ТҮРКІСТАН: КРИМИНАЛИСТІҢ БІР КҮНІ — 3

 

Тәуелсіздік алғанан кейін елдегі криминалистика саласы оң өзгерістерге ұшырады. Егемендікке қол жеткізгелі ІІМ қол және аяқ киім іздерінің, көлік құралдарының, бұзу құралдарының, қылмыс орындарынан алынған, криминалдық қарудан атылған оқтар мен гильзалар іздерінің, субъективті портреттің есептерін қалыптастыруға, портреттік зерттеулерді, ДНҚ, одорологиялық және психофизиологиялық зерттеулерді жүргізуге арналған аппараты арқылы жұмыс жасауда. Сондай-ақ, жедел-криминалистикалық бөліністерді жабдықтау үшін жылжымалы криминалистикалық зертханалар, оқиға орнын үш өлшемді модельдеу кешені, автоматтандырылған ақпараттық-іздеу бағдарламалық қамтылымдары бар криминалистің жұмыс орындары, автоматтандырылған баллистикалық іздеу кешені, шапшаңдықты өлшейтін оқ ұстағыштар және басқа да техникамен жабыдықталған. ДНҚ зертханасы қысқа мерзімде зерттеулерді, әсіресе, тергеп-тексеру 10 күндік мерзімде аяқталуы тиіс болған жағдайда жеңілдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша істерді жүргізуге мүмкіндік береді. Сот сараптамасы орталығында бұл зерттеулер 3 айдан 6 айға дейін жүргізіледі. Ішкі істер органдарындағы осы мүмкіндіктердің арқасында оқиға орнынан алынған іздерді биологиялық зерттеу (ДНҚ) жедел жүргізіледі. Қылмыстың мән-жайы, атап айтқанда, кісі өлтірудің нақты орны, дәлірек айтсақ, кейбір жағдайда қылмыс жасалған орыннан мәйіттің орнын ауыстырғанда, қару саны мен қылмысты жасау тәсілі бойынша кісі өлтірген адамдардың санын анықтауға да көмектеседі.

Жұмыс барысын зерттеу кезінде қалада жеңіл көлік тоналғандығы жайында хабар келіп түсті. Бірден қызметтік көлікке отырып оқиға орнына жетіп бардық. Оқиға орнында қалған іздерді жоғалтып алмас үшін арнайы лентамен қоршауға алдық. Одан кейін көлікке арнайы ұнтақты сеуіп, құлмыскердің қолдарының ізін анықтадық. Криминалистика ең басты назарын попелиярлық заттармен құрылатын рельефке, әсіресе саусақтардың тырнақ тұсындағы өрнектерге аударады. Мен де саусақ іздерін алудың қыр-сырын көзбен көрдім.

– Мен үшін криминалистика саласының жауапкершілігі мол. Әркез қылмыс орын алған мезетте айғақ-дәлелдің табылуына себепкер атанамыз. Күдіктіні анықтау үшін жан-жақты тексеріс жүргізіледі. Ең алдымен, айғақ заттар алынып, оқиға орнына зерделеу жұмыстары жасалады. Оқиға барысын суретке түсіру, мәйіттерді тану маңызды рөлге ие. Зерттеу барысында саусақ пен аяқ киімнің ізі күмәнді адамдікімен салыстырылады, – дейді полиция капитаны.

Таң сәріден басталған жұмыс кешкі 19:00-ге дейін жалғасады. Бірақ полиция Бекзат Манаповтың айтуынша, полиция бөліністері арнайы орган болып есептелетіндіктен және қылмыскерлер уақыт талғамайтындықтан, тәртіп сақшыларының да жұмыс уақыты сағат тілінің көрсеткішімен сәйкес келе бермейді. «Шұғыл және тосын жағдайлардың орын алуына байланысты кез келген уақытта жұмысқа шақыруы мүмкін. Ондай кезде дереу қызмет орнынан табылып, өзімізге жүктелген тапсырманы орындауға міндеттіміз», -дейді ол.

Расымен, біз күнделікті күйбең тірлікпен айналамыздағы орын алып жатқан заң бұзушылықтармен күресіп, күн демей, түн демей өз қызметтерін адал атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің қым-қуыт жұмысын аңғармайды екенбіз.

Погонды журналист жобасы аясында көп нәрсені түсіндім. Қазақ елі үшін тәуелсіздікке жету қаншалықты ауыр болса, тәуелсіздікпен тыныстау да соншалықты жауапкершілік екені анық. Ол үшін ең бірінші тыныштық пен татулықты сақтау қажет. Ал, осы қылмысты ашуда, қауіпсіздікті қадағалауда полиция қызметкерлерінің еңбегі ерен. Полиция қызметкері болу үшін білім, біліктілік, білек және сабыр, төзім мен қажыр-қайрат керек. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу полицейге керек басты қасиет екенін ұғындым.

Полиция қызметкерлерімен бірге жұмыс жасаған сегіз сағат ішінде тәртіп сақшыларына деген көзқарасым түбегейлі өзгерді десем де болады. Бір күндік полиция қызметкері болу маған қиын соқты, ал, нағыз маман осы қызметпен жылдар бойы айналысады. Қалай десек те, әдемі форма мен жұлдызды погонның жүгі ауыр екен. Жауапкершілігі жоғары бұл қызметке антына адал, өз міндетін абыроймен атқарып, еңбек ете білген тәртіп сақшылары ғана лайық.

Сөз соңында, Кентау қаласы полиция бөлімінің әр қызметкеріне азат елдің тұғыры мызғымауы жолындағы атқарып жатқан еселі еңбектеріңіз жемісті болсын, қала тыныштығын қорғауда еңбектеріңіз еселене берсін деген тілек білдірдім.

Раушан НАРБЕК,

Кентау қаласы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *