ТҮРКІСТАН: ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДА АЙТЫЛҒАН ОЗЫҚ ТӘСІЛДЕР ОРЫНДАЛУДА

Осыдан бір жылға жуық уақыт Мемлекет басшысының Түркістандағы құрылтайында Қазақстанның экономикалық даму бағыты айтылған болатын. Қазақстандық өнім шығару өзектілігі, бәсекелестік, сауда-саттыққа қатысты озық тәсілдер айтылды. Қазір негізгі салалардың көбінде бірнеше ірі кәсіпорын басымдыққа ие болып отыр.

“Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Үкіметпен бірлесіп, негізгі нарықтарды демонополизациялау үшін шаралар қабылдауға тиіс. Біз сауда-саттықты өркениетті жолмен жүргізу үшін тауар биржаларының жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасадық. Алайда реттеу жұмысының тиімділігі төмен болғандықтан, біреулердің ырқынан шықпайтын тауар биржалары пайда болды. Олар бәсекелестікті жоятын, импорттың және өнімсіз делдалдықтың пайдасы үшін сатып алу рәсімдерін айналып өтетін орындарға айналды. Реттеу талаптарын күшейтіп, айтылған кемшіліктерден түгел арылу қажет. Сонымен бірге сауда-саттыққа қатысты озық тәсілдердің еліміздің өнім өндірушілеріне толық қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Ұлттық сауда жүйесімен ғана тұйықталып қалуға болмайды. Бизнеспен бірлесіп, мықты аймақтық тауар-шикізат биржасын құру мәселесін пысықтау қажет. Тағы бір маңызды мәселе бар. Қазір монополияға қарсы органның заңсыздықтарды жою үшін шұғыл шаралар қабылдайтын мүмкіндігі жоқ. Монополияға қатысты істердің үштен екісінде тергеу басталмай жатып, сотқа шағым түседі. Ал соттағы дау-дамай жылдарға созылуы мүмкін. Соның кесірінен құзырлы мекеменің жұмысы тоқтап қалады. Сондықтан Үкімет Парламентке тиісті заңнамалық түзетулер енгізуі керек”, деді Президент.

Келесі маңызды мәселе – мемлекеттің экономикаға ықпалын азайту деді Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда. Қазір жекеменшікке заңсыз өткен және шетелге шығарылған бірқатар активтер мемлекетке қайтарылуда. Біз ашық әрі бәсекеге қабілетті экономика құрып жатырмыз. Сондықтан қайтарылған активтің бәрін ашық түрде және мемлекет үшін тиімді шартпен нарыққа шығару керек. Жалпы, жекешелендіру және халықтық ІРО жұмыстарын барынша тездету қажет. Басты мақсат – активтерді басқару ісінің ашықтығын және тиімділігін барынша арттыру. «Самұрық-Қазына» қорының бейінді емес активтерінің бәрі жеке меншікке және халықтық ІРО-ға өтуі керек.

“Келесі жылы «Air Astana» компаниясы халықтық ІРО-ға шығарылады. «QazaqGaz» кәсіпорны да осы жұмысқа дайындалуы керек. Ірі компаниялардағы мемлекет активтері саудаға шығуға тиіс. Тағы бір маңызды мәселе – кәсіпкерліктің бүгінгі ахуалы. Билік пен бизнестің арасында сындарлы диалог болуы қажет. Қазіргі өтпелі кезеңде мемлекеттік органдардың кемшілікке жол беретіні, кейде асыра сілтейтіні жасырын емес. Сондықтан экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажет. Бұл жерде сөз кәсіпкерлерге және олардың экономикалық теріс әрекетке қатысты істер туралы болып отыр. Салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болатын шекті анықтайтын әділ механизм енгізу қажет. Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын біржола тоқтату керек. Мұндай әрекеттерге тыйым салынған. Бірақ, соған қарамастан, әлі де жалғасып жатқанын білемін. Осындай мәліметтер кейде әдейі таратылып жатады, тіпті, олар жалған болуы да мүмкін. Қалай десек те, бұл – назардан тыс қалдыруға болмайтын мәселе”, деді.

Кәсіпкерлікке қолдау көрсету, саланы реттейміз деген желеумен жасалатын қысымды азайту және бәсекелестікті дамыту мәселелерін мұқият талқылау қажет. Сондықтан Президент жуық арада еліміздің бизнес өкілдерімен арнайы кездесу өткізетітін айтқан болатын. Одан бөлек, макроэкономикалық саясатты қайта қарап, жаңартуымыз керек» деді.

“Мен жаңа ғана экономика салаларындағы реформалардың негізгі бағыттарын айқындап бердім. Оның бәрін табысты жүзеге асырудың басты шарты – макроэкономикалық тұрақтылық. Бұл – аксиома. Қаржы, салық-бюджет және ақша-несие саясатын үйлестіру керек. Инвестицияның жетіспеуі экономиканың өсімін тежеп тұрған басты мәселе болып тұр. Инвестицияның тапшылығы болашақта тоқырауға әкеп соқтырады. Былтыр негізгі капиталға салынған қаражат ішкі жалпы өнімге шаққанда небәрі 15 пайыз болды. Бұған негізінен еліміздегі банктердің экономиканы дамытуға белсенді атсалыспауы себеп болып отыр. Мұндай ахуал Үкіметті тікелей қаржыландырумен, кепілдік және субсидия берумен айналысуға мәжбүрлейді. Бұл тәсіл тиімсіз, көп қаражатты талап етеді әрі нарықтық экономика қағидаларына қайшы келеді. Сонымен бірге нақты секторға берілетін кредит азайып жатқанда банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кетті. Осы жағдай қаржы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырды. Менің 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімім және жақында қабылданған жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттеді. Бірақ ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет”, деді.

Сонымен қатар азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды деп атап өтті. Бұл ретте «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтті. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Осы ретте Президент  үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырды.

«Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет. Корпоративті салаға берілетін несиенің жеткіліксіздік мәселесін шешу керек. Экономикаға ақша керек. Былтыр банктердің таза пайдасы бір жарым триллион теңгеге жуықтады. Ал осы жылдың бірінші жартысында – бір триллион теңгеден асып кетті. Банктер тиімді жұмыс істегеннің арқасында емес, негізінен Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, осындай мол пайдаға кенелді. Үкімет пен Парламенттің бұл пайданы мемлекет мүддесін ескере отырып, неғұрлым әділ бөлу мүмкіндігін қарастырғаны жөн. Қаржы ұйымдарының салық салынбайтын мемлекеттік құнды қағаздарды сатып алудан түскен орасан зор табысына қатысты да сұрақтар бар. Мұнда қисын да, мемлекеттік ұстаным да жоқ. Үкімет ешбір ақылға сыймайтын осы мәселені анықтап жатыр. Соған сәйкес заңдарға түзетулер әзірленіп, Мәжіліске енгізіледі. Депутаттардың оны мұқият қарауын сұраймын. Сонымен бірге банктерді корпоративті несие беру ісіне белсене қатысуға, яғни кәсіпкерлерді қолдауға ынталандыру керек. Банк қызметінің басқа түрлеріне қарағанда бизнеске несие беру ісі банктерге пруденциалды және фискалды реттеу тұрғысынан анағұрлым тиімді болуы керек. Мұның оңай еместігін, күрделі мәселе екенін түсінемін. Үкіметке және қаржы саласын реттейтін мекемелерге бір жылдың ішінде осы маңызды мәселеге қатысты өздерінің кесімді байламын айтуды тапсырамын. Банктердің «қозғалыссыз жатқан» 2,3 триллион теңгелік активтерін экономикалық айналымға қосу үшін нақты шаралар қабылдау қажет”, деді Президент.

Бұл ретте осы активтерді иеленуге ниет танытқан бизнес өкілдерінің оны алып, экономикаға қайтаруына мүмкіндік беретін ашық цифрлы платформа құруды тапсырды. «Ұзақ мерзімге арналған қаражат» нақты секторға барынша қолжетімді болу үшін бірлескен және синдикатталған несие беру тәсілін кеңінен қолдану керектігін айтты.

“Сондай-ақ өнеркәсіп өкілдері мен кәсіпкерлер несиенің бәрін жұтып қоймауы қажет. Олар экономикамызды іс жүзінде әртараптандыруды қамтамасыз ететін сапалы жобалар ұсынуға тиіс. Коммерциялық банктердің қызығушылығын арттыру үшін олар стратегиялық жобаларды қаржыландырған кезде даму институттарының кепілдігін беру мүмкіндігін қарастыру қажет. Банк саласындағы тағы бір өзекті мәселе – барлығы бірнеше банктің қолында шоғырланған. Қазір Қазақстанда 21 банк бар. Бірақ корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тартқан жөн. Жалпы, нақты секторға берілетін несие көлемінің жыл сайын 20 пайыз және одан да жоғары деңгейде өсуін қамтамасыз ету – маңызды міндет”. деді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *