Түркістан қаласының тұрғындары азаматтық қоғам қалыптастыруда белсенділік танытып келеді. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев та азаматтық қоғам құру – негізгі басымдықтың бірі екенін де атап өтті. Осы орайда, киелі шаһар жұртшылығына азаматтық қоғам туралы танымдық ақпартты ұсынамыз. Азаматтық қоғамның пайда болуы жөнінде ғалымдар арасында екі түрлі көзқарас бар. Біреулері оны буржуазиялық қоғамның жемісі дей келіп, нарықтық қатынастармен байланыстырады. Екіншілері ондай қоғам белгілі бір шамада болмасын болған дейді. Азаматтық қоғам идеясы өте ертеде пайда болған. Аристотель еңбектерінің өзінде бір азаматтық қоғамдағы меншіктің рөлі туралы пікірлерін кездестіреміз. Ол кім меншікке ие болса, сол ізгіліктің, адамгершіліктің де иесі болады деп жазды. Кейінірек бұл мәселеге елеулі үлес қосқандар:Т.Гоббс, Ш.Монтескье, Ж.Ж.Руссо,Т.Пейн және тағы басқа. Дегенмен, азаматтық қоғам тұғырнамасын жасауда ерекше еңбек еткен немістің атақты фәлсафашысы –Гегель. Оның ойынша, азаматтық қоғам мемлекеттен тәуелсіз нарықтық экономиканы, әлеуметтік топтарды, таптарды, корпорацияларды, институттарды қамтиды. Олардың мақсаты қоғамның өміршеңдігін және азаматтық құқықты жүзеге асыруды қамтамасыз етуде. Азаматтық қоғам деп мемлекеттік құрылымнан тыс қалыптасатын әлеуметтік-экономикалық және мәдени –рухани қоғамдық қатынастардың жиынтығын айтады. Ол жеке тұлғаның емін-еркін дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды. Бұл қоғамда мемлекеттің жеке адам өміріне аралауына шек қойылады. Ал олардың атқаратын міндеттерін азаматтар өз еркімен оларға берген және орындалуын өздері тексереді. Азаматтық қоғамның құрамына адамдардың өздері тудырған қауымдастықтар (отбасы, кооперациялар, ассоциялар, қоғамдық ұйымдар, кәсіби, шығармашылық, спорттық, этникалық және басқа бірлестіктер), азаматтардың, өндірістік және жеке өмірі, олардың әдеп-ғұрпы, салттары кіреді. Азаматтық қоғамда адамдардың экономикалық, саяси және рухани өмірінің түрін еркін таңдауына және жүзеге асыруына заң жүзінде кепілдік беріледі. Олар мемлекет тарапынан қатаң тәртіпке алынудан сенмді түрде қорғалады. Адамның жалпы құқықтары сақталады, бұзылмайды. Азаматтық қоғам экономикасының негізгі-әр түрлі меншіктегі көп укладты экономика. Бұл қоғамның әрбір мүшесінің нақтылы меншігі болады және оны өз қалауына алады. Сондықтан мұнда белсенді іскерлікке , тапқырлыққа, жемісті еңбек етуге кең жол ашылады. Саяси өмірде азаматтық қоғам барлық азаматтарға мемлекеттік және қоғамдық адамның халықаралық дәрежеде танылған ережелерде сай төмендегідей азаматтық құқықтары жүзеге асырылады: -ұлттық-этникалық, саяси, діни, жастық, жыныстық белгілері бойынша қандай да долсын алалаушылыққа жол берілмейді; -жеке тұлға мен азаматтың абыройы болып саналатын пәтер үйі мен мүлкі, мамандық таңдау еркіндігі, тұратын мекенін анықтау, елжұртқа келіп кету, хатта жазылған және телефонмен сөйлеген сөз құпиялылығы, сөз, баспасөз және хабарлама бостандығы заң жүзінде сенімді қорғалады; -адам өзінің көзқарасы мен рухани мүдделерін өзі шешеді; -азаматтық құқықтар сот органдары мен қоғамдық ұйымдар жағынан толық қорғалады. Қазақстанда азаматтық қоғамның қалыптасуы өзгеше жағдайда өтіп отыр. Кеңестік кезеңде қоғам өмірі барынша мемлекеттендірілген болатын. Ол жүйе күйрегеннен кейін азаматтық қоғамға өтуге «жоғарыдағы» мемлекеттің өзі ұйтқы болып отыр. Халықтың сана-сезімі, жүріс-тұрысы әлі ондай деңгейге көтеріле қойған жоқ. Сондықтан біраз уақытқа дейін, белгілі бір сапалық деңгейге қол жеткізгенше бұл процеске мемлекеттің елеулі ықпалы болмақ. Еліміздің 1995 жылы Конституциясы Қазақстанда әлеуметтік бағдарды нарық экономикасы мен жеке адамның автономиясын тұрақты қалыптастыру үшін оған қажетті құқықтық жағдайлардың негізін қалады. Оған тең дәрежеде танылатын және қорғалатын мемлекеттік меншік пен жеке меншікті, адам және азамат құқықтарының кең ауқымды және біртұтас кешенін, отбасын, ана мен әке және баланы мемлекеттің қорғауын, идеологиялық және саяси әр алуандықты және тағы басқа да жаңа Конституцияда бекітілген қазақстандық азаматтық қоғамды ерікті дамытудың алғы шарттарын жатқызуға болады. Азаматтық қоғам материалдық, мәдени жоғары дамыған шақта құқықтық мемлекетке айналады.Құқықтық мемлекет деп-демократиялық жолмен қабылданған заң үстемдік ететін, оның алдында бәрі де тең саналатын, жеке адамның құқығы жан-жақты қамтамасыз етілетін мемлекеттік құрылысты айтады. Заң үстемдігінің елдің Конституциясында бекітіліп, басқа заңдар мен ережелік актілерге таралады. Заңдар халықтың еркін білдіреді және оны барлық адамдар, мемлекеттік органдар мен мекемелер орындауға міндетті. Мұнда мемлекет пен азаматтар екі жақты өзара жауаптылықта болады. Билік шын мәнінде бөлінеді, олардың міндеттері мен қызметтеріне шек қойылады, өзара бақылау қамтамасыз етіледі. Мұнда бір таптың, партияның, топтың, идиологияның үстемдігіне жол берілмейді. Адам құқығы биік дәрежеде сақталады. Барлық азаматтар шын мәнінде мемлекеттік және қоғамдық істерге қатыса алады. Атқарушы биліктің барлық жұмысы ашық атқарылады, оның жұмысы жұртшылықтың бақылауында болады. Пікір алуандығы кең өріс алады. Бұл мемлекетке адамның адамгершілік қасиеттері, борыш сезімі, жауапкершілігі биік дамиды. Құқықтық мемлекет жоғары өкіметтің қаулы-қарарларымен кіргізілмейді.Ол үшін мемлекет жан-жақты дамып, пісіп жетілуі керек. Қоғамның әлеуметтік құрылымы мен жіктелуін оқып білудің маңызы зор. Себебі қоғам өзінің қандай әлеуметтік топтардан, ал олар қандай жай-күй, жағдайда тұратындығын білу керек. Олардың іс-әрекеті барлық қоғам институттарының қызмет ету сапасын, қоғам дамуының бағытын анықтайды. Қоғамның тұрпаты, саяси және мемлекеттік құрылымы оның қандай әлеуметтік топтардан тұратындығына, олардың қайсысы жетекшілік, қайсысы тәуелді жағдайда екендігіне байланысты.
Жалғасы бар.