«АУЫЛ АМАНАТЫ»: АУДАНДА ҚЫМЫЗ ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДЕП КЕЛЕДІ

Қазір жылқының еті, сүті, майы, терісі, жал-құйрығы, тезегі бәрі тұрмыстық қажеттілікке жаратылуда. Бұрынғылар бие сүтін ашыту арқылы нәрлі тағам, қасиетті сусын ретінде тұтынған. Оның ашытылмаған түрін «саумал», ашытылғанын «қымыз» деп атаған. Жас балалар мен қарттар және науқас адамдар негізінен бие сүтін ашытпай, саумал күйінде пайдаланған. Ал сыйлы қонақтар мен құрметті адамдарға бабына келтіріп ашытып барып құйған. Қымызды сусын ретінде пайдаланудан бөлек, түрлі аурулардың алдын алу және сауықтыру үшін дәрумен ретінде де қолданғаны белгілі. Мысалы, толық ашытылмаған қымыз, саумал – көксау, өкпе туберкулезі, кеңірдек қабыну, асқазан, ішек ауруларына, қан аздық, қан қоюлану, жоғары қан қысымы, қан тамырының қатаюы, түрлі бауыр, сүйек босау сияқты ауруларға ем-дом ретінде қолданылған. Соңғы жылдары ұмыт бола бастаған ұлттық дәстүр жаңғыра бастады. Соның нәтижесінде саумал мен қымызға сұраныс артып отыр.

Сауса – сусын, жесе – тамақ, мінсе – көлік болған жылқы малының адам өмірі үшін пайдасы орасан. Ғылыми зерттеулер бойынша, жылқының қара етінің қоректік қасиеті өзге малдардың етіне қарағанда 24-25 пайызға көп болады екен. Сондықтан да ол қорытуға жеңіл, әрі тез сіңеді. Қазіргі кезде жылқы етінен жасалған қазы-қарта, жал-жаяны білмейтін адам кемде-кем. Дәл сол секілді жылқының етімен қоса сүтінің де үлкен сұранысқа ие екені мәлім. ИКРАМЖАННЫҢ ИГІ ІСІ

Жақында Шорнақ ауылының тұрғыны, жылқы өсіруге бел байлағандардың бірі Икрамжан Бакировке жолығып, тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Шіркін, ауыл тұрғындары еңбекқор келеді емес пе?! Икрамжанның да еңбекқор екендігі, мал шаруасына епті екендігі қора жайларына ұқыпты қарағанынан көрініп тұрды.

Икрамжан Бакиров 1971 жылдың тумасы, 3 топ мүгедегі. Отбасылы. Екі ұлы мен бір қызы бар. Екеуара әңгімеміздің бастауы мемлекеттік грантқа қалай қол жеткізгені туралы айта отыруынан өрбіді.

— Әуелі, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, қайтарымсыз несиені қалай алуға болатыны жөнінде бағыт-бағдар алдым. Соның бір бастауы «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлікке баулитын арнайы курста 14 күн онлайн оқып, сертификат алдым. Құлынды бие алып, көбейтемін, қымыз жасап халықтың игілігіне қызмет етемін,-деген мақсатымды бизнес жобама арқау еттім. Адам алдына мақсат қойса, жететініне көзім жетті. Сонымен, комиссия мүшелерінің алдында бизнес жобамды жан-жақты қорғап шықтым. Өйткені, қымыздың бірнеше түрлерін, атап айтсам, киік отымен ысталған, сырлы шелекке құйылған ашыған, мейіз салынған, сұр қазы салынған қымыз түрлері мен жасалу жолдарын өз тәжірибемде қолданғанымды айтып бердім. Нақтырақ айтсам, бұрыннан бие сауып, қымыз жасайтын тәжірибемнің көмегі тиді.

Сонымен, 2022 жылы 3 қазанда 1 млн.225 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Негізінде, бизнес жобамда осы қаржыны құлынды биелердің шөбі мен жемін де алуға жеткіземін,-деп жоспарлағанмын. Алайда, алған қаржының үстіне 30 мың теңге қосып екі құлынды биені ауылдан сатып алдым.

Бүгінгі таңда жағдайымыз жақсы. Биелерді сауып, қымызын саудаға шығарып отырмын. Биелерді сәуір айына дейін семіртіп әрі сауып, қымызын алып отырамын. Одан кейін соғымға сойып, орнына тағы екі құлынды бие сатып аламын. Ал, құлындары таза пайда болып, өзімде қалады, — дейді Икрамжан Бакиров.

Осы орайда, «неге құлынды биені көбейтуден бастадыңыз?», — деген көкейдегі сауалға да жауап алдық.

-Мен бала кезімнен мал шаруасына жақын адаммын. Бозбала шағымнан асауларды бағындырып келемін. Негізінде, сүтті биелер асау болып келеді. Үшінші топтағы мүгедек жанмын. Омыртқада грыжа бар. Қол-аяғым қақсап, түнімен жата алмайтынмын. Тура денемді құрт жеп жатқандай, шыдатпай ауырдым. Бірде ауылдағы таныс ағайынның асау биесін қолға үйретіп, бір апта сауып бердім. Осы бір апта тыныш ұйықтап, ауруымнан айықтым. Осыдан кейін бие әкеліп, сауып жүрдім. Бірақ қыс мезгілінде тоқтатсам, қайта ауырып қалып жүрдім. Содан кейін қыс мезгілінде де тоқтатпай сауатын болдым.

Елімізде тәжтажал бастау алып, карантин жарияланған тұста 6 асау биені сауып, күніне 40 литр сүт алып, қымыздың бірнеше түрін дайындадым. Бие сауып, дайындаған қымыздан ішіп алып, шөп орамын, мал қора тазалаймын. Сол тұста дәрі-дәрмектер тапшы болды емес пе. Ауырған адамдар қымыздан алып іше бастады. Иә, қымыз көбінің дертіне дауа болып, емдік шипасын берді, — дейді.

Оның айтуынша, мал жарамды болу үшін қоражай жылы, азығы құнарлы болуы шарт. Бір сөзбен айтқанда, жылқы малына ерекше күтім керек. Сонда ғана мол өнімге қол жеткізуге болады. Сондықтан, азаннан кешке дейін қора-қопсыны тазалап, уақытылы азықтандырып тұрады.

— Алла қаласа 5 млн қайтарымсыз грантқа құжат дайындап өткізгелі отырмын. Құлынды биелер санын әрі қарай көбейтуді мақсат етіп отырмын. Ауылымызда шылаушын өсірушілер көбейді. Солардың біразы үйдегі тезекті алып, пайдаларына жаратуда. Сондықтан, мен де шылаушын өсіруді қолға аламын,-деп арман жоспарын айтқанынан алға қойған мақсаты айқын екенін аңғардық. Халық бірлігі мен мемлекет тұтастығының нық болуына осындай қарапайым еңбек адамдарының қосып отырған үлесі зор. Ендеше, «екі қолға бір күрек» тауып, кәсібінен нәсіп көріп отырған Икрамжан Бакировке сәттілік тілейміз.

ӘРІ СУСЫН, ӘРІ ТАМАҚ

Жалпы жылқы, сиыр малындай емес, түйенің жейтін шөбі басқа. Сондықтан оның сүті де ерекше болып келеді. Түйе жиде, жыңғылдың гүлдерін, қараталдың басын, тікен, жантақ шөптерін азық етеді. Қымыранды ішкен адамның қарны да ашпайды. Ол – әрі сусын, әрі тамақ. Түйе сүтінің маңыздылығы, майлылығы жоғары. Іш құрылыстары ауыратын адамдарға бұл – мың да бір ем.

Әсіресе, асқазан жарасына шипалы. Шұбаттың арқасында осындай дертпен ауырған талай адам жазылып кетті. Сондай-ақ, қымыран-шұбат адамның иммунитетін көтереді.

Жақында ғана ғалым-профессор Мұсатілла Тоқанов диабеттен құтқарудың ғылыми негізін жасады. Сусамыр дертіне шипа таппай әлемдік медицина дағдарып жатқанда, шымкенттік ғалым Мұсатілла Тоқанов дауасын түйе сүтінен тапты.

Қазір дүниені рак ауруы теңселтіп тұр. Әлемдік медицина дәрменсіз. Бірақ емін жаппай іздеп жатыр. Мәскеудің Герцен атындағы онкологиялық институтының профессоры Р.И. Якубовская бастаған бір топ ғалымдар обыр ауруының алдын алатын лапрот деген препаратты өндіріске енгізбекші. Профессор ракқа қарсы лактоферрин деген ферментті ана сүтінің ақуызынан тапқан. Бірақ ғылыми жаңалықтың өзіндік қиындықтары аз емес. Мәселен, 1 грамм лактоферринді алу үшін 25 әйелдің сүті өңделуі керек. Оның өзіндік құны 2500–3000 АҚШ доллары. Ал 100 грамм алу үшін 2,5 тонна ана сүті керек.

Ғалымның дәлелдеуінше, түйе сүтінен де лактоферрин алуға болады. Сонымен қатар, түйе сүті сиыр сүтімен салыстырғанда «С» дәрумені 5 есе, «РР» 3 есе, «Е» 2 есе, «темір» 10 есе, «кальций» 1,5 есе, «лактоферрин» 30 есе көп. Басқа қасиеттерін санамағанда, құрт ауруына, ішек-құрылыстары, бауыр, дәрумен жетіспеушілік, қан аздық және қант ауруына бірден-бір еміңіз түйе сүтінде.

БАУЫР, БҮЙРЕК ЖҰМЫСЫН ЖАҚСАРТАДЫ

Негізінде, денсаулыққа аса пайдалы бұл сусынның қадірін бізден бұрын шетел біліп отыр. Қазірде Израиль, Германия, Норвегия тәрізді елдерде қымыранның құны да жоғары, өндірілу технологиясы да сапалы. Малайзия, Израиль, Германия елдерінде қымыранның құрылысын, қасиетін, құрамын зерттеуге сол елдің ғалымдары барынша ықылас білдіруде.

Ғалымдардың айтуынша, сапасы жоғары қымыранның адам ағзасындағы өт жолдарын тазалауға, бауыр-бүйрек жұмысын жақсартуға берер шипасы мол екенін анықтады. Оған дәлел бiр литр қымыран ересек адамның В1, В12 және С дәрумендеріне деген қажеттілігін бере алады екен. Қымыран қышқыл бөлудi тездетiп, асты жылдам қорытуға септiгiн тигiзедi. Осы арқылы бауырды тазалап, өт жолдарының жұмысын жақсартады. Айран мен сүтке қарағанда шұбаттың тиiмдiлiгi анағұрлым жоғары.

АЖАЛДАН АМАН САҚТАЙТЫН ЖАЛҒЫЗ СУСЫН

Ғаламторды ашып қалсаңыз, қымыз туралы мәлімет жетерлік. Халқымыз «қымыз – қырық ауруға ем» деуші еді, тіпті одан да асып түседі екен. Жетпіс екі ауруға ем болатынын дәлелдеп жазғандар да бар. Оған шүбә келтірмейміз, даусыз ақиқат, талассыз шындық. Небір білікті дәрігер, атақты профессорлар емдей алмаған немесе «адам болмайсың» дегенді сыпайылап айтып шығарып салғандардың қымыз не саумал ішіп, құлан-таза айығып кеткені туралы мыңдаған факті бар. Өзіміз де көріп-білгенбіз, аты-жөнін айтудың қажеті жоқ. Анада одан да бір сұмдық оқиғаны естідім. Обырға шалдыққан бір келіншекті ауруханадағылар шығарып салған ғой. Обыр жатырын жеп қойғанын, бала көтере алмайтынын тұрмысқа шыққанда бір-ақ білсе керек. Ештеңеден үмітсіз, өмірден де, баладан да. Сол келіншек жаз бойы сауылған бетте биенің сүтін ішіп, обырдан жазылып қана қоймай, кейін нәресте көрген.

Алланың құдіретінде шек жоқ, биенің сүтіне осындай емдік қасиет дарытып қойған. Үмітсіз деп диагноз қойылған небір атақты адамды білеміз, қымыз ішіп жазылған. Қазақтар ғана емес, қаншама шетелдік тарихи тұлға емделген. Қазақ десең, Қаныш Сәтбаевты, орыс десең, Толстойды айтса жеткілікті. Бұрын ауылдарда екі үйдің біріне кіріп ішіп шығатын сол қымызға қазір қалада қол жеткізу қиын. Қалада екі қадам бассағ бір-бір сырахана, қымызхана жоқ, бірақ. Іздеп жүріп зорға табасың, бағасы удай, дәмі де сол шамалас немесе татымал болып шығады.

Жалпы ақ деген өте шамшыл нәрсе, су араластырған қымыз уға айналады. Ұзақ уақыт сақталған ескі қымыздан ауырмайды адам. Су немесе күріштің суы қосылса ауыртады. Мұның бәрі бастан өткен соң білеміз. Таза қымызды баклашкаға құйып, бес-алты сағат шайқамай қойса, көк суы астына тұнып, сүті бетіне шығады. Қоспасыз қымыз сөйтеді. Бес-алты сағат тұрғанда өйтпеді екен, қымыз таза емес деген сөз. Бұған бәс тігуге бармыз.

ҚЫМЫЗ БЕН ҚЫМЫРАН ҚЫРЫҚ КЕСЕЛДЕН ҚҰТҚАРАДЫ

Қазақтың ұлттық тағамдарын сөз еткенде, әрине, ұлттық сусындарды тасада қалдыруға болмайды. Нақ осы ұлтымыздың сусындарына қатысты отандық ғалымдар бір ғана шұбаттың жүзге тарта қасиетін дәлелдеп отыр. Ғылыми дәйектерге жүгінсек, қазақтың қымыраны–шұбаты, қымызы әлемнің шөлін қандыруға қауқарлы, халықаралық нарықта бәсекеге бәс тігуге қабілетті, сондай-ақ талай дертке дауа болар қасиеттері де баршылық.

Түркістан өңірінде қымыранды саудаға шығарушылар саны күн санап көбейіп келеді. Алайда, облыс орталығы Түркістаннан ашылған «Golden Camel Group LTD» компаниясы қымыран қабылдауды тоқтатқан соң, бірқатары қарапайым халыққа, ойын-тойларға, құран оқытушыларға сата бастады.

Әуелі қымыздың адам ағзасына тигізетін пайдалары туралы сөз қозғап көрмекпіз.

  1. Қымыз – туберкулез ауруына таптырмайтын ем. Қымыздың құрамына кіретін түрлі заттардың бәрі де адамның бойына жақсы сіңеді. Бие сүтінде “ С” витамині мол. Сондықтан оның емдік қасиеттері, әсіресе, туберкулез ауруынан емдеу үшін айрықша жоғары. Сондықтан да туберкулезді қымызбен емдейтін ең алғашқы курорт 1858 жылы Самара қаласының маңында ашылған екен. Оны ұйымдастырушы В. Толстиков деген дәрігер: “Қымыз асқазанды ыстап, адамның өзін әлдендіреді, оның тәнін жаңғыртады” – деп жазған.
  2. Биенің сүті берекелі болады Қазақтың “Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей суалмас” дейтін сөзі бар. Сиыр суық түсе бере ерте суалып кетсе, биелерді 7-8 ай бойы саууға болады. Бие басынан күніне орта есеппен 10-12 литр сүт сауылады екен, тіпті, кейбір биелер 15-17 литрге дейін сүт береді. Егер жылқының жайылымы мен суаты сапалы болып, күтімі келіссе, бие сауудың биеге де, құлынға да ешқандай зияны жоқ.
  3. Қымыз – төрт түлік малыңызға да пайдалы ас. Себебі, оны бұзаулар мен құлындар диспепсия ауруына шалдыққанда, құлындардың, балапандар мен тауықтардың ащы ішегінде қабыну белгілері байқалғанда, бұзаулар мен құлындар қан бөлетін гастроэнтеритті ауруға шалдыққанда, ірі қара малдың асқазаны әлсірегенде, балапандарға А және В витаминдері жетіспегенде, сол сияқты іріңдегенде, күйгенде, сиырлар, биелер мен қойларда кездесетін іріңді вагинит және эндометрит ауруларына, сиырлар мен биелердің іріңді желінсау ауруына және т.б. қолдануға болады.
  4. Қымыз ішу арқылы жүйке ауруларын емдеуге болады. Қымыз ағзаға жан-жақты әсер етеді. Ол ас қорыту органдарының , жүрек-қан тамырлары аппаратының, жүйке жүйесі мен басқа органдардың қызметін жақсартады. Қымыздың әсері бүкіл ағзаны өзгертеді. Физиологиялық және биохимиялық процестер күшейіп, зат алмасу қалпына келеді.
  5. Қымыз тәбетті ашады. Қымыздың құрамында сүт қышқылы бар. Соған орай ол тағамның құрамындағы белоктардың, майлардың, әр түрлі қанттардың жақсы қорытылуына ықпал жасайды. Ал құрамындағы көмір қышқылы аздығына қарамастан ас қорыту бездеріне әсер етіп, қарын сөлінің бөлініп шығуын тездетеді. Қымыз ішкенде тәбеттің ашылатыны сондықтан. Бие құлындағаннан кейін алғашқы 2-3 күндей сүт бездері уыз бөліп шығарады, ал сол уыздың құрамында белок пен витаминдер 2-3 еседей көп.
  6. Қымыздың құрамында белок көп. Сүттегі ең бағалы зат – белок. Бие сүтінде 1,8 – 2,2 % белок болады. Сүтте белоктың үш түрі де – казеин, альбумин және глобулин кездеседі.
  7. Бие сүтінің майы ағзаға жақсы сіңеді. Бие сүтінде шамамен 1,3 – 2,0% май бар, бұл сиыр сүтіндегіден 2 еседен астам кем. Жүргізілген зерттеулерде, сиыр сүтіндегі май түйіршіктеріне қарағанда, бие сүтіндегі май түйіршіктері кішілеу келетіндігі анықталған. Сол себепті де ол ағзаға жақсы сіңеді. П.Ю. Берлиннің деректерінде туберкулез бактериясының сары майда өсіп-көбейетіндігі, ал бие сүтінің майы керісінше, оның өсуін тежейтіндігі айтылады.
  8. Қымыз – бірнеше дәрумендердің жиынтығы. Бие сүтінде 6,7% лактоза бар. Сонымен қатар қанттан басқа, қалпына келмейтін көмірсулар бар. Әсіресе, ол А және С витаминдеріне бай. Сонымен қатар В тобындағы витаминдер, Д, Е, F витаминдері болады. В тобына жататын барлық витаминдер организмнің қалыпты тіршілік етуі үшін қажет. Мәселен, адам тағамында В1 витамині жоқ болса, онда ол бери-бери ауруына шалдығады. Бұл ауруға шалдыққан адамның жүйкесі зақымданады, параличке айналады. В12 витамині жеткіліксіз болса, жілік майында қан құрау бұзылып, қан аздық пайда болады.
  9. Қымызда адам ағзасына пайдалы минералдық заттар өте көп. Қымызда мынандай минералдық заттар бар: кальций тотығы – 48%, магний тотығы – 3,4%, фосфордың бес тотығы – 21,3%, хлор – 7,5%. Қан құрауда маңызды рөл атқаратын кобальт пен мыс сияқты элементтер сиыр сүтінен гөрі бие сүтінде едәуір көп: кобальт онда 1,5 есе, ал мыс 3,2 есе артық.. Бір литр қымызда 1,60 мг мыс болады.
  10. Бие сүтінің пайдасы ана сүтіне жуықтау. Құрамындағы микроэлементтерінің мөлшері жөнінен бие сүті ана сүтіне жуықтау, бұл жөнінде Донецк медицина институтының ғылыми қызметкері Е.П.Гребникованың деректері дәлел бола алады. Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов та ана сүтіндегі дәрумендер мен микроэлементтер қымыздың құрамында да болатынын айтқан. Қазақ халқының бір ғасырлық тарихын басынан өткізген Жамбыл Жабаев атамыз: …Үйірілген сары алтындай сары қымыз, Ауруға – ем, сауға – қуат, дәрі қымыз. Елімнің баяғыдай сүйген асы, Шығаршы тағы нең бар кәрі қымыз, – деп жырлаған екен. Иә, бұл – қымыздың біз осы уақытқа дейін зерттеп, енді ғана дәлелдеп жатқан пайдалары. Алла Тағала Құранда: «Сендерге берген жақсы нәрселерден жеңдер әрі Аллаға шүкір етіңдер», – деген. («Бақара» сүресі, 172-аят) Ендеше, бізге, қазақ халқына дәл осындай пайдалы, әрі адал асты нәсіп еткен Аллаға сансыз көп шүкіршілік айтамыз!

ШҰБАТПЕН ЕМДЕЙТІН ШИПАЖАЙ АШУ КЕРЕК

Түйе сүтінің адам ағзасына тигізер шипасы орасан.

Біріншіден, адамның асқазаны мен ішегіне көмегі көп.

Екіншіден, жүйке жүйесін қалпына келтіреді. Адам ағзасын орнына келтіруге пайдасы зор. Сондықтан күнделікті тағам рационына түйенің сүтінен жасалған шұбатты қосатын болсаңыз, ішіп-жегеніңіз жақсы қорытылып, қуатыңыз арта түседі.

Осыдан біраз бұрын қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов «Қымыз бен шұбат туралы арнайы заң керек» деп Үкіметке депутаттық сауал жолдаған да болатын. Қымыз-шұбат мәселесінің Парламент мінберінде көтерілуі бұл бірінші рет емес. Барды бағалай білу керек емес пе?

Қымыздың патенті немісте. Көжеге қырғыздар иелік еткен. Біз әлі ойланып жүргенде ұлттық сусындарымыз өзгенің иелігіне өтіп жатыр. Қазақ қашан қозғалмақ?

Керек десеңіз, шұбат – қырық түрлі ауруға ем. Кезінде елімізде өкпе ауруларын тек шұбат-қымызбен емдейтін 15 шипажай болса, бүгінде олардың жұмысы тоқтап қалған.

Керісінше, Ресей 80-нен астам шұбат өндіретін агрофирма ашып, осы елде қымыз бен шұбат арқылы емдейтін 48 шипажайдың жұмысын жолға қойған.

Шұбаттың емдік қасиеттеріне Жапония мен Батыс Еуропа елдері де ерекше қызығушылық таныта бастаған. Мәселен, Германия біздің ұлттық сусынымызды дайындап, оның ұнтағынан түрлі тағамдар мен косметикалық заттар алуды игерген.

Иә, қазақ шұбат ішуден қалып бара жатқандай. Бүгінде дүкендердегі қымыз-шұбат сусындары мүлдем талапқа сай келмейді деген де пікір бар. Бәлкім, шұбатты ғылыми тұрғыда зерттеу орталығы ашылса, біраз мәселе шешімін табар…

Мұнан бөлек, қазақтың ұлттық тағамдары деген республикалық ұлттық орталық ашуымыз керек-ақ. Кезінде ұлттық сусындарды түбегейлі зерттеп, қымыз бен шұбатты баптап, әзірлеудің, он айға дейін алғашқы дәмі мен сапасын сақтайтындай технологиясын, оларды ұнтақ түрінде дайындаудың әдістерін де ойлап тапқан қазақ ғалымы профессор Зұлхайнар Сейітұлы еді. Қайткен күнде де шұбаттың қасиетін насихаттауды бір сәтке де тоқтатпаған жөн. Сонда жастарымыз арақ-шарапқа құмар болмай, ұлттық сусынымызға бет бұратын еді. Ел арасында маскүнемдер азайып, түрлі аурулар мен өлім-жітімнің алдын алар едік. Әйтпесе, қазақтың қымызы мен шұбатын да, ұлттық ойындарын да шетелдіктер иемденіп барады. Осының бәрін салыстырып қарағанда, ұлттық сусынымыз шұбатты әлі күнге дейін дамыта алмай отырғанымыз бойкүйездік пен немқұрайлылық емес пе?

Ата-бабамыздың аманатына адалдық танытып, ардақтаған асын, сүйсіне ішкен сусындарын ұлттық брендке айналдыру үшін қымыз бен шұбат жөнінде арнайы заң қабылдауымыз керек. Сонымен бірге, ұлттық сусындар өндіргісі келетін фермерлерді ынталандыратын жеңілдіктер қарастырылуы қажет. Ендеше, қымыз-қымыран ішіп денсаулықты жақсартып жүргенге не жетсін!

Ләззат САРЫБАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *