ТҮРКІСТАН: КРИМИНАЛИСТІҢ БІР КҮНІ

 

Күдіктіні анықтау мен қылмысты ашу, оқиға орнынан алынған заттай дәлелдемелер арқылы мән-жайдың ақ-қарасын ажырату криминалистердің мойнында.

Ішкі істер министрлігі жыл сайын журналистер арасында «Погонды журналист» жобасын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Оның мәні – қолына қалам ұстап, халыққа өңірдегі жаңалықтарды дер кезінде жеткізіп отыратын тілшілер бір күн өз мамандығын ауыстырып, тәртіп сақшыларының киімін киіп полиция қызметкері болып қызмет етеді. Әркім өзінің қалауы бойынша бірі патрульдік немесе ювеналды полиция қызметкері, енді бірі тергеуші, криминалист тағы басқа салалардың бірін таңдайды.

Биыл да полиция мен БАҚ арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған жоба жалғасын тауып, тәртіп сақшысы ретінде қызмет атқарып көруге ұсыныс түскенде мен криминалистика саласын таңдадым. Бұл қызығы мен шыжығы көп қызметті атқару арқылы көбінесе халықтың көзінен тасада және жұртқа беймәлім қара чемоданына сүйеніп қызмет жасайтын, қаншама қиын істің артында кім тұрғанын дөп басып тауып беретін криминалистер туралы жазуды жөн санадым.

Сонымен, не керек, Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің нұсқауымен Кентау қалалық полиция басқармасының Жедел-криминалистика бөліміне бардым. Ішкі істер органдарының «Медиа орталығының» тілшісі болғандықтан, көбіне адамдардың қорқа-қорқа табалдырығын аттайтын мекеме маған таныс. Журналистика саласындағы еңбек жолымда әртүрлі басылымда қызмет атқардым. Астанада ІІО Медиа орталығының «Полиция.kz»журналына журналист болып жұмысқа тұрдым.

Бала күнімізде полициядан қорықсақ, осы кезден бастап бұл сала қызметкерлерімен етене жұмыс істей бастадық. Олардың қиын қызметтеріндегі талай қызыққа куә болдық, өнегелі істерін елге әйгілеп жүрміз. Он жылдан аса полиция қызметкерлерінің қызметтері жайлы жазып жүрмін. 2023 жылы ұйымдастырылған байқауға қатысып, Кентау қалалық ПБ-нің Ақпараттандыру және байланыс тобының полиция қызметкері міндетін атқарған болатынмын. Осы жылы ұйымдастырылып отырған мүмкіндікті қалт жібермей, қалалық жедел-криминалистика бөлімінің қызметін таңдаған едім. Полиция қызметкерлері жайлы мақала жазып жүргеніммен, бірақ, полиция формасын киіп, жұлдыз таққан арудың рөлін осы жоба арқылы екінші рет сомдамақпын. Полицияның формасын киіп, иыққа ай күмбезді жұлдызы бар погонды таққан сәтте, сол погонмен бірге үлкен жауапкершілікті арқалағандай болдым.

Жұмыс уақыты таңертеңгі сағат таңғы 8:30-да басталады екен. Таң бозымен келген мені аға криминалист, полиция капитаны Бекзат Манапов пен полиция аға лейтенанты Айжан Абдукадыр қарсы алды.

Бұл Кентау қалалық жергілікті полиция қызметі басқармасындағы әрбір сақшы үшін күнделікті рәсім. Кейін әркім өзіне жауапты қызметіне барады. Қалалық жедел-криминалистика бөлімінде 4 қызметкер қызмет атқарады.

Қылмыскерлерді ұстауда криминалистердің еңбегі зор. Себебі, қылмыс болған жерге табаны бірінші тиіп, айғақтарды жинайтындар да – осы мамандық иелері. Десе де, қазір заңды елемейтіндер саусақ ізі арқылы тым сирек ұсталатын көрінеді. Жауапқа тартылмас үшін қолғап киіп, әр қимылдарын алдын ала ойластырып жасайды. Бірақ, криминалистика саласы да бір орында тұрған жоқ. Қылмыс жасағандардың кім екенін анықтаудың амал-тәсілдерінің жаңа технологиялары жыл сайын жаңарып келеді. Өйткені, күдіктіні анықтау мен қылмысты ашу, оқиға орнынан алынған заттай дәлелдемелер арқылы мән-жайдың ақ-қарасын ажырату криминалистердің мойнында.

— Криминалист үшін әрбір күн – ұсақ-түйекке дейін назар аударуды, шыдамдылық пен кәсіби дәлдікті талап ететін жауапты жұмыс. Оның міндеті – қылмыс орнындағы әрбір ізі мен айғағын дер кезінде анықтап, істің ашылуына жол ашу болып табылады. Криминалистің жұмыс күні таңсәріден басталады, әрине, егер күтпеген жағдайлар орын алмаса да жұмысқа келетін кездеріміз де болады, — жұмыс барысын түсіндіруді бастады Бекзат Ербосынұлы.

Бүгінгі күн тыныш басталды, сондықтан біз криминалистердің кабинетінде күнделікті жұмысына кірістік. Осыдан бірнеше күн бұрын зерттеуге тапсырылған заттарды мұқият тексеруге көштік.

Әрине, оқиға орын алған жерге дер кезінде барып, ол жердегі айғақты заттарды алып, оларды тексеру де оңай шаруа емес. Әсіресе, қылмыс орын алған жерден қару табылған кезде оның ойыншық немесе макет қару екенін сырт көзге қарағанда ажырата алмай қаласың. Олардың кейбірі сыртқы түрімен шынайы қарудан айнымайды, бірақ іс жүзінде атыс қаруы болып саналмайды. Біз тергеушілерге қылмыс орнындағы іздер мен заттай дәлелдемелерді анықтауға көмектесеміз. Әдетте, дәлелдерді табу – сарапшының, ал нәтижелерді тіркеу және өзге де іс жүргізу әрекеттерін орындау – тергеушінің міндеті. Біз оқиға орнын зерттейміз, айғақтарды аламыз, буып-түйеміз, зерттейміз, фото және бейнефиксация жасаймыз, жоспарлар мен сызбалар құрамыз, қосымша техникалық құралдарды қолданамыз, тергеушілер мен басқа да мамандарға кеңес береміз, – дейді ол.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *