ТҮРКІСТАН: ҚАЗАҚСТАНДЫ IT-ЕЛГЕ АЙНАЛДЫРУ — БАСТЫ БАҒЫТ – 2

“Қазір бәсеке күшейіп тұр. Осыған орай бірқатар маңызды мәселені шұғыл шешу керек. Ең алдымен, «Достық-Мойынты», «Бақты-Аякөз», «Дарбаза-Мақтаарал» бағытындағы ірі теміржол жобаларын сапалы жүзеге асыру қажет. Оның қатарында Алматыны айналып өтетін темір жол желісі де бар.Қазақстан көлік саласында Ресеймен және Қытаймен ынтымақтастығын жалғастыра береді. Біздің транзиттік әлеуетімізді нығайту ісінде Транскаспий бағдары айрықша рөл атқарады. Орта мерзімдік кезеңде осы дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі бес есе артуы мүмкін. Ол үшін Қытай, Әзербайжан, Грузия, Түркия сияқты серіктес мемлекеттермен бірге күш жұмылдыруымыз қажет.«Бақты» өткелінде жаңа «құрғақ порт» салу, Ақтаудағы контейнер хабының құрылысын тездету және Қара теңіз арқылы өтетін Орта дәліздің бойында тұрған айлақ әлеуеттерін арттыру керек. Қытайдың Сиань, Грузияның Поти қалаларында өз терминалдарымыздың құрылысы басталды. Бұл – Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасы біздің ұлттық бастамаларымызбен тоғысқанының нақты көрінісі.Іргелес елдердің бәрімен, оның ішінде Ресей, Қытай, Орталық және Оңтүстік Азиядағы тату көршілерімізбен сындарлы әрі достық қарым-қатынаста болсақ, еліміздің көлік әлеуетін тиімді пайдалана аламыз.Бізге теңіз инфрақұрылымын дамытуға арналған  біртұтас жоспар керек. Онда Құрық портына айрықша мән берілуге тиіс. Құрықты Ақтау порты сияқты толыққанды логистикалық кластерге айналдыруымыз қажет” , деді президент.

«Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізі де өте маңызды. Сол арқылы Парсы шығанағына шығуға болатынын айтты. Біртіндеп бұл бағыттағы теміржол желісінің өткізу мүмкіндігін екі есе арттыру керек. Алдымен «Болашақ-Челябинск» теміржол желісінің Қазақстандағы бөлігін жаңғыртуға кірісу қажет.Халықаралық дәліздермен тиімді байланыс орнату үшін логистика қызметін толық ұсыну маңызды. Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайлары мультимодальды орталық болуға тиіс. Бұл орталықтар бәсекеге қабілетті болу үшін жүктерді қабылдау және тарату қызметі сапалы атқарылуы қажет. Жалпы, саланы дамыту үшін тариф және реттеу саясаты дұрыс жүргізілуге тиіс. Жеке инвестицияны көптеп тарту керек дейді.

Сондай-ақ автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек. 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажеттігін түсіндірді.

“Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз қажет.Көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұрылымын салумен де айналысады.Менің цифрландыру ісіне және инновацияны енгізу мәселесіне баса мән беретінімді баршаңыз білесіздер.Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз. Былтырдың өзінде ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектелмейміз” , деді.

2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек. Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек.

“Еліміз есептеу қуаттарын жаһандық тұтынушыларға сататын орынға айнала алады. Сондықтан ірі мәлімет орталықтарын салуға инвестиция тарту үшін түрлі жеңілдіктерді де қамти отырып, барынша қолайлы жағдай жасау керек. Сондай-ақ мәліметті сақтау және өңдеу саласында Қазақстанның мүддесін ілгерілету қажет. Цифрландыру ісінде басшылыққа алынатын қағидаттарды заң жүзінде бекітетін кез келді. Үкіметтен, сарапшылар қауымынан, Парламент депутаттарынан біртұтас салалық құжат әзірлеу мәселесімен айналысуды сұраймын.Мен сайлау алдындағы бағдарламамда «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылдау туралы бастама көтерген едім. Қазір әзірленіп жатқан заң жобасында экономикамызды ғылым мен инновацияға сүйене отырып дамыту логикасының көрініс табуы өте маңызды.Бизнес-инкубатор, коммерцияландыру орталығы, технопарк, құрастыру бюросы сияқты инновациялық инфрақұрылымдар құруға қатысты жеке бастамаларға сөз жүзінде емес, нақты іспен қолдау көрсететін пәрменді шаралар керек. Шетелдің озық тәжірибесін пайдаланған жөн.Венчурлық қаржыландыру тәсілі инновациялық жобаларды іске қосуға қажетті негізгі қаражат көзі болуға тиіс. Сондықтан жобаларға еліміздегі және шетелдегі инвесторлардың қызығушылығын арттыру үшін құқықтық және қаржылық мәселенің бәрін шешу қажет”, деді.

Елімізді инновациялық жолмен дамыту үшін Астанада және Алматыда қажетті экожүйе қалыптастыруға мән беріліп отыр. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды.

“Мен аймақтарға барғанда дарынды әрі ойы ұшқыр, яғни креативті азаматтармен үнемі кездесемін. Біз олардың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауымыз керек. Аймақтағы жоғары оқу орындарының негізінде біртұтас инновациялық экожүйе құру қажет. Оны нақты сектормен тығыз ынтымақтаса отырып жүзеге асырған жөн. Бұл жұмысты әрбір облыс орталығында жүргізу керек. Астана хабының тәжірибесін кеңінен пайдаланған жөн”, деді.

Экономиканы өркендетуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін тағы бір бағыт – медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру, ақпараттық технология салаларын қамтитын креативті индустрия.Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес.Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде, зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе.

Казбекова Гулнур Нагиметовна,
Техника ғылымдарының кандидаты, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің “Компьютерлік инженерия” кафедрасының меңгерушісі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *