Әлі күнге дейін келіннің қолына қарамай өз қамын өзі жасайды апамыз. Алла берген қуаты сарқылмаған жанды жас күніндегі бейнеті әбден қатайтқан. Елдің ынтымақ бірлігінің берік болуын тілеп отыратын асыл ана ағайын мен туыс арасында үлкен бедел иесі. Өздерінен өрбіген ұрпақтарына берекенің кілті еңбекте екенін әр кез насихат етіп отыратын Айсұлу апамыз өзінің ширақтығы мен осы таңдағы бақытты күндерін бейнеттің арқасы деп біледі.
Кейіпкеріміз биыл күзде сексен бес жасын атап өтпек. Бұл әрине балаларының бастамасы. Бес ұл, бес қыз тәрбиелеп, барлығын да жоғары білімді маман етіп, өмірлік жары Әлсейіт екеуі, ата-аналық парызын өтеді. Ел алдында абыройлы отбасы бола білді. Сұлу Сырдың жағасынан орын тепкен Қандөз ауылында ғұмыр кешті.
Таным-түсінігімізге сай отанасын сөз еткен оның сүйеніші, шаңырақ иесі ерінің есім-сойын елемей өту әбестік әрине. Сол ұстаныммен Айсұлу апамыздың өмірлік жары, сүйеніші, бір әулеттің ғана емес Алла бұйыртып, топырағын басқан барлық мекен жұртының мақтанышына айналған Әлсейіт Қарабаев туралы айтпай кету мүмкін емес.
Жоғары білімді, қазақ тілі әдебиетінің мұғалімі еді. Амангелді кеңшарында алғаш ашылған орта мектептің директоры қызметін атқарып, 1967 жылы «Түркістан» кеңшарын құруға атсалысып, Қандөзге қоныс аударған болатын. Әлекең сол ауылдың жұмысшылар комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Әділдікті ту еткен азаматтың көпшілік арасында абыройы асқақ екенін көз көргендер осы күнге дейін жыр етіп отырады.
Міне, осындай кең жүректі азаматпен шаңырақ құрған Айсұлу апа «Батыр ана» алтын белгісін иеленіп, алтын құрсақты ана атанған. Ел алдындағы елеулі еңбегінен соң Әлекең дербес зейнеткер атанып, атамекені Абай ауылына қоныс аударды. 1999 жылы қазан айында дүниеден озды. Қамқор әке, жүрегі жұмсақ жан, көркем сөздің шебері, елге сыйлы жан еді. Түркістан қаласында ол кісінің атына көше берілді. Осылайша еліне сіңірген еңбегі еленді. Осы ретте «Ақылды жігіттің артында дана әйел тұрады»-деген халық даналығын айтпай кетуге болмас. Перзенттерінің ақылшысы Айсұлу апамыз бас болып, аяулы әкенің рухына бағыштап, ұл-қыздары жыл сайын қазан айында құран оқытып отыру дәстүрге айналған.
Қарағандыда екі ұлы Бақыт пен Алым ішкі істер қызметкері, екеуі де полиция подполковнигі. Бақыт Қарағанды политехникалық университетін тәмамдаған. Алым заңгер, Ғалымы Шымкент технологиялық университетінің экономика факультетінің түлегі. Қадиша қызы Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы университетін бітірген, ХҚТУ-да оқытушы, филология ғылымының доценті. Ғайша мен Ақайша, Ләззат жоғары білімді педагогтар. Қансейіт автотранспорт саласының маманы. Айша Ақтөбе медицина университетін тәмамдаған, дәрігер-гинеколог. Марқұм Жансейіті байланыс бөлімін басқарды. Он перзенттен 24 немере, 15 шөбере көріп отырған Сәрсенбіқызы Айсұлу апамыз бақытты әже, келіндерін өз қызындай аялап отырған жан.
Он бес жасында осы әулетке келін болып түсіп, ұл-қыз тәрбиелеп, сексеннің сеңгіріне шықса да сөз басында атап өткеніміздей үй шаруасынан қол үзбеген Айсұлу апа қонақ күтіп, немере, шөберелеріне қарап, еңбек етуден жалықпаған. Келін болып қарбаласты күндерін, ана болып ақ бесікке алаңдаған түндерін еске алып келіндеріне аналық ақылын айтып, Аллаға шүкіршілік етіп отырады.
Әже болып аялаған гүлдерін, күнделікті шаруасын сол баяғы күндерім –деп, тіршілік еңбекті өмірім –деп білген Айсұлу апаның болашақтан зор үміті барын ұл-қыздары жақсы сезінеді де, бағалай да, аялай да біледі. «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды»-деген өлең жолдары осындай отбасыдан шықса керек. «Жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген бабалар ұлағаты осы отбасының айнымас ұстанымы.
