Ахмет Ясауи университетінде жас ғалымдарды мемлекет тарапынан қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқандығын оқу орнының басшысы былай таратып айтты. «Біріншіден, кейбір факультеттер трансформациядан өтіп, кафедралар жаңадан жасақталды, білім беру бағдарламаларының (бұрын оларға мамандық дейтінбіз) мазмұны өзгерді. Сонымен қатар магистратура және докторантура бағдарламасында талантты жас ғалымдарды оқу ордамызға тарту үшін білім бағдарламаларын өзгертіп, осы саладағы жұмыстарымызды реттедік. Бұған қоса, халықаралық байланыстар, соның ішіндегі әсіресе Түркия Республикасындағы университеттермен жұмыс нығая түсті. Екіншіден, ғылыми ізденістерді қолдау бойынша көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Университетте ғылым бағытында әртүрлі ынталандыру шаралары болуы маңызды. Біздің университетіміз Үкіметаралық Өкілетті Кеңес арқылы басқарылады. Міне, осы Өкілетті Кеңес шешімімен, ғылыми жобалармен айналысып жатқан әріптестерімізге қолдау ретінде, ғылыми мақала және патент авторларын марапаттау бойынша ынталандыру қаражаты едәуір өсті. Мәселен, алдыңғы қатарлы халықаралық ғылыми журналдарда мақала шығарған ғалымдарымыздың гонорары 900 мың теңгеге дейін өсті. Соның жалғасы ретінде ғылыми жарияланымдар, көптеген жобалар саны артты. Жалпы, ғылым саласы бойынша үлкен жұмыс жасалып жатыр. Нәтиже де жаман емес. Халықаралық сарапшылар тарапынан жақсы пікірлер алып, рейтингтердегі орнымыз біршама алға жылжыды. Университеттердің дүниежүзілік рейтингі бойынша әлемге әйгілі QS World University Rankings by Subject 2023 рейтингіне енген 8 қазақстандық университеттің қатарынан көріндік. Сондай-ақ, былтыр алғаш рет Qs World University Rankings 2023-ке еніп, әлемдегі университеттер арасында 714-ші орынға жайғасты. Мұның бәрі университет ұжымының ортақ жұмысының көрсеткіші.
Үшіншіден, университетіміз – қоғамға пайдалы болу миссиясын өте жоғарғы орынға қойып, сол бағытта көп жұмыс істеп жатыр. Біз Түркістан облысы, Қазақстан және күллі Түркі әлемі үшін қандай пайдалы жобалар жасай аламыз деген сұраққа үнемі жауап іздейміз. Осы мақсатта, былтырғы жылы университетіміздің 30 жылдығына арналған үлкен 30 жоба іске асты, ол жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Әрине университеттің инфраструктурасы да біршама өзгерді. Осы жұмыстардың барлығы өзімен өзі жасалып жатқан жоқ, жоғарыда айтылып кеткен Университетіміздің даму стратегиясы аясында орындалуда. Жүзеге асырылған жобалардың ішінен біреуін ғана атап өтейін. Мәселен, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігімен (ТИКА) бірлесіп, «Анажұрттан – Атажұртқа денсаулық көпірі» атты ауқымды жоба жүзеге асырылды. Аталған жоба аясында университет емханасына Түркия Республикасынан 1 321 000 АҚШ доллары сомасына дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтар түріндегі гуманитарлық көмек келді. Сонымен қатар, осы жоба аясында 2022 жылы университетте жалпы құны 160 мың АҚШ доллары шамасында екі жаңа зертхана (микробиология мен анатомия) іске қосылды және клиникамызға құны 90 мың АҚШ доллары болатын 290 бірлік заманауи медициналық құрал-жабдықтар әкелінді. Ал 2023 жылы Түркиядан педиатрия, генетика, оториноларингология, урология, кардиология, эндокринология, жұқпалы аурулар, травматология және ортопедия салалары бойынша танымал 30 медицина профессоры келіп, университеттің медицина факультеті мен клиникасында мастер-кластар мен семинарлар жүргізді, Түркістан облысы бойынша науқастарды тегін медициналық тексеруден өткізіп, ота жасады. Сонымен қатар университет клиникасының 27 дәрігері мен оқытушысы Түркияның жетекші университеттерінің клиникаларында (Medipol, Gazi, Marmara, İstinye, Cerrahpaşa) біліктілігін арттырып келді. Биыл Түркістан облысының тұрғындарына ауқымды медициналық қызмет көрсету үшін Түркиядан жоғары санатты 45 дәрігер келеді деп жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен 2022 жылдың қазан-желтоқсан айларында қалалық және аудандық медициналық ұйымдардың түрлі мамандықтағы 108 дәрігері Түркияның жетекші университеттерінің клиникаларында тағылымдамадан өтсе, 2023 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының қолдауымен еліміздің аймақтарынан 60 дәрігер үшін Түркияда тағылымдама ұйымдастырылды. Медицина саласы бойынша жүргізіп жатқан осы жұмыстың бәрі осы «Анажұрттан – Атажұртқа денсаулық көпірі» жобамыз аясында жүргізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің аймақтық 20 ЖОО базасында академиялық үстемдік орталықтарын іске қосу жөнінде жақсы бастамасы бар. Осыған орай университетімізде «Yassawi академиялық үстемдік орталығын» ашылды. Бұл орталық дамудың үш бағытын қамтитын болады: медициналық, биотехнологиялық және экологиялық. Неге біз осы үш бағытты таңдадық? Себебі осы үш бағыт бойынша университеттің ғылыми әлеуеті жоғары, сондықтан осы салаларды одан әрі дамытып, елімізге пайдалы жобалар жасай аламыз деп шештік», дейді университет ректоры.
Жалпы, университет елімізге негізгі екі мамандық бойынша кадр даярлайды. Бірініш кезекте медицина және педагогикалық бағытта. Осы ретте медицина факультетінің әлеуеті жоғары. Факультет практикалық базсы ретінде ашылған Клиника диагностикалық Орталығы Түркістан қаласы ғана емес, өңірге сапалы медициналық қызмет көрсетіп келеді. Университетте медицина саласы бойынша өте көп жұмыстар атқарылды. Жақсы сапалы медицина кадрларын дайындау, оны дүниежүзілік стандарттарға жеткізу – оқу ордасының басты мақсаттарының бірі. Ал биотехнология саласы бойынша стратегиялық жоспарға сәйкес, алдағы уақытта аграрлық факультетті құруды көздеп отырмыз. Ол үшін университтетің толық мүмкіндігі бар.
Оқу орнында 88 гектарлық жерді алып жатқан керемет Ботаникалық бағы бар. Мұндай бақ отандық ЖОО-ы ішінде тек қана ХҚТУ-де ғана бар. Ботаника бағының базасында көптеген ғылыми зерттеу жұмыстары, бірнеше коммерцияландыру жобасы жүзеге асырылды. Ал үшінші бағыт экологияны қолға алудағы басты мақсат – Түркістан өңірінде экологиялық жағынан шешілуі тиіс мәселелер жетерлік. Сол себептен университет шетте қалмай өз үлесін қосуды көздейді. Университеттің Экология ғылыми –зерттеу институты осы сала бойынша өңірде біршама жұмыстарды атқарып, маңызды экологиялық мәселелерді көтеріп жүрген ғалымдар шоғырланған ғылымиорталық. Жаңа орталықты құру инновациялық білім беруді қалыптастыруға ықпал етумен қатар, қолға алынып жатқан медициналық, биотехнологиялық және экологиялық ғылым мен практика саласындағы әлемдік жетістіктерді ықпалдастыруға мүмкіндік береді. Жобаны қаржыландыру мөлшеріне келетін болсақ, өкімет тарапынан үш жылға жалпы 4 млрд теңге қаржы бөлу қарастырылған.
Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отырысында (12 сәуір Ғылым күніне орай) Мемлекет басшысы ғалымдар ойлап тапқан жобалардың игілігін бүкіл еліміз көруі керек екенін айтты. «Түптеп келгенде, ғылым – азаматтардың тұрмысын сапалы, болашағын жарқын етуге тиіс. «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» боламыз десек, осы мақсатты жүзеге асыруымыз керек. Мемлекет пен ғылыми қауымдастық бұл жұмысты жұмыла атқарады деп сенемін», — деген Мемлекет басшының пәрменді сөздерін оқу ордасы нақты істермен жүзеге асыруда.