Түркістан қаласындағы №9 Некрасов атындағы мектеп гимназияда «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды. Бұл біздің қала үшін ерекше жаңалық. Енді ғана буыны бекіп, бұғанасы қата бастаған жастарды құқықтық сауаттылыққа үйретуге, олардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға бағытталған тың серпін, батыл қадам. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің арнайы шешімімен елімізде өткен жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан игілікті іс. Түркістан облысының аудандары мен қалаларында бүгінгі күнге дейін қаншама тыныштық сақшылары сыныбы ашылды. «Жас сақшы» полиция сыныбына Түркістан облысы, Сауран ауданына қарасты Майдамтал елдімекенінің тумасы, саналы ғұмырын еліне еңбек етуге арнаған полиция ардагері Жаңабай Сейсембекұлының есімі берілді. Бүгінгі күнге дейін облыста құқықтық сауаттылықты арттыратын, балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алатын, қала берді полиция қызметін танымал етіп, оң имиджін қалыптастыратын оннан астам осындай полиция сыныбы ашылып, жұмыс істеуде. Патриоттық рухты қалыптастыратын осындай ерекше сынып енді біздің қаламызда да бар және ол іскер жетекші Марина Тәукебаева басқарып отырған таңдаулы білім ордасынан ашылып отыр. Полиция майоры Жаңабай Сейсембекұлының атындағы «Жас сақшы» полициялық сыныбының ашылу салтанатына әкімшіліктің, ішкі істер органдарының, білім саласының өкілдері, құқық қорғау саласының ардагерлері, мектеп ұстаздары мен оқушылар, Жаңабай Сейсембекұлының ұрпақтары, бауырлары, туған- туыстары, зиялы қауым қатысып, ізгі тілектерін білдірді, лента қию рәсімін жасады. Арнайы дайындалған концерттік бағдарламаны тамашалады.
Түркістан облысы полиция департаменті жеке құраммен жұмыс істеу жөніндегі басқарма бастығының орынбасары, полиция полковнигі Шамшат Дәрібайұлы, Түркістан облысы бойынша ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанғожаұлы еліміздің ұлық мерекесімен құттықтай келіп, 2024 жылдан бастап облысымыздың барлық аудандарында «Жас сақшы» полиция сыныптарының ашылып, қызмет бабында ерлік жасап, қайтыс болған ағалардың есімдері еленіп жатқандығын айтып өтті. Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жасұлан Нысанбаев, қалалық ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция майоры Сансызбаев Батырхан «Жас сақшы» сыныптарының заман талабынан туындап отырғандығына тоқталды. «Түркістан қалалық полиция басқармасы мен біздің ардагерлер ұйымы бірлесіп бастаған бастама бүгін іске асып отыр. Әрине, біздің алдымызда «Полиция сыныбын кімнің атына береміз? Қандай ардагеріміз лайықты?» деген сауал тұрды. Бәріміз ақылдаса отырып, Жаңабай атамыздың атындағы сыныпты ашуды ұйғардық. Бұл ұсынысымыз Төлімбет Бақытжан басқарып отырған қалалық білім басқармасы, Марина Тәукебаева басшылық ететін №9 Некрасов атындағы мектеп-гимназиясы, отставкадағы полиция майоры Айтбай Жаңабайұлы бастаған Сейсембековтер әулеті тарапынан жан-жақты қолдау тауып, бүгін керемет іс-шараның куәсі болып отырмыз. Мұндағы мақсатымыз кейінгі жас ұрпақ осы ардагерлерге қарап өссе, бой түзесе дейміз» -деп мән-жайды қысқаша баяндап өтті. Содан кейін сөз алған полиция ардагері Айтбай Жаңабайұлының әрбір сөзінен жан тебіренісін, толқуын сезбеу мүмкін емес еді. «Әкеміз формамен үйге келіп кірген кезде «Әкемдей болсам» деп армандайтын едім. 1969 жылдың қарашасында үш жыл Отан алдындағы борышымды әскери-теңіз флотында өтеп келгесін, әкемнен «Сіздің жолыңызды қуғым келеді» деп рұқсат сұрап, батасын алған соң, ішкі істер бөліміне қызметке тұрып, табан аудармай 1997 жылға дейін қызмет істедім» дейді ардагер. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ұлы Жұмабай Жаңабайұлы мемлекеттік тергеу комитетінде, Қалдыбай Жаңабайұлы да заң саласында, немересі Нұрлан Айтпайұлы, сондай-ақ күйеу балалары Медеубек Сахов, Сейтхан Шакеев, Абдулла Кенжеғұловтар да Ішкі істер министрлігінде ұзақ жылдар абыройлы қызмет етті.
Жалпы, Жаңабай Сейсембекұлының өмірбаянынан өзінің алпыс бір жас ғұмырында еңбек жолын бұғанасы қатып, буыны бекімей жатып есепші, хатшы болып бастап, қызыл әскер қатарына қабылданып, аға лейтенант шенінде борышын атқарды. 1943 жылдан бастап Түркістан аудандық ішкі істер басқармасының уездік комиссары қызметіне ауысып, МВД СССР жоғары мектебінде, Алматы НКВД училещесінде білімін жетілдірді. Оңтүстік Қазақстан облысының бірқатар өңірлерінде, қазіргі Отырарда, Бәйдібекте, Арыста, Жамбыл облысының Жуалы аудандарында күн-түн демей қызмет атқарып, үнемі алдыңғы шепте жүрді. Ішкі істер органының басшысы қызметіне дейін өсті. Өзінің бар болмысымен отанға сүйіспеншіліктің үлгісін көрсетті. Асыл жары, бұрымы тілерсегін соққан сұлу ару Хадиша Оңалбайқызына үйленіп, екеуі Айтбай, Жұмабай, Сәрсенбай, Қалдыбай есімді төрт ұл, Құттықыз, Гүлсім, Сұлтанкүл, Дүйсенкүл, Баян есімді бес қыз тәрбиелеп өсірді. «Жас сақшы» полициялық сыныбының қабырғаларындағы » Міндет. Ерлік. Абырой.», «Заң мен тәртіп — тұрақтылық негізі», «Есімі ел жүрегінде», «Шежіре суреттер сыр шертеді», «Полицейлер династиясы», «Ұрпақтар сабақтастығы», «Полиция қызметінің арнаулы атақтары», «Офицер- абыройлы қызмет», «Жол тәртібін білейік, аман-есен жүрейік» деген стендтер мен көрнекі құралдар — Сейсембековтер әулетінің өмірі мен қызметінен сыр шертеді. Көпшілік назарына ұсынылған бейнебаяннан да жиналған көпшілік мол мағлұмат алды. Оқушылардың үстіндегі арнайы тіктірілген жас сақшылар киімі де полиция сыныбының сипатын ашып, маңызын арттырды. Республика күні қарсаңында өткен іс-шараның өнбойынан көк байрақты еліміздің сән-салтанаты атойлап, көңілдерге шуақ нұрын септі. Айта кетейік, мектеп директоры Марина Тұрарбекқызы, Жаңабай Сейсембекұлының келіні, ардагер-ұстаз, журналист Несіпкүл Өтебаева, іс-шараны жүргізген директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ораз Оспанов, педагог Ақкенже Күлетова, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Сабыржан Есенкулов, педагог-ұйымдастырушы Мөлдір Сейсембекова, полиция департаментінің тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бөлім бастығы Сәтбаев Мерей Сандарбекұлы, Сейсембековтер әулеті, қалалық әкімдік, білім бөлімі, ішкі істер басқармасы, ардагерлер ұйымы — аталған игілікті істі жүзеге асырған орындаушылар. Бұдан бөлек, медицина ардагері, абыз ақсақал Шора Исмолдаев, Жаңабай атамыздың тұла бойы тұңғышы, сексеннің сеңгірінен асқан Құттықыз Жаңабайқызы, «Хан шапан» мейрамханасында берілген асты басқарған ҚХА жанындағы «Медиация» бірлестігінің төрағасы Бақытжан Жармаханұлы, тағы басқа да жақсы бастаманың жаршылары аталмыш сыныптың болашағына сенім білдірді. Бұл сынып — елін сүйген айбынды жастар тәрбиелейтін алғашқы баспалдақ! Полиция мамандығына қызығушылық пен сүйіспеншілікті арттыратын тәрбие ұясы. Құқықтық білім беретін рухты әлем! Құтты болсын, «Жас сақшылар» полиция сыныбы!
Роза НАРЫМБЕТОВА.
