ӨҢІРДЕГІ ТУРИЗМ, КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАЛАРЫНДА АЙТАРЛЫҚТАЙ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР БАР

Өндіріс саласында да тың жобалар қолға алына бастады. Дегенмен, өсім бар жерде өзекті мәселелердің де қатар жүретіні анық. Ауыз су мен суармалы жер жайы, мақта бағасы, Кентаудағы жылу-энергетика орталығының жұмысы тұрғындарды алаңдатып отыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Kazinform тілшісіне осы және өзге де мәселелер жөнінде сұхбат берді.

– Дархан Амангелдіұлы, Түркістан қаласының түркі әлемінің туристік астанасы атануы биылғы жылдың басты жаңалығының бірі болды. Жалпы, бұл бағытта өңірде қандай жобалар жүзеге асып, қандай жұмыстар жүргізіледі?

– Түркістандағы түркі әлемінің ойшылы, ұлы ұстаз Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – әлемдегі ең үздік сәулет туындыларының бірі. Шаһарымызға жыл сайын түркі елдері мен шетелдерден мыңдаған саяхатшы келеді. Тарихына қызығады. Бұл қала ежелден-ақ Еуропа саяхатшыларына да таныс болған. Жібек жолының бойындағы ірі сауда орталығының бірі ретінде дамығанын білеміз. Түркістан – Еуразияның жауһары.

Екіншіден, Түркістан бірнеше ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болды. Мұнда тарихымыздағы тағдыршешті шешімдер қабылданған. Түркістанда қазақтың 21 ханы, 8 сұлтаны, 23 биі, елуден астам қол бастаған батыры жерленген.

Ал, жалпы Түркістан облысының барлық аудан, қаласының өзіндік тарихы бар. Оны зерттесеңіз көне замандарға тереңдейсіз. Осынау тарихи аймақта басшы болу – мен үшін зор жауапкершілік. Аймақты дамыту, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеп отырған міндеттер мен бағдарламаларды орындау бағытында бар күш-жігерімді салуға міндеттімін.

Облыс осыдан 5 жылдан астам уақыт бұрын құрылды. Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесі берілді. Міне, осы 5 жылда өңірде аса маңызды жобалар жүзеге асты. 250-ден астам ғимарат бой көтерді. Тұрғын үйлер, мәдениет, спорт, білім, медицина, инфрақұрылым нысандары ел игілігіне берілді. Соның ішінде халықаралық талапқа сай спорт кешендері салынды. «Түркістан Арена» стадионы, Халықаралық теннис орталығы, «Мұз сарайы», «Олимпик центр» спорт кешені және өзге де ғимараттар пайдалануға берілді. Мұның бәрі Түркістанның спорттық әлеуетін көтерді. Облыс орталығында Түркі универсиадасы, қазақ күресінен Азия кубогы, республикалық кешенді спартакиадалар мен халықаралық жарыстар ұйымдастырылды. Халықаралық ірі додаларды қабылдауға дайынбыз.

Президент тапсырмасымен Түркістанға ерекше мәртебе беру бағытында жұмыс жүріп жатыр. Былтыр Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің туризм саласы басшыларының отырысы өтті. Сол жиында Түркістанды түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы деп жариялау ұсынысы қолдау тапты. Бұл шешім – түркітілдес елдердің туризм бағытындағы қарым-қатынасын нығайтуға айрықша серпін береді.

ҚР Үкіметі тарапынан қаланың сауда-экономикалық қатынастарының нығаюына және туризм саласының жан-жақты дамуына ерекше ден қойылып отыр. Осы мақсатта Түркістан халықаралық әуежайы арқылы халықаралық әуе рейстерін ашудың маңызы аса жоғары. Қазіргі уақытта Түркістан халықаралық әуежайы 3 халықаралық Ыстамбұл, Эль-Кувейт, Абу-Даби және 7 республикаішілік – Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Қостанай әуе бағыттарына қызмет көрсетеді. Атап өту қажет, шетелдік авиакомпаниялармен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде, 2024 жылдың 16 қаңтарында «Түркістан–Абу-Даби» әуе бағыты ашылды. Мұндай әуе бағыттарының ашылуы Түркістан өңірінің шетелмен сауда-экономикалық қатынастарын нығайтып, туризм саласының дамуына оң әсер етеді. Алдағы уақытта бірнеше халықаралық және республикаішілік әуе рейстерін ашу көзделіп отыр. Сонымен қатар жүк тасымалы динамикасын көтеру – басты мақсаттардың бірі. 2023 жылы әуежай арқылы

360 мың жолаушы тасымалданды. Биыл жолаушылар ағынын 450 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Біз туристерді Түркістан облысында тарихи-танымдық туризмнен бөлек, емдік-сауықтыру және экологиялық туризм бағытымен де танысуға шақырамыз.

– Түркістан – еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері құрылған алғашқы облыстардың бірі. Қазір облыс орталығында салынып жатқан нысандардың барлығы ерекше сәулетке ие. Алдағы уақытта тағы қандай сәулетті ғимараттар бой көтереді?

– Түркістан күн санап өзгеріп келеді. Бой көтерген ғимараттардың дизайны ерекше үлгіде, қазақы нақышта салынған. Көне шаһар аумағы мәдени-рухани орталық болып қалыптасты. Нысандар ЮНЕСКО-ның келісуімен салынады. Ал, жаңа қаладағы әкімшілік- іскерлік орталықта 20 қабатты үйлер де салынған.

Еліміздің рухани орталығы – Тұран жұртының астанасы саналатын киелі де қасиетті Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде қалыптасты. Жаңа қалада тұрғын үйлер көптеп салынып, көшіп келушілердің саны жылдан-жылға көбейіп жатыр. Мысалы, 2018 жылы Түркістан қаласы халқының саны 165 400 болса, қазір 220 мыңнан асты. Тұрғындар саны өскен сайын тұрмыстық тіршілікке қатысты көптеген мәселелердің туындауы заңдылық, яғни өсім бар жерде өзекті мәселелер де орын алып жатады. Осы уақыт ішінде қала өмірі, қала тұрғындары мен қонақтарының тарихқа, туризмге деген көзқарасы және мәдени мұраларға деген қатынасы едәуір өзгерді. Түркістанды түлетуге құштар жандар көбейді.

Жалғасы бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *