Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Kazinform тілшісіне өңірдегі туризм, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларында тың өзгерісстер жайлы сұхбат берген болатын.
– Дархан Амангелдіұлы, Түркістан қаласының түркі әлемінің туристік астанасы атануы биылғы жылдың басты жаңалығының бірі болды. Жалпы, бұл бағытта өңірде қандай жобалар жүзеге асып, қандай жұмыстар жүргізіледі?
Түркістан – түркі елдерінің туристік астанасы атануына орай, биыл бірқатар нысан қолданысқа берілмек. «Түркі әлемі орталығы», «Достық үйі», «Қолөнершілер орталығы», жер асты мешіті бар «Қылует» рухани орталығы, «Көрме орталығы», «Шығыс базары», жасанды көл мен 5000 адамға арналған орталық мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені, жаңа тұрғын үйлер, білім, медицина нысандары да салына бастады.
– Тәжірибеңізге сүйеніп айтыңызшы, Түркістан облысын дотациялы аймақтан шығаруға бола ма? Бұл бағытта қандай жобалар ұсынасыз және қандай жобаларды қолға алып отырсыз? Бүгінде әкімдердің алдында тұрған ең өзекті мәселенің бірі – аймаққа инвестиция тарту. Осы орайда аудан әкімдері мен салаға жауапты мамандар Қытайға барып, тәжірибе алмасып қайтты. Нәтижесі қалай болды? Жалпы, алдағы жылдары өңірде қандай ірі инвестициялық жобалар жүзеге асады?
– Өте орынды сұрақ. Өндірісті дамытпай, өзіндік кірісті молайту мүмкін емес. Біз қосымша кіріс көздерін көбейтуге, өңдеу өнеркәсібін дамытуға, инвестиция тартуға, салық көздерін табуға, зауыт-фабрикалар ашуға басымдық беріп отырмыз. Өңірлік инвестициялық штаб жұмыс істейді. Штаб мәжілісінде инвесторлармен тікелей жұмыс жүргізіп, олардың жобаларын сүйемелдеуге қолдау көрсетеміз. Инвестиция тарту бағытында шетелдерге делегацияларымыз барып келді. Бұл ізденістер өз жемісін беріп жатыр.
Өткен жылдың қорытындысымен өңір экономикасына 972 млрд. теңге (жеке инвестициялар – 705,1 млрд. теңге бюджеттік инвестициялар – 266,9 млрд. теңге) инвестиция тартылып, оның алдындағы жылмен салыстырғанда көрсеткіш 126,1%-ға артты. Өсім динамикасы бойынша облыс елімізде үздік үштік қатарында. Үкіметпен бекітілген жоспар (908,2 млрд. теңге) артығымен орындалды. Биылға негізгі капиталға салынған инвестициялар индикаторы 1 трлн. 133,8 млрд. теңге көлемінде бекітілген. Бұл жоспарды да орындаймыз.
Былтыр Түркістан облысында 126,9 млрд. теңгеге 56 инвестициялық жоба іске қосылды. 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 3,3 трлн. теңгеге 173 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Олар агроөнеркәсіп, машина жасау, білім және денсаулық сақтау, өнеркәсіп және құрылыс, туризм мен энергетика салаларын қамтиды.
Өткен жылы іске қосылған жобалардың қатарында Отырар ауданындағы күн электр стансасы, Сайрам ауданындағы жөргектер өндірісі және күнбағыс майын өндіру, Ордабасы ауданындағы алюминий бұйымдары өндірісі, Арыс қаласындағы ПВХ гранула өндірістерін және өзге де жобаларды атап өтуге болады.
Былтыр 100-ге жуық шетелдік және отандық компаниялармен кездесулер мен келіссөздер жүргізілді. Қытайға, Өзбекстан және Австралия елдеріне кәсіпкерлермен бірге іссапарлар ұйымдастырылды. Іссапарлардың нәтижесінде жаңа жобаларды жүзеге асыруға, жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейтуге 1 трлн. теңгеге жуық инвестиция құйылады. Биыл да осы тәжірибені қолдана отырып, облыстық делегацияның Түркия, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран және Вьетнам елдеріне іссапарларын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Өңдеу өнеркәсібі саласында 30,2 млрд. теңгеге 20 инвестициялық жобаны жүзеге асырдық. Жобалардың қатарында мақта өңдеу, мұнай өңдеу, құрылыс материалдарын шығару, сүт және сүт өнімдерін өңдеу, шұжық өндіру, тауық еті және тауық жұмыртқасы, тігін фабрикасы, пластик өнімдерін шығару зауыттары бар. Биыл өңдеу өнеркәсібі саласында 19,5 млрд. теңгеге 12 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, бизнеске қаржылай көмек көрсету кезінде негізгі қоятын талабымыз – өңір тұрғындарын жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ету.
Өткен жылдың ішінде шағын және орта бизнес секторы 45 441 адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Бүгінгі таңда кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны – 292 620 адам. Жұмыспен қамту көрсеткіші бойынша облысымыз республикада 2 орында.
Қытайдың осы бағыттағы жұмыстарынан тәжірибе жинақтау мақсатында өткен жылы өңірдің барлық аудан, қала әкімдерінің және бизнес өкілдерінің қатысуымен жұмыс сапарлары ұйымдастырылды. Біздің делегация Шандон, Үрімші, Дженжоу, Джоукоу, Хнан, Иу, Венжоу, Ляочин, Ляоцин сияқты провинциялар мен қалаларындағы өндіріс орындарымен танысты. Бүгінгі таңда 9 бірлескен инвестициялық жоба нақтыланып, оларды жүзеге асыру жұмыстары басталып кетті. Бұл жобалар есебінен өңір экономикасына шамамен 1,2 трлн. теңге инвестиция бағыттау көзделеді.
Атап айтқанда, Түркістан қаласында жиһаз шығару зауытына 2,3 млрд. теңгеге құрал-жабдық сатып алынды. Жоба іске қосылды. Шұлық шығаратын зауыт ашылды, 1 млрд. теңгеге қажетті құрал-жабдық сатып алынды.
Қытайлық компания Шардара және Келес аудандарында жалпы құны 45 млрд. теңгеге мақта шитін өңдеу және сұрыптау, полиэтилен пленкаларын, тамшылатып суару жабдықтарын және ауыл шаруашылығы техникаларын шығару зауытын ашуға ниетті. Қазіргі уақытта жер қарастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Арыс қаласында жалпы құны 4,7 млрд. теңге болатын алюминий радиаторларын шығару зауыты ашылмақ. Инвестор жобаны жүзеге асыру үшін қытайлық компаниямен келіссөздер жүргізіп жатыр.
Арыс қаласында жалпы құны 70 млрд. теңге болатын тоқыма кластерін құру жоспарланып отыр. Жергілікті серіктестік Мақтаарал ауданындағы мақта өңдейтін зауытқа қытайлық компаниядан жалпы құны 2 млрд. теңгеге қуаттылығы 600 тонналық құрал-жабдықтар сатып алды. Инвестициялық жоба толығымен жүзеге асырылған.
Сауран ауданындағы жиһаз шығару зауытына Қытай компаниясынан 1,4 млрд. теңгеге лазерлік станоктар сатып алынды. Зауыт қазір жұмыс істеп тұр.
Қытайдың тағы бір компаниясы Созақ және Бәйдібек аудандарында жаңартылған энергия көздері саласында жалпы құны 1 трлн. теңге, қуаттылығы 1,3 ГВт күн электро-стансасы инвестициялық жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, Сауран ауданында жалпы құны 2 млрд. теңгеге жаңбырлатып суару құрылғыларын шығару қолға алынды.
Осы Сауран ауданындағы аумағы 30 гектар шағын өнеркәсіптік аймақта (жалпы құны – 12,9 млрд. тг) 3 жылда 42 өндірістік ғимарат салу көзделіп отыр. Қазір 11 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп, кәсіпкерлерге жеңілдетілген талаптармен ұсынылды. Бірқатар браунфилдте зауыттар өз жұмысын бастап кетті.
Жұмыстар биыл да осы қарқында жалғасады. Түркістан облысында мақта-тоқыма саласында 75 зауыт-фабрика ашу жоспарланған. Шитті мақта өсіруден бастап, жоғары сапалы өнім шығаратын 75 кәсіпорын ашу, 9 кластер құру көзделген. 40 мыңнан астам жұмыс орнын ашып, мақта талшығын қайта өңдеу көлемін 100 пайызға жеткізу межеленіп отыр. Мата, май, киім және мақтадан басқа да бұйымдар шығару мақсаты да қойылған.
Облыстың өзіндік табысын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын көптеп ашу керек. Бұл ретте мақта кластерін дамытудың маңызы зор. Осы салада ірі фабрика, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Екіншіден, мақта өсіруде су үнемдеу технологиясын мейлінше жетілдіру қажет. Жалпы, мақта шаруашылығы үлкен ізденістер мен зерттеулерді талап етеді. Облыс әкімдігі тарапынан мақта кластерін дамытуға жағдай жасалады. Осы бағытта үлкен жоспарларымыз бар.
Жалғасы бар.