ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан қаласында спорт инфрақұрылымын дамыту жолында тағы бір игі қадам жасалды. М.Мақатаев көшесінде орналасқан жаңа заманауи спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, түркістандықтарды жаңа нысанның пайдалануға берілуімен құттықтады. Қала басшысы өз сөзінде салауатты өмір салтын насихаттау және бұқа▫️ралық спортты дамыту – басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
– Бұл кешен – жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен шұғылдануына үлкен мүмкіндік. Түркістанда спорттың дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Болашақ чемпиондардың алғашқы қадамы осындай орталықтардан басталады, – деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Аталған спорт кешенінің бой көтеруіне қала мәслихатының депутаттары бастама көтерген болатын. Бұл ұсынысты қолдаған қала әкімі жаңа нысанды салуға қолдау білдірсе, жобаны нақты іске асыруға белсенді атсалысқан – Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Самат Рысбеков.
Кешеннің құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталып, биыл қазан айында толық аяқталды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған нысанда күрес және бокс үйірмелеріне арналған кең, жарық залдар жасақталған. Мұнда жастар кәсіби жаттығулар жасап, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарға дайындалуға мүмкіндік алады.
Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 265 спорт нысаны халыққа қызмет көрсетіп келеді. Олардың қатарында «Түркістан Арена» стадионы, халықаралық теннис орталығы, «Мұз сарайы», Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені және өзге де ірі спорт нысандары бар.
Сондай-ақ қалада 2 спорт сарайы, 3 стадион, 5 спорт кешені, 6 жүзу бассейні мен 18 теннис корты тұрақты жұмыс істейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *