ТӘТТІ ДӘМІ ЕҢБЕКТІҢ

Тарихтың тереңінен сыр тартқан көне шаһарымызға ерекше мәртебенің берілуі — мақтаныш-мерей әрі үлкен жауапкершілік. Қаланың келбеті барлық жағынан көз тартарлықтай көрікті болуға тиіс. Қоғамдық-көпшілік, мәдени-тарихи, ойын-сауықтыру орындары, жалпы келбеті, көгалдандырылуы, тазалығы, санитарлық жағдайы. Бәрі-бәрі жан-жақтан «ел көреміз, жер көреміз» деп ынтығып келген қонақтардың көзінен қағыс, назарынан тыс қалмасы анық. Осы орайда, түркі әлемінің рухани астанасы — Түркістанға келген қадірлі меймандарымыздың ең әуелі ат басын тірейтін жері — қасиетті Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың киелі кесенесі. «Керуен сарай» кешеніндегі орындарды бірқатар аралап болған соң туристердің әдейілеп баратыны — арзан бағасымен, жан-жақты жағдайымен аты шыққан «Қуаныш» базары. Қаламызда басқа базар көп болса да, «Қуаныш» сауда орталығының жөні бөлек.

Ал, енді осы қоғамдық орындарға кіргенде ең алдымен көзге түсетіні — көпшілік орындардың тазалығы. Тазалық — денсаулық кепілі. Тазалық — мәдениеттің айнасы. Тазалық — бүкіл әлем көз тігіп отырған қаламыздың бет-бейнесі. Бір сөзбен айтқанда, тазалық «жүрдім-бардым» қарайтын жеңіл мәселе емес. Біз бүгін «Қуаныш» ЖШС сауда орталығының тазалығын сақтап отырған «Құралай» жеке кәсіпкерлік мекемесінің жұмысы туралы әңгімелемекпіз. Тазалық жұмысымен айналысатын ұжым құрамында он екі адам бар. Қоқыс шығаратын арнайы техникалық жабдықтармен, көліктермен қамтамасыз етілген. Сауда орталығын тазалайтын жұмысшылар таңғы сағат сегізден кешкі жұмыс уақыты аяқталғанға дейін тынбай еңбек етеді. Әрбір жарты сағат сайын өздеріне бекітілген нысандар мен базар ішін аралап, әлсін-әлсін қоқыстарды, қалдықтарды жинап, арнайы орынға апарады немесе бірден көлікке салып тұрады. «Құралай» жеке кәсіпкерлігі 2017 жылы құрылған. Ұжым басшысы Бауыржан Шарафиев жеке кәсіпкерлігін анасы Құралай Құрманалиеваның атымен «Құралай» деп атапты. Міне, сол кезден бері «Қуаныш» базарының тазалығына — «Құралай» ЖК жауапты.

«Базардың ішін тазалау қиын ба?» деген сауалымызға Бауыржан Шарафиев:

— Көпшілік орынды таза ұстау оңай емес, — деп жауап бере келіп, — Адамдарды үйрету керек. Қолдарындағы пакеті болсын, қағазы болсын, кез-келген жерге тастап кете береді. Балмұздақты қойып кете салады. Біз тазалықты сақтау үшін жұмыс істейміз. Бірақ, базарға келуші көпшілік те біздің жұмысшылардың еңбегін бағалап, тазалық сақтауға өз үлестерін қосса екен. Базардың тазалығын сақтау үшін аянбай еңбек етіп жүрген жұмысшыларымның есімдерін атап өтсем, М.Пилманов, Е.Жұмабеков, Ж.Маханбетов, С.Кабулов, М.Жұмаділлаев, Е.Жұмаділлаев, Ж.Молдадосов, А.Пилманов, Б.Тойғараев, А.Абдуллаев сынды тазалық сақшылары ұқыптылықтың үлгісін көрсетіп келеді.

Жұмыс барысында өрбіген әңгімеміздің соңы Бауыржан Мұқатұлының жеке басына, ең алғаш еңбек жолын қалай бастағаны туралы сырласуға ұласты.

— Негізі, мені ең бірінші жұмысқа алған Ғаппар ағай. Ол кісі 1989 жылы маусым айында келді басшылыққа, шілде айында, бір айдан кейін мені жұмысқа алды. Бұрын анам Құралай Құрманалиевамен бірге жұмыс істеген екен. Бір-бірін таниды. Менің Отан алдындағы әскери борышымды Новосибирскде өтеп келген кезім. Анам: «Базарға жарна жинаушы болып жұмысқа кір» дейді. Мен «кірмеймін, әркімнен ақша жинап жүрмекшімін бе?» деп намыс көріп, қашқақтаймын. Мені тыңдайтын анам ба? Бір күні әкелді де, базарға кіргізді де жіберді. Ол кезде жап-жас баламыз. Ғаппар ағамыздың қолына түскесін жіптіктей жігіт болдық. Сонымен, осы жерде қалдық қой. Оған алғыс айтпасақ, өкінбейміз. 36 жыл болыпты базардың тіршілігімен біте қайнасқанымызға. Жарна жинаушы болдым. Бес-алты айдан кейін аға жарна жинаушылыққа көтерілдім. Бригадир болдым. Сондай қызықты замандар болды ғой, — деп күледі Бауыржан.

— Қазір енді өмірімізді базарсыз көзге елестете алмаймыз. Мысалы, жексенбі күні де үйде отыра алмаймыз. Бәрібір келем ғой осы жерге. Жігіттердің жағдайын білейін деп. Оның үстіне жаңа оқу жылына қарбалас басталды. Адам көп базарда. Тамыз — науқан айы, — дейді базар тазалығына жауапты басшы Б.Шарафиев.

— Жалпы, базар туралы әңгіме қозғағанда, жүрегі кең Ғаппар ағамызды айтпай кете алмаймыз. Ол кісінің тікелей қызметінен бөлек халыққа көрсеткен көмегі ұлан-ғайыр. Көмек сұрап келген адамдардың ешқайсысының бетін қайтармайды. Қолынан келгенінше көмектеседі. Одан қала берді спортсмендер келеді, демеуші болыңыз! — деп.

Базарда «прилавкіде» отырған «жағдайымыз жоқ» деп келетін адамдарға елу пайыз жеңілдік жасап, қағаз жазып береді. Ал, осындай ғажап әкенің тәрбиесін көрген Инара Әбдіғаппарқызының ең мықтылығы — Ғаппар ағайдың командасымен жұмыс істеп жатыр ешқайсысын таратып жібермей. Іскер. Шыншыл. Әділ. Жаңашыл басшы.

Жаңақорған елді мекенінің тумасы, Ұлы Отан соғысына 1942 жылы аттанып, 1945 жылдың қараша айында оралған ардагер-артиллерист, майданнан оралғаннан кейін «Техоснастика» зауытында бас бухгалтер болып қызмет атқарған Мұқат Шарафиев пен Нұртас Оңдасынов ауылында дүниеге келген, саналы ғұмырын еселі еңбекке арнаған Құралай Құрманәлиеваның сүттей ұйыған отбасында алты перзент өсіп, тәрбиеленді. Үш әпкесі, ағасы және қарындасы бар Бауыржан Мұқатұлы — ұлдың кішісі. Еті тірі, ашық мінезді болып өсті. Ата-анасы перзенттерін жастайынан еңбекке тәрбиеледі. Әсіресе, адуын, кез-келген шаруаны дөңгелетіп әкететін анасы перзенттерінің еңбекке ерте араласуына айрықша көңіл бөлді. Әскерден енді келген Бауыржанын аға да, жаға да бола білетін Ғаппар Шәймерденұлының қарамағына әкелуі де сондықтан еді. Міне, енді сол бір бейнетті күндердің зейнетін көріп, еңбектің тәтті дәмін татып отыр. Балалы-шағалы. Немерелі. Үйлі-жайлы. «Білімді мыңды жығар» демекші, қаладағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепті бітірген соң, Бауыржан Шарафиев оқу мен еңбекті қатар ұштастырып, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің экономика және менеджмент факультетін тәмәмдап, менеджер біліктілігін алып шықты. Заман ағымымен қатар қадам жасау маңызды. Заманауи білім қай жерде де керек. Қазіргі жұмысын қарқынды жүргізуде де аталмыш мамандығының ықпалы мол. «Қуаныш» ЖШС құрылғаннан бергі еңбегі де еш кетпей, 2022 жылы республикалық «Ел құрметі» қоғамдық қорының «Еңбек даңқы» орденімен марапатталып, сауда орталығының басшысы Инара Әбдіғаппарқызы өз қолымен табыс еткен еді. Сондай-ақ, Әскери барлау ардагерлер кеңесінің «Қазақстан патриоты» мерейтойлық төс белгісі де кеудесінде жарқырайды. Кіші ұлына Халық қаһарманы, аңыз адам Бауыржан Момышұлы атамыздың есімін бергенде Ұлы Отан соғысының ардагері, майдангер-артиллерист Мұқат атамыз перзентінің айбынды, батыр болуын қалаған шығар. Біздің аузын ашса, жүрегі көрінетін ақкөңіл Бауыржанымыз бақытын еңбектен тапқан бейбіт өмірдің батыры десек, көпшілік қостар! Өйткені, маңдай термен еткен барлық еңбек құрметті. Еңбектің тәтті дәмі осы емес пе? Мерейлі азаматтың мерейі үстем болғай!

Роза НАРЫМБЕТОВА.

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *