ХАЛЫҚҚА ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КӨРСЕТУ – БАСТЫ МІНДЕТ!

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек және әлеуметтік қорғау комитетіне қарасты облыстық департаменті 2024 жылдың 6 айында бірқатар нәтижеге қол жеткізді. Әлеуметтік қорғау саласы бойынша мемлекеттік қызмет ұсынудың 18 түрінен 79881 мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Департаменттің бірінші бағыты – зейнетақы және жәрдемақыларды тағайындау. Әлеуметтік төлемдер бойынша бүгінде облыста 772 103 зейнетақы мен жәрдемақы алушы бар. Оның ішінде жасына байланысты 193866 зейнеткер, базалық зейнеткерлер – 80571, ал, жәрдемақы алушылар саны – 397 666. Облыста 123056 адам көпбалалы отбасы ретінде жәрдемақы алса, 64840 адам көп балалы ана ретінде жәрдемақы алады. Күміс алқаға – 23629 теңге, алтын алқа, ана даңқы мен батыр аналарға 27321 теңге тағайындалған.

Мүгедектігі бойынша 75171 адам жәрдемақы алады. Бірінші топтағылар – 95496, екіншісі – 76397, ал, үшінші топ 52089 теңге алады. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 22197 адам жәрдемақы алады. Бір балаға – 39935 теңге, екі балаға – 73792 теңге, үш балаға – 97666 теңге, төрт балаға – 112859 теңге, бес балаға – 119370 теңге, алты және одан көп балаға 130221 теңге төленеді. Басқа да жәрдемақы түрлерін алушылар – 112402 адам. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдері 9%-ға, ал, жәрдемақы 7%-ға өсті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның эконмикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауында зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген азаматтарға 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізу бойынша тапсырма берілген. Аталған төлем 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін 4 көзден, яғни республикалық бюджет, өмірді сақтандыру қорынан, жұмыс беруші есебінен және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан тағайындалып, төленуде. Ал, жұмыс істемейтін азаматтарға тағайындалатын төлем республикалық бюджет және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан берілуде.

Екінші бағыты – медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу. Бұл бағытта мүгедектікті және еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу, сондай-ақ, куәландырылатын адамның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілігін айқындау бойынша департаментке қарасты 10 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері (МӘС бөлімдері) қызмет көрсетеді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың 1 шілдесіндегі көрсеткіш бойынша облыстағы мүгедектігі бар адамдардың саны 99232 (облыс халқы санының 4,6%) құрайды. Ол, республика бойынша жалпы мүгедектер санының 13,7%-ы. Мүгедектігі бар адамдардың 14982-сі, яғни 15,3 пайызы кәмелетке толмаған бала болса, қалған 84250-і (84,8 пайызы) ересектер.

Биыл 6 айда барлығы 15724 адам куәландырылды, 27370 адам мүгедек деп танылдыОның ішінде 3156 адам (2023 жылы – 3006 адам) алғаш рет мүгедек болып танылды. Облыс бойынша мүгедектікке шығу көрсеткішінің өсуі байқалады. Көрсеткіш 10 мың халыққа шаққанда – 14,7% (2023 жылы – 10 000 халыққа – 14,1 жағдай), өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда 0,6% өскен. Республикалық  көрсеткіш 14,2 % құрайды.

Ауру санаттарына (нозологиясына) бөлсек, ересектер арасында алғаш рет мүгедек деп танылғандардың арасында бірінші орында қан айналымы жүйесінің аурулары – 30,2% (2023ж.- 30,1%), екінші орында қатерлі ісік аурулары – 17,2% (2023 ж. – 16,9%) тұр, үшінші орында жарақат алудың барлық түрлері – 11,9% (2022ж. – 12%).

Ересектер арасында алғаш рет мүгедектікке шығуда қатерлі ісік аурулары көбеюде, ол, 16,9 пайыздан 17,2 пайызға өскен.

18 жасқа дейінгі мүгедек-балалар арасында дамудың туа біткен аномалиялары – 32,6% (2023 ж. – 33%), нерв жүйесі аурулары – 24,6% (2023 ж.- 24,8%), психикалық және мінез-құлқының бұзылуы – 11,2% (2023ж.-10,8%) алдыңғы орындарды алады. Өткен 6 айда барлығы 15563 адам қайта куәландырылды, оның ішінде 10176 адам мүгедек деп танылды (2023 жылы 11254 адам куәландырылып, 10564 адам мүгедек деп танылған).

Сырттай куәландыру проактивті мемлекеттік қызмет көрсетудің пилоттық жобасын іске асыру аясында облыс бойынша 6 айда 4931  азаматқа сырттай қызмет көрсетілді. Жалпы көрсетілген мемлекеттік қызметтің санына шаққанда сырттай куәландыру 31.5%-ды құрады. Департамент қоғамдық денсаулық басқармасымен бірлесіп, сырттай куәландыру проактивті пилоттық жобасы аясында дәрігерлердің құжаттарды сапалы дайындап, ақпараттық жүйеге дұрыс енгізілуін қамтамасыз ету мақсатында аудандық, қалалық емханалардың дәрігерлері арасында түсіндірме және оқыту жұмыстарын жүргізуде.

Департамент қызметінің үшінші бағыты – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы заңнамалардың сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу болып табылады.

Департамент жарты жылда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру бойынша 187 тексеру жүргізді. Оның ішінде: 24 профилактикалық бақылау, 25 жоспардан тыс тексеру, облыстың, қала және аудан прокуратураларының ұсынуы негізінде 138 нысанға тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру қорытындысымен 42 нұсқама беріліп, жалпы  151 нысанға 32 526,7 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, оның 31 843,5 мың теңгесі (98%) өндірілді. Оның ішінде облыс, қала және аудан прокурорларының ұсынысымен 138 нысан бойынша әкімшілік іс қаралып, оның 134-не 29244,3 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Департамент мүгедектігі бар азаматтарға арналған оңалтудың жеке бағдарламасының (бұдан әрі – ОЖБ)  орындалуын тұрақты талдайды. Министрліктің стратегиялық жаспарына сәйкес 2024 жылға ОЖБ-ның орындалу деңгейі 95% жоспарланған. «Е-Собес» ақпараттық жүйесінің мәліметіне сәйкес, 2024 жылдың 6 айында облыс бойынша оңалтудың техникалық құралдарымен әлеуметтік қызметтерге мұқтаж 50584 адамның 36574-і қамтылды, жоспар 72,3%-ға орындалды.

Департамент халықтың әлжуаз тобына қызмет көрсететінін ескерсек, алдағы уақытта мүгедектікті, зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау барысында мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын, тұрғындармен тікелей, ашық қарым-қатынас жасауды бұрыңғыдан да жақсартуға тырысамыз.

Бегман НҰРМАХАНОВ,

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *