Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Оны үнемдеп пайдалану керек. Бұл жаңа тұрмыстық мәдениетке айналуы қажет. Жалпы, бұл – үй шаруасына ғана емес, тұтас экономикаға ортақ талап. Қазір суды оңды-солды пайдалануға мүлде болмайды. Үкімет энергетикалық тиімділік саясатын түбегейлі қайта қарауға тиіс. Онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары ескерілуі керек»,-деген болатын.
Осыған орай саурандықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру бойынша ағымдағы жылы коммуналдық сала бойынша 84 жоба әзірленуде. Оның 60-ы меморандум арқылы қазіргі таңға 44 жобаға сараптаманың оң қорытындысы алынды.
Қазіргі заманда коммуналдық, өндірістік және ауыл шаруашылығы салаларында суды пайдалану мен тұтынудың қажеттілігі орасан артып отырғаны белгілі. Жер бетіндегі халық тұтынатын барлық судың 22 пайызы тек тұрмыстық қажеттіктерге жұмсалады екен. Орта есеппен алғанда дүниедегі әр адам күніне 150 литр суды пайдаланады. Су ресурсы – халықтың таусылмайтын өмірлік қазынасы. Егер оны есеппен, ұқыпты әрі үнемді пайдаланып отырсақ, жауын-шашын, қар, т. б. жерүсті, жерасты суларымен қайта толығып, толысып отырады. Алайда, бұл тепе-теңдік бұзылған жағдайда, бүгінгі кейбір елдердегі, мемлекеттердегі сияқты су тапшылығы туындайды. Соңғы 30 жылда дүниеде су ресурстарын пайдалану тым артып кетті. Бұл халық тұрмысының өсуімен, тұрмыстық техникалардың (ыдыс, кір, автокөлік жуу машиналары, бақ пен бақша суару машиналары, дәретханаға жұмсалатын су, т.б.) көбеюімен де байланысты. Мысалы, 1900 жылмен салыстырғанда Америкада (АҚШ) суды пайдалану 1000 пайызға өсіпті. Дамып келе жатқан елдермен салыстырғанда америкалықтар суды 10 есе көп пайдаланады екен. Қазіргі уақытта суды ысырапсыз, үнемді, тиімді пайдалану жер-жерде жүзеге асырылып келеді, әсіресе, бұл суға тапшы елдердің қолға алып отырған жұмысы. Осыған байланысты арнайы бөгендер жасалып, ондағы сулар қажетіне қарай пайдаланылып отырады. Бөгендер, су қоймалары өзен суын реттеп, артығын су қорына жинақтайды. Ондай су қорларының жанынан әдетте су электр стансалары салынып, электр қуаты өндіріледі. Ал су қоймаларының, бөгендердің жағалаулары табиғатының ыңғайына қарай саяжайларға, халықтың сүйіп демалатын орындарына айналып жатады. Жетісу жеріндегі Қапшағай бөгені осының жарқын мысалы бола алады. Дамыған елдерде жерасты суларының қоры да зерттеліп, оның орналасу карталары жасалған. Жерасты суларын жоспарсыз, келеңсіз пайдалану топырақты құрғатып, құнарын жояды. Сондықтан көптеген Еуропа елдерінде, Америкада өзендердің артық суларын арнайы жасалған жерасты су қоймаларына жинақтайды. Суларды үнемді пайдаланудың тағы бір тәсілі – бұрын пайдаланылған суды тазартып, өндірісте қайта іске қосу. Әрине, бұл жұмыс қосымша күрделі шығындарды қажет етеді, сондықтан көпшілік кәсіпорындар өндірісте пайдаланған су қалдықтарын өзен, теңіздерге төгіп тастап жатады. Адамдар әлі суды үнемді пайдалануға жөнді мән бермей келеді. Мысалы, бау-бақшаларға су шашатын көпшілік су бүрку құралдары сағатына 1000 литр су жұмсайды екен. Бұл төрт адамнан тұратын отбасының бір тәулік бойы пайдаланатын суымен пара-пар. Сондықтан көп елдерде бау-бақшаларды суару жұмысын билік орындары қадағалап отырады. Суды үнемді жұмсаудың, тұтынудың тағы бір жолы – тұрмыста қолданатын судың бағасын көтеру. Қазір көпшілік елдерде біздің елдегі сияқты үйлерге тұтынған судың көлемін өлшейтін есептеуіш аспаптар орнатылған. Зерттеулерге қарағанда, үйлерде пайдаланылатын су мөлшері осыдан кейін 22 пайызға азайған. Көл, су қоймаларының бетіндегі судың үлкен бөлігі жыл сайын, әсіресе, құрғақ, ыстық аймақтарда буға айналып отыратыны белгілі. Ғалымдар қазір су бетінің булануын азайтатын арнайы заттардың технологиясын жасап, оны су бетіне тозаңдатқыш арқылы шашпақ. Бұл судың булануын анағұрлым азайтатын көрінеді. Жер бетіндегі халықтың жылдан-жылға көбейіп, олардың суға деген қажеттілігінің артуы көптеген елдерде су тапшылығын тудырып отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығына пайдаланылатын өзен сулары жетіспей жатады. Осыған байланысты ғалымдар ағынды суларды шаруашылықта пайдалану жолдарын зерттеп, оны жүзеге асыра бастады. Қазақстанда бұл жұмыс 1969 жылдан жүргізіліп келеді. Республика Үкіметі 1985 жылы ағынды суларды тиімді пайдаланып, мал азығы мен техникалық дақылдарды, шабындықтар мен ағаш, орман-тоғайларды суландыру жұмысын дамыту туралы арнайы бағдарлама қабылдады. Қазіргі кезде Қазақстан қалаларында жыл сайын 8,5 млрд. м3 ағынды су түзіледі екен. Тек Алматы қаласы ғана секунд сайын 6,5-7 м3 су пайдаланатын көрінеді. Қала халқының жыл санап өсуіне және жеке секторлардың, үйлердің қалалық ортақ кәріз жүйесіне қосылуына байланысты ағынды сулардың көлемі жақын жылдардың өзінде 20-30 пайызға өсуі мүмкін деп топшылайды ғалымдар. Сондықтан ағынды суларды қайта өңдеп (утилизациялап) оны тиімді пайдалану бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Ол үшін, біріншіден, пайдаланудан шыққан ағынды суларды қайта өңдеп, тазартып, жақын су қоймаларына жинақтау қажет. (Бұл тым қымбатқа түседі). Екіншіден, ондай суларды әуіттерде жинақтап, егістікте пайдалану. (Бұл әдістің экологиялық қаупі бар). Үшіншіден, ағынды суды өзен суына апарып қосу керек. (Өзен суының тапшылығына байланысты). Төртіншіден, жаз айларында арнайы дақылдар түрлерін суаруға пайдаланып, қыста ағынды суларды әуіттерге жинақтаған дұрыс. Көп елдерде осы соңғы әдіс көбірек пайдаланылады. Қазақстандағы ағынды сулармен суарылатын жер көлемін 2005 жылы 142 400 гектарға жеткізу жоспарланған еді, ол жүзеге аспай қалды. Біздің елімізде ағынды суларды ең көп, тиімді пайдаланған жылдардың өзінде көлемі 48-50 мың гектардан аспаған екен. Ал қазір бұл көрсеткіштің өзі екі есеге қысқарған. Ғылыми-зерттеулердің нәтижесі жер суаруға ағын суларды пайдаланған жағдайда мал азығы мен техникалық дақылдардың өнімділігі өзен суымен суарылғандағыдан 30-50 пайызға дейін артатынын анықтап отыр, әрі топыраққа сумен бірге органикалық, минералды тыңайтқыштар, микроорганизмдер мен микроэлементтер де барып, оның құрамын жақсартады. Алайда, ағынды суларды пайдаланғанда әрқашан олардың химиялық құрамын, топырақты бақылап отыру қажет, өйткені, пайдаланылған ағынды сулардың құрамында күрделі химиялық және косметикалық өнімдер мен заттар (препарат) болады, олар ауылшаруашылық өнімдері мен жерге зиянды әсер етеді. Сондықтан ондай өнімдерді тек мал азығына қосымша ретінде ғана пайдалануға болады. Егер еліміздің қалаларындағы ағынды сулардың кұрамында 11 мың тонна азот, 6 мың тонна фосфор және 9 мың тонна калий болса, бүгінгі күні 400 мың гектар жерді суландырып, әрі тыңайтып, тұрақты жоғары өнім алуға болар еді деп есептейді ғалымдар. Қазіргі нарықтық қатынастар кезеңінде құрамы түрлі минералды заттарға бай мұндай ағынды суларды халық шаруашылығында пайдалану экономикалық жағынан өте тиімді болары сөзсіз.
САПАЛЫ АУЫЗ СУ – ӨМІР ӨЗЕГІ
Су – жер бетіндегі тіршілік көзі, күнделікті тұрмысқа қолданылатын ауыз су көзінің тазалығына, оның сапасына аса көңіл бөгеніміз абзал.
Халықты сапалы ауыз сумен қамту кезек күттірмейді. Қазіргі таңға ауданды ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 92,0 пайызды құрайды. 33 елді мекеннің 32-і ауыз су құбырымен қамтылған. Ағымдағы жылы Егізқара елді мекеніне «кешенді блок модуль» қондырғысын орнатуды жоспарлап отырмыз. Ойық елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысы аяқталып, нысан пайдалануға берілген.
Сонымен қатар, Ескі Иқан, Шорнақ, Қосмезгіл, С.Қожанов елді мекендеріне 4 жоба әзірленіп, республикалық бюджетке 8,8 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды. Ал, Еңбекші Дихан елді мекенінің жобасы сараптамаға жолданды. Қараша айында 29 елді мекенге тозығы жеткен 68 дана су сорғылары алынып, орнатылды. Қосымша барлық елді мекендегі ауыз су орталықтарына әктеу-сырлау жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, су адам денсаулығының кепілі екені рас. Қоғамдық өндірістің жедел дамуы, қалалардың урбанизациясы, халық санының тез өсуі, қоғамның тұрмыс жағдайының жақсаруы, халықтың мәдени деңгейінің өсуі, осының бәрі-судың қажеттілігін өсіреді. Сондықтан қолданылатын су экологиялық жағынан қауіпсіз болуы керек. Ішетін су барлық санитарлық тазалық сақтау талабына сай болған жағдайда ғана өзінің физиологиялық қызметін орындай алады. Тазалығы жөнінен су мөлдір, иісі, дәмі жоқ болып, ең бастысы құрамында ағза үшін зиянды химиялық заттар және ауру туғызатын микробтар болмауы тиіс. Сонымен қатар адам үшін судағы еріген химиялық заттардың құрамы мен мөлшерінің мәні зор. Химиялық элементтердің мөлшеріне қарай кейбір су көздерінің емдік қасиеттері де бар. Суды емдеу орындарында екі түрлі жолмен ауыз суы ретінде және шомылатын су ретінде пайдаланады. Табиғатта судың орнын ауыстыратын зат жоқ. Қорыта айтқанда судың тазалығын сақтау –бүкілхалықтық іс екенін ұмытпауымыз керек. Ауызсу – бірінші қажеттілік және біздің байлығымыз. Қазақта «су ішетін құдығыңа түкірме, кейін одан су ішерсің» деген бар. Судан адам баласына келетін пайда көп. Оны тиімді пайдалану, таза ұстау – баршамыздың абыройлы борышымыз.
ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІҢ ҮШТЕН БІРІ ҒАНА ГАЗБЕН ҚАМТЫЛҒАН
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек. Елімізде 6,5 мыңнан астам ауылдық елді мекен бар. Халықтың 40 пайыздан астамы сонда тұрады. Солардың 85 пайызы негізгі елді мекендерде немесе жақын маңдағы серіктес ауылдарда қоныстанған. Үкімет өңір әкімдерімен бірлесіп, тіректі елді мекендерді дамыту мәселелерін мұқият қарауы керек. Олар лайықты инфрақұрылымға және заманауи талаптарға сай жаңғыртылуы қажет. Бұл үшін, әрине, жайлы жолдар, қолжетімді байланыс пен интернет, заманауи білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары қажет», – деген еді.
Әрине, ауылдың әрбір мәселесі шешімін тауып, мұндағы елдің еңсесі көтеріңкі болса, болашақ та баянды. Ежелгі мекеннің мұңы тарқаса, бұл да егемендіктің ерен көрінісінің бірі. Осы бағытта ауданымызда атқарылған оңды істер көңіл қуантады. Қазіргі таңда ауданның газбен қамтамасыз ету деңгейі 31,4 пайызды құрайды. Ауданда 10 елді мекенге табиғи газ құбыры жүргізіліп, 8 елді мекен табиғи газға қосылды. Олар Нұртас, С.Қожанов, Жалаңтөс, А.Үсенов, Шаға, Қазақстан 30 жылдығы, Ескі Иқан, Бершінтөбе ауылдары. 2 елді мекендегі ішкі газ құбырларын газға қосу жұмыстары жүргізілуде.
Үш жыл бұрын мемлекеттік жекешелік әріптестік арқылы жүргізілген 2 елді мекендегі ішкі газ құбырларын 2 ай көлемінде табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілетін болады. Оның ішінде Ибатада 1850 абонент жеткізуші газ құбырына ауамен сығымдау және ақауын анықтау жұмыстары жүргізілуде. 44 көшенің 14 дайын. Ойық — 40 абонент жұмыстары басталмаған.
Сонымен қатар, Оранғай, Қарашық, Жүйнек ауылдық округтеріне магистральды және ішкі құбырларына жобалар әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба құны – 16,5 млрд. теңге құрайды. Магистральдың жоба құны – 5,6 млрд теңгені құрайды. Ал, Шорнақ ауылдық округіне магистральды газ құбырына жоба әзірленіп, сараптамаға жолданды.
2024 жылы Бабайқорған, Майдантал, Жібек Жолы ауылдық округтеріне магистральды газ құбырына жоба әзірлеу басталуда. Алда тұрған жоспар ауқымды, жұмыс қарқынды. Осының нәтижесінде күн өткен сайын ауылдықтардың ахуалы жақсарып келеді.
«БАСТАУ БИЗНЕСПЕН» МЫҢДАҒАН АДАМ САБАҚ АЛДЫ
Сауран ауданында аз қамтамасыз етілген және мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйелі түрде көрсетілуде. Өткен жылы 629 отбасындағы 3938 адамға атаулы әлеуметтік көмек төленіп, кедейлік шегі шеңберіндегі азаматтар саны аудан халқының 3,9%-ын құрады. Көмек алған отбасылардың 1202 балаларына қосымша қаржылай төлем жасалынды.
«2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның» еңбек бағытында өткен жылы 7998 азамат жобаға қатыстырылды. Оның ішінде: жастар практикасына — 550, ақылы қоғамдық жұмысқа — 1158, әлеуметтік жұмыс орындарына — 272, алғашқы жұмыс орындарына — 68, «Күміс жас» жобасына — 122 адам жолданды. Тұрақты жұмыспен 2287 азамат қамтылды. «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне 972 азамат оқытылып сертификат алды. Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға 100 азаматқа мемлекеттік грант берілді. Жастарға өз кәсіптерін ашуға 14 адам жеңілдетілген шағын несиемен қамтылды.
ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢҒЫРТУДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ
Сауран ауданы бойынша электрмен қамту жүйесінің тозығы жеткені жасырын емес. Көптеген ауылдардағы электр бағандары әбден ескірген. Электр қуаты бойынша мониторинг жүргізу барысында 32 елді мекендегі электр желілері мен бағаналары 70-ші жылдары салынып, тозығы жеткендігі байқалды.
Осы бойынша қазіргі таңда, 32 жоба әзірленіп, 17 жобаға сараптаманың оң қорытындысы алынды. Оның барлығы республикалық бюджетке ұсынылды. Мұның бағасы 5.7 млрд. теңгеге жетпек. Ал қалған 15 жоба әзірлену үстінде. Сонымен қатар, ағымдағы жылы бюджет есебінен 39 дана трансформатор орнатылды және 2024 жылға 20 данасын алу жоспарлануда.
Айта кетейік, Қазақстанда электр жүйесіне жаңғырмалы энергия көздерін кіріктірудің бірнеше проблемалары бар. Біріншіден, бізде көмір электр стансаларының саны көп. Оның мүмкіндіктері электр жүйесіндегі қуаттылық балансын сақтап тұру үшін жеткіліксіз. Ал электр желісін тарату мен тұтыну деңгейі сәйкес болмаса, электр қуатының балансы бұзылады. Екіншіден, ел аумағы бойынша энергия ресурстарын бөлуде біркелкілік жоқ. Яғни, электр энергиясы бастапқы нүктеден тұтынушыға жету үшін өткізу қабілеті шектеулі ұзын желілер арқылы өтеді.
Тағы бір айта кетерлігі, электр желілерінің артуы электр энергетикалық жүйе құрылымын күрделендіре түседі. Сол себепті компания атқаратын бірнеше міндеттер айқындалған. Солардың бірі – күн және жел электр стансалары көбейген жағдайда электр желілерінің жұмыс сенімділігін қамтамасыз ету. «Жаңғырмалы энергия көздерін пайдалану – әлемдік тренд. Қазақстан да соған қарай аяқ басып, бірнеше жұмыстар атқарды. Атап айтқанда, «Жаңғырмалы энергия көздерін қолдау туралы» заң қабылданып, алғашқы күн және жел электр стансалары салынды», дей келе KEGOC компаниясының басқарма төрағасы 2020 жылға дейін аталған көрсеткішті 3 пайызға, 2030 жылға дейін 10 пайызға жеткізу жоспарланғанын айтты.
АУДАНДАҒЫ ЖОЛДАРДЫҢ ҰЗЫНДЫҒЫ 840 ШАҚЫРЫМ
Ауданда аудандық маңызы бар жолдар 119 шақырым және елді мекен жолдары 731 шақырымды құрайды. Барлығын қосқанда 840 шақырым жолды барынша сапалы етіп, күтіп-баптау қыруар қаражатты және жыл бойы жүргізілетін жөндеу жұмыстарын қажет етеді. 2023 жылы «Ауыл — Ел бесігі» жобасы аясында және жергілікті бюджет есебінен 28 көшеге 23 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен 87 көшенің топырақ жолына 72 шақырым тас төсеу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылдың қыркүйек айына дейін 118 шақырым топырақ жолға тас төселеді. 12 ауылдық округте жалпы 97 көпір бар. Оның ішінде, бес көпірді ағымдағы жылы 2024 жылға 10 көпір, 2025 жылға 24 көпірді жөндеу жоспарлануда.
Аудан тарапынан ауданішілік жолаушылар тасымалына 6 бағыт ұйымдастырылып, 3 бағыт тұрақты түрде жүргізілуде.
Қазан-қараша айларында 6 полигонға қоршаулар мен қарауылханалар салынды және 74 ыстық нүктелер мен көп жылдар бойы жиналған 137 гектар бей-берекет қоқыс полигондары жойылды.
12 ауылдық округте жалпы 97 көпір бар. Оның ішінде, 5 көпірді ағымдағы жылы, 2024 жылға 10 көпір, 2025 жылға 24 көпірді жөндеу жоспарлануда.
2023 жылы 5 елді мекенге балалар алаңшасы салынып 7 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылған. 2024 жылы 6 елді мекенде балалар ойын алаңшалары, 2 футбол алаңы мен желілік саябақ және 13 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылатын болады.
CУ БАСУ ҚАУПІ БАР НЫСАНДАРДЫ ТӘУЛІК БОЙЫ ТЕКСЕРУ КЕРЕК
Қазақ күнтізбесі бойынша Ұлу жылы қазаққа қолайлы, сулы да нулы жыл болып саналады. Алайда көп судың да халықты әбігерге салатыны даусыз. Биылғы жылы Сауран ауданында жаңбыр, қар жылдағыдан көп түсуде. Осыған орай, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында 12 ауылдық округтерде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Шаға және Құрсай өзеніне дейін 1 шақырым дамбы көтеріліп қашыртқы қазылды. Құрсай өзенінен Бершін төбе елді мекені арқылы аэропорт жолына дейін өзен арнасын 7,7 шақырым кеңейту жұмыстары жүргізілді. Шаға ауылының ішінен өткен арықтарға 3,2 шақырым механикалық тазарту жұмыстары атқарылды. Ынталы елді мекенінің тау жақ беткейіне ұзындығы 500 метр бөгет жасалынды.
Бабайқорған ауыл округі бойынша Қанай кеткен арнасынан көпірге дейін 300 метр, Омбай арнасынан егістік алқабына дейін 350 метр, Ақсай арнасынан көпірге дейін 300 метр траншея қазылды. Тасмола егістік алқабына дейін Қарабұлақ өзенінің табаны 300 метр тазартылды. Бабайқорған елді мекенінде орналасқан су жүретін қашыртқы арықтарды тазартып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Жаңа Иқан ауылдық округі бойынша жалпы 1600 метр, Иассы ауылдық округінде 2000 метр, Оранғай ауылдық округі, Қосқорған елді мекенінен 3000 метр қашыртқы қазылды. Сонымен қатар, 40 тонна қыс мезгіліне инертті материал (тұз) алынып, ауылдық округтерге жалпы 4800 дана қап таратылды.
Аудандағы 21 елді мекен (58,3%) 2G мобильді желісімен қамтамасыз етілген, 2 елді мекенде (11,1%) интернет желісі мүлде жоқ (Егізқара, Ойық).
Қазіргі таңда 7 елді мекенге тексеру жұмыстары жүргізілді. Өңірлік инспекция тарапынан тексеру жұмыстарының нәтижесінде байланыс операторларына 80 миллион теңге айыппұл салынды.
Самат РЫСБЕКОВ,
Сауран ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы.