САУРАН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» АУДАННЫҢ ДАМУ ЖОСПАРЫН АЙҚЫНДАУДА

Жуырда Түркістандағы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров өткен жыл қорытындысын жасап, биылғы жылы атқарылатын жоспарымен бөлісті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 12 наурыз-дағы №534 Жарлығына сәйкес, Сауран ауданы құрылған. Биыл ау-данның құрылғанына 3 жыл толды. Осы 3 жыл ішінде аудан өзінің жаңа келбетін қалыптастырып үлгерді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты өсіп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс»,-деген болатын.

«Қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн. Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек», — дейді Мемлекет басшысы.

Осыдан үш жыл бұрын аудан мәртебесін алған Сауранның орталығы Ұлы Жібек жолы бойындағы «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық магистралының бойына орналасқан. Бұл өз кезегінде ауданымыздың көліктік-логистикалық тұрғыдағы жедел дамуына мүмкіндік әпереді.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – АУДАНДЫ АЛҒА АПАРУДА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет»,-деген болатын.

Ауыл шаруашылығы саласында 2023 жылы 101,9 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі — 106,1% құрады. 2023 жылы 44082 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Өткен жылмен салыстырғанда 1945 гектарға артты. Нәтижесінде өсімдік шаруашылығы – 70,8 млрд. теңге өнім өндірді. Алынған өнімдердің бір бөлігі аудан, облыс тұрғындарының қажеттілігіне жаратылса, 118 мың тонна бақша және 20 мың тонна көкөніс өнімдері, яғни 26 пайыз өнімдері жақын шет елдер нарығына шығарылды. Мал шаруашылығында — 14830 тонна ет, 55506 тонна сүт, 9 млн. 128 мың дана жұмыртқа өндіріліп, жалпы өнім көлемі – 30,5 млрд. теңгеге жетті.

«АУЫЛ АМАНАТЫ» АЛҒА БАСТАДЫ

Қазіргі таңда Сауран ауданының жастары «Ауыл аманаты» жобасына белсенді қатысуда. Бүгінге дейін «Ауыл аманаты» жобасымен несие алуға 274 адам құжат тапсырды. Оның жалпы құны 1494 млн. теңгеге жетіп отыр. Оның ішінде, 191 жобаға 1267 млн. теңгеге қаржыландырылды. Мал шаруашылығы бағытында – 165 жоба мақұлданды. Оның жалпы құны 1005 млн. теңгеге жеткізілді. Өсімдік шаруашылығы бойынша 9 жоба басталды. Оның жалпы құны — 54 млн. теңге болады. Балық шаруашылығы бойынша екі жоба басталды. Оның жалпы құны — 17 млн. теңге болады. Ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері бойынша құны — 124 млн. теңге тұратын бес жоба мақұлданды. Өз кәсібін ашуға құны 68 млн. теңге тұратын он жоба ұсынылды.

Бүгінгі күнге аудан бойынша 149 шаруа өзге облыстан 2918 мал сатып алды және 9 шаруа жылыжай салды.

Шаруаларға барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында «Жер аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба бойынша 29,5 мың гектар ортақ жайылымдарды қайтару жоспарланып, оның 32,5 мың гектары қайтарылып, тұрғындардың пайдалануына берілді.

ИНВЕСТИЦИЯ ӘКІМ ҚЫЗМЕТІНІҢ КӨРСЕТКІШІ

Ауданда 12 ауылдық округ, 34 елді мекен бар. Халық саны 101 мың 981 адамға жетіп, облыс халқының 4,8 % құрап отыр. 2023 жылы ауданның жалпы өңірлік өнімі 120,4 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 119,2%-ға артқан. Бұл көрсеткіш жан басына шаққанда 1 млн 182 мың теңгені құрады. Өңірлік өнімнің ішінде 84,7% ауыл шаруашылығына, 9,2% өнеркәсіп саласына, 4,7% құрылыс саласына, 1,4% сауда саласының үлесінде.

Өнеркәсіп саласында 11,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін бүгінгі таңда 32 жер қойнауын пайдаланушылар бар. Өңдеу өнеркәсібінде 8,1 млрд.теңгенің өнімі өндірілді.

2023 жылы ауданға 34,6 млрд.теңгеге инвестиция тартылды. Оның 22,3 млрд. теңгесі жеке инвестиция есебінен. Жоспар 129,1% орындалды. Нәтижесінде 496 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 2024 жылы 37,0 млрд.теңгеге 18 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Сонымен қатар, Сауран ауданының Шаға ауылдық округінде орналасқан «SAURAN» индустриалды аймағы құрылды. Мұнда тоқыма, тігін, құрылыс материалдарын өндіру, электроника және ұсақ машина жасау, жиһаз өнеркәсібі шоғырланады. Жалпы аумағы 30 гектарды құрайды.Аталған аймақта 11 Brownfield – дайын өндірістік ғимарат құрылысы аяқталып, 8 жоба орналастыру жоспарланып отыр. Оранғай ауылдық округінде аумағы 365 га құрайтын «Тұран» арнайы экономикалық аймағын іске асыру көзделуде. Қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылым құрылыстарының жұмыстары жүргізілуде.

Сауран ауданы бойынша ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 12,1 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 163,3% артты. Бұл көрсеткіш облыс үлесінің 11%-ын құрайды. 2024 жылға ауыл шаруашылығы бойынша жалпы құны – 19,4 млрд. теңгеге 11 ірі және 35 шағын инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасымен 191 жоба 1267 млн.теңгеге қаржыландырылды.

СУ ЖҮЙЕЛЕРІ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

Биылғы жылы Сауран ауданында жаңбыр, қар жылдағыдан көп түсуде. Осыған орай, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында 12 ауылдық округтерде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Шаға және Құрсай өзеніне дейін 1 шақырым дамбы көтеріліп қашыртқы қазылды. Құрсай өзенінен Бершін төбе елді мекені арқылы аэропорт жолына дейін өзен арнасын 7,7 шақырым кеңейту жұмыстары жүргізілді. Шаға ауылының ішінен өткен арықтарға 3,2 шақырым механикалық тазарту жұмыстары атқарылды. Ынталы елді мекенінің тау жақ беткейіне ұзындығы 500 метр бөгет жасалынды. Бабайқорған ауыл округі бойынша Қанай кеткен арнасынан Көпірге дейін 300 метр, Омбай арнасынан егістік алқабына дейін 350 метр, Ақсай арнасынан көпірге дейін 300 метр траншея қазылды. Тасмола егістік алқабына дейін Қарабұлақ өзенінің табаны 300 метр тазартылды. Бабайқорған елді мекенінде орналасқан су жүретін қашыртқы арықтарды тазартып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Жаңа Иқан ауылдық округі бойынша жалпы 1600 метр, Иассы ауылдық округінде 2000 метр, Оранғай ауылдық округі, Қосқорған елді мекенінен 3000 метр қашыртқы қазылды. Сонымен қатар, 40 тонна қыс мезгіліне инертті материал (тұз) алынып, ауылдық округтерге жалпы 4800 дана қап таратылды.

Аудандағы 21 елді мекен (58,3%) 2G мобильді желісімен қамтамасыз етілген, 2 елді мекенде (11,1%) интернет желісі мүлде жоқ (Егізқара, Ойық).

Қазіргі таңда 7 елді мекенге тексеру жұмыстары жүргізілді. Өңірлік инспекция тарапынан тексеру жұмыстарының нәтижесінде байланыс операторларына 80 миллион теңге айыппұл салынды.

САПАЛЫ АУЫЗ СУ — ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ

Сауран ауданында 33 елді мекен ауыз сумен қамтылған. Егізқара елді мекені құдық арқылы ауыз су тұтынады. Тәулік бойы ауыз сумен қамту мақсатында, ауыз су тарату орталықтарындағы 68 дана тозығы жеткен су насостары ауыстырылып, 8 елді мекеннің ауыз су берілу уақыттары 24 сағатқа ұзартылды.

Электр қуатымен қамту бойынша аудандағы елді мекендердегі электр желілері мен бағаналары 70-ші жылдары салынып, тозығы жеткен. Қазіргі таңда, 32 жоба әзірленіп, 17 жобаға сараптаманың оң қорытындысы алынды. Сонымен қатар, 2023 жылы бюджет есебінен 39 дана трансформатор орнатылды және 2024 жылға 20 данасын алу жоспарлануда.

ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТУ ЖАЛҒАСАДЫ

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-мен «Қайта құру және жаңғырту» бағдарламасы бойынша 2024-2027 жылдар аралығында 68,6 шақырым электр желілері (ВЛ-35кВ, ВЛ-10кВ, ВЛ-0,4кВ) жаңартылды. Газбен қамту бойынша ауданның 10 елді мекеніне табиғи газ құбыры жүргізіліп, қамтамасыз ету деңгейі 31,4 пайыз.

Санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бойынша 6 полигонға қоршаулар мен қарауылханалар салынды және 74 ыстық нүктелер мен көп жылдар бойы жиналған 137 гектар бей-берекет қоқыс полигондары жойылды. Абаттандыру бойынша ағымдағы жылы 6 елді мекенде балалар ойын алаңшалары, 2 футбол алаңы мен желілік саябақ және 13 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылатын болады.

«АУЫЛ ЕЛ БЕСІГІ» ЖОБАСЫ ЖЕМІСІН БЕРУДЕ

2023 жылы «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында 28 көшеге 23 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, ағымдағы жылы 26 көшеге яғни, 58,6 шақырымға асфальт жол салынады. Сонымен қатар, 72 шақырым тас төсеу жұмыстары атқарылып, 2024 жылы 48 шақырым топырақ жолға тас төселеді. Қоғамдық көліктер бойынша аудан тарапынан ауданішілік жолаушылар тасымалына 6 бағыт жоспарланып, 3 бағыт бойынша қызмет көрсетілуде.

Ауданда 19 елді мекенде 4G интернет жылдамдығымен қызмет жасаса, 9 елді мекенде 3G, 4 елді мекенде 2G Егізқара елді мекені интернет желісімен қамтылмаған. Аталған мәселе бойынша 7 елді мекенге инспекция тарапынан тексеру жұмыстары жүргізіліп, байланыс операторларына айыппұл салынды. 2024 жылдың жоспарына сәйкес ТОО «Кселл» операторы тарапынан 8 елді мекенге жаңа базалық станция қойылу жоспарлануда. Қазіргі таңда жер рәсімделіп, жұмыстар жүргізілуде.

Сауран ауданында 43,4 мың адам еңбекке жарамды. 2023 жылы 629 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленді. Көмек алған отбасылардың 1 202 балаларына қосымша қаржылай көмек көрсетілді. Бүгінгі таңда Шорнақ елді мекенінде «Қамқорлық» отбасын қолдау орталығы өз жұмысын бастады. Орталықтың мақсаты халықтың осал топтағы азаматтарын қолдап, кәсіптік бейімдеуге тарту. Онда күнделікті 10-15 адамды кәсіпке бейімдеу шараларын ұйымдастырады.

Ауданда жалпы жұмыссыздық деңгейі — 5 пайызды құрайды. «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясындағы 2023 жылы 7 998 азамат жобаға қатысты.

МЕМЛЕКЕТТІК ЗАМАНАУИ ҒИМАРАТТАР БОЙ КӨТЕРЕДІ

Ауданның әкімшілік іскерлік орталығынан 38 гектар жер бөлінген. Бүгінгі таңда әкімшілік пен прокуратура ғимараттары пайдалануға берілді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, полиция бөлімі және аумақтық органдары ғимараттарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда, ұлттық қауіпсіздік комитетінің, полиция бөлімінің және аумақтық органдар ғимараттарының құрылыстары жүруде. Орталық спорт кешенінің құрылысын салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, қазіргі таңға мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны — 1787,0 млн. теңгеге бағаланып отыр.Сонымен бірге 500 орындықты Мәдениет үйі мен Жастар орталығының құрылысын салуға бюджеттен қаржы бөлініп, қазіргі таңға мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаның да жалпы құны – 1952,649 млн. теңгеге бағаланды. Әкімшілік іскерлік орталығынан қосымша нысандардың құрылысын салуды қажет етеді. Атап айтқанда, әкімшілік іскерлік орталығының жолы мен аяқ жолы, көше жарық бағаналарының құрылысын салу қажеттігі байқалды. Бұл жобалардың жалпы құны — 5 млрд 798 млн. теңге болады. Ол арқылы жүргізілетін жолы мен аяқжолының ұзындығы – 6,144 шақырым, жарық бағаналары – 928 данаға жеткізіледі. Рәміздер және орталық алаңын салуға 771 млн. теңге бөлінбек.Сонымен қатар, 12 гектар аумаққа ауданның «Орталық саябағын», 500 келушіге арналған емхана құрылысын салуға жобалық сметалық құжаттары рәсімделуде. Жеке инвестиция есебінен 300 орындық «Оқушылар сарайын» салуға «Salauatty Bala» ЖШC-і ниет білдіріп отыр.

ОНДАҒАН КӨПҚАБАТТЫ ҮЙЛЕР САЛЫНАДЫ

Соңғы он бес жыл көлемінде елімізде «инфрақұрылымы жасалмаған» деген желеумен тұрғындардың жеке үй салып алуына тыйым салынған болатын.

Азаматтарды тұрғын үйлермен қамтамасыз ету мақсатында 8 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын жүргізуге жобалық сметалық құжаттары әзірленуде.

Бүгінгі таңға ауданда 1 008 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Бюджеттік мекемелерде істейтін 358 азамат аудан орталығына өзге аудан, қалалардан келіп жұмыс жасайды. Осы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында аукцион өткізіліп, қорытындысы бойынша 8 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 5 мекеме анықталды. Қазіргі таңда жобалық сметалық құжаттары дайындалуда. Аталған құрылыс нысандарына орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтамасыз ету үшін тәулігіне 300 м³ сарқынды су тазалау имаратын салуды қажет етеді. Жоба құны – 1 млрд 039 млн. теңге. Жалпы, өнімділігі – 1 тәулікте 300 м³, кәріз желісінің ұзындығы – 4175,0 метр, құрылыс аумағы – 2940,0 м² болып саналады.

Бүгінгі күні аудан орталығымен қатар он екі ауылдық округтегі отыздан астам елді мекендері қатар дамуда. Мәселен, Бабайқорған елді мекенінде екі жыл көлемінде тоқтап қалған спорт зал ғимаратының құрылысы қайта жүргізілуде. Нысан 2024 жылдың қаңтар айының соңына пайдалануға беріледі. Бабайқорған ауылдық округінің Бабайқорған елді мекеніне клуб, кітапхана салу құрылысына қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Ауданға қосымша елді мекендерде 45 әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар құрылысын салу үшін жер телімдері аукцион арқылы беру белгіленген. Оның 29-ы кәсіпкерлік, 16-сы әлеуметтік нысан

ТУРИЗМ – ТАБЫС КӨЗІ

Сауран ауданында 7 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс жасайды. Шағын және орта бизнеспен өндірілген өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,0 млрд. теңгеге артып, 49,4 млрд. теңгені құрады. Ағымдағы жылы өнім көлемін 85,0 млрд. теңгеге жеткізу күтілуде.

Ауданның 56 тарихи-мәдени нысандарына өткен жылы 85579 турист келген. Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Сауран қалашығынан «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары жүргізуде. Қазіргі таңда ғимарат қабырғалары тұрғызылған. Биыл құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі.

ЖАҢА ЕМХАНАЛАР САЛЫНАДЫ

Сауран ауданында 1 аудандық емхана, 1 бастапқы медициналық көмек көрсету орталығы, 13 дәрігерлік емхана, 13 фельдшерлік–акушерлік бекет, 4 медициналық бекет және 4 жедел жәрдем бригадасы жұмыс жасайды. Аудан орталығынан 500 келушіге арналған емхананың жаңа ғимаратының құрылысына және Шаға, Құшата, Жалаңтөс ауылдарынан фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысын салуға жобалық-сметалық құжаттары рәсімделуде.

14-35 жас аралығындағы жастар саны 31667, аудан халқының 31,2% құрайды. Мемлекеттік бағдарламалармен қамтылған жастардың жылдық үлесі 1082 жас. Жыл көлемінде жастармен аудан тарапынан – 848 шара ұйымдастырылды.

«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ ЖЕМІСТІ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Аудандағы 53 білім беру ұйымдарында 25 570 оқушы білім алуда. 2023 жылы 42 мектепке дабыл батырмасы орнатылып, жедел басқару орталығына қосылды. 28 мектепке мамандандырылған күзетпен қызмет көрсетілуде. Білім ордаларына 360 дана бейнебақылау камералары орнатылып, 10 мектептің қоршауы ауыстырылды. Сонымен қатар, 700 баладан асатын 13 мектепке 52 турникет қойылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 2024 жылы 3 мектеп, 2025 жылы 600 орындық 2 мектеп пайдалануға берілетін болады. Оранғай ауылында 150 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, Абай елді мекенінде 300 орындық мектеп құрылысы жұмыстары ағымдағы жылы бастау алады. 2023 жылы 774 орынға арналған 4 жекеменшік мектеп ашылды. 2024 жылы 900 орындық 1 мектеп пайдалануға беріледі. Ағым-дағы жылы 300 орындық «Оқушылар сарайы-ның» жобалық сметалық құжаттары әзірленуде.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 2024 жылы 300 орындық 1 мектеп, 600 орындық 2 мектептің құрылысы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сонымен бірге, 2025 жылы 600 орындық 2 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазіргі таңда 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Облыстық бюджет есебінен Оранғай ауылында 150 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

2023 жылы 774 орынға арналған 4 жекеменшік мектеп ашылды. 2024 жылы 900 орындық 1 мектеп пайдалануға беріледі.

САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Ауданда 4 мәдениет үйі, 11 клуб, 29 кітапхана, 1 спорт кешені бар. Жалпы, 144 маман қызмет атқарады. 2023 жылы спорт және мәдениет саласы бойынша 1242 іс-шара өткізілді. Ағымдағы жылы аудан орталығында спорт кешенінің құрылысы, 500 орындық мәдениет сарайы және Бабайқорған ауылынан 150 орынды клуб, кітапхана құрылысы салынатын болады.

Бұдан бөлек, орталық футбол стадионы және Ибата, Теке және Ынталы елді мекендеріне спорт зал құрылысына жобалық сметалық құжаттар дайындалуда.

Қауіпсіздік саласы бойынша жалпы — 228 қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде ауыр дәрежелі қылмыстар – 71 болса, ашылымы 100%-ды құраған. Жергілікті полиция қызметі бөліністерінің қызметкерлерімен қоғамдық қауіпсіздік пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жалпы 6350 құқықбұзушылық анықталып, хаттама толтырылған.

— Алдымызда ауданды дамыту бағытында ауқымды міндеттер тұр. Басты міндетіміз аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында жұмыстар жалғасатын болады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының әрі қарай тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жаңа кәсіпорындар ашу көзделуде. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту есебінен аудан экономикасын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстар жалғасын табатын болады,-деп баяндамасын қорытындылады аудан әкімі.

Ауданның экономикалық және әлеуметтік жұмыстарын баяндаған соң Мақсат Асылбекұлы журналистерді толғандырып жүрген сұрақтарға да тиянақты жауап берді.

Ескендір ЕРТАЙ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *