ТҮРКІСТАН: ҚАЗАҚСТАНДЫ IT-ЕЛГЕ АЙНАЛДЫРУ — БАСТЫ БАҒЫТ

Уақытты бағындыру мүмкін еместігін білеміз. Бірақ өз уақытымызға иелік ете аламыз. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың арқасында адамдар күнделікті тұрмысын өз уақыты мен ыңғайына икемдеуге әуес. Инновациялардың көмегімен күрделі іскерлік операцияларды жүзеге асыру үшін уақыт тығыздығы, жер қашықтығы деген ұғымдар кедергі болудан қалып бара жатқаны да рас. Осы ретте IT саласының мамандарын көптеп даярлау, оларды қолдау уақыт талабы болып отыр. Түркістан қаласының тұрғындары да Ұлттық құрылтайдағы басты бағыттар бойынша түрлі іс-шаралаар мен бастамаларда белсенділік танытып келеді. Атап айтсақ, бүгінде киелі шаһарда Президент айтқан цифрландыру және инновацияны енгізу мәселесіне баса мән беріліп келеді. Бұл өте құптарлық әрекет.

– Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек,- деген еді мемлекет басшысы.

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде де «Ақпараттық жүйелер» және «Компьютерлік инженерия» білім беру бағдарламалары бойынша IT саласының мамандары даярланады. Сапалы білім беру мақсатында университетіміздегі «Компьютерлік инженерия» кафедрасының профессорлы-оқытушылар құрамы үлкен үлес қосуда. Мәселен, «Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасының 4 курс студенттері Тасқын Құрманжан, Дулат Орынбасар, Аслан Елеусіз осы жылғы дипломдық жобаларында «көмекші робот» жасап, шығарды. Роботтың басты ерекшелігі – жасанды интеллектке байланысу арқылы, қазақ тілінде еркін сөйлейді, кез келген сұрағыңызға жауап береді. Роботтың ақпараттық жүйесінде тек қазақ тілі емес, түрік, ағылшын, орыс тілдері де бар. Яғни, интернет желісінен күнделікті сіз іздейтін қарапайым сұрақтардан бастап, күрделі сауалдарға жауап беруге қауқарлы.

Сондай-ақ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау КеАҚ университетінде биылғы жылдың 20-21 сәуір күндері «Atyrau SmartTeam Hackathon» Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының студенттері арасында республикалық Хакатонда оқу ордамыздың «Yassawi» командасы I орынды иемденді.

Шынында, егер ел ішінде отандық IT саласының мамандары аз болатын болса, кадр даярлаудың да мүмкіндіктері кеми бермек. Сондықтан ең бірінші біз IT мамандарының сонымен қатар сапасын да арттыруымыз қажет. Қазіргі білім алушы жастарға бұл саланың болашағы зор екенін ұғындырып, қызықтыра білгеніміз жөн. Қазір білімділер мен білгірлердің дәуірі. Жаңа мамандықты, жаңа саланы меңгеруден қашпай, еліміздің дамуына бірге үлес қоссақ деймін.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұрғандығын жеткізді.

“Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек.Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер.Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн” деді Президент.

Сондай-ақ президент ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды екендігін айтты. Бүгінде суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу.

Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс.

“Халқымыз «Судың да  сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады.Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады.Сондай-ақ еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады. Жалпы, осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек”, деді.

Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырды. Стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану. Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *