ТҮРКІСТАНДЫҚТАРДЫҢ ЖҮРЕГІНДЕ МӘҢГІ ЖАСАЙ БЕРМЕК

Қай дәуірде де елдің ынтымағын бекемдеп, ұрпаққа өсиет қалдыратын, ел мен жердің жүгін көтеретін абыз ақсақалдар болған. Солардың бірі де бірегейі – Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы, елге сыйлы Жарылқасын Әзіретбергенов еді. Өкінішке қарай, елдің бірлігіне, халықтың татулығына адал қызмет еткен абзал азамат ортамыздан озды. Артында өшпес өнеге мен ел жадында сақталған асыл мұра қалды.

Жарылқасын ақсақалдың ғұмыры тұтас бір дәуірдің айнасы. Ол қашан да елдің ынтымағын бәрінен жоғары қойып, әр істің түп қазығы татулық екенін ұмыттырмайтын. «Елдің тірегі – ынтымақ, ал ынтымақтың ұйытқысы – ақсақалдар сөзі» деуі бекер емес еді. Қай кезде де мәмілеге шақырып, даудың бітіммен аяқталуына дәнекер болып, ел ішіндегі берекенің алтын арқауына айналды. Дәлірек айтсақ, 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдық мерейтойы қарсаңында облыстық Ақсақалдар алқасының құрылуына тікелей өзі мұрындық болды. Ол елдің ынтымағын бекемдеп, қаланың қоғамдық тынысын ретке келтіру жолында батыл қадамдар жасады. 2005 жылы аталған алқаның ресми тіркелуін қамтамасыз етіп, қаланың әр мөлтек ауданына төрағалар сайлатты. Бұл арқылы халықтың сөзін сөйлейтін, елдің мәселесін көтеретін жүйелі құрылым қалыптасты. Ақсақалдардың бастамасымен арнайы бағдарлама қабылданып, қоғамдық тәртіп пен тәрбиеге мән берілді. Содан бері ақсақалдар тек ақыл айтушы ғана емес, қала тіршілігінің бел ортасына араласып, елдік пен бірлікті дәріптейтін, татулық пен сыйластықты насихаттайтын істердің ұйытқысына айналды.

Елдің есінде болар 2000 жылдары Түркістан қаласынан ерекше мәртебе беру жөнінде бастама көтеріп, қасиетті шаһардан бір топ азамат орталық ақпарат құралдарынан үндеу жариялаған болатын. Ондағы мақсат – тұтас түркі халықтарына ортақ мекеннің түрленіп, түлей түсуіне кең жол ашу еді. Міне, осы бастамашыл топтың құрамында Жарылқасын Әзіретбергенұлының да болғанын айта кеткеніміз абзал. Иә, бұл бастама сол кезде қолдау таппағанымен араға уақыт салып, Түркістанның мәртебесі арта түсті. Бүгінде қаламызға ерекше мәртебе беріліп, арнай заң қабылданғаны белгілі.

Міне осындай игі істердің ұытқысы бола білген ел ағасы 2010 жылы Жарылқасын Әзіретбергеновтың бастамасымен Түркістанда көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға арналған тегін қайырымдылық дүкені ашылды. Сол кезден бастап бұл игі орын ондаған отбасыға ай сайын азық-түлік пен киім-кешек үлестіріп келеді. Жүректен шыққан бұл ізгі іс ақсақалдың халыққа деген жанашырлығы мен мейірімінің айқын көрінісіне айналды. Оның өнегесін басқа да ақсақалдар жалғастырып, қайырымдылықты дәстүрге айналдырды. Айталық, ақсақалдар алқасының мүшесі Райымжан Қошқаров «Үлес» қайрымдылық қорын ашып, бүгінге дейін 50 отбасыға тегін баспана салып, көптеген жанұяға қуаныш сыйлады. Мұның бәрі Жарылқасын ақсақалдың ұйымдастырушылық қабілеті мен ықпалын айқындап, оның қоғамдағы беделін одан әрі арттыра түсті.

Ал Жарылқасын Әзіретбергенов көтерген «Түркістанды арақ-шараптан ада қалаға айналдырайық» деген бастамасы облыс көлемінде үлкен қолдау тапты. Бұл үндеуден кейін елуге жуық ауыл арақ-шараптан бас тартып, салауатты өмір салтын таңдады. Мұндай ауылдарда қылмыс деңгейі төмендеп, тыныштық пен татулық орнады. Ел арасында «Бар қылмыстар арақ-шараптан басталады» деген ақсақалдың тағылымды өсиеті кең таралып, халықтың жадында берік сақталды. Бұл бастама тек Түркістан үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін өнегелі қадам болып, жастарға дұрыс жол нұсқаған рухани қозғалысқа айналды. Ол туған қаласын гүлдендіруді өзінің азаматтық парызы деп білді. «Түркістанды гүл қалаға айналдырайық» деген бастамасы көпшіліктің жүрегінен орын тауып, қала тұрғындары бұл игі істі қолдады. Нәтижесінде жүздеген үйдің ауласы гүлмен көмкеріліп, Түркістанның көркі арта түсті. Бұл бастама ақсақалдың туған жерге деген сүйіспеншілігін, елін көркейтуге деген шынайы ықыласын айқын көрсетті. Оның әрбір әрекеті туған топыраққа тағзым етіп, болашақ ұрпаққа әсем әрі таза қала қалдыруды көздеді.

Одан кейін, 2007 жылы зиялы қауым мен имамдар қатысқан үлкен басқосуда Жарылқасын Әзіретбергенов ел ішінде кең етек алған бір күрделі мәселеге назар аударды. Ол жаназа күндері ас беріп, артық шығынға батып, оны митингке айналдыру дәстүрін тоқтатуға үн қатты. Бұл ұсынысы бастапқыда тосын көрінгенімен, халықтың қолдауына ие болып, көпшіліктің санасына сіңді. Содан бері бұл бастама үздіксіз жалғасып келеді. Елдің салт-дәстүрін сақтап, ысырапшылдыққа жол бермей, имандылықты жоғары қоятын осы қадам Жарылқасын ақсақалдың көрегендігін, батылдығын әрі қоғам алдындағы жауапкершілігін айқын көрсетеді. Оның бұл бастамасы кейінгі буынға өнеге болып, Түркістан халқының бірлікке бет бұруына серпін берді.

Сонымен қатар, Жарылқасын ақсақал халықты ұйымшылдыққа жұмылдыра білді. Қаладағы мөлтек аудандарда әр көше мен учаскеге ақсақалдар алқасының мүшелерінен жауапты адамдарды сайлап, бекітті. Бұл жүйе тек тәртіп орнатып қана қойған жоқ, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға, аула тазалығын сақтауға және жастардың тәрбиесіне ерекше мән беруге ықпал етті. Әрбір отбасының жағдайын назардан тыс қалдырмай, әлеуметтік мәселелерді бірлесе шешудің тиімді жолдарын көрсетті. Осылайша, Жарылқасын Әзіретбергенов қала өмірінің әрбір қырын қамтып, Түркістанды ұйымшылдық пен тәртіптің үлгісіне айналдыруға зор еңбек сіңірді. Оның әр бастамасының түпкі мәнінде туған қаласын көркейтіп қана қоймай, оны бүкіл түркі жұртына ортақ рухани астанаға айналдыру мақсаты тұрды.

Жарылқасын Әзіретбергенов қолға алған игі істері елді ынтымаққа шақырудың, қоғамды бірлікке ұйыстырудың, өркениетті де өрелі Түркістанды қалыптастырудың айқын үлгісі. Оның өмірлік ұстанымы, айтқан әрбір сөзі тек замандастарына ғана емес, келешек ұрпаққа да өнеге болар ұлағат. Ақсақалдың: «Түркістан қаласы түркі жұртына әрі еліміздің барлық шаһарларына үлгі боларлық ерекше мәртебесіне сай қызмет ете алатындай деңгейге жетуіміз керек. Бұл іске үлкен де, кіші де, жас та, жасамыс та белсене атсалысуы қажет» деген сөзі бүгінгі күнге арналған тағылымды ой ғана емес, ертеңге аманат, болашаққа жол нұсқар үндеу іспетті.

Ақсақалдың тағлымды өмір жолына қарап, әрбір бастамасы туған жерге деген сүйіспеншіліктің, ел мен халық алдындағы адал борыштың айқын көрінісі болғанын аңғарамыз. Ол қай кезде де қарапайым халықтың жанынан табылып, әлеуметтік мәселелерді шешуге ұйытқы бола білді. Қайырымдылық ісін дәстүрге айналдырып, жоқ-жітікке жәрдем беруді өзінің басты парызы санады. Туған қаласын гүлге бөлеп, қасиетті қаланың үлгісін көрсетіп, жастарды ізгілікке баулып, үлкендерді бірлікке шақырды. Мұның бәрі оның даналығының, ұйымдастырушылық қабілетінің және елге деген ыстық ықыласының жемісі.

Түркістан тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Жарылқасын Әзіретбергеновтің өмір жолы бір дәуірдің шежіресі, тұтас бір қоғамның айнасы іспетті. Оның өнегелі ғұмыры – тарих бетінде ғана емес, халық жадында, әрбір түркістандықтың жүрегінде мәңгілік орын тапқан. Артында қалған өшпес еңбегі мен асыл мұрасы жас ұрпақ үшін жол көрсеткіш, ал халық үшін тағылымды сабақ. Елдің бірлігін бекемдеп, рухани орталықтың іргесін нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан абзал азаматтың жарқын бейнесі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, Түркістан жұртының жүрегінде мәңгі жасай бермек.

«Редакциядан».

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *