Саналы ғұмырын елдің игілігіне арнаған жандардың қашан да жұрт жүрегінен орын алатыны сөзсіз. Осы ретте Түркістан өңірі осыдан 100 күн бұрын қазыналы қариясы, абыз ақсақалы Жарылқасын Әзіретбергенұлындай қимас азаматынан айрылды. 100 күн бұрын деп отырғанымыз күні ертең марқұмның рухына бағышталған жүз күндік асы өтеді Түркістанда.
Соған байланысты өнегелі істерімен көпшіліктің ықыласына бөленген асыл азамат туралы яғни, Жарылқасын Әзіретбергенұлы жөнінде пікір білдіріп жатқан ат үстіндегі азаматтар аз емес. Солардың ішінде біз де ақпараттық порталымызға ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков мырзаның естелігін жария етіп отырмыз (редакциядан).
Жарылқасын Әзіретбергенұлы – бар саналы ғұмырын елдің бірлігі мен болашағына арнаған азамат болатын. Қай жерде жүрсе де халықтың мұңын мұңдап, елдің игілігін бәрінен биік қойды. Оның ғибратты ғұмыры – тұтас бір дәуірдің көрінісі, ұрпаққа қалдырған өнеге болды.
2001 жылдан бастап Түркістан қалалық, ал 2018 жылдан облыстық Ақсақалдар алқасын басқарған Жарылқасын Әзіретбергенұлы бұл міндетті елдік миссия деп қабылдады. Ақсақалдар институтының беделін арттырып, ел бірлігін бекемдеу ісіне үлкен үлес қосты. Оның ұйымдастыруымен өткен жиындарда айтылған пікірлер мемлекет саясатына үндесіп, қоғамда жақсы бастамалардың жүзеге асуына себеп болды. Түркістан төрінде өткен басқосуларда ол қағазға қарамай сағаттап сөйлейтін. Әр сөзі салмақты, әр ойы елдің көкейіне жететін.
Мемлекет тарапынан еңбегі лайықты бағаланды. Ол «Еңбек ерлігі үшін» медалімен, «В.И. Лениннің 100 жылдығы» медалімен, Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде «Барыс» және «Парасат» ордендерімен, сондай-ақ көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталды. «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» атағы да оның ел алдындағы еңбегінің мойындалғанының дәлелі. Бірақ ол үшін ең қымбат марапат – халқының құрметі мен ризашылығы еді. Өзі де «Елдің батасы – ең асыл сый» деп жиі айтатын.
Жарылқасын ақсақалдың тұлғалық болмысы парасат пен тектіліктің үлгісіндей еді. Ол ешқашан халықтан алшақтамады. Әр ауылға барып, елдің жағдайын сұрап, жастарға ақыл-кеңес беріп жүрді. Оның өмірлік ұстанымы – «қоғамның дамуы үшін әрбір азамат өз үлесін қосуы керек» болатын. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, ел мүддесін бәрінен биік қою – ол үшін басты қағида еді.
Жарылқасын Әзіретбергенұлы елдік мәселелердің аяқсыз қалуына қынжылатын. «Қоғамда басталған жобаны әр басшы жалғастырып отыруы қажет. Сонда ғана тұрақтылық пен дамуға қол жеткіземіз» дейтін. Ол құрған ақсақалдар алқасы халық пен билік арасындағы дәнекерге айналды.
Жақаңның мінезінде ерекше бір қарапайымдылық бар еді. Қайда барса да, алдымен ауылдың жай-күйін сұрап, қарапайым халықтың жағдайына көңіл бөлетін. Салмақты сөзі, уәлі пікірі әрдайым жұртшылықтың жүрегіне жететін. Жастар оны «ел атасы» деп сыйлады.
Жарылқасын Әзіретбергенұлы ауыл-аймақтың рухани тірегі ғана емес, елдің әлеуметтік мәселелеріне де бейжай қарамаған жан еді. Қайырымдылық пен ізгілікті өмірлік ұстанымына айналдырған абыз ақсақал Түркістан қаласында тегін дүкен ашып, тұрмысы төмен, әлеуметтік жағынан аз қорғалған отбасыларға қолдау көрсетті. Жақсылықты жалғыз өзі жасап қана қоймай, жергілікті кәсіпкерлерді де ізгі іске жұмылдырып, талай жанға қуаныш сыйлады. Оның бастамасымен қаншама отбасы көмекке қол жеткізіп, халықтың алғысына бөленді. Бұл да болса, ел үшін еткен еңбегінің, халыққа деген жанашырлығының айқын дәлелі еді.
Ауылдың үлкен-кіші бас қосқан сәттерінде абыз ақсақал әрдайым елдің еңсесін көтерер сөзін айтып, жөн-жоралғыны насихаттаудан танған емес. Әсіресе, қазақ қоғамындағы той мәдениетіне ерекше мән берді. Тойды тәртіппен өткізу, ысырапқа жол бермеу, даңғазалықтан арылу – оның өмірлік ұстанымдарының бірі еді. «Береке – бірлікте, мереке – қарапайымдықта» деп жиі қайталап, артық шығынға әуестенбеуді, ата-бабадан жеткен салт-дәстүрді қадірлеуді ұрпақ санасына сіңіріп отырды.
Ол мұндай ойларын қарапайым әңгіме, ақыл-кеңеспен ғана шектемей, ел ішіндегі өзекті мәселелерді көпшілік талқысына да салды. Әсіресе, той-томалақтағы тәртіп пен мәдениетке қатысты пікірлерін қоғамдық деңгейде көтерді. Осы мақсатта асабаларды, құқық қорғау органдарының өкілдерін, тойхана иелерін және салаға жауапты мамандарды арнайы шақырып, кеңес өткізді. Әңгіме барысында артық даңғаза мен ысырапшылдықтың зиянын дәлелдеп, жөн-жоралғыны сақтаудың маңызын жан-жақты түсіндірді. Ақсақалдың бастамасымен халыққа үндеу жарияланып, көпшілікке ой салар өнеге қалдырылды.
Тазалық пен тәртіпке де ерекше мән берді. Түркістан қаласының аумағын бірнеше бөлікке бөліп, әрқайсысына сол өңірдің абыройлы ақсақалдарын төраға етіп бекітті. Осы арқылы елді мекен тұрғындарын жұмылдырып, әр шаңырақты тазалыққа, көгалдандыруға үндеді. Әрбір отбасының есік алдына ағаш көшеттерін отырғызуды дәстүрге айналдыруды қолға алды. Соның нәтижесінде қала көшелері ажарланып, айнала жасыл желекке бөлене бастады. Халықтың табиғатқа деген жанашырлығын оятып, туған өлкенің көркеюіне өлшеусіз үлес қосты.
Жақаңмен әр жолы хабарласқанда ең әуелі елдің жайы сөз болатын. Халықтың мұң-мұқтажы, ауылдың өзекті мәселелері – бәрі де әңгімеміздің өзегіне айналатын. Ақсақал ел тағдырын жеке бастың қамынан жоғары қойып, ой-пікірін бүкпесіз айтып, бірге талқылауды әдетке айналдырған еді.
Жарылқасын атаның артында өнегелі ұрпақтары, елге жасаған адал қызметі, халықтың жадында сақталатын ғибратты ғұмыры қалды. Ол – ұстаз да болды, басшы да болды, ең бастысы – елдің арқа сүйер абызы бола білді. Оның өмір жолы – жас ұрпаққа өшпес өнеге.
Түркістан жұрты асыл ағасын жоқтап, қабырғасы қайысып отыр. Бірақ оның қалдырған аманаты – ел бірлігін сақтау, жастарға дұрыс бағыт беру – ұрпақтың парызы болып қала береді.
Жаныңыз жәннатта болсын, абыз аға!
Ұласбек СӘДІБЕКОВ,
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты.
