ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨҢІРЛІК ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУДАҒЫ ІРГЕЛІ ІСТЕР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Жуырда университетте Ұлттық ғылым академиясының басшылығымен болған кездесуде бұл мәселе жан-жақты айтылды. Аталған университеттің белсенді, дарынды ғалымдарын ғылыми жобаларға тарту жұмыстары жүйелі түрде жолға қойлыған. Осы орайда университет ректоры Жанар Темірбекова кездесуде өңірдегі ғылыми зерттеу жұмыстары мен  өңірлік ғылымды дамытудың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланып, екі тарап ғылымды дамыту бойынша өз ұсыныстарын жеткізді. Жиынға облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, ғылым мен экономиканы ұштастыру бағытындағы  Мемлекет басшының тапсырмасынан туындайтын бірқатар мәселелерді сөз етіп, өз ұсыныстарын білдірді. Иә, Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отырысында: «Ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Әсіресе дарынды, қабілетті жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау өте маңызды. Жасампаздық, жаңашылдық, білімпаздық және ғылымға құштарлық – нағыз озық елге керек басты қасиеттер», деген болатын  Қ.Тоқаев.

«Біз рухани астанаға Түркия мемлекетімен ынтымақтастықты нығайту мақсатында келіп отырмыз. Жақын арада Түркиядағы ірі ғылыми қор TÜBİTAK ұйымына қарасты институттарға қазақ ғалымдарының делегациясы барады. Ондағы негізгі мақсат – Қазақстан ғылымының басым бағыты бойынша Түркиядағы ірі ғылыми орталықтар мен университеттер арасындағы ғылыми ынтымақтастықты құру, ғалымдарды таныстыру және бірлесіп жобаларды өткізу. Осы мәселе бойынша дайындық жұмыстарын пысықтап, қажетті ғылыми бағыттарды анықтаймыз. Соның негізінде бағдарлама мен ірі ғылыми тұжырымдама дайындаймыз», деді академия өкілдері.

Ал университет ректоры Ж.Темірбекова жаңа жоспарлармен бөлісіп, өңірдегі ғылымды дамытуға оқу орны ғалымдары белсенді түрде атсалысатынын айтты. Университет аумағында «Инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ботаникалық бағының құнды генофондын сақтау» атты коммерцияландыру жобасы аясында арнайы өндірістік цех ашылды. Жемістерді ғылыми зерттеумен және өндірістік қайта өңдеумен айналысатын шағын кәсіпорын алдағы уақытта тұрғындарды сапалы экологиялық таза жеміспен және кептірілген жеміс өнімдерімен қамтамасыз етпек. Яғни, бұл ғылымның жетістіктері мен нәтижесін өндіріске енгізу, өңірлік университететтердегі ғылыми зерттеулерді дамыту арқылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ғылымды коммерцияландыру арқылы экономиканы дамытуға тиісінше үлес қосудың нақты көрсеткіші болмақ.

Сондай-ақ академия делегациясы университеттің ғалымдарымен дөңгелек үстел өткізді. Басқосу барысында университеттің жетекші және жас ғалымдарының қатысуымен Түркістан облысы бойынша өзекті мәселелерді талқылау, оның шешу жолдарын анықтау, ғалымдардың ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелерін коммерцияландыру, өндіріске енгізу мәселелері қаралды. Жиынға қатысушылар мәселелерді жан-жақты саралап, тиімді бағыттар бойынша бірлесе жұмыс істеуге келісті.

Жалпы өңірде жоғары оқу орындарында ғана емес, мектеп, колледждерде де білім сапасын арттыру облыс әкімінің назарында екенін ескерген жөн. Бұл орайда 2024-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамытудың өңірлік жол картасы қабылданған. Мектептер мен колледждерде мониторинг жүргізу қолға алынбақ. «Білім саласына бизнес ретінде қарайтын басшылар, қызметкерлер, әріптестер болса, қазірден жұмыстан кете берсін. Біз қалай болғанда да білім сапасын жақсартуымыз керек. Өңірге арнайы индикаторлар бекітілген. Сіздер білім саласы бойынша 2024 жылдың соңында республикада ондықтың қатарына ену межесін қойып, осы бағытта нақты жоспарды ұсыныңыздар. Индикатор толық орындалуға тиіс», деген болатын білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланған мәжілісте облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, ауылдық жердегі білім сапасын көтеру мақсатында 2024-2025 жылдары 10 педагогикалық шеберлікті арттыру орталығы, 10 жетекші мектеп, тағы 5 ауданда «Мобильді мұғалім» жобасы іске қосылады. Сонымен қатар Жапония елінде тәжірибеден өткен ұстаздар мен әдіскерлер арқылы Lesson study әдісін сатылап енгізу және «Ауыл мектебін сапалы басқару» қанатқақты жобасы іске асырылып жатыр. Колледждерде білім сапасын көтеру жұмыстары қарқынды. Гранттар толық игерілген. Өңірлік жобалық кеңсесі осы оқу орнында ашылып, жұмыс жасап жатқан  «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында 2024-2025 жылдары еңбек нарығының сұранысына сәйкес 10 жаңа мамандық ашылады. Ол үшін өңірге қажетті жаңа кәсіптердің атласы қайта жасақталады, деді жиынға қатысып отырған облыс басшысы Д.Сатыбалды.

«Кез келген университетке жаңалық не болмаса өзгеріс енгізбестен бұрын, ең алдымен жан-жақты анализ жасап, стратегиялық жоспарды талдау керек. Себебі университет дегеніміз өте күрделі жүйе, кейбір өзгерістер мыңдаған адамның тағдырына әсер етуі мүмкін. Сондықтан маңызды өзгерістерді жоспарлы түрде енгізу, яғни ғылыми және экономикалық негізге сүйену шарт. Қазір өмір сүріп жатқан ортамыз біркелкі емес – ел ішінде де, халықаралық деңгейде де көптеген жаңалықтар мен өзгерістер жиі еніп жатыр. Сондықтан осы өзгерістерге ілесіп отыру өте маңызды. Кез келген университеттің дамуы оның стратегиялық жоспарына тәуелді болғандықтан, өзгеріс енгізу үшін осы стратегиялық жоспардағы параметрлерге жылда анализ жасалу қажет. Анализ нәтижесінде параметрлер ескіргені анықталса, онда университеттің тиісті мамандарымен талқылау арқылы жаңадан стратегиялық параметрлерді белгілеу керек. Біз дәл осы ұстаным бойынша жұмыс істедік. Сондықтан университетке алғаш келген күннен бастап, Халық үніне құлақ асатын университет концепциясы аясында университетіміздің миссиясы не, келешек көзқарасымыз қандай, құндылықтарымыз қандай деген сұрақтарға жауап іздедік. Университет қызметкерлерімен және студенттермен бірге талқылау жасадық. Талқылау нәтижесінде университетіміздің 2022-2026 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарын жасап шығардық. Аталған стратегия аясында расында да келесі сатыға көтерілу үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Академиялық үстемдік бойынша біршама жақсы жұмыстар жүзеге асырылды», деді Ж.Аманкелдіқызы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *