Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Тұжырымдамаға сәйкес елімізде ылғал үнемдеу технологияларын 1,4 млн. гектарға ендіру қарастырылған. Оның ішінде Түркістан облысы үлесі 16 % немесе 216,3 мың гектарды құрайтын болады. Қазіргі таңда, Түркістан облысында ылғал үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға орналастырылған. Айта кетейік, жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын еліміздегі тұңғыш зауыт Түркістан облысы Сауран ауданында іске қосылды. Түркістан маңындағы өндірістік паркте құны 4,1 млрд. теңгені құрайтын жылына 1000-ға жуық жаңбырлатып суғару машиналарын шығаратын зауытының бастапқы кезеңі іске қосылды. Ағын су шығынын төмендету бағытында облыста су үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға енгізілген. Тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын ендіру көлемін 216,3 мың гектарға жеткізу қарастырылып отыр.
Қазіргі таңда Сауран ауданында орналасқан өндірістік парк аумағында «BNK GROUP LTD» ЖШС бастамасымен жаңбырлатып суару жабдықтары және трактор өндірісі жобасы жүзеге асырылуда. Жобалар облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қытайға жұмыс сапары нәтижесінде жүзеге асты. Жобаның жүзеге асырылуы бірнеше кезеңдерден тұрады, жалпы құны 11,5 млрд теңгені құрайды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған өндіріс орнына арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Инвестормен жүздесті.
– Түркістан қаласы маңында өндірістік парк ашылып, жұмысын бастады. Біз өз тарапымыздан кәсіпкерлерге, инвесторларға инфрақұрылым, браунфилд ұсынамыз. Жұмыс орындарын, өзіндік кіріс көздерін көбейтуге басымдық берілуде, – деді Дархан сатыбалды.
Аталған компанияға Сауран ауданындағы өндірістік парктен арнайы жер, браунфилд берілген. Жобаның 1 және 2-кезеңдері бойынша жаңбырлатып суару жабдықтары шығарылып жатыр. Жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын зауыттың жалпы құны – 4,05 млрд теңге. Жоба қуаттылығы – жылына 950 жаңбырлатып суару жүйесі. Бұл техника америкалық технология негізінде жүзеге асырылып жатыр. «BNK GROUP LTD» ЖШС жобаларының 3-кезеңіне де қарқынды дайындалуда. Мұнда ауыл шаруашылығы техникалары мен трактор шығарылмақ. Жобаның жалпы құны – 7,0 млрд теңге. Мұнда қазір жергілікті 50 адам жұмыспен қамтылған.
Сумен қамтасыз етуді салыстырмалы түрде қарастырсақ, Қазақстан аумағында 39 мың өзендер мен уақытша су ағындары, су айдынының жалпы ауданы 45 мың шаршы шақырымды құрайтын 48 мыңға жуық көлдер бар. Республиканың оңтүстігі мен шығысында 95 текше шақырым судың қоры жинақталған мұздықтардың белдеуі бар. Бұл өз кезегінде еліміздің барлық өзендерінің ағынының жылдық көлеміне теңбе-тең келеді. Осының барлығын есептей келгенде Қазақстанның сумен қамтамасыз етілуі 1 шаршы метр шақырымға 37 мың текше метрді құрайды, сондай-ақ жылына бір адамға 6,0 текше метрден келеді. Су аз болған жылдары сумен қамтамасыз етудің деңгейі қажетті көлемнің 60 пайызын, ал бөлек өңірлер бойынша 5-10 пайызды құрайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу»,-деп айтқан болатын.
Осыған орай, қазіргі таңда Сауран ауданында 12 гектар жылыжай салынып, тапсырма 100% орындалды. 14 агроқұрылым қосымша 110 гектарға тамшылатып суғару әдісін өндіріске енгізіп, тапсырма 110%-ға орындалып отыр.
Облыста су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындарды ашу инвестициялық жобалары жүзеге асуда. Бұл мәселеге байланысты сала мамандарының да пікірін ескереміз. Сала мамандарының айтуынша, Қазақстан аумағы ТМД-ның еуропалық және сібірлік бөліктеріндегі республикалармен салыстарғанда су ресурстарына біршама жұтаңдау. Ауызсу тапшылығы бізде экологиялық және экономикалық проблема болып табылады. Мәселен халық пайдаланатын ауызсудың көзі ретінде табиғи су қоймалары, өзендер мен көлдер қарастырылады. Осылардан су жинақталады және ол тазартылып, кейіннен таза су ретінде пайдаланылады. Сіз айтқан мәселелерді шешу үшін су қоймалары мен суды тазарту жабдықтарынан бастап сумен қамтамасыз ететін нысандарға дейінгі құрылыс нысандары, яғни бірнеше шақырымға созылған су құбырлары салынады. Осы орайда айта кетерлігі, өткен ғасырда салынған су құбырлары жүйесінің және ауызсумен қамтамасыз ету нысандарының бүгінде 60 пайызының тозығы жеткен. Бұның салдарынан құбырлардың жиі жарылуы, жеткізілетін су сапасының төмендігі орын алып жатады. Кейде судың сапасы санитарлық талаптарға сай келмейтін жағдайлар да кездесіп отырады. Бүгінде ауызсумен қамтамасыз ету секторын сауықтыруға ауқымды қаржы қажет. Жалпы алғанда таза су саласында қордаланған проблемалар баршылық. Осындай бірқатар мәселелердің шешімін тауып, бірқатар жұмыстар атқардық.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында ауыл шаруашылығындағы ахуалдың еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін үнемі ескертіп келеді. Осынау стратегиялық міндетті шешу жолдарының бірі – саланы дамытуға кең жол ашатын шаруалардың өзара ұжымдасуы. Қанатқақты жобаларды жүзеге асыру барысында оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген.
Мемлекет басшысы атап өткендей, әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, озық технологиялар кеңінен қолданылса, мол өнімге қол жеткізері сөзсіз. Осыған орай агроөнеркәсіп кешені алдына жаңа талаптар қойылды. Жердің құнары, су ресурсы, суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер бірізділендіріліп, іс-тәжірибелер жан-жақты насихатталса, үйлесімді де ырғақты жұмыс істеудің барлық мүмкіндіктері туары анық. Оның нақты мысалын біздің шаруашылықтан көруге болады.
Өздеріңізге белгілі, Қазақстанның әрбір өңірінде су қоймалары салынып, 100 миллион гектарға жуық жерге су жеткізілген. Нәтижесінде суармалы егістік көлемі 2172 гектарға ұлғайған. 1990 жылға дейін 54 мың гидротехникалық нысандар салынған. Өкінішке қарай тәуелсіздік алған жылдары кеңес өкіметінің кезіндегі 730 мың гектар көлтабанға шейін талан-таражға түсіп кетті. Қазір сол олқылықтардың орнын толтыру үшін атқарылатын шаруа шаш етектен асады. Мелиорацияның ауыл шаруашылығына пайдасы көп. Бүгінгі күннің басты тақырыбына айналған су үнемдеу мәселесін шешуге септігі тиеді. Арабтар да сайын сахарасын суландырып, егіншілікпен айналыса бастады. Демек, қалауын тапса қар жанады. Ал, бізде су құмға сіңіп кетіп жатыр.
Үкімет су тапшылығын азайту үшін жаңадан 20 су қоймасын салмақшы. Құрылыс 2024-2030 жылдарға арналған су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына сай жүргізіледі.
Жылдың жағымды жаңалығы осы жауапты іспен арнайы айналысу үшін Президент Жарлығымен Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Сол сияқты Су Кодексіне де өзгертулер енгізіліп жатыр.
Президент тапсырмасы бойынша жерасты суларын пайдалану аясы кеңейтілмек. Ұлттық гидрологиялық қызметі құрылмақшы. Олар жерасты суларына мониторинг жүргізіп, іздестіру-барлау, гидрологиялық ұңғымаларды жоюмен айналысады.
Министрліктің мәліметінше, елімізде 13 мыңнан аса су шаруашылығы нысаны бар. Оның 352 су қоймасы, қалғаны су тораптары, бөгеттері мен тоғандар. 6 629 нысан — республикалық, 6 007 — коммуналдық, 528 — нысан жекеменшікте болса, қалған тоғызы егесіз екен.
Негізінен су көздерін жекеменшікке беруден сақ болу керек. Өйткені, ауыл маңдарындағы өзен, көл, құдықтарды иеленіп алғандар жергілікті жұртшылықты тіршілік нәрінен қасақана тарықтырады. Мұндай жағдайда су ортақ қазына болғандықтан жекеменшікке берілген ортақ нысандарды мемлекет қарамағына қайтару қажет деп есептеймін. Айдың-күннің аманында суға талас болмау керек.
Оңтүстік облыстарда бос жатқан жер жетерлік. Себеп — топырақ тұзды не құмды. Жалағаштан бастап жер жалаңаштанып қалған. Күре жолдардың бойынан көлеңкелейтін тал таппайсың. Бәлкім, біздің ғалымдарға да сахараны көгертіп жатқан арабтар сияқты жаңа технологиялар ойлап тауып, жарамсыз жерлерді кәдеге жарататын әдістерді енгізетін кез келген шығар. Су жоқ деп ну ормансыз отыра берген жарамас. Ауыл шаруашылығы алқаптарында суды үнемдеу үшін жаппай тиімді технологияға көшіріледі. Ол үшін тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарына арналған шығындарды субсидиялау 50 пайыздан 80 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Тамшылатып және жаңбырлатып суғару арқылы 1,5 мың текше шақырымға дейін су үнемдеуге болады. Судың да сұрауы бар дегендей. Пайдаланылған судың ақысын төлеу керек. Бұл жүйеден егістіктер де шет қалмауы тиіс. Суға төлем бүкіл әлемде жасалады.
Елімізде ауыл шаруашылығы саласында қолданылып жатқан озық технологияның бірі – тамшылатып суару. Соңғы жылдары ауданымызда жаңа технологияны тиімді пайдаланып, өнім көлемін арттырып жүрген шаруалар қатары артып келеді.
Бұрын шаруалар көктемгі жаңбыр суынан кейін бір рет қана өнім алатын болса, қазіргі технология бойынша жаңбырлатып және тамшылатып суару әдістерін қолдану арқылы бір жылда екі-үш рет өнім алуға қол жеткізіп отыр. Әсіресе, жаңбырлатып суару әдісінің арқасында бұрын игерілмей бос жатқан жерлер айналымға қосылуда. Бүгінгі таңда су үнемдеу технологиялары енгізілген аудандар көбеюде. Бұл өз кезегінде су мен қоректік заттарды нақты беру арқылы өнімділікті арттыруға ықпал етеді. Жыл сайынғы өсімге инвестициялық субсидиялау ықпал етеді. Оның аясында фермерлердің қазіргі заманғы суару жүйелерін сатып алуға, сондай-ақ су алу және беру үшін барлық қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50%-ы өтеледі.
Қазіргі таңда елімізде жаңа технологияны тиімді пайдаланып, өнім көлемін арттырып жүрген шаруалар аз емес. Бұрын шаруалар көктемгі жаңбыр суынан кейін бір рет қана өнім алатын болса, қазіргі технология бойынша жаңбырлатып және тамшылатып суару әдістерін қолдану арқылы бір жылда екі-үш рет өнім алуға қол жеткізіп отыр. Әсіресе, жаңбырлатып суару әдісінің арқасында бұрын игерілмей бос жатқан жерлер айналымға қосылып жатыр.
Айта кету керек, суармалы судың жетіспеушілігі проблемалы мәселе болып отыр. Сонымен қатар суды ысырап етуге жол берілмеу керек. Фермер үшін шешім – су үнемдейтін технологияларды енгізу болуы керек. Егер мұндай технологияларды енгізетін фермер үшін «оң шешім» инвестициялық субсидиялаудың жоғарылауы болса, онда «теріс шешім» суға жұмсалатын шығындар артады. Мысалы, қазіргі уақытта су беру қызметтерін өтеу бойынша субсидияны суару әдістеріне қарай саралау бойынша жұмыс жүргізілуде. Яғни субсидияларды бұрынғы деңгейде тек су үнемдеу технологияларын қолданатын фермерлер ғана алатын болады.
Серіктес компаниямен келісім шарт түзіліп, арнайы техникалар сатып алынған. Қазіргі таңда, ауыл шаруашылығы техникалары, дән сепкіш құрал жабдықтар мен тамшылатып суару технологиясының кешені жеткізілген. Егіндік аймақта 5 дана тік дренажды ұңғымалар қазылып, электр бағаналары орнатылған. 133 гектарға мақта егілген соң, жер үсті шлангаларын төсеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Бүгінде бірқатар шаруа қожалығы осы әдіске көшкен. Арнайы құрылғылар арқылы жасалатын бұл жүйенің тиімділігі көп: тыңайтқыш көлемі 5-6 есе азаяды. Есесіне мол өнім алуға болады. Ең бастысы, су үнемделеді. Мамандардың айтуынша, жаңбырлатып суару технологиясы арқылы дақыл түріне қарай өнімділік 2-4 есеге дейін артады. Әрі суды екі-үш есеге дейін үнемдейді. Жаңбырлатып суарудың тиімділігін түсінген шаруалардың қатары да күн санап көбейіп келеді. Сондай-ақ, осы әдісті пайдалана отырып, диқандар жазық жерде тек мал азығы дақылдарын ғана емес, жаңа технологияның көмегімен көкөніс, бақша дақылдарын да өсіре алады. Бұл халықтың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына да зор серпін береді. Алайда мамандар ауыл шаруашылығын дамыту үшін озық технологияны пайдалану көрсеткішін көтеру керек дейді.
Осы орайда тамшылатып суару және жаңбырлату технологиясын дамытуға отандық өндірушілер қандай үлес қосып отыр деген сұрақ туындайды. Жалпы, суару жүйесіне арналған құрал-жабдық өндіретін қандай компанияларды білеміз? Вице-премьер отандық кәсіпорындарды атап, оларға мүмкіндігін арттыру керегін айтты.
«Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауында мемлекет пен бизнес арасындағы табысты әріптестіктің бұл үлгісін атап өтіп, негізгі азық-түлік өнімдері бойынша елдің импортқа тәуелділігін төмендету үшін оны ауыл шаруашылығының басқа салаларында қолдануға тапсырма берді. Биыл Үлкен жоба бойынша көкөніс сақтау қоймаларын, құс фабрикаларын салу мен суару, мал шаруашылығы жобаларын іске асыруға 100 млрд теңге көлемінде қаржыландырудың екінші траншы бөлінді. Бүгін біз кеңеске жұмыс істеп тұрған және әлеуетті отандық суару жүйелеріне арналған жабдықтарды өндірушілерді, суару жобалары бойынша тәжірибесі бар фермерлерді шақырдық. Жаңбырлату техникасы мен тамшылатып суару жүйелерін таңдау кезінде отандық өндірушілерге артықшылық беру қажет. Бізде Metzer Kazakhstan, BNK irrigation, Samal commodities, «Келет» АҚ сынды табысты кәсіпорындар бар», — деді Серік Жұманғарин.
Осы орайда вице-премьер министр атап өткен Metzer Kazakhstan кәсіпорнына тоқтала кетейік. Metzer group тамшылатып суару жүйесіне қажет құрал-жабдықтар шығарады. Кәсіпорн Қазақстанда METZER Kazakhstan халықаралық брендін қалыптастырған. Тамшылатып суару жүйесі бойынша Израильдегі ең үздік өндірушінің бірі саналатын кәсіпорын нарықта 1970 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Metzer Kazakhstan 2014 жылдан бері Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан нарығында қызмет етіп, ауыл шаруашылығындағы күрделі мәселені шешуге атсалысып келеді. Мәселен, Metzer Kazakhstan кәсіпорны шығарған тамшылатып суару технологиялары кез келген дақылға, топырақ түріне, су сапасы мен климатқа арналған.
Құрал-жабдықтар Израиль, Италия, АҚШ, Португалия елдерінде шығарылады. Кәсіпорынның суару технологияларына сұраныс жақсы. Айта кетерлігі, компания көтерме және бөлшек саудамен айналысады. Кәсіпорын мамандары тұтынушының ұсынысын қабылдаған соң алдымен егістікке барып, шолу жасайды. Аумақты өлшеп, су алатын жерді белгілейді. Шығынды, қажет материалдарды есептеп, ары қарай суару жұмысын бастайды. Кәсіпорын мамандары тамшылатып суару технологиясының пайдасы зор екенін айтады. Бұл әдіс судың ысырап болмай, қажет жерге баруына, егінді ерте жинауға, мол өнім алуға септігін тигізеді. Сонымен қатар топырақ эрозиясының алдын алып, арамшөптің көп таралуына жол бермейді.
Мемлекет басшысы “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” Жолдауында ел экономикасын жүйелі түрде өркендетуге су тапшылығы қатты кедергі келтіріп отырғаны, мәселенің ширыққаны соншалық, оның ұлттық қауіпсіздікке айналғаны ашық айтылды. Сырттан келетін су барған сайын азайып барады. Оның өзін ысырапсыз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыра түскен. Тіпті судың 40 пайызы құмға сіңіп кететін көрінеді. Бұл салада басқа да түйткілді жайттар аз емес. Мәселен, инфрақұрылым әбден тозған. Автоматтандыру мен цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыруға, білімді сарапшыларды жұмысқа тартуға, су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеуге нақты тапсырмалар берді. Деректерге жүгінсек, республика аумағының 29 пайызы – далалық, 44 пайызы шөлді аймаққа жатады. Яғни жердің жартысына жуығы шөлді және шөлейтті деген сөз. Осы себепті ауа райының ерекшелігі мен топырақ құнарлылығына қарай әр өңірдегі егістік алқаптарының көрсеткіші әрқалай. Шет мемлекеттерде тамшылатып суару әдісі кеңінен енгізілген. Өкінішке қарай елімізде әлемдік озық тәжірибелерді өндірісте қолдану әлі де көңіл көншітпейді. Көбіне жаңбырлатып суарумен шектеледі.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында агросектор саласында еңбек өнiмдiлiгiн арттыру мiндетiн қойғаны белгілі. Сондықтан дала төсінде жүрген егіншілер бүгінгі күнгі ең озық технология саналып жүрген тамшылатып суару әдісіне арқа сүйеп отыр.
Шыны керек, бүгінде аудандағы бірқатар шаруа қожалықтар осы әдіске көшіп үлгерді. Су үнемдеу технологияларын егістікке ендіріп, өнімділікті арттыруда Сауран ауданының тумасы Жеңісхан Тойбеков «Тауекел Агро» шаруа қожалығының иесі су үнемдеу технологиясына жаппай көшуде. Жаңа технологиямен қарқынды жұмыс жасалынып жатқанын бақылаған аудан басшысы Мақсат Таңғатаров егістік алқабына арнайы барды. Бүгінде 210 гектарға жаңбырлатып суару әдісі арқылы Плата жоңышқа тұқымын егу жұмыстарын бастаған. Алдағы жылда егін аумағын 500 гектарға ұлғайтуды жоспарлауда. Егістік алқабына сегіз скважина қазылған. Жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға 50% — дан 80% — ға дейін техника шығындары мемлекет тарапынан субсидияланған. Бұл технология арқылы шамамен 2,1 текше метр шақырым суды үнемдеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін 1,5 — 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Тамшылатып суару – суды жіңішке құбырлар арқылы өсімдіктің тамырына жіберу немесе жердің үстіңгі бөлігіне суды бұрқасындатып шашу арқылы жүзеге асырылады. Бұл өткен жылғы су тапшылығының алдын алуға бағытталған тәсілдердің бірі десек те болады. Әрине, істің көзін тапқан адам кез-келген кәсіптің қиюын да келістіре алады. Мұны «Тәуекел Агро» шаруа қожалығының жұмыстарынан аңғардық.