ТҮРКІСТАН: ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМДІ ДАМЫТУДАҒЫ ЖАҢА КЕЗЕҢ

Түркістан облысында ғылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ғылымды дамыту – еліміздің стратегиялық басымдығы. Әсіресе, дарынды жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау өте маңызды» деген пікірі басшылыққа алынып, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр.

Мысалы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркияның TÜBİTAK ғылыми қорының институттарымен әріптестік орнату бойынша жоспарларымен бөлісті. Жақын арада қазақстандық ғалымдар Түркияға барып, ірі ғылыми орталықтармен ынтымақтастық құру жұмыстарын бастайды. Бұл қадам ғылымның басым бағыттарын айқындап, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Университет аумағында «Инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ботаникалық бағының құнды генофондын сақтау» атты жоба аясында өндірістік цех ашылды. Бұл шағын кәсіпорын экологиялық таза жемістер мен кептірілген өнімдерді өндіруге бағытталған. Жоба ғылымды коммерцияландыру арқылы өңір экономикасына елеулі үлес қосады.

Түркістан облысында білім беру саласын жетілдіру бойынша да ауқымды шаралар атқарылуда. 2024-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамыту жол картасы қабылданды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды мектептер мен колледждердегі білім сапасын жақсарту мақсатында арнайы индикаторлар бекітілгенін және бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді.

Ауылдық жерлердегі білім сапасын арттыру үшін 2024-2025 жылдары 10 педагогикалық шеберлікті арттыру орталығы, 10 жетекші мектеп және 5 ауданда «Мобильді мұғалім» жобасы іске қосылады. Жапонияның озық әдістемелерін енгізу мақсатында Lesson Study әдісі және «Ауыл мектебін сапалы басқару» пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Колледждерде жаңа мамандықтар ашу арқылы еңбек нарығының сұранысына сай кадрлар даярлау қолға алынған.

Кез келген университеттің дамуы стратегиялық жоспарға тәуелді. Бұл бағытта Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ 2022-2026 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын қабылдады. Жанар Темірбекованың айтуынша, университет “Халық үніне құлақ асатын университет” концепциясы аясында жұмыс істейді. Мұнда қызметкерлер мен студенттердің пікірі ескеріліп, миссия, құндылықтар және болашақ жоспарлар айқындалды. Академиялық үстемдікке жету бойынша нақты шаралар қолға алынып, өңірлік университеттің жаңа деңгейге көтерілуіне жағдай жасалды.

Түркістан облысында ғылым мен білімді дамытуға арналған бастамалар өңірдің болашағына оң ықпал етпек. Ғылыми жобаларды коммерцияландыру, халықаралық әріптестік орнату және білім сапасын арттыруға бағытталған кешенді шаралар Қазақстанның ғылым мен білім саласында бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *