10 тонна көлемінде күнбағыс майы, сәбіз, құмшекер, тұз, макарон өнімдері тұрғындарға төмендетілген бағамен ұсынылып жатыр.
Түркістан қаласының аумағында 5 ірі сауда үйінде жасақталған әлеуметтік бұрыштар мен 13 әлеуметтік дүкен тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік дүкендер саны тағы да көбейтілмек.
– Біз кәсіпкердің де, тұтынушының да құқығын құрметтеуге тиіспіз. Кәсіпкерлерге әкімдік тарапынан заң аясында барлық қолдауды көрсетуге дайынбыз. Алайда, кәсіпкерлерді тауар бағасын белгілеуде асыра сілтеуге жол бермеуге шақырамын, – дейді қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков.
Ал, Түркістан облыстық бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының орынбасары Данабек Махатов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру бойынша біршама жұмыстар атқарылып жатқанын айтып өтті. Әсіресе, нан бағасын өсірмеу үшін кәсіпкерлерге сұраныс хаттар жолданып, талдау жасалған. Тауар өндірушілерге негізсіз бағаны өсірген жағдайда заң аясында шара көрілетіні ескертілген. Сондай-ақ, базарлардағы делдалдықты, яғни тауар өндіруші мен тұтынушыға дейінгі кедергілерді жою мәселесі де қолға алынған.
Жалпы, жақында жұмысын бастаған эко-базар да баға тұрақтылығына оң әсерін тигізеді деп күтілуде. Жыл басынан бері мұнда 10 рет жәрмеңке өтіп, 30,1 тн. тауар сатылған.

Осы уақытқа дейін Түркістан қаласындағы  «Эко-Базар» әмбебап сауда орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Түркістан облысы мен Түркістан қаласы әкімдіктерінің ұйымдастыруымен өткен жәрмеңке әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылуда.

Онда Ордабасы, Отырар, Сайрам, Шардара, Келес, Бәйдібек, Сауран, Жетісай, Төлеби, Қазығұрт, Түлкібас, Мақтаарал, Сарыағаш аудандары мен Кентау және Арыс қалаларының 30-дан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері тонналап  өз өнімдерін ұсынуда. Қала тұрғындары мен қонақтары отандық өнімді базар бағасынан 10-15 пайыз төмен бағамен сатып алады.
Мәселен, қымыздың литрі — 704 теңгеден, баялдыр — 90 теңге, сәбіз — 225 теңге, картоп — 180 теңге, қауынның келесі — 100 теңге, әңкелек — 250 теңге (данасы), қарбыз — 300-450 теңге (данасы) аскөк — 135 теңге, қияр — 180 теңге, алма — 360 теңге, қой еті — 2047 теңге, жылқы еті — 2160 теңге, болгар бұрышы — 180 теңге, сиыр еті — 1955 теңге, қызылша — 189 теңге, қызанақ — 162 теңге, бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан — 80 теңгеден саудаланып жатыр.
Алдағы уақытта облыс орталығында әр сенбі күні жәрмеңке өткізіледі деп жоспарлануда. Қала тұрғындарына «Эко-Базар» әмбебап сауда базарына №1, 14, 15, 18 және 30 қоғамдық көліктері қатынайды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған