Associated Press агенттігінің хабарлауынша, тексеріс кезінде олардың әлеуметтік желідегі парақшалары, полиция мен көші-қон қызметінің деректері қаралады. Мемлекеттік департаменттің мәліметінше, егер виза иесі ережені бұзса — мысалы, елде рұқсат етілген мерзімнен артық қалса, қылмыс жасаса немесе терроризмге қатысы анықталса — визасы бірден жойылады, ал өзі депортацияланады.
Жаңа шаралар аясында АҚШ биылдың өзінде 6 мыңнан астам студенттік визаны жойды. Оның ішінде 200–300 жағдай терроризмді қолдау немесе заңсыз ұйымдарға қатысы бар деген күдікпен байланысты.
Сонымен қатар, Вашингтон шетелдік жүк көлігі жүргізушілеріне виза беруді уақытша тоқтатты. Бұған жол қауіпсіздігі мен америкалық жүргізушілердің жұмыс орындарын қорғау қажеттігі себеп. Сарапшылар мұндай қадам экономикалық және логистикалық қиындықтар туғызуы мүмкін дейді. Дегенмен, Трамп әкімшілігі бұл шаралар ұлттық қауіпсіздік пен америкалық жұмысшылардың мүддесін қорғауға бағытталғанын алға тартады.
