— Ақерке ханым, осы ретте отбасындағы келеңсіз оқиғалардың себептері туралы не айтасыз? Қандай жағдайлар жиі кездеседі?
— Оның түрлері әртүрлі. Оның әр түрі өзінің зардаптарымен қоғамға үлкен ауыртпалық әкеледі. Зорлық-зомбылықтың негізгі түрлеріне физикалық зорлық, психологиялық зорлық, кемсітушілік, моральдық қысым, сексуалдық зорлық, еріксіз жыныстық қатынас, экономикалық зорлық және қаржылық бақылау, ресурстарды шектеу жатады. Статистикаға көз жүгіртсек, елімізде әрбір үшінші отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық кездеседі екен. Әрбір жетінші әйел экономикалық зорлық-зомбылыққа, яғни қаржылық қысымға ұшырайды. Ал әрбір алтыншы әйел физикалық зорлық-зомбылыққа тап болады. Бұл көрсеткіштер өте алаңдатарлық, себебі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлі формалары әрбір отбасында орын алуы мүмкін, ал бұл адамдардың психикалық және физикалық денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді. Зорлық-зомбылықтың негізгі себептері әртүрлі болуы мүмкін. Олардың қатарында әлеуметтік және экономикалық жағдайлар, білімсіздік, дәстүр мен мәдениет әсері, тұрмыстық қарым-қатынастардағы теңсіздік сияқты факторлар бар. Сонымен қатар, зорлық-зомбылықты көбіне күш көрсетушінің ішкі агрессиясы, эмоциялық тұрақсыздығы немесе психологиялық мәселелері де жатады. Алайда, бұл факторлар тек бір ғана себеп емес, зорлық-зомбылықтың әртүрлі көріністерінің күрделі жиынтығы болып табылады.
— Полиция қызметкерлерінен зорлық-зомбылық құрбандарының психологиялық және заңдық көмек алып жатқанын айтып кеттіңіз. Қиындықтар да бар шығар?
— Иә, әрине. Әрбір полицей өзіне жәрдем сұрап келген тұрғынның мұң-мұқтажын тыңдап, қажет болған жағдайда психолог ретінде кеңес беруге дайын. Сонымен қатар, заң аясында олардың құқықтарын түсіндіру де маңызды рөл атқарады. Дегенмен, көп жағдайда жәбірленуші өзінің қиыншылықтарын мойындаудан ұялады немесе көмек сұраудан қорқады. Бірақ үнсіздік мәселені шешпейді, керісінше оны тек шиеленістіреді. Қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсету маңызды, әсіресе отбасылық зорлық-зомбылыққа куә болып өскен балалардың психологиялық жай-күйі өз алдына үлкен проблема. Бұл мәселені шешу үшін полицейлер дағдарыс орталықтарымен және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуда белсенді жұмыс жүргізуде. Бүгінде зорлық-зомбылық құрбандарына баспана ғана емес, психологиялық, құқықтық және медициналық қолдау көрсетілетін арнайы көмек орталықтары жұмыс істейді. Бұл орталықтар — зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдар үшін қауіпсіз мекен. Онда олар түсіністік пен қолдау таба алады. Полицейлер осы құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы, 108 және 109-баптарына сәйкес қажетті шараларды қабылдайды, бұл олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
— Соңғы 3 жылда полиция бөлімшелеріне тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша түскен қоңыраулар санын салыстырмалы түрде айтып бере аласыз ба? Өткен жылмен салыстырғанда шағымдар саны артты ма, кеміді ме?
— Полиция бөлімшелеріне тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша түскен қоңыраулар саны жыл өткен сайын өсуде. Бұл көрсеткіш құқық қорғау органдарының зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған дер кезінде жауап беру ісіндегі белсенділігін арттырғанын көрсетеді. Полиция инспекторлары өздеріне қарасты аумақта құқық бұзушылық жасаған адамдарды анықтап, тек құқық бұзушыны есепке алады. Яғни, бұл жерде тек отбасы емес, тек құқық бұзушы тұлғаға қатысты шаралар қолға алынады. Әрі инспекторлар арнайы бақылау орнатып, қорғау нұсқамасы берілген адамдармен жеке жұмыс жүргізеді. Егер құқық бұзушыға қатысты сот шешімі шықса, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, полицейлер оның орындалуын қадағалайды. Осы ретте, 2025 жылы Түркістан қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 113 қоңырау түсті, соның ішінде 18 қоңырауда ерекше талаптар белгіленген. Ал 88 азаматқа қорғау нұсқамасы берілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, зорлық-зомбылыққа қатысты шағымдардың көбейгенін айқындайды. Бұл өз кезегінде тұрғындардың құқық қорғау органдарына сенімінің артып келе жатқанын да көрсетеді.
— Енді соңғы сауал. Қазіргі үлкен мәселеге айналған отбасындағы қиын жағдайларға кімдер және қандай топтағы адамдар жиі тап болып жатады?
— Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары көбінесе әйелдер болып табылады. Өкінішке қарай, бұл мәселе біздің қоғамда әлі де өзекті. Елімізде ана мен баланы қорғауға ерекше мән беріліп, осы бағытта көптеген шаралар қабылдануда. Алайда, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың құрбандарының көбісі әйелдер екені жасырын емес. Біз әр әйелге, отбасында зәбір көрген әрбір жанға, олардың тығырықтан шығудың жолы бар екенін және қоғамның көзқарасынан қорықпай, заң шеңберінде мәселелерін шешуге талпыну керектігін түсіндіруге тырысамыз. Жиі кездесетін жағдайлардың бірі — күйеуінің үнемі зорлық көрсетуіне қарамастан, әйелдердің аяушылық танытып, арызын қайтарып алуы. Мұндай әйелдер көбінесе психологиялық және материалдық тұрғыда күйеулеріне тәуелді болып келеді. Олардың көбінде өз өмірі мен денсаулығына деген қауіп-қатерге назар аудару мүмкіндігі болмай, зорлық-зомбылыққа төзуге мәжбүр болады. Бұл мәселе отбасылық қатынастардағы теңсіздікті және әйелдердің құқықтарының бұзылуын білдіреді. Сондықтан да әйелдерді қорғау, оларды зорлық-зомбылықтан құтқару үшін қоғам мен құқық қорғау органдарының белсенді жұмысы қажет. Осы тұрғыда біз де аянып қалмаймыз, жұмыс әр уақытта белсенді жүре бермек.
— Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!
