Қазақ тілінің ғылыми негізін қалыптастырып, ұлттық терминологияны жүйелеу – рухани жаңғырудың өзегі. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен «Қазақ терминологиясы» тақырыбындағы семинар осы өзекті мәселеге арналды. Түркология ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен өткен бұл шарада ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы қазақ терминологиясының қалыптасу жолы мен даму тарихы туралы мазмұнды баяндама жасады.
Семинардың ашылуында Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ыбыраев:
«Қазақ терминологиясының маңызы өте зор. Әр ғалымның бұл тақырыпта білімі болуы тиіс, себебі барлық саланың өзіне тән терминдері бар», – дей келе, сөз кезегін академик Шерубай Құрманбайұлына ұсынды.
Академик өз баяндамасында қазақ терминологиясының қалыптасу тарихына терең бойлап, оның ұлттық сана мен ғылым-білімнің дамуы үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Ол:
«Қазақ терминологиясы бір күнде пайда болған жоқ. Оның қалыптасуы ұзақ жылдарға созылған үлкен ізденістердің нәтижесі. XIX ғасырдағы Абай мен Шәкәрім, Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлы тұлғалардың еңбектері бұл процестің негізін қалады», – деді.
Баяндамашы XX ғасырдың басында қазақ зиялыларының ұлттың білім-ғылымына, оның ішінде терминологияны дамытуға ерекше көңіл бөлгенін айтты. Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегі ұлттық терминологиялық қордың алтын қазығы екенін, ал Алаш зиялыларының тұсында қазақ тілінің ғылыми-салалық терминологиясының қарқынды дамығанын ерекше атап өтті.
Семинар соңында Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Шәкір Ыбыраев пен директор орынбасары Халил Четин шараға қатысушыларға алғыс айтып, академик Шерубай Құрманбайұлына ерекше ризашылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, бұл семинар қазақ терминологиясының өткенін ұғынып, келешегін бағдарлауға мол мүмкіндік берді.
Осындай мазмұнды басқосулар қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, ғылымның әр саласында ана тіліміздің әлеуетін арттыруға жаңа серпін береді. Ахмет Ясауи университетінде өткізілген бұл семинар қазақ тілінің ғылым мен білімдегі рөлін нығайту жолында маңызды қадам болып табылады.