«Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға республикада 100 млрд теңге қарастырылған. Түркістан облысында 19,8 млрд теңгені игеру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында жобаланып, жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына барша бұқара қатты мүдделілік танытып отыр. Өңірге 11 млрд теңге аударылды.
Осы орайда «Ауыл аманаты» бағдарламасы жайлы кеңінен тоқталып, Сауран ауданының тұрғындарының назарына ақпараттарды ұсынуды жөн көріп отырмыз. «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған, несиелер биылғы жылдан бастап беріле бастады. Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? Бағдарлама бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие/шағын несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Несиенің, шағын несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банктен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарларды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруашылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады.
Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның, мемлекеттік кірістер органдарында берешектің болмауы талап етіледі.Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік кооперативке өткізу талап етіледі.Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына назар аударар болсақ, ең бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатқаны байқалады. Бұл ретте алынған өнімнің сапасын, салмағын арттыратын өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыруға ерекше мән беріліп отыр.
Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, сонымен қатар өзін өзі қамтушыларды заңдастыру. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына тоқталатын болсақ, ең бірінші кезекте жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатыр.Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген ойдамын. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез-келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған.
«Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ерекше қызығушылық танытқан өңірдің бірі – Түркістан облысы. Қарапайым ауыл тұрғындарының тұрмысын түзеп, кәсіп ашуына мүмкіндік беретін бағдарламаға биыл бірқатар өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, несие алуға ауылдық елдімекендермен қатар, шағын қалалар қосылды. Бағдарлама қаражатының 50 пайыздан аспайтын бөлігі мал, құс, балық сатып алуға беріледі. Биыл бұл мақсатта республикалық бюджеттен 13,2 млрд теңге қарастырылмақ. Нәтижесінде 62 ауылдық округінде жаңадан 62 кооператив құру жоспарланып отыр. 2640 жоба қаржыландырылып, 4500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Осы мақсатта Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдері, микроқаржы ұйым жетекшілерінің басшыларымен жиын өткізді. Облыс әкімі әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған игі жобаны егжей-тегжейлі талдап, су үнемдеу технологияларын қолдануды арттыру, дақылдарды өсіру және өндірістерді ашуға болатын қолайлы аймақты анықтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Пилоттық жобада жинақталған тәжірибені ескере отырып, биылғы бағдарламаға енгізілген өзгерістердің бірі – жобаға қатысушыларға тұрақты жұмыс орындарын құру мінеттеледі. Сондай-ақ бөлінген қаражатқа техника сатып алып, жабдықтармен қамтылуы тиіс. Бөлінген қаржыға жеңіл автокөлік сатып алуға болмайды. Және ауыл шаруашылығы жануарларын жақын туыстарынан сатып алуға тиым салынады.
– «Ауыл аманатының» нәтижесін ел көріп отыр. Жаңа жобалаларды үйлестіруде бағыттарға басты назар аудару керек. Әр ауданның өз брендін қалыптастыруға назар аударыңыздар. Мысалы, Бәйдібек, Сайрам аудандары десе, ел мал шаруашылығын еске түсіреді. Шардара десек, балық өндіру дамыған аймақ екенін білеміз. Сол секілді бұрын Сарыағаш десе, ел жүзімді алқаптарды айтатын. Сонықтан әр аймақтың өзіндік ерекшелігін қарастыра келе, сол бағытқа бет бұру. Жаппай бәрі мал өсіріп, не қызанақ егіп, қалған салалар құр қалмау керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысында өткен жылдан бері 19,8 млрд теңгеге 3200-ден астам жоба қаржыландырылды. 16 ауданның 64 ауылдық округінде жаңадан 75 кооператив құрылып, 3,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Халықтың 80 пайыздан астамы ауылды жерлерде тұратын Түркістан облысына пилоттық жобаға қатысатын 32 ауылдық округте тұратын мыңдаған адам қатысты. Сондай-ақ 16,4 га алаңға 328 жылыжай құрылысы қаржыландырылды. Жоба аясында 21 трактор, 2 комбайн алынып, 19 қайта өңдеу орындары ашылды.
– Етті бағыттағы ірі қара малдың саны 5 714 басқа, сүтті бағытта 22 400 басқа, жылқы саны 2 500 басқа, ұсақ мал 14 286 басқа артты. Ауыл тұрғындары мал бордақылап, балық өсіруді қолға алды. Енді бірі шағын кәсіпкерлікті дамытуда. Бағдарламаның игілігі жөнінде халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысы жүргізілді. «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған, – деді өз баяндамасында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.
Жан-жақты зерделенген жобада ауыл азаматтары кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала отырып, техниканы лизингке рәсімдеуге мүмкіндік алады. Несие немесе микронесиенің мерзімі – 5 жыл болса, мал және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобаларға 7 жылға дейін беріледі.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығын дамыту, мал, құс, балық шаруашылықтарын дамыту, кооперативтерді техникамен жабдықтау және өз кәсібін ашу.
Осы ретте, Түркістан облысында биыл 873,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарының егу жоспарлануда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының егістікті әртараптандыру, өнімділікті арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес масақты дақылдардың егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7,8 мың гектарға артып, 281,2 мың гектарға, малазықтық дақылдар 4,2 мың гектарға артып, 227,9 мың гектарға, көкөніс, картоп, бақша дақылдары 2,6 мың гектарға артып, 129,0 мың гектарға егілмек.
Мақта дақылы өткен жылмен салыстырғанда 6,4 мың гектарға қысқартылып, 105 мың гектарға, майлы дақылдар 6,4 мың гектарға қысқартылып, 75,5 мың гектарға орналастырылады.
Бүгінде өңірде ерте пісетін қырыққабат дақылы 0,5 мың гектарға егілді. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қолда бар техникалардың 95% дайын. Жер айдау жұмыстары 79 пайызға, сор шаю жұмыстары 56 пайызға орындалды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 21,8 мың тонна жанармай бөлінді. Босату жұмыстары басталуда. Тауар өндірушілер жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген. Егіске қажетті 7,8 мың тонна масақты дақыл, 1,5 мың тонна мақсары, 3,4 мың тонна мақта, 0,5 мың тонна жоңышқа және 0,9 мың тонна жүгері тұқымдары бар. Ал картоп тұқымдары коммерциялық ұйымдардан алынуда.
Облыста 500 түрлі минералды тыңайтқыш құнының 50%-ын субсидиялауға 7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 82,3 мың тонна минералды тыңайтқыш субсидияланады. Минералды тыңайтқыштар тапшылығын болдырмау үшін, отандық тыңайтқыш өндіруші «ҚазАзот» АҚ-мен меморандум рәсімделуде. Бүгінгі күнге облыс аумағындағы қоймада 25,0 мың тонна минералды тыңайтқыш сақтаулы.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 13,4 млрд. теңге қаржы бөлу жоспарлануда. Оның ішінде «Кең дала» бағдарламасымен 10,0 млрд. теңге, тікелей зауыттарға 2,5 млрд. теңге және несие серіктестіктері арқылы 868,0 млн. теңге бөлінеді.
Нәтижесінде 68,0 мың гектар алқаптағы дала жұмыстары қаржыландырылады. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 1,2 млрд. теңгеге қаржыландырылды.
«Ауыл аманаты» Ұлттық жобасы аясында өңірлердің инфрақұрылымын жақсарту бойынша ауқымды шаралардың қажеттілігі бірнеше факторлармен айқындалды. Түркістан облысының экономикасының маңызды салаларының бірі ауыл шаруашылығы. Осы мақсатта өткен жылдың басынан бері салаға 88,5 миллиард теңге инвестициялар тартылды. Былтыр Түркістан облысында республикалық рекордтық көрсеткішпен 3,3 миллион тонна көкөніс жиналды. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 1 триллион теңгеден асты, бұл өңірдің осы көрсеткіш бойынша республикада көш бастауына мүмкіндік береді. Облыс басқа салаларында да жақсы өсу динамикасы байқалады. Өңірдегі АӨК дамытудың маңызды бағыттарының бірі жаңа технологияларды пайдалану болып отыр. 31 788 га жерде су үнемдеу технологиясы енгізілді. Ал «бір ауданнан жылына 2-3 өнім алу» жобасы суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік берді. Қарқынды бау-бақша көлемі 5405 га-ға дейін жеткізілді. Нәтижесінде өнім 5 есеге артып отыр, шаруалар 300-350 центнерге дейін өнім жинайды. Бұрын бұл көрсеткіш 60-70 центнер деңгейінде болатын.
Сонымен қатар, өңірде жылыжайдың жалпы көлемі 1640 га жеткен. Сонымен қатар, 500 га жерге жаңа жылыжай салу жоспарда бар. Ал Сауран өңірінде көкөніс сақтайтын қойманың құрылысы басталды. Облыс халқының 80%-ы ауылдарда тұрады. Облыста алты бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындары үшін игілікті көмекке айналды. Қазірдің өзінде 17,3 миллиард теңге сомасына 2877 жоба қаржыландырылды. Бағдарламаның арқасында атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны азайып, өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесі артып, жаңадан ашылған жеке кәсіпкерлерден түсетін қосымша салық түсімдері артты. Өткен жылы іске қосылған жобалардың қатарында мал бордақылау алаңы, сыйымдылығы 3 мың тонна көкөніс сақтау қоймасы, жылына 50 тонна балық өндіретін балық зауыты, жаңбырлатып суару технологияларын енгізу, «Cotton -2» мақта өңдеу зауытын, сондай-ақ құс етін өндіретін құс фабрикасын, 50 гектарға қарқынды алма бағын кеңейту бар.
Ауыл шаруашылығы министрінің сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі бірқатар жүйелі және жедел шара қабылдайтын болады. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі кешенді түрде шешілетін болады. Осы жылдың соңына дейін 536 млрд теңге сомасына агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша 291 инвестициялық жоба іске асырылады. Жалпы 2023-2026 жылдары 2,6 трлн теңге сомаға 700 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.
«Өз кезегінде агроөнеркәсіп кешені субъектілері үшін кредиттер негізгі борыш пен сыйақы бойынша жеңілдікті кезеңмен жылдық 2,5 пайызбен 10 жылға дейін берілетін болады. Биыл осы мақсаттарға 100 млрд теңге бөлінді, соның есебінен шамамен 65 тауарлық сүт фермаларының құрылысы қаржыландырылатын болады, бұл сүт өндіру көлемін кемінде 373 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді», — деді министр.
Оның айтуынша, бұл бір жағынан ауылда жыл бойы жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді, ал екінші жағынан импортқа тәуелділіктен арылуға мүмкіндік береді. Сақтау инфрақұрылымын құру және көкөніс сақтау орындарының тапшылығын азайту мақсатында Көкөніс сақтау орындарын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру жалғасып келеді. 2025 жылдың соңына дейін жалпы сыйымдылығы 135 мың тонна көкөніс сақтау орны, оның ішінде 2023 жылы 105 мың тоннаға 26 көкөніс сақтау орны қосымша іске қосылады. Бұл республиканың көкөніс сақтау орындарына деген қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді.
Министрдің мәліметінше, осы жылдың басынан бастап Тұрақтандыру қорларының жұмысы қайта форматталды, осылайша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тежеудің үш кезеңдік жүйесі енгізілді. Тұрақтандыру қорлары бойынша жаңа тәсілдер фермерлерге күзгі және ерте пісетін көкөністерді белгіленген бағамен жеткізуге алдын ала аванс беруге және маусымаралық кезеңде көкөністер бағасының өсуіне реттеуші ретінде әсер етуге мүмкіндік береді.
Оның айтуынша, арзандатылған астықты сату бойынша мемлекеттік қолдау тетігі жеке пысықталды, бұл тек ұн өнімдері бойынша ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларына астық пен жем-шөп беру арқылы мал шаруашылығы өнімдері бағасының өсуін ұстап тұруға мүмкіндік береді. Жалпы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру шеңберінде жаңа тәсілдерді қаржыландыру үшін облыстардың жергілікті бюджеттерінде шамамен 125 млрд теңге, оның ішінде жеңілдікпен несие беруге 99 млрд теңге және тауар өндірушілерден тікелей сатып алуды жүзеге асыруға 26 млрд теңге көзделген. Агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің жеңілдікпен қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру мақсатында «Экономиканың нақты секторына кредит беруді кеңейту және халықтың шамадан тыс несие алуын азайту жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарына кредит беруді ұлғайту, агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі салаларындағы жобаларды «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының ұйымдары тарапынан қоса қаржыландыру тетіктерін кеңейту жөнінде жұмыс жүргізілуде.
Бұдан басқа осы Жарлыққа сәйкес осы жылдың соңына дейін астық қолхаттарын несие беру мақсаттары үшін квазимемлекеттік сектор субъектілері кепілдік берген тұрақты кепілдер санатына енгізу жоспарланып отыр. Ол үшін Ауыл шаруашлығы министрлігі Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және Ұлттық банкпен бірлесіп, астық қолхаттарын кепіл ретінде енгізу үшін өлшемшарттар мәселесін пысықтауда. Саланы жеңілдікпен қаржыландыру көлемін ұлғайту үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенінің басым бағыттары бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында 40 млрд теңге көлемінде «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының бюджеттік инвестицияларын тарту бойынша жұмыс жүргізуде.
«Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын, оның ішінде азық дайындайтын техниканы және суарудың мобильді жүйелерін сатып алуды қаржыландыру үшін кейіннен лизингке бере отырып, биыл «ҚазАгроҚаржы» АҚ жарғылық капиталын ұлғайтуға 20 млрд теңге бөлінетін болады. Жалпы үш жыл ішінде осы мақсаттарға 79,4 млрд теңге бюджеттік инвестицияны бағыттау жоспарлануда», — деді.
Осы шаралардың барлығы агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің қаржыландыру жағдайларын жақсартуға және қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы министрінің сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру басталды, оның шеңберінде сенім білдірілген өкіл арқылы 5 жылға дейінгі, мал шаруашылығы саласында 7 жылға дейінгі мерзіммен жылдық 2,5%-бен микронесиелер берілетін болады. Микронесиенің ең жоғары сомасы 8,6 млн теңгені құрайды, бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін – 27,6 млн теңге.
Жобаны іске асыруға биыл 17 мың микронесие беру жоспарымен 100 млрд теңге көзделген, бұл 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Отбасылық шаруашылықтардың ауыл шаруашылығы жануарларын азықпен қамтамасыз ету мақсатында өз мүшелеріне өзіндік құны бойынша қызмет көрсететін және оларға азықты нарықтық бағадан төмен бағамен сататын сервистік ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жоспарлануда. Жалпы 7 жыл ішінде жобаға 1 трлн теңгеге дейін бөлу жоспарлануда, ол 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамып, 350 мыңға жуық жұмыс орнын құрады.