Жас ғалымдарды қолдау мен ғылымды дамыту мәселесі Қазақстанда ерекше назарда. Осы бағытта Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде кешенді жұмыстар қолға алынуда. Университет басшысы бұл бастамалар туралы былай деп мәлімдеді:
«Біріншіден, оқу орнымыздың кейбір факультеттері трансформацияланып, жаңа кафедралар құрылды. Бұрын «мамандық» деп аталатын білім беру бағдарламалары заман талабына сай жаңартылды. Магистратура және докторантура деңгейінде талантты жас ғалымдарды тарту мақсатында білім беру бағдарламалары қайта қаралды. Сонымен қатар, Түркияның жоғары оқу орындарымен халықаралық байланыстарымыз нығайып, академиялық серіктестік ауқымы кеңейтілді.
Екіншіден, ғылыми ізденістерді қолдауға арналған арнайы шаралар жүйелі түрде жүзеге асуда. Университет Үкіметаралық Өкілетті Кеңестің басқаруымен жұмыс істейді, және осы кеңестің шешімімен ғылыми жобалармен айналысатын қызметкерлерге қолдау көрсету айтарлықтай күшейтілді. Мысалы, ғылыми мақалалар мен патент авторларына берілетін марапаттар көлемі артты.»
Университет басшылығының айтуынша, бұл қадамдар жас ғалымдардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және еліміздегі ғылым мен инновацияны алға жылжытуға септігін тигізбек.
«Мәселен, алдыңғы қатарлы халықаралық ғылыми журналдарда мақала шығарған ғалымдарымыздың гонорары 900 мың теңгеге дейін өсті. Соның жалғасы ретінде ғылыми жарияланымдар, көптеген жобалар саны артты. Жалпы, ғылым саласы бойынша үлкен жұмыс жасалып жатыр. Нәтиже де жаман емес. Халықаралық сарапшылар тарапынан жақсы пікірлер алып, рейтингтердегі орнымыз біршама алға жылжыды. Университеттердің дүниежүзілік рейтингі бойынша әлемге әйгілі QS World University Rankings by Subject 2023 рейтингіне енген 8 қазақстандық университеттің қатарынан көріндік. Сондай-ақ, былтыр алғаш рет Qs World University Rankings 2023-ке еніп, әлемдегі университеттер арасында 714-ші орынға жайғасты. Мұның бәрі университет ұжымының ортақ жұмысының көрсеткіші» — дейді, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры.
Оқу орны Түркістан облысы, Қазақстан және бүкіл Түркі әлемі үшін маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға ұдайы назар аударады. Университеттің 30 жылдығына орай, 30 ірі жоба іске асырылды, бұл жұмыстар әлі де жалғасын тауып жатыр. Университеттің даму стратегиясы аясында инфрақұрылым да айтарлықтай өзгерді. Жүзеге асырылған жобалардың ішінде ең ауқымдыларының бірі – Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігімен (ТИКА) бірлесіп іске асқан «Анажұрттан – Атажұртқа денсаулық көпірі» жобасы. Сонымен қатар, 2022 жылы жалпы құны 160 мың АҚШ долларын құрайтын екі жаңа зертхана (микробиология және анатомия) іске қосылып, клиникаға құны 90 мың АҚШ долларын құрайтын 290 бірлік заманауи медициналық құрал-жабдық әкелінді. 2023 жылы Түркиядан келген педиатрия, генетика, оториноларингология, урология, кардиология, эндокринология, жұқпалы аурулар, травматология және ортопедия салалары бойынша 30 медицина профессоры университеттің медицина факультеті мен клиникасында мастер-кластар мен семинарлар өткізді. Олар Түркістан облысы тұрғындарын тегін медициналық тексеруден өткізіп, ота жасады. Университет клиникасының 27 дәрігері мен оқытушысы Түркияның жетекші университеттерінің клиникаларында (Medipol, Gazi, Marmara, İstinye, Cerrahpaşa) біліктілігін арттырып қайтты. Биылғы жылы да Түркістан облысының тұрғындарына ауқымды медициналық қызмет көрсету мақсатында Түркиядан жоғары санатты 45 дәрігердің келуі жоспарланып отыр. Бұл бастамалар университеттің қоғамға тигізіп жатқан игі ықпалын көрсетіп, оның ғылыми және әлеуметтік миссиясын сәтті жүзеге асырып жатқанын дәлелдейді.
Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен 2023 жылдың қазан-желтоқсан айларында қалалық және аудандық медициналық ұйымдардың түрлі мамандықтағы 108 дәрігері Түркияның жетекші университеттерінің клиникаларында тағылымдамадан өтсе, 2024 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының қолдауымен еліміздің аймақтарынан 60 дәрігер үшін Түркияда тағылымдама ұйымдастырылды. Медицина саласы бойынша жүргізіп жатқан осы жұмыстың бәрі осы «Анажұрттан – Атажұртқа денсаулық көпірі» жобамыз аясында жүргізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің аймақтық 20 ЖОО базасында академиялық үстемдік орталықтарын іске қосу жөнінде жақсы бастамасы бар. Осыған орай университетімізде «Yassawi академиялық үстемдік орталығын» ашылды. Бұл орталық дамудың үш бағытын қамтитын болады: медициналық, биотехнологиялық және экологиялық. Неге біз осы үш бағытты таңдадық? Себебі осы үш бағыт бойынша университеттің ғылыми әлеуеті жоғары, сондықтан осы салаларды одан әрі дамытып, елімізге пайдалы жобалар жасай аламыз деп шештік», дейді университет ректоры.
Жалпы, университет елімізге негізгі екі мамандық бойынша кадр даярлайды. Бірініш кезекте медицина және педагогикалық бағытта. Осы ретте медицина факультетінің әлеуеті жоғары. Факультет практикалық базсы ретінде ашылған Клиника диагностикалық Орталығы Түркістан қаласы ғана емес, өңірге сапалы медициналық қызмет көрсетіп келеді. Университетте медицина саласы бойынша өте көп жұмыстар атқарылды. Жақсы сапалы медицина кадрларын дайындау, оны дүниежүзілік стандарттарға жеткізу – оқу ордасының басты мақсаттарының бірі. Ал биотехнология саласы бойынша стратегиялық жоспарға сәйкес, алдағы уақытта аграрлық факультетті құруды көздеп отырмыз. Ол үшін университтетің толық мүмкіндігі бар.
Оқу орнында 88 гектарлық жерді алып жатқан керемет Ботаникалық бағы бар. Мұндай бақ отандық ЖОО-ы ішінде тек қана ХҚТУ-де ғана бар. Ботаника бағының базасында көптеген ғылыми зерттеу жұмыстары, бірнеше коммерцияландыру жобасы жүзеге асырылды. Ал үшінші бағыт экологияны қолға алудағы басты мақсат – Түркістан өңірінде экологиялық жағынан шешілуі тиіс мәселелер жетерлік. Сол себептен университет шетте қалмай өз үлесін қосуды көздейді. Университеттің Экология ғылыми –зерттеу институты осы сала бойынша өңірде біршама жұмыстарды атқарып, маңызды экологиялық мәселелерді көтеріп жүрген ғалымдар шоғырланған ғылымиорталық. Жаңа орталықты құру инновациялық білім беруді қалыптастыруға ықпал етумен қатар, қолға алынып жатқан медициналық, биотехнологиялық және экологиялық ғылым мен практика саласындағы әлемдік жетістіктерді ықпалдастыруға мүмкіндік береді. Жобаны қаржыландыру мөлшеріне келетін болсақ, өкімет тарапынан үш жылға жалпы 4 млрд теңге қаржы бөлу қарастырылған.
Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отырысында (12 сәуір Ғылым күніне орай) Мемлекет басшысы ғалымдар ойлап тапқан жобалардың игілігін бүкіл еліміз көруі керек екенін айтты. «Түптеп келгенде, ғылым – азаматтардың тұрмысын сапалы, болашағын жарқын етуге тиіс. «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» боламыз десек, осы мақсатты жүзеге асыруымыз керек. Мемлекет пен ғылыми қауымдастық бұл жұмысты жұмыла атқарады деп сенемін», — деген Мемлекет басшының пәрменді сөздерін оқу ордасы нақты істермен жүзеге асыруда.