Түркістан облысының жалпы өңірлік өнім көлемі өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 2 трлн 699 млрд теңгені құраған. Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы көрсеткіш бойынша облыста негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 972 млрд 31,8 млн теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 26,1%-ға артқан. Сонымен қатар, жеке инвестициялардың үлесі – 72,5%. Яғни ең басым секторлар – өнеркәсіп және жылжымайтын мүлік салаларында. Сондай-ақ, бюджеттік инвестициялардың үлесі – 27,5%. Олар инфрақұрылым нысандарын дамытуға, жылжымайтын мүлік саласына, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызметке бағытталған. Осылайша, өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында бұл салада негізгі капиталға бағытталған инвестициялар 4,3%-ға артып 156 млрд 268,6 млн. теңгені құраған. Бұдан бөлек, былтырғы жылдың қаңтар-қараша айларында Түркістан облысының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда айналымының көлемі 735,1 млн. АҚШ долларын құраған.
Осыған орай Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға арналған кезекті Сауран ауданы кәсіпкерлерінің кеңес отырысы өткізілді. Оған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен шағын және орта бизнес өкілдері қатысты. Мәжіліс барысында
— Бүгінгі басқосуымыз өңіріміздің өркендеу сатысындағы маңызды оқиға. Себебі, кәсіптерін дамытуды көздеген азаматтарға ыңғайлы жағдай жасайтын Шаға ауылдық округінде индустриалды аймақ және Оранғай ауылдық округінен Арнайы экономикалық аймақ құрылды. Осыған орай, кәсіпкерлерімізбен жиын өткізіп, Сауран ауданының потенциялын тиімді пайдалану тетігін ұсынбақпыз — деді аудан әкімі.
Аталған міндеттердің аясында ұйымдастырылып отырған Сауран кәсіпкерлерінің кеңес отырысының мақсаты, алыс жақын шетел инвесторларын тарту есебінен ауданда жеңіл, тау-кен, машина жасау, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу өнеркәсібін, туризм кластерін дамыту арқылы аудан экономикасын көтеруді көздейді.
Сауран ауданында көптеген мекемелер, кәсіпорындар және өндіріс орындарын ашуға толықтай негіз бар. Атап айтсақ, өңірімізде қазба байлықтары, ауылшаруашылық өнімдері, туризм саласының оңтайлылығымен бірге шығарылған өнімдерді саудалайтын кең көлемдегі нарық та қалыптасқан.
Жиын қорытындысымен ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, экономиканы нығайту бағытында өз үлестерін қосып жүрген кәсіпкерлер марапатталды. Оларға «Сауран ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері табысталды.
САУРАН: ӨҢІРДЕ СҮТ КЛАСТЕРІ БОЙЫНША МАҢЫЗДЫ 3 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТЫР
Түркістан облысының өнеркәсіп саласы дамып келеді. Осы тұрғыда бірнеше ауқымды жоба қолға алынған. Соның бірі – 1200 сүт-тауар фермасын салу жобасы. Бүгін өңір басшысы Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы «БНК АГРО КЗ» ЖШС құрылысын аралап көрді.
– Облыс экономикасы үшін маңызды жобаларға қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Өңдеу өнеркәсібін өркендету – міндетіміз, – деді облыс әкімі.
Жобаның құны 3,3 млрд теңгені құрайды. Мақұлданған қаражатқа сүт-тауарлы фермасының жабдықтары Түркиядан әкелінуде. Ал Даниядан ірі қара сатып алу жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс алаңына қажетті металл конструкциялардың 80% жеткізілді. «Қотырбұлақ» электр станциясынан ұзақтығы 5 км электр желісі тартылып, қуаттылығы 250 КВт және 100 КВт болатын 2 трансформатор орнатылды. Учаскеде 8 бірлік ұңғыманы бұрғылау жоспарланған. 210 метрден 1 ұңғыма бұрғыланды.
Бұған дейін бірінші қораның іргетасын құю аяқталып, қораның еден жабыны құйылған. Қазір конструкциясы мен екінші Сүт сауу залы фермасының конструкциясы жинақталуда. Сондай-ақ үшінші қораның іргетасы мен еден жабыны, төртінші қораның іргетасы құйылып жатыр.
Сүт-тауар фермасын жем-шөп базасымен қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорын 1 322 га суармалы егістік алқабына жоңышқа, жүгері, бидай дақылдарын егуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар ферма аумағында 80 га жерде 2 дана жаңбырлатып суару машиналары орнатылуда. Кәсіпорын қажетті ауылшаруашылық техникалармен толық қамтылған.
Бұдан бөлек облыста жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссиясы тағы 2 жобаны қаржыландыруды мақұлдаған. Оның бірі – «Бөрте Милка» ЖШС, яғни 403 басқа сүт тауарлы фермасын ұлғайту жобасы. Жобаның жалпы құны – 2,8 мрд теңге. Қазіргі уақытта ферманың жаңа ғимаратының іргетасы аяқталуға жақын. Сондай-ақ жем-шөп сақтау қоймасының құрылысы жүргізілуде. Қора конструкцияларына қажетті құрылыс материалдары толық көлемде сатып алынды. Ордабасы ауданындағы бұл жоба биыл сәуір айында іске қосылады деп жоспарлануда. Нәтижесінде 35 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 2 700 тонна сүт өндірілмек.
Сауран ауданында да сүт фермасы салынады. «Sultan Agro Group» ЖШС-нің 600 бас сүт-тауар фермасын салу жобасының құны 4,3 млрд теңгені құрайды. Қазіргі кезде қажетті жабдықтар мен техникалар алынған. Ферма іргетасының құрылыс жұмыстары, металл конструкцияларын дайындау, электр желілерін тарту және сумен қамтамасыз ету жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Жоба биыл мамыр айында іске қосылып, жылына 5000 тонна сүт өндіреді, сондай-ақ 50 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында аграрлық саладағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру моделін, оның ішінде сүт-тауар фермаларын ашу тәжірибесін еліміздің басқа өңірлерінде кеңейту мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен Түркістан облысында сүт-тауар фермаларын ашу жобалары жүзеге асырылуда. Аталған мақсатқа сүт-тауарлы фермаларын жеңілдетілген несиелеуге 6 млрд. теңге қаржы қаралған.
Еске сала кетейік, бірер уақыт бұрын Түркістан облысында алғаш рет бизнес және туризм өкілдерінің басын біріктірген TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумы өткен болатын. Онда «Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібін дамыту» жайында панельдік сессия отырысы өтті. Сала майталмандары оның даму перспективалары мен сыртқы нарықтарға шығу жолдарын талқылады. Ірі компаниялардың басшылары өз тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін ортаға салды. Сессия отырысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытудың маңызды аспектілеріне тоқталып, сала жетістіктерімен бөлісті.
– Өздеріңіз білетіндей, Түркістан облысы аграрлық өңір болып табылады. Өйткені агроөнеркәсіптік кешен облыстың жалпы өңірлік өнімінің 30%-ын құрайды. Географиялық орналасуы, климаттық жағдайлары бойынша облыс аграрлық саланы дамыту үшін, сондай-ақ жұмыс күшімен қамтамасыз ету тұрғысынан ең қолайлы өңір болып есептеледі. Облыста 100 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді, сонымен қатар 1 миллионнан астам халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Мемлекеттік қолдаудың көмегімен саланың инвестициялық тартымдылығы айтарлықтай өсті. Соңғы 5 жыл ішінде аграрлық салаға шамамен 1 млрд. АҚШ доллары көлемінде жеке инвестиция тартылды. Әлемде халық санының өсуіне, сапалы азық-түлік тауарларына сұраныстың артуына байланысты агроөнеркәсіптік кешенді жаңа форматта дамыту өзекті мәселеге айналды. Осыған байланысты, өңірде бұл саланың бірнеше бағыттарын дамытуға күш салудамыз. Сондықтан саланы жаңа бағытта дамытуды, шикізаттық дамудан дайын өнімді шығаруға көшуді жан-жақты талқылауда біз бірыңғай ұстанымға келеміз деп үміттенемін,- деді ол.
Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруға басымдық беріледі. Суармалы суды тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жұмыстарына күш салынған. Сонымен қатар Түркістан облысында бәсекеге қабілетті экспортқа бағдарланған қайта өңдеу саласы дамуда.
Ауқымды жиынға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей елдерінің беделді саясаткерлері, ықпалды кәсіпкерлері, сала көшбасшылары мен сарапшылары, инноваторлары арнайы қатысты. Сонымен қатар, форум аясында келіссөздер жүргізіліп, жалпы құны 1 триллион 55 миллиард тенгені құрайтын 20-ға жуық мемарандумға қол қойылды.
Айта кетейік, облыс үлесіне республиканың суармалы жерлерінің 1/3 бөлігі тиесілі. Республика халқын отандық өніммен қамтамасыз етудегі облыстың үлес салмағы өте жоғары. Облыс үлесіне өндірілген шикі мақтаның 100%-ы, жүзімнің 74% -ы, бақша дақылдарының 59% -ы, жемістердің 35% -ы, жүгерінің 25% -ы, көкөністердің 23% -ы тиесілі. Облыста жылыжай шаруашылығы (1640 га) және қарқынды бау-бақша шаруашылығы (5,6 мың га) жүйелі түрде дамып келеді.
Жыл сайын облыста 3 млн.тоннадан астам көкөніс және бақша дақылдары, 800 мың тонна дәнді дақылдар, 200 мың тонна жемістер мен жүзім, 300 мың тонна шитті мақта өндіріледі.
Мал шаруашылығы көрсеткіштері бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр. Республикада облыс үлесіне ірі қара мал басының 14% – ы, ұсақ малдың 23% – ы, жылқының 11% – ы, түйенің 14% – ы, өндірілген еттің 11% – ы және сүттің 12% – ы тиесілі. Сондай-ақ облыс үлесіне елден экспортталатын ірі қараның 85% – ы, қой етінің 60% – ы тиесілі. Биылғы жылдың 10 айында 10 тонна ірі қара еті, 4,6 мың тонна қой еті экспортталады.
Сауран ауданының тұрғындары үшін Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру үдетіліп, жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндаймыз. Қазіргі әлемде бәрі цифрлық рельстерге ауысады, бұл ауыл шаруашылығына да қатысты. Бұл саладағы цифрландырудың басты міндеті-өнімді өндіруге жұмсалатын шығындарды азайту, ресурстарды тиімді пайдалану негізінде оның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Жаңа технологиялар есебінен ауыл шаруашылығы кәсіпорнын басқару тиімділігін арттыру нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті сақтауға және тіпті арттыруға ықпал етеді. Елде агроөнеркәсіп кешенін дамыту – аграрлық саясаттың маңызды бағыты.
Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын жаңа экономиканың драйверіне айналдыруға баса маңыз берілді. Осы тұста, Президент пәрменіне сай, елімізде Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге аса бастады. Бұл бағытта Ауылшаруашылығы министрлігі тарапынан Агроөнеркәсіп кешенін дамыту Карталар жасалды. Ол бойынша саланы 13 бағытта жетілдіру көзделуде. Соның бірі, саланы цифрландыру. Шалғайдағы шаруа қожалық иелеріне қолжетімді электрондық құжат рәсімдеуге жағдай жасау болатын. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің ресми сайты жанынан Qoldau.kz Бизнеске арналған цифралық платформасы іске қосылды. Бұл қосымшада шаруаға қажетті «Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген дизель жанармай үлестіру», «Астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік электрондық тізілімі», «Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану бойынша электрондық жоспарлар», «АӨК субьектілерінің электрондық картасы» сынды медиа-ресурстар орналасқан. Сондай-ақ Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау үшін өтінімдер электронды түрде өтінім бере аласыз. Осы өтінім түрін жаңақорғандық шаруалар игілігіне икемдеуде.
Айта кету керек, Qoldau.kz қосымшасында сан түрлі қызмет түрлері де бар. Яғни, «Сақтандыру өнімдері», «Геоақпараттық портал», «Көліктің серіктік мониторингі», «Сауда алаңы», «Ауа райы қызметі», «Көлік логистикасы» секілді диқаншы қауым мен шаруа үшін қолжетімді ресурстар жасақталған. Келешегі ауылда бақша өнімін еккен диқан осы қосымша құрылғы арқылы серіктес тауып, өнімін шетел нарқына шығаруға, не ұзақ мерзімді қоймаға сақтауға, электрондық сауда алаңына шығарып пұлдауға мүмкіндік туады.
Сондай-ақ Qoldau.kz сайты әзірге пилоттық жоба болғандықтан, қосымша жаңа бағыттар жасақталуда. Оның ішінде, «Ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді пайдалану туралы деректемелердің ақпараттық банкі», «Су шаруашылығы құрылымдарының тізілімі, суларды және олардың пайдалануын есепке алу», «Машиналарды тіркеудің электрондық кітабы», «Селекциялық және асыл тұқымды жұмыстардың ақпаратты қоры» әзірлену үстінде. Алдағы уақытта осы жобаларда жүзеге асса, портал қызметінің аясы кеңейе түспек.
Аграрлық секторы дамыған елдердің әлемдік тәжірибесі көрсеткендей, IT технологияларды өндіріске енгізу жабдықтардан, сенсорлардан, дрондардан, спутниктерден және басқа да сыртқы қолданбалардан алынған деректер массивтерін біріктіретін инновациялық бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалану арқылы жоспардан тыс шығындарды 20%-ға дейін немесе одан да аз мөлшерде азайтуға мүмкіндік береді. Жаңа технологиялар өнімді ілгерілетудің барлық жолын далалы аймақтан тұтынушыға дейін бақылауға жағдай жасайды әрі бұл оның сапасына кепілдік беріп, тұтынушылардың қажеттіліктерін де өтейді.
Мұндай бағдарламаның мысалы ретінде Agrostream ақпараттық жүйесін айтуға болады. Ол Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал отандық өнім. Бұл жүйе деректерді тиімді түрде жинап талдайды әрі оны басқару шешімін қабылдаушыларға ыңғайлы түрде ұсынады. Агроөндірушілерді қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету шығындарды кемітуге және білікті жұмыс күшіндегі тапшылықты азайтуға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер аз ресурстармен көбірек азық-түлік өндіруі керек, сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясында айтарлықтай серпіліс қажет.
Цифрландыру бәсекеге қабілеттілік пен еңбек өнімділігін арттырады, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және салаға инвестиция тартады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сенсек, 2025 жылға дейін ауыл шаруашылығы өндірісінің цикліне заттардың интернетін енгізудің экономикалық тиімділігі шамамен 40 млрд теңге болмақ.
Шығындардың негізгі себептері өндірістік процестердің жетілмегендігі, автоматтандырудың төмен деңгейі және ақпараттың жетіспеушілігі. Бұл кемшіліктер мынадан көрінеді:
- жұмыстың технологиялық мерзімдерін сақтамау: ақпараттың жетіспеушілігі, жұмыстарды уақытында жүргізу үшін ресурстардың тапшылығы, агрономия қателіктері;
- жұмыстарды орындау технологиясын сақтамау: жылдамдықты арттыру, агрегаттарды дұрыс реттемеу, ауыл шаруашылығы техникасының жұмысын жеткіліксіз бақылау;
- тасымалдау кезіндегі шығындар: ұрлау, жүргізушілер мен тоқ жұмысшыларының айла-амалдары;
- агротехнологиялық жұмыстардың сапасыз немесе толық орындалмауы.
«McKinsey & Company» талдау орталығының бағалауы бойынша, әлемдегі барлық тамақ өнімдерінің 1/3 бөлігі (жылына 940 млрд долларға дейін) жоғалады немесе қалдықтарға кетеді екен. Ал, цифрландыру ғана бұл шығындарды азайтуға жол ашады.