ҒЫЛЫМҒА ЖОЛ АШҚАН ҚЫСҚЫ МЕКТЕП: STEM ЖӘРМЕҢКЕСІМЕН ЖАҢА БЕЛЕС

Білім мен ғылым – ұлттың дамуының басты қозғаушы күші. Осы бағытта, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландырған гранттық жобалар аясында қысқы мектеп бағдарламасы әзірленіп, STEM өнімдерді таныстыру іс-шараларымен бастау алды. Бұл жоба қала мен ауыл мектептеріндегі оқушыларды заманауи ғылым жетістіктерімен таныстырып, олардың білім көкжиегін кеңейтуді мақсат етеді.

Бағдарламаның алғашқы шарасы ретінде Ақын-тұма атындағы №11 жалпы орта мектебінде «Жастар және болашақ» атты STEM жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл жәрмеңке оқушыларға физика ғылымының күрделі ұғымдарын түсіндіріп, оларды тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік берді. Шара барысында оқушылар теория мен практиканы үйлестіре отырып, өз шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін шыңдады.

Жәрмеңке аясында физика кафедрасының ғалымдары, докторанттары мен магистранттары STEM білімінің қазіргі қоғамдағы маңыздылығы туралы баяндамалар жасап, өздерінің гранттық жобалар нәтижесінде әзірленген инновациялық өнімдерімен бөлісті. Ұсынылған STEM өнімдер физиканың бірнеше құбылыстары мен заңдарын түсіндіруге бағытталып, оқушылардың қызығушылығын оятты. Сонымен қатар, жәрмеңке қатысушылары ғылымның түрлі салаларын зерттеп, олардың күнделікті өмірдегі қолданбалы мүмкіндіктерін танып-білуге мүмкіндік алды.

«Жастар және болашақ» жәрмеңкесі – оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттырып қана қоймай, оқытудағы жаңа әдістемелер мен технологиялардың маңыздылығын көрсетті. Ғылым мен білімнің үйлесімін насихаттай отырып, бұл іс-шара ауыл мен қала мектептеріндегі білім деңгейін теңестіруге және оқушылардың ғылымға бет бұруына жағдай жасайды.

Алдағы үш апта бойы қысқы мектеп бағдарламасы аясында еліміздің түрлі өңірлерінде осындай STEM жәрмеңкелері өтеді. Бұл бастамалар Қазақстанның жас ұрпағын ғылым мен инновация әлеміне жақындатып, жаңа жетістіктерге жетелейтіні сөзсіз.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *