ТҮРКІСТАН: ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДА АЙТЫЛҒАН ОЗЫҚ ТӘСІЛДЕР ОРЫНДАЛУДА — 2

Экономиканы қаржыландыру көздері жайлы сөз болғанда Ұлттық қордың қаражатын пайдалану қажеттігі туралы жиі айтылады. Сарапшылар Қордың жинақтау және дамыту рөлінің арақатынасы жөнінде дауласып жатады. Әрине, қаржыны жинақтап, сақтау негізгі міндет болуға тиіс. Ұлттық қордың қаражаты күтпеген сын-қатерлерге тап болған жағдайда қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етуге едәуір кепілдік береді. Дегенмен Қордағы қаражаттың белгілі бір бөлігін Қазақстанның болашағын айқындайтын стратегиялық жобаларды қаржыландыру үшін пайдалануға болады. Тіпті, қазірден бастап соған жұмсау керек. Ұлттық қор әлден-ақ бірқатар ірі жобаны қаржыландырылып жатыр. Алайда сол жобаларды іріктеу ісінде жүйелілік жетіспейді. Сондықтан Ұлттық қордың әрбір теңгесі айтарлықтай пайда әкелуі үшін барлық ұсынысқа жан-жақты сараптама жасалуын қамтамасыз ету қажет. Капиталды қайтару туралы заң аясында құрылып жатқан қор «ұзақ мерзімге арналған қаражаттың» тағы бір көзі бола алады. Түскен қаржының бәрі елдік мәселелерді шешу үшін барынша тиімді және ашық жұмсалуға тиіс. Тағы бір маңызды мәселе – қор нарығын дамыту.

Қазір Қазақстанда екі қор биржасы бар. Олар жұмыс барысында көбіне бірін-бірі қайталайды, тіпті өзара бәсекеге түсіп жатады. Еліміздің қаржы жүйесі үшін бұл тым артық. Ішкі нарықтың көлемін және тартымдылығын арттыру үшін осы биржалардың әлеуетін біріктіріп, бір жерден басқару мәселесін қарастыру қажет деді. Төлем жүйелерінің тұрақтылығын сақтау да өте өзекті мәселенің бірі болып отыр. Былтыр Ұлттық банк ұлттық төлем жүйесінің бірінші бөлігі – жылдам төлемдер жүйесін іске қосты. Қазіргі таңда бұл жүйе пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, ұлттық банкке 2024 жылы Ұлттық төлем жүйесін толық енгізу жұмысын аяқтауды тапсырды.

“Мен былтыр «бюджетті басқарудан» «нәтижені басқару» тәсіліне көшу арқылы бюджет жүйесін реформалауды тапсырдым. Бұл мәселе жаңа кодекс қабылданған соң шешімін табады. Бюджет үдерісінің ашықтығы, оған қатысушылардың жауапкершілігі мен дербестігі арта түседі. Сонымен бірге бюджет саясатының тиімділігін арттыру үшін әрдайым жаңа мүмкіндіктер мен тәсілдерді пайдалану қажет. Сондықтан Үкіметке бірнеше министрлік пен аймақтар үшін пилоттық режимде толық бөлшектенген бюджет жобасын енгізуді тапсырамын.  Аймақтарға қатысты саясатта маңызды реформалар жүргізілді. Соның нәтижесінде әкімдерді тікелей сайлау тәсілі енгізіліп, әкімшілік реформа қолға алынды. Бұл ретте бюджетаралық қатынастарды түбегейлі өзгерту де өте өзекті мәселе. Жаңа экономикалық үлгіге көшкенде аймақтардың бюджет мәселесіндегі дербестігін арттыру керек. Корпоративтік табыс салығынан және басқа төлем түрлерінен түсетін кірістің бір және басқа төлем түрлерінен түсетін кірістің бір бөлігін өңірлерге беру оң нәтиже көрсетті. Былтыр аймақтар табысының өсімі 30 пайыздан асты. Сондықтан реформаның келесі кезеңінде осы норманы өзге де салықтарға, оның ішінде қосымша құн салығына да қатысты қолдану қажет. Мұндағы міндет – бюджеттің екінші деңгейіне кем дегенде екі триллион теңге қосымша қаражат беру.езең-кезеңімен жүргізілген фискалды орталықсыздандыру жұмысының нәтижесінде жергілікті бюджет кірісінің құрылымындағы республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттің үлесі орта есептен 25 пайызға дейін төмендеуге тиіс”, деді.

Сонымен қатар аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп тілге тиек етті. Бұл, ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет. Бұдан бөлек, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек. Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкелмек. Ұсынылып отырған бастама өте маңызды. Келешекте аймақтардың табысты дамуына айрықша ықпал етеді. Сол себепті барлық әкім бюджетаралық қатынастардың жаңа үлгісіне көшу кезінде оның біртұтас мемлекетімізге тигізетін пайдасы және тиімділігі туралы ойлауы керек.

“Мен бұдан бұрын экономиканың түрлі секторындағы салық мөлшерлемесін саралау туралы айтқан едім. Бұл шара салық жүктемесін өндірістің күрделілігіне қарай бөлуді қамтамасыз етеді. Кәсіпкерлер қосымша құн салығын қайтару рәсімінің күрделі екені жөнінде орынды мәселе көтеріп, шағымданып жүр. Бұл жайт еліміздегі инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізеді. Үкімет көптен бері түйіні тарқамай келе жатқан осы мәселені шұғыл шешуге тиіс. Сондай-ақ салық жеңілдіктерін беру тәртібін реттеу қажет. Олар экономикалық ынталандыру шараларының нысаналы тәсілі болуы керек. Жиналмаған салық – салынбай қалған ауруханалар, мектептер мен жолдар деген сөз. Салық жеңілдігін сын көзбен зерделеп, оның көлемін кем дегенде 20 пайызға қысқарту қажет. Қалған жеңілдіктер жекелеген жобалар мен тұлғаларға байланбай, нақты ереже бойынша берілуі керек. Салықтық әкімшілендіру мәселесіне келсек, фискалды органдар мен салық төлеушілердің қарым-қатынасын қызмет көрсету үлгісіне көшірген жөн. Басты мақсат жазалау емес, ескерту болуға тиіс. Салықтық бақылау ісін толық цифрландырып, есептілік формаларын 30 пайызға қысқарту қажет. Салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің санын кемінде 20 пайызға азайту керек. Айтарлықтай түсім әкелмейтін төлемдерді толығымен алып тастап, қалғандарын біріктіруге болады. Бөлшек салықты енгізу мәселесі қажетті бастама болғанына көзіміз жетті. Осыны ескере отырып, Үкімет оны қолдану аясын екі есе кеңейтеді” деді.

Азаматтардың мүддесі мен сұранысы – Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының өзегі. Яғни, адамның қажеттілігі әрдайым басты назарда болады. Сол үшін біз шикізатқа тәуелді болудан біртіндеп арылуымыз қажет. Бұл жұмыс табанды түрде жүргізілуге тиіс. Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 74 жастан асты. Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Азаматтарымыздың орташа жасы – 32 жас. Тұрғындардың үштен бірі – жастар. Үкіметтің міндеті – қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалану. Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады.

“Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек. Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет. Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек”, деді Президент.

Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн дейді президент. Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет. Экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек. Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырды.

Сонымен қатар, Президент азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырды. Осылайша, еңбекақының ең төменгі мөлшері үш жыл ішінде екі есе көбейді. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізбек. Жалпы, еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін Үкімет қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекітуі керек. Жаңа экономикалық саясаттың қағидалары мен басымдықтарын нақты айқындаумен қатар, алдағы реформаларды сапалы әрі толық жүзеге асыру өте маңызды. Оның табысты болуы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігіне, жауапкершілігіне және саяси ерік-жігеріне тікелей байланысты. Реформалардың іске асырылуына негізінен атқарушы билік жауап береді. Сондықтан, ең алдымен, оның өзін өзгерту қажет. Осы саладағы реформаның басты бағыттары мынадай. Біріншіден, нақты салаларға қатысты шешімдерді әзірлеу және орындау міндеті, сондай-ақ түпкі нәтиже үшін жауапкершілік толығымен министрлерге жүктеледі. Өйткені олар өзінің бұйрығымен жедел шешім қабылдап отыруға тиіс. Екіншіден, экономикалық саясаттың іске асырылуына Үкімет толығымен жауап береді. Бюрократияға және сөзбұйдаға салынбай, Президент Әкімшілігіне жалтақтамай, экономиканы дербес басқарудың барлық әдіс-тәсілдерін қолында ұстауға тиіс. Үшіншіден, Президент Әкімшілігі басты «саяси штаб» ретінде мемлекетті әлеуметтік-экономикалық дамытудың стратегиялық бағыттарына, ішкі және сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік, құқық және кадр саясаты мәселелеріне барлық күш-жігерін жұмылдырады.

Меруерт БАЙБАТШАЕВА,

Түркістан қаласы, Қазыбек би атындағы №14 жалпы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *