Түркістан облысында елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды. Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауымен «сақалды құрылыстардың» мәселесін шешу жұмыстары өз нәтижесін беруде.
Өңірдегі 11 нысан ел игілігіне пайдалануға беріліп, 81 мың тұрғын таза ауыз суға қол жеткізді. Осы ретте, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты Ойық елді мекені тұрғындарының қуанышын бөлісуге арнайы барды. Ойықтықтарды құттықтап, осы салада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесімен бөлісті.
– Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында тапсырмасы берілген болатын. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Бүгінгі таңда 27 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Бүгін 11 нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға беріп отырмыз. Нәтижесінде, су құбыры мүлдем жоқ 20 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар жалғасын табады, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Ауданда 10 елді мекеннің ауыз су құрылыс жұмыстарын жүргізуге 2023 жылы бюджет есебінен 254,070 млн. теңге бөлінді. Жалпы ұзындығы 4,9 шақырым болатын су құбырларын тарту жұмыстарын «Стройкомплект-КБ» ЖШС жүргізді. Жоба бойынша І, ІІ көтерілімдегі су сорғы станциясы, сыйымдылығы 2 дана 70 м3 резервуар, көлемі 15 м3 су мұнарасы, сүзгілеу станциясы, 2 дана су ұңғымасын бұрғылау қарастырылған. Бүгінгі таңда мердігер мекеме тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, нысан іске қосылды. Нәтижесінде, Ойық елді мекенінде 257 халық, 43 абонент орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Айта кетейік, биыл 70 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен қаржы бөлініп, 38 нысанның құрылысы аяқталуда. Қалған 32 нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта 27 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, 120,5 мың халық ауыз сумен қамтылды.
Сонымен қатар, Ескі Иқан, Шорнақ, Қосмезгіл, Қожанов ауылдары сапалы ауыз сумен қамтылады. Аталған мақсатқа республикалық бюджеттен 8,8 млрд. теңге көлемінде қаржы қаралмақ. Бұл туралы Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров мәлімдеді. Ауданның 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берген әкімнің айтуынша қазіргі таңда ауданда барлығы 33 елді мекен ауыз сумен қамтылған. Ойық елді мекенінде ауыз су құбырының құрылысы жүргізіліп, ел игілігіне берілген. Тозығы жеткен 68 су тарту құрылғысы ауыстырылып, 8 елді мекенде ауыз су берілу уақыты 24 сағатқа ұзартылды.
Президент өз Жолдауында елдегі су тапшылығының зардабын азайту үшін тиісті сараптамалар мен талдаулар қажет екенін жеткізген болатын.
“Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн. Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу”, – деді Тоқаев.
Бұл орайда, жаз айында облыс әкімінің төрағалығымен өткен отырыста Түркістан және Кентау қалаларын Мырғалымсай жер асты су кен орнынан ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де жан-жақты талқыланған болатын. Оған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Геология комитетінің басқарма басшысы, осы салаға жауапты басшылар, ұңғымаларды бұрғылау жұмыстарын жүргізетін сарапшылар қатысты.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, Түркістан облысында барлығы 7 топтық су құбыры және жергілікті су құбыры бар. 608 елді мекеннің басым бөлігі ауыз суды жер асты су көздерінен (ұңғымадан) пайдаланады.
Су құбырымен қамтамасыз етілген 720 елді мекеннің 215 елді мекеніне ауыз су кестемен беріледі. Соның ішінде, облыстың оңтүстік аймақтарда ауыз суға тапшы. Оған жер асты сулары деңгейінің түсуі себеп. Нәтижесінде су қоры азаюда.
Елді мекендерге орталықтандырылған ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін ең алдымен су көздеріне іздеу-барлау жұмыстары жүргізіледі. Уәкілетті органдар, яғни Геология комитеті мен «Оңтүстікқазжерқойнауы» департаменті тарапынан су қоры бекітіліп, жер асты су қорларының көлемі көрсетіледі. Алайда, эксплуатациялық ұңғымаларды бұрғылау кезінде, жеткілікті көлемде су шықпай қалу фактілері орын алуда. Осыған байланысты Келес, Сарыағаш аудандарында орталықтандырылған ауыз су жүйелері жүргізілген барлық елді мекендерінде ауыз су кестемен беріледі, дейді мамандар.
Түркістан, Кентау қалалары Мырғалымсай жер асты сулары кен орнынан магистральдық су құбырымен қамтамасыз етілуде. 2021 жылы «Геотерм» ЖШС тарапынан жете барлау жұмыстары жүргізіліп, жер асты су қоры бекітілді. Кентау қаласында «Қосқорған су қоймасын» одан әрі толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу жұмыс жобасы бойынша Мырғалымсай жер асты су кен орны аумағында қосымша тік дренажды 11 дана ұңғыма қазылды. Осылайша жылына 40 млн.м3 көлемінде су алу көзделген. Ауыз су 130 метрге дейінгі тереңдікте орнатылған 4 дана су сорғысы арқылы тартылады. Қосымша Түркістан қаласын көгалдандыруға және жасыл желектерді суару үшін су алу жоспарланып отыр.
Өңірдегі 11 нысан ел игілігіне пайдалануға беріліп, 81 мың тұрғын таза ауыз суға қол жеткізді. Осы ретте, бүгін Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты Ойық елді мекені тұрғындарының қуанышын бөлісуге арнайы барды. Ойықтықтарды құттықтап, осы салада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесімен бөлісті.
– Алдымен баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында тапсырмасы берілген болатын. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Бүгінгі таңда 27 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Бүгін 11 нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға беріп отырмыз. Нәтижесінде, су құбыры мүлдем жоқ 20 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар жалғасын табады, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Нақтырақ айтсақ, Сауранда бір ауыл, Бәйдібекте – 1, Сарыағашта – 8, Келесте – 2, Қазығұртта –1, Ордабасыда – 4, Отырарда – 2, Жетісайда – 1 ауыл ауыз сумен қамтылды, Айта кетейік, жыл қорытындысымен өңірдегі 832 елді мекеннің 739-ы немесе 88,8 % ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Оның ішінде, қалаларда қамту деңгейі 99,8 % (7 қала, 518,4 мың адам), ауылдық елді мекендерді қамту дңгейі 97 %-ды (732 елді мекен, 1 546,6 мың адам) құрайды. Сонымен қатар облыс елді мекендерін 100 % ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігімен «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, облыстағы 113 елді мекен, яғни 90,6 мың халық 2025 жылы толық сапалы ауыз суға қол жеткізеді.
Сауран ауданының тұрғындарының барлығы дерлік сапалы ауыз суды тұтынып отыр десек қателеспейміз. Осы орайда аудан тұрғындарының назарына ауызсуға байланысты пайдалы мағлұмат ұсынып отырмыз.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін Түркістан облысының халқын 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Елді мекендерді үздіксіз және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында.
Халқымыз ішетін суына да ізет көрсетіп, оны «тіршіліктің көзі деп» әспеттеген. Тіпті «Қайғысыз қара суға да семіреді», «Судың да сұрауы бар» деген мақал-мәтелдерді өмірге әкелген.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі маңызды проблемалардың бірі су тапшылығы мәселесі екенін мәлімдеді. Ол суды үнемдеу технологияларын қолға алуды тапсырды.
“Су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер”, – деген болатын Президент.
Бүгінгі таңда таза ауыз су мәселесі адамзат баласы үшін өзекті болып отыр. БҰҰ-ның дерегінше, дүние жүзінде миллиардтаған адам әлі күнге дейін таза ауыз суға қол жеткізе алмай келеді. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) су ресурстары бойынша климаттық қызметтердің жай-күйі туралы соңғы есебіне сәйкес, суға байланысты тәуекелдер жоғары қарқынмен өсіп келеді. 2000 жылдан бастап су тасқыны – 134, құрғақшылықтың ұзақтығы 29 пайызға өскен.
Қазірдің өзінде мамандар жаhандық климаттың жылынуына байланысты 2050 жылға қарай Орталық Азияда су тақырыбы күрделі мәселе болатындығын болжап отыр. Негізгі өзендері көршілес мемлекеттерден бастау алатын Қазақстан үшін су мәселесі шешімін табуды қажет ететін стратегиялық басымдықтардың бірі екені анық. Елімізде ауылдар мен шалғай өңірдегі халқымызды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бағдарламалар жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Дегенмен жерасты суларының картасын жаңарту, бұл бағытта тиісті ғылыми зерттеулер жүргізу сынды атқарылатын мәселелер де баршылық.
Түркістан облысындағы елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары жанданады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне осы бағытта нақты тапсырмалар берді. Құрылысы мерзімінен кешікккен жобаларды сынға алып, жауаптыларға ауызша ескерту жасады. Ауыз су мәселесінде кемшілікке жол берген басшыларға қатаң тәртіптік шара көрілетінін ескертті.
Деректерге сәйкес, Қазақстандағы таза судың қоры 539 текше шақырымды құрайды. Мұның 190 текше шақырымы ел аумағындағы көлдерде, 95 текше шақырымы су қоймаларында, 101 текше шақырымы өзендерде, 95 текше шақырымы жер астында, 58 текше шақырымы таулар басындағы мұздақтарда шоғырланған. Елімізге сырттан келетін сулар негізінен өзендер арқылы қалыптасады. Мәселен, трансшекаралық өзендер арқылы бізге жылына Ресейден 8 текше шақырым, Қытайдан 19 текше шақырым, Өзбекстаннан 15 текше шақырым, Қырғызстаннан 3 текше шақырым су келеді екен. Яғни, өзендердегі 101 текше шақырым судың 45 текше шақырымы сырттан келетін болса, 56 текше шақырымы еліміздің өз ішінде қалыптасады.
Елімізде 2000 жылдардан бастап халықты ауыз сумен және су бұру қызметімен қамтамасыз ету бойынша мақсатты саясат жүргізіліп келеді. Нәтиже де жаман емес. 20 жылдың ішінде «Ауыз су», «Ақ бұлақ», «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында 48,2 мың шақырым инженерлік желі салынып, халықты сумен жабдықтау деңгейі 92,6 пайызға жетіп отыр. Дегенмен, алда қалған 7,4 пайыз халықты сапалы ауыз сумен қамту міндеті мемлекеттің алдында тұр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2025 жылға қарай мемлекет халықты сумен жабдықтау қызметтерімен 100% қамтамасыз етуге тиіс. Бұл – 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бағыттарының бірі.
Қазақстан су ресурсы тапшы елдер санатына жатады. Географиялық тұрғыдан алғанда, бізде табиғи су қоры өте аз және негізгі су ресурсының көзі шекаралас мемлекеттер аумағында орналасқан. Соған қарамастан, біз барлық қолжетімді су ресурсын бейберекет және үнемсіз пайдаланып отырмыз. БҰҰ мәліметінше, бүгінде 2,2 миллиард адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Сарапшылар елдің экологиялық жағдайы мен ұлттың әлеуметтік әл-ауқаты суды орынды тұтынуға тікелей байланысты екенін айтады. Орталық Азияның басқа республикаларымен салыстырғанда Қазақстан суды ең көп тұтынатын елдер қатарына кіреді. Worldometers мәліметінше, Қазақстан жан басына шаққандағы суды тұтыну бойынша әлемде 11-орында. Республика бойынша тәуліктік норма 3,5 мың литр. Салыстыру үшін Ресейде бұл көрсеткіш үш есе аз — бір адамға 1,3 мың литр, Германияда — 855 литр, ал Ұлыбританияда — небәрі 348 литр.
Ғалымдардың зерттеуінше 2025 жылға қарай су тапшылығын көретін адамдардың саны 5,5 миллиардқа дейін өседі деп болжануда. Бұл – әлем халқының үштен екі бөлігі ауыз суға зәру болады деген сөз. Соңғы жылдары жер бетіндегі халық санының көбеюімен әлемде су тұтыну көлемі де ұлғайған. Дүниежүзілік су жөніндегі комиссияның мәліметіне сүйенсек, бүгінде әр адам күніне 20-50 литр су құртады екен. Сондай-ақ әлемнің 28 елінде миллиардқа жуық адам осы өмірлік маңызды ресурсқа қол жеткізе алмай отыр. Ал 2,5 миллиардқа жуық адам орташа немесе ауыр су тапшылығын сезуде.
Маусым айында өткен елордадағы Астана халықаралық форумында (AIF) сарапшылар «Су тапшылығы проблемасы туралы креативті ойлау» тақырыбын талқылаған болатын. Жиында ВВС-дің бұрынғы журналисі Стивен Коул планетаның 70%-ын су алып жатқанын, бірақ оның 97%-ға жуығы тұзды, ал қалған 2%-ы мұздықтардың мұз қабатында қатып қалғанын айтты. Оның дерегінше, бүкіл әлемде 3,5 миллиард адам жылына кемінде бір ай су тапшылығы жағдайында өмір сүреді.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Қоршаған ортаны қорғау басқармасы директорының орынбасары және климат және жасыл қаржыландыру үйлестірушісі Матильда Меснар жаһандық климаттың өзгеруі мен экономикалық өсу аймақтағы су үшін қатаң бәсекелестікті одан әрі күшейтетінін айтты.
Форумға қатысқан эколог ғалым және Enactus Kazakhstan стратегиялық кеңесшісі Рэндалл Брюинз бірнеше инновациялық шешімдерді, соның ішінде су сүзгілерін өндіруде ауыл шаруашылығы қалдықтарын пайдалануды ұсынды. «Қазақстанда әрбір өзен бассейні үшін болмаса да, шекаралық суларды қорғау бойынша бірнеше жеткілікті сенімді шарттар бар екендігі қуантады. Қазақстан Үкіметінің жасыл экономика құру стратегиясы бар», — деді ол.
Судың қолжетімділігі мен қажеттілігін суды пайдалануды азайту, ластанған сулар мен жасыл Ауыл шаруашылығын сақтау үшін экожүйелер құру арқылы жеткізуге болатынын атап өтті. Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы суды аз қажет ететін дақылдарға, агрохимиялық жүктемелерді азайтуға, зиянкестер мен ауруларды кешенді бақылауға, сондай-ақ суару технологияларына қайта бағытталуы керек.
Сонымен қатар Менсар Матильда су тапшылығын шешудің төрт негізгі бағытын атап өтті. Олар су ресурстарын басқаруды өңіраралық үйлестіру, Орталық Азия елдері арасындағы су-энергетикалық инфрақұрылымның бірлескен инвестициялық жоспары, су секторы мен энергетикадағы институттар арасындағы өзара іс-қимыл мен синергияны нығайту. Сонымен қатар, ол Дүниежүзілік ресурстар институтының мәліметі бойынша суға қатысты 790 міндеттеменің төрттен бір бөлігі ғана қабылданғанын атап өтті. Жиында мамандар су шаруашылығы саласында білім берудің маңыздылығына кеңінен тоқталды.
Қорыта келе, сала ғалымдары суды қажеттілікке байланысты орынды қолданғанда тұщы су қорын 40%-ға үнемдеуге болатынын айтады. Тіпті, қазірдің өзінде елімізде 600 мыңнан аса адам таза ауызсуға зәру. Дегенмен тоқтаусыз ағып тұрған суды көрген жұртшылық келешектің қамын ойлауды ұмытқандай. Үнемшіл болмасақ, таза су беретін жаңа нысандарды іске қосқанмен, тапшылықты жоя алмайтынымыз анық.
Еліміздің барлық елді мекенінде таза су қолжетімді болуға тиіс – бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы. Ел Президенті Қ.Тоқаев өз Жолдауында 5 жылдың ішінде қалалар мен ауылдарды 100 пайыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысының халықты таза ауыз сумен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлуі түсінікті. Өйткені ауыз судың сапасы ел тұғындарының денсаулығына тікелей әсер етеді. Жалпы, елімізде халықты таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы, одан соң 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы жүзеге асырылды. Ал 2021 жылдан бастап бұл мәселе «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының аясында шешімін тауып келеді.
Түбі адамзат баласы таза су тапшылығымен бетпе-бет келуі мүмкін. Яғни ғаламшар тұрғындарының тіршілік нәріне деген сұранысы уақыт өткен сайын еселеніп отыр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, облыста халықты ауыз сумен қамтуда кезең-кезеңімен жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олай болса, 2025 жылға қарай облыс тұрғындары толықтай сапалы ауыз суға қол жеткізетін болады деп сенеміз. Бастысы – қолға алынған шаралардың нәтижелі жүзеге асуы маңызды.