«АҚШ-та ЖҮРГЕНІМДЕ КӨП ЖЕТІСТІКТЕРГЕ ЖЕТЕР МЕ ЕДІМ…»

Атақты боксшы 1990 жылдардың басында КСРО спартакиадасы, Әлем кубогы мен Азия ойындарының жеңімпазы болған Қанатбек Шағатаев ағамызбен сұқбаттасудың сәтті түсті. Бокстан Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық құрамасының алғашқы қарлығаштарының бірі Қанатбек ағамыздың қарым-қабілеті мықты болғанымен спорттағы жолы жеңіл болмағанын байқаймыз. Сындарлы сәттерде тосыннан келген кедергілерге тап бола қалатын жас Қанатбектің арманы көп еді.

— Қанатбек аға, әңгімемізді сіздің боксқа қалай келгеніңізден бастасақ?

— Қазір біз отырған спорт ғимаратының құрылысы бітіп, қолданысқа берілген кезде, мен осындағы бокс мектебінің табалдырығын алғаш болып аттағандардың бірімін. Бұл 1978 жылы болатын. Мен ол кезде 10-11 жастамын. Алғашқы бапкерім, Кеңес Надырқұлов болды. Ағаларым да бокспен шұғылданды. Солармен еріп жүріп, қолыма былғары қолғап кидім. Жаттықтырушылар сол кезде спортқа икемімді байқаған шығар, бокс әліппесін үйренгеннен бастап боксқа жастық ғұмырымды арнадым десем болады. Алғаш шұғылданып жүрген кезімде жаттығу кешкі сағат 17.00-де басталады. Мен ол уақытта сабағымнан енді шығып жататынмын. Сөйтіп жаттығуға келемін дегенше арада жарты сағаттай уақыт өтеді. Үнемі осылай бокс үйірмесіне 30-40 минуттай кешігіп келіп жүретінмін. Кейін келе К.Мырзақұлов ағайдың қолына өттім.

— Қанша жыл шұғылдандыңыз және қандай жетістіктерге жеттіңіз?

— 1978 жылы бокс мектебіне келсем 1995 жылы қолғабымды шегеге ілдім. Кеңес одағының тұсында ішкі біріншіліктерден бөлек одақтас елдердің барлығына дерлік болдым. Алғашқы екі бапкерімнен бөлек Н.Сафиуллин, А.Асқаров, А.Сәрсенбаев ағайларымның тәрбиесін көрдім. Осы жерде айта кетерлігі әр бапкерге ауысқан кезде бірінші кезекте сол сәтте жаттықтырып жүрген ағайымның келісімін сұрайтынмын. Соның батасын алып, одан соң басқа бапкерге ауысатын едім. Бұны айтып отырған себебім, сен үшін ағайың тер төгіп, бойындағы барлық білгенін, қажыр-қайратын жұмсайды. Осындай сәтте ескертусіз кетіп қалып жатсаң қалай болады, ұят емес пе? Сондықтан мен таза жүргенді жақсы көремін. Бапкерлерімді айттым ғой. Соның ішінде Ақжол Асқаров ағамызды ерекше құрмет тұттым. Ол кісінің маған көп көмегі тиді және бір-бірімізді терең түсіндік. Кенже ұлымның атын ағамыздың құрметіне Ақжол деп қойғанмын. Осы үлкен ағасындай болсын деген ниетпен.

Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионымын. 1991 жылы КСРО спартакиадасының жеңімпазы атандым. Бұл жетістік ол кезде олимпиадаға пара-пар болатын. Одан кейін 1994 жылы Тайланд елінің астанасы Бангкокта өткен әлем кубогының күміс жүлдегері атандым. Осы жылы Жапонияның Хиросима қаласындағы ХІІ Азия ойындарының жеңімпазы, сосын Иранда Азия чемпионы атандым. Сол сияқты көптеген халықаралық турнирлерде жеңіс тұғырына көтерілдім. 1995 жылдың басында, өкінішке қарай, денсаулығыма байланысты спортпен қоштасуыма тура келді.

— Еліміздің ұлттық құрамасының сапында жүрген спортшының денсаулығына қатысты кінаратты алдын ала анықтау мүмкін болмады ма?

— Болатын еді, әрине. Салғырттық па әлде білместік дейміз бе. Осы екі жағдайдың құрбаны болдым. Әңгімені әріден бастайын. Біздің кезімізде сен кім болсаң да отан алдындағы борышыңды өтеуге міндеттісің. Осы міндет аясында әскерге аттандым. Ол жерде негізі спорт батальонында қызмет етуім керек болатын. Жастық жалынмен сарбаздардың арасында тәртіп бұзып қойып, құрылысшылардың қатарынан бір-ақ шықтым. Сөйтіп жүргенімізде біздің қызмет етіп жүрген жерімізге Ауған соғысынан қайтқан солдаттар келді. Содан кейін мен сары ауру болдым. Емімді алып, қатарға қайта қосылдым. Спортты қайта жалғастырдым. Дегенмен жаныма жабысқан дерттен айыға алмаған сыңайлымын. Бір жарысқа барарда бұрынғы дерт қайта сыр беріп, өкпеме қатысты кінарат анықталғанымен дәрігер оны аса қауіпке балаған жоқ. Сонымен 1996 жылы Атлантада өтетін олимпиадаға барамын деген ниетпен жарыс жолына шығып жаттығуымды жалғастыра бердім. Кейін келе ауруым асқынып, өкпеге шамадан тыс су жиналып, денсаулығым шаршы алаңға шығуыма мұрша бермеді. Егер бастапқы кезде ем қабыдағанымда мұндай жағдайға душар болмас едім деп ойлаймын. Себебі, маған дәрігерлер алғашқы ауырған кезімдегі тарихымды, дәрігерлердің қойған диагноздарын көріп, алғашқыда толық ем қабылдағанда кеселден айығып кететінімді айтып еді.

— Спортта әділетсіздік болып тұрады. Көзінде оты бар көп спортшылар осындай әділетсіздіктің құрбаны болады деп едіңіз бір сөзіңізде?

— Иә, мен өз салмағымда бірінші нөмірлі боксшы болдым. 1991 жылы КСРО спартакиадасының жеңімпазы атандым дедім ғой. Сол жетістігімнің арқасында менің 1992 жылы Барселона олимпиадасына баратын жолым еді. Салмағымда бірінші нөмір болдым. Сол жерде мән беретін мәселе әр жылдың басында не аяғында КСРО чемпионаты өтеді. Бұл Барселона олимпиадасына баратын спортшылардың нағыз електен өтетін сәті. Осы кезде мен яғни 1992 жылы денсаулығыма байланысты жарысқа қатыса алмай Аркадий Топаев жолдама алады. Негізі бұл жарыста Аркадий екінші орын болады. Бірақ салмағымыздағы үздік атанған Сергей Самонов деген жігіт жол апатынан қаза тауып, орнына Топаев барады олимпиадаға. Сол кезде біздің елден Болат Жұмаділов пен Болат Теміров те Барселонаға баратын спортшылардың қатарында еді. Олардың орнына «орталықтың шешімімен» басқа спортшыларды қатыстырады. Осылай өтіп жатты ғой спорттық жолымыз. 1993 жылы Қырғызстан астанасында ТМД мемлекеттері арасындағы чемпионатта Топаевпен тағы кездестім. Төрешілердің шешімімен жеңіліс таптым. Өзімнің есебім бойынша жеңілгенім жоқ. Бірақ шешім солай қабылданды. Ашуға булығып сонда Серік ағайға мен әлем чемпионатына қатысуым керек деймін ғой. Сонда Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Серік Әбденалиев маған: «Қанат, сен Бішкекте ұтылған жоқсың. Қапталдағы төрешілер бұрмалады (қапталдағы төрешілердің ішінде өзімнің бұрынғы бапкерім де болған). Сені оқу-жаттығу кезінде спаррингке қоямын, сол жерде ұтсаң барасың», дейді. Сөйтіп ағайлардың сөзіне сеніп жүргенімде оқу-жаттығу жиынында өзімнің салмағымдағы емес жоғары салмақтағы (75 келі) Василий Жировпен жұп қылып қояды да Аркадийді біздің салмағымыздан төмен (67 келі) Бекжан Алтынбеков деген жігітпен жұптастырады. Сонымен мен Василийді, Аркадий Бекжанды жеңеді. Осыдан соң өз салмағымда (71 келі) Аркадиймен кездесетін шығармын деп жүргенмін. Сол күйінде жолықпадық. Сөйтті де Василий, Аркадийлер өз салмақтарында Финляндиядағы әлем біріншілігіне кетті де мен қалып қойдым. Осы жолы көңілге кірбің ұялап, ағайларыма ренжігенім бар. Сол сияқты шаршы алаңның ішінде де сен қарсыласыңды ұтып тұрғаныңмен төрешілер бұра тартып, жеңісті жеңілген спортшыға береді. Сондай кезде бойыңда күш болғанымен қолдаушыңның дәрменсіздігі жаныңа бататын кездер болады.

— Сізді кәсіпқой боксшылармен де бақ сынасқан деген әңгіме бар. Сол рас па?

— Рас. Бойымда ағайларыма деген аздаған өкпе-реніш бар. 1993 жылы АҚШ-қа жол тарттым. Сонда жаттығу жасап жүріп, кәсіпқой боксқа ауысамын ба деген ой да келді. Сол уақытта АҚШ-та бапкер, спорт зал таңдап жүріп мамандардың сынынан өттім. Рингке көтеріліп, бірқатар боксшылармен қолғап түйістірдім. Өмірімде 6 раунд ойнап көрмегенмін. Намысқа тырысып жүріп барлығынан басым түстім. Сол кезде бір боксшыны екінші раундта құлаттым. Кейін біліп жатырмыз ғой олардың кім екенін. Сөйтсем екінші раундта құлаған қарсыласым кәсіпқой бокста арнайы тұжырым бойынша белбеу иеленген әлем чемпионы екен.

Кейін елден шақырту келіп, құрама сапында дайындықты пысықтау керек деген соң бапкерлердің бір ауыз сөзін жерге тастамай қайттым. Алда Азия ойындары, Әлем біріншілігі және Атланта олимпиадасы күтіп тұрды. «Осындай жетістіктермен кәсіпқой боксқа ауыссаң дәрежең жоғары болады», деген ағаларымыздың бағдарына иек артып қайттым ғой АҚШ-тан. Василий 81 келіге, Аркадий 75 келіге ауысып 71 келіде лайықты спортшы іздеп, мені елге шақыртады. Бұл уақытта Серік Әбденалиев ұлттық құраманың бас бапкерлігінен ауысып, орнына Әбдісалан Нұрмаханов ағамыз келген болатын.

Уақытында спорттық жолымды мұхиттың арғы жағында жалғастыра бергенім дұрыс па еді деп ойлаймын бүгінгі күнде. Егер АҚШ-та қалғанымда бойымдағы дерттің асқынуына жол бермес пе едім, кім білсін?

— Менің басымнан өткен әділетсіздіктерді шәкірттерімнің көрмегенін қалаймын және оған жол бермеуге тырысамын деп едіңіз. Бүгінгі спортқа қолдау, жастардың еңбегін бағалау тұрғысына қандай баға бересіз?

— Көп мемлекеттермен салыстырғанда біздің елде спортшыларды қолдау жақсы деуге болады. Соның ішінде бокс спорты да бар. Көздерінде оты бар жастарымыз да жоқ емес. Тек соларды дұрыс жолға салып, жақсылап тәрбиелеуіміз керек. Мен бокс мектебінің директоры кезімде осы залда жаттыққан шәкірттердің алғашқы легі Азия біріншіліктерінде топ жаруда. Айта кетерлігі, қазір жастар арасында Бақтияр Анарбаевтың үлкен жарыстарға шығуына мүмкіндігінше қолдау көрсеттім. Сол секілді бапкерлік жолымда спорт шеберлерін дайындадым. Осындай болашағынан көп үміт күттіретін шәкірттерім бар. Солардың жетістікке жетуі жолында қолымнан келген мүмкіндіктерімді пайдаланып келе жатырмын. Әрине, менің спорттағы тағдырым қиын болды десем артық айтқаным емес. Сондай жағдайларды жас боксшылар көрмесе екен деймін. Еңбектері әділ бағаланса, сөйтіп оларға лайықты қолдау көрсетілсе нұр үстіне нұр. Кей жағдайда балаларды жарысқа алып барамын. Сол жерде шәкірттерім таза жеңіске жетіп тұрып, төрешілер тарапынан бұрмалаушылықтар болып жатса барымды салып әділ бағалануын талап етемін. Ондай жағдайлар болды.

— Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы көп сынға ұшырап жүр. Осыған байланысты сіздің пікіріңізді білсек деп едік?

— Шамаң жетсе қарсыласыңды таза жеңу керек. Тіпті құлату керек дер едім. Боксшыларымыздың соққысын жөндеп қою керек. Өзіне ыңғайлы әдіс болады емес пе әр боксшының. Соны таба білуге тиіспіз. Мен біздің ұлттық құрамамызда өнер көрсетіп жүрген спортшылардың ешқайсысы басқа елдің спортшыларынан дәрежесі төмен дей алмаймын. Олар шамасының жеткенінше өнер көрсетіп жатыр. Техникалық шеберлігіміз жақсы. Басты мәселе біздің боксшыларға физикалық даярлықты күшейту керек деп есептеймін. Көп жағдайда біз осы жағынан қарсыластарымызға жол беріп жатқан сияқтымыз.

— Қазір қайда жүрсіз, аға?

Мен осы Кентау қаласындағы №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директорымын. Негізгі маманданған бағытымыз – футбол. Бұдан бөлек өзім аптасынан үш мезгіл қаладағы жастарды боксқа баулып жаттығу өткізіп тұрамын.

Сөз басында айтқандай, өзім алғаш бокс үйірмесінің табалдырығын аттаған спорт мектебін осы жылдың басына дейін басқарып келдім. Ол жерде негізгі бағытымыз бокс спорты еді. Кейін мектеп басшылары арасында ротация болды да қазіргі қызметіме ауысуыма тура келді.

Жақында Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Құдияровтың қабылдауында болып, осы мәселемді жеткіздім. Басқарма басшысы алдағы уақытта өзім басқарып отырған мектептің жанынан заң аясында бокс үйірмесін ашуға қолдау білдіретінін айтты. Осы бағытта жұмысымызды жалғастыра беретін боламыз.

— Бұрынғы басшылық қызметіңіздегі ғимарат алғаш ашылғанда бокс үйірмесіне бардым дедіңіз. Ол жерде басшылық қызметте болыпсыз. Бұрынғы орныңыз сіз үшін ыстық болып тұр ғой?

— Әрине, менің балалық шағымнан бастап ес біліп, оңы мен солымды танығанға дейінгі өмірім және еңбек жолымдағы алтын уақыттарымның көп бөлігі сол мектепте өтті. Былтыр жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған қажетті құжаттар мен басшылықтың нұсқауымен атқарылуы тиіс жұмыстарды өзім істедім. Бір кездері осы мектепті менің атыммен атауды ұсынған болатын. Сол кезде жеткен жетістіктерім мен атқарып келе жатқан еңбектерім ескеріліп «Қанат, Кентау қаласынан шыққан спортшылар ішінде осы мектепке есімі лайық жандардың бірі сенсің»,-деп қолқа салғанда бас тартқанмын. Бастысы еңбегім ел есінде болса болғаны.

Бір ерекшелігі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тәрбиеленген баланы 18 жастан асқан соң біз ұстай алмаймыз. Нағыз үлкен жетістіктерге жетіп, кемеліне келетін кезде жоғары мектептерге ауысып кетеді балаларымыз. Осы мәселеге байланысты осыдан бірнеше жыл бұрын «жоғары жаққа» өтініш айтып едім. Тәрбиелеген спортшыларымыз енді тәжірибе жинап, үлкен ортаға түсе бастағанда айрылып қаламыз. Соларды осы мектепте жаттықтыра берсек болмас па еді деп. Сонда «18 жасқа дейінгі спортшыларыңыздың арасында кем дегенде Азия чемпионын тәрбиелеңіз. Сонан соң мектептің құзыретін кеңейтуге мүмкіндік туады»,- деген. Оған енді қолым жетті ме дегенде сөз арасында айтқан Бақтияр Анарбаев деген шәкіртім, басқа мектепке ауысып кетіп қол жетімді жерде тұрған мәселеміз тағы да кейінге қалды.

Міне, осылай күн кешіп жатырмыз. Мақсатым – қолдан келгенше жастарды спортқа баулу.

— Уақыт бөліп, сұқбаттасқаныңызға рахмет!

М.ӘЛМАХАН.

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *